Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол, Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол? Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл. Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл? Бала туса, күзетер шылдақана, Олар да өлең айтар шулап жаңа. Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара. Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойласаңшы бос қақпай елең-селең. Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың, Айтсаң да үдесінен шыға алмайсың. Сен білмейді екен деп айтпасын ба, Неге мұнша сіресіп құп алмайсың? Өлең деген – әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық, орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы? Қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді. Қадірін жақсы сөздің білер жанға Таппай айтпа оған да айтар кезді. Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан? Сүйенерлік адамды құрмет қыл, Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан. Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ. Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау. Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса, Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау. Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ. Өлең түгел берілді. Негізгі мазмұн не дейді, тақырып қандай?
Кез келген әдеби шығарманың талдануы, алдымен, оның тақырыбы мен идеясын анықтаудан басталады. Ғылыми зерттеулерде анықталғанындай, бұлардың арасында мәндік және логикалық байланыс болады, осы байланыстың негізінде көркем мәтіннің формасы мен мазмұны арасындағы бүтіндік зерделенеді. Көркем шығарманың тақырыбы белгілі құбылысқа, әрекетке, өмір шындығына деген автор ойының, көзқарасының айнасы ретінде мәтін мазмұнының негізгі мәнін анықтайды. Өлең «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» атты тақырыппен мектеп оқулықтарында берілгенде, басында түсінбестікпен қарайтынымыз, тақырыптан сескеніп қалатынымыз да рас. Тақырып өлеңнің мазмұнын анықтап тұрған жоқ. Тақырыпта ақынның қолына қалам алғызып, ойлантқан басты себеп немесе негізгі мақсат көрінбейді. Өлеңнің идеясы мазмұнның тереңінде жатыр, өлеңді оқи бастап, зарланып жүріп неге ән салады (жоқтау) деп ойға батпайсың. Бұл - қазақ баласының көнеден келе жатқан, қалыптасқан дәстүрі. Өлеңді әрі қарай жалғастыра оқығанда, қарапайым тіршіліктің мәнін Сөзге байлаған, Сөзге жүктеп, Сөзден байыз тапқан, Сөзге тоқтап, Сөзге қуанып, Сөзбен жұбанған, Сөзбен тілек тілеп келешегіне үміт көзімен қарап, Сөзден жұбаныш тапқан қазақ баласының ағын да қоңыр тіршілігінің бейнесін танисыз. Кешегі мен бүгінгі салыстырып байқап, СӨЗ құдіретін танудың жаңаша жолдарын іздей бастайсыз. Бірі жамау, бірі құрау емес, дұрыс сөз иесі кім бар бізде деп, жан-жағыңа Абай данышпан үйреткен ізбен көз салып, іздей бастайсың... .
Қазіргі тіл білімі ғылымында мәтіннің бастапқы тетігі саналатын тақырыпқа ерекше мен беріледі де әртүрлі аспектіден зерттеліп, әртүрлі гуманитарлық ғылым салаларында әр бағытта қарастырылады. Тіл ғылымында коммуникативтігі жағынан бүтін, мәндік тұрғыдан аяқталған, логикалық, грамматикалық, семантикалық байланыстары тиянақты болатын күрделі құрылымдық-семантикалық жиынтық бірлік ретінде анықталады. Филологиялық зерттеулерде мәтін семантикасын зерделеуде тақырыпқа да ерекше мән берілген: И. В. Арнольд (2002), Л. Г. Бабенко (2003), Р. Барт (2001), М. М. Бахтин (1975), А. Вежбицкая (1997), И. Р. Гальперин (2004), И. М. Кобозева (2000), В. Г. Колшанский (1980), О. И. Москальская (1981), Е. В. Падучева (1996), 3. Я. Тураева (1986), Н. Е. Brekle (1992), W. Dressier (1972), U. Eco (1985), H. Lausberg (1990), D. Wunderlich (1991) т.б. Ғалымдардың зерттеулерін сілтемеден секіртпе жасап шұқымай, түгел оқып, қажетті қисындарын пайдаландық.
Өлең мазмұны адам баласының дүниеге келуі мен кетуінің арасындағы барлық ғұмыры әнмен, өлеңмен, яғни Сөзбен байланысты деп тұрған жоқ па! Бұл қазақ жұртына ғана тән дүние емес, жалпы адамзаттық ғұмырдың фабуласы. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, ән салады; қыз ұзатып, күйеу келтіріп, той жасап ән салады, қынаменде, жар-жар мен беташар, бала туып шілдехана жасаса да өлеңсіз өтпейді. Байқасақ, тіршілікте адам баласы бір-бірін сөзбен қарсы алады, сөзбен шығарып салады.