Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы тоқсандық журнал 2001 ж шыға бастаған 2014



Pdf көрінісі
бет21/31
Дата30.01.2017
өлшемі2,64 Mb.
#3056
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   31

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.
 
Квятковский А.П. Поэтический словарь. - М.: Изд. “Сов. энциклопедия”, 1966. 253 с. 
2.
 
Қожекеев Т. Көк сеңгірлер. - Алматы. «Қазақ университеті», 1992. – 272 б.  
3.
 
Аймауытов  Ж.  Бес  томдық  шығармалар  жинағы.  –  Алматы:  Ғылым,  1997.  –  Т.  2.  –  
270 б. 
4.
 
Серікқалиев З. Жылдар сазы. – Алматы: Жазушы, 1971. – 215 б.  
 
 
 
РЕЗЮМЕ 
 
Одной  из  актуальных  проблем  начала  ХХ  века  было  проявление  казахской  сатиры  в 
художественных  произведениях.  Известно,  что  в  связи  с  этим  были  изданы  ряд  произведений 
писателей.  В  данной  статье  говорится  о  роли  представителя  национальной  интеллигенции, 
общественного деятеля Жусипбека Аймаутова в развитии казахской сатиры.  
 
RESUME 
 
The display of
 the 
Kazakh satire in literary works was one of the urgent problems at the beginning
 
of the XX
th
 century. It is known that due to it, the number of writers’ works were
 published 
at that time.  
In  this  article  the  role  of  the  national  representative  of  intelligentsia,  the  public  man  Zhussipbek 
Aimautov is shown in the development of the Kazakh satire. 
 

 
 
184 
ӘОЖ 809. 434. 2.378. 147 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Ә.Д. Қабылов 
Ш. Есенов атындағы Каспий 
мемлекеттік технологиялар және 
инжиниринг университеті,  
ф.ғ.к., доцент 
 
Қазақ тілінің 
ғылыми курсын 
оқыту мәселелері 
 
Аннотация 
Мақала орта мектепте қазақ тілінің ғылыми 
курсын  оқыту  мәселелеріне  арналған.  Фонетика, 
лексика 
мен 
сөзжасамды 
оқытудың 
дидактикалық 
принциптері 
қарастырылады. 
Дидактикалық 
принциптердің 
ішіндегі 
ғылымилық,  білім  сабақтастығы  мен  пәнаралық 
байланыс секілді принциптерді ұстанудың кейбір 
мәселелері пайымдалған.  
Түйін  сөздер:  ана  тілі,  дидактикалық 
принциптер,  оқу  материалдары,  оқыту  әдістері, 
ғылыми пән, оқу процесі.  
 
 
Мектеп  оқулықтарының  жыл  өткен  сайын 
толықтырылып,  мазмұны  жаңарып,  сапасы  да 
жақсарып отыруы – заңды құбылыс. Оның үстіне 
балама  оқулықтар  мен  оқу  құралдарының,  оқу-
әдістемелік  кешендердің  жеткілікті  болуы, 
мұғалімдердің  таңдау  еркіндігіне  қол  жеткізу  - 
білім  сапасын  арттыру  жолындағы,  мұғалімнің 
ізденісіне  бағыт  беретін  жағымды  факторлар 
болмақ. 
«Қазақ  тілі»  пәнін  оқып  меңгеру  арқылы 
оқушылар  қазақ  тілі  ғылымы,  оның  құрылымы 
туралы  бастапқы  түсінік  алады.  Қазақ  тілінің 
дыбыстық  жүйесі,  тіл  дыбыстарының  жіктелуі 
мен түрлері, сөздік қоры мен сөздік құрамы, сөз 
мағыналары,  сөздің  қолданыс  аясы,  сөзжасам 
жүйесі  мен  сөздердің  жасалу  жолдары  туралы 
білімдер  меңгереді.  Сондай-ақ  мәтіннің  түрлері, 
әдеби  тілдің  нормалары  жайындағы  білімдерін 
кеңейтіп,  әдеби  тілде  еркін  сөйлеуге,  өз  ойын 
ауызша  және  жазбаша  еркін  жеткізе  білуге 
үйренеді. 
Оқушылар  5-сыныптан  бастап  «Қазақ  тілі» 
пәнін  ғылыми  білім  пәні  ретінде,  ғылым  негізі 
тұрғысынан  оқи  бастайды.  Сондықтан  қазақ  тіл 
білімінің  құрылымдық  жүйе  екендігі,  оның 
бірнеше  салалардан  тұратыны,  әр  саланың  өз 
зерттеу  нысандары  болатыны,  олардың  бір-
бірімен  тығыз  байланыстылығы  туралы  білулері 
керек. Қазақ тілінен меңгерілетін білімдер жүйесі 
ауызша  және  жазбаша  түрде  оқушылардың  тіл 
ғылымының  әр  саласынан  белгілі  мөлшерде 
бірізділікпен  меңгеріп,  оларды  практикалық 
тұрғыдан  дұрыс  қолдана  білуге  машықтандыру 
арқылы  жүзеге  асырылады.  Бұл  тұрғыда 
оқушылар  дыбыс  пен  әріптің  айырмашылығы 
мен   бірлігін,   олардың   ерекшелігін    ұғынудан 

 
 
185 
бастап,  сөз  мағыналарын  ажыратып,  сөйлем  құрап,  сөздерді  талғаммен  таңдап 
пайдаланып, сөзжасам амалдарын игеру арқылы тілдік нормаларға бірте-бірте дағдылана 
бастайды. 
Тіл  −  адам  баласының  бір-бірімен  қарым-қатынас  жасауын  (сөйлесуін,  пікірлесуін, 
түсінісуін)  қамтамасыз  ететін  аса  маңызды  құрал  екені  белгілі.  Тілдің  осы  ең  басты 
коммуникациялық  қызметімен  сабақтаса  жүзеге  асырылатын  көптеген  маңызды 
қызметтерін  де  естен  шығармау  керек.  Мектеп  оқушыларына  тілдік  білім  беру  ұлттық-
мемлекеттік  мүддемен,  қоғамдық  дамумен  тығыз  байланыста  жүзеге  асырылу  маңызды 
болмақ.  Қазақ  тілін  өмірдің  барлық  саласында  белсенді  қолданысқа  түсетін,  өркениет 
дамуының  барысына  сипаттаушылық-талдаушылық  тұрғыда  баға  беріп  келе  жатқан, 
ғылыми-техникалық прогресс пен қазіргі ақпараттық-технологиялық үдерісті  дамытушы, 
оның  барлық  салаларына  қатысуға  тиіс  құбылыс  екеніне  сенімділікпен  көз  жеткізе 
отырып меңгерту басты міндет. Сондықтан, тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана 
емес,  дамушы  ұлттың  ең  бірінші  белгісі,  сол  ұлттың  рухани  құндылықтарын 
тасымалдаушы,  өнер,  білім,  ғылым,  мәдениеттің  маңызды  тегершігі,  басқа  тілдерді 
үйренудегі  негізгі  тірек  екендігін  қоғамның  түрлі  салаларымен,  рухани  мәнділіктермен 
байланыстыра отырып ұғындыру лазым.  
Тағы  бір  маңызды  мәселе  пәннің  «тілдік  тұлға»  қалыптастырудағы  міндетінен 
туындайды.  Адамның  азамат,  толыққанды  қоғам  мүшесі  боп  қалыптасуы  ең  алдымен 
оның  тілді  еркін  меңгеруіне,  өз  ойын  анық,  айқын,  еркін,  көркем,  ұғынықты,  қиналмай 
жеткізуіне  байланысты  болмақ.  Қазіргі  заман  ағымы  қоғам  мүшесінің  «тілдік  тұлға» 
ретінде қалыптасуына үлкен маңыз беріп отыр. «Тілдік тұлға» қалыптастыруда ана тілінің 
ролі мен орны ерекше. Ана тілін еркін меңгеру, оны құрметтеу − әрбір азаматтың міндеті 
болуы керек. 
«Ендігі  жерде  бұл  майдандағы  басты  көрсеткіш  −  ана  тілімізде  қандай  мөлшерде, 
қаншалықты дәрежеде білім беріп жүргендігіміз болуға тиісті. Егер барлық пән бойынша 
барлық  дәрежеде  білім  бере  алсақ  қана,  ана  тіліміз  мемлекеттік  тіл  бола  алады.  Онсыз 
биліктің тілі, ұлттық тіл, мемлекеттік тіл болмай, аудармашылар мен халықтың белгілі бір 
бөлігі  ғана  білетін  этнографиялық  құбылыс  күйінде  қала  береді»,  −  Ә.Кекілбаев  [1,319]. 
Демек,  дүниетанудың  ең  сенімді  де  қасиетті  жолы  −  ана  тілін  жетік  меңгеру  болатыны 
ақиқат.  Ана  тілін  «ұршықтай  үйіріп»  меңгергеннен  кейін  барып,  басқа  тілдерді  үйрену, 
бірнеше  тілде  еркін  сөйлей  білу  арқылы  жастар  жан-жақты  білімді,  қарым-қатынасқа 
белсенді, өмірге икемді, қоғам сұранысына сай азамат болып қалыптасады.  
Баланың  бойына  ана  тілінің  қасиетін  сіңіру  дегеніміз  −  оның  қашан  да  қазақша 
ойлауын  қалыптастыру,  алдымен  ана  тілінде  ой  қорытып  барып,  сосын  басқа  тілге 
механикалық  түрде  аудара  білуге  икемді  адам  ешқашан  өз  ана  тілін  екінші  қатарға 
шығармайды.  Сондықтан  қазақ  тілін  оқытуда  оны  жеке-дара,  оқшау  құбылыс  ретінде 
емес,  әлемдік  тілдердің  бірі,  түркі  тілдерінің  бір  тармағы,  әлемдік  қауымдастықтағы 
өзіндік  орны  бар  егемен  елдің  мемлекеттік  тілі  ретінде  қарастырып  отыру  керек.  Қазақ 
тілін  қоғамның  қазіргі  даму  процесімен  тығыз  байланыста,  тұрмыс-тіршілігімізбен 
үндестікте,  өмірге  етене  жақын,  күнделікті  қажеттілікті  өтейтін  маңызды  құрал  деп 
танысақ және таныта білсек игі. 
Қазақ  тілін  теориялық  және  практикалық  тұрғыдан  оқытуда  оқулықтағы 
материалдың  оңай-қиындығы,  аз-көптігі,  ауыр-жеңілдігі  ғана  емес,  олардың  жүйелілігі, 
мотивациялық  бейімдеушілігі,  ізденіс  арқылы  қолжетімдігі,  өмірмен  байланыстылығы 
және, ең бастысы, мұғалімнің шеберлігі маңызды болмақ.  
Өз  ана  тілінде  мейлінше  жақсы  ұғынып,  жақсы  сөйлей  алатын  адамның  қай 
ғылымды  да,  қандай  нәрсені  де  үйрене  алатындығы  -  ғылыми  дәлелденген  тұжырым. 
Қазақ  тілін  оқытудағы  негізгі  мақсат  -  оқушыларды  осы  тілде  еркін  де  жатық  сөйлеуге, 
сауатты жазуға үйрету, яғни ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасау дағдысы 
мен мәдениетін қалыптастыру.  

 
 
186 
Оқушылар  бастауыш  сыныптарда  «Ана  тілі»,  «Қазақ  тілі»  пәндерін  оқып,  ана 
тілімізде  оқып-жазуға  үйренеді,  өз  ойларын  ауызша  және  жазбаша  жеткізуге 
машықтанады,  қазақ  тілінің  кейбір  грамматикалық  ережелерімен  танысып,  тілдік  талдау 
жұмыстарын жүргізуге икемделе бастайды. Яғни олар қазақ тілінің сөз байлығы мен сөз 
мағыналары,  қарым-қатынастық  қызметі  жайында  бастапқы  білім  меңгеріп  шығады, 
кейбір грамматикалық ұғымдармен танысады. 
5-сыныптан  бастап  оқушылардың  алдына  қазақ  тілін  ғылым  саласы  ретінде  тану, 
ғылыми  пән  түрінде  меңгеру  мақсаты  қойылады.  Яғни  осыдан  бастап  олар  ана  тілін 
ғылым  ретінде  жүйелі  оқи  бастайды.  Басқа  ғылыми  пәндерді,  айталық  математика, 
физика,  биология  пәндерін  оқуға  кірісу  олардың  ғылымдар  арасындағы  орны,  нені 
зерттейтіні,  мақсат-міндеттері  туралы  мәлімет  беруден  басталатыны  белгілі.  Демек,  5-
сыныпта  қазақ  тілін  де  ғылым  саласы  ретінде,  «ұлттың  тілін,  оның  жай-күйі  мен 
ерекшеліктерін» зерттейтін ғылым екендігін оқытудан бастағанды дұрыс деп есептейміз. 
Өйткені,  бастауыш  сыныптарда  оқушылар  қазақ  тілін  ана  тілі  −  өздерінің  ес  білгеннен 
бері  сөйлеп  келе  жатқан  қарым-қатынас,  таным  құралы  ретінде  оқып,  меңгеріп  келеді. 
Сондықтан  оқу  бағдарламасында  «Ана  тілі  туралы»,  «Әдеби  тіл  туралы»,  «Мәтін» 
тақырыптарынан кейін «Қазақ тіл білімі» деген тақырып енгізілгені дұрыс. Онда қазақ тіл 
білімі  туралы,  оның  қалыптасу  тарихынан,  қазақтың  белгілі  тілші  ғалымдары  жайынан 
шағын түсінік беріледі. 
Ескерілуге  тиіс  тағы  бір  мәселе  −  қазақ  тілінің  мектептік  ғылыми  курсының 
фонетика  саласын  оқытудан  басталу  керектігі.  Бұл,  біріншіден,  тіл  білімінің  салалық 
құрылымын  сақтаудан  туса,  сонымен  бірге,  тілді  үйрену  оның  ең  кіші  бөлшегі  − 
дыбыстарын,  дыбыстық  құрамын,  олардың  ерекшеліктерін  меңгеруден  басталу  керек 
деген  қисынға  сәйкес  келеді.  Бұл  орайда  көрнекті  ғалым  А.Байтұрсыновтың  «кез  келген 
тілді  үйретуді  әріптен,  әлипбиден  бастау  қажет»  деген  пікірін  де келтіре  кеткен  орынды 
сияқты.  Әрине,  фонетиканы  оқыту  кезінде  сөз  мағыналарына  сүйену,  сөздің  білдіретін 
мағыналарын  анықтау,  дыбыстың  сөз  мағынасымен  қарым-қатынасын  айқындау 
жұмыстары  негізге  алынатыны  белгілі.  Мұндай  жағдайда  оқушылардың  бастауыш 
сыныптарда  меңгерген  білімдеріне  сүйену  аздық  етпейді  әрі  қосымша  тапсырмалар 
оқушыларға бағыт беруге, мұғалімнің көмегімен ізденуге септігін тигізеді деп ойлаймыз. 
«Фонетика»  тарауында  дауысты  және  дауыссыз  дыбыстардың  жазылу  емлесін 
арнайы  тақырыпта  оқытқан  орынды  болмақ.  Өйткені  жазба  жұмыстарын  жүргізу 
барысында қателіктерге ұрынбау үшін оқушыларға жазу емлесінің қазірден бастап жүйелі 
түрде  үйретілгені  дұрыс.  Осы  кезеңнен  бастап  оқушылар  орфографиялық,  орфоэпиялық 
сөздіктермен жұмыс жасай білуі керек.  
Қазақ  тілін  оқытқанда  қашан  да  көркем  мәтінге  басым  мән  беріліп  отырады. 
Алғашқы  тараудағы  «Әдеби  тіл»  және  «Мәтін»  тақырыптарындағы  шоғырлы 
материалдардан бастап, барлық тақырыптар бойынша мәтіндермен кешенді жұмыс жасау 
қарастырылады.  Жаттығулардың  дені  мәтіндерді  талдауға  арналады.  Мәтін  туралы 
бастауыш  сыныптарда  алған  түсініктерін  кеңейту,  олардың  мағыналық,  құрылымдық 
сипатын  ашу,  сөздердің  мәтіндегі  орнын  (мәнмәтіндік  мағынасын)  сезінуге  жол  ашу 
мақсатында  мәтіннің  ақпараттық-танымдық,  тәрбиелік  әрі  көркемдік  жағына  назар 
аударылады.  Оқушылардың  сөйлеу  дағдыларын,  қарым-қатынас  машықтарын  жетілдіру, 
сондай-ақ  көркем  мәтіннің  мазмұндық  жағы  мен  көркемдік  түзілуін  пайымдауға  бірте-
бірте қол жеткізу үшін мәтінмен кешенді жұмыс жасаудың маңызы зор. Мәтінмен жұмыс 
жасау, сондай-ақ, сөйлеу әдебі мен тіл мәдениетін меңгеруге де мүмкіндік береді. Мұның 
бәрі тілдің қоғамдық ролі мен жеке адам өміріндегі маңызына назар аударып, тілге деген 
саналы көзқарас қалыптастыруға көмектеседі.  
Мәтінмен  жұмыс  −  оқушылардың  шығармашылық  ізденістерінің  де  негізгі  тұғыры 
болмақ,  өйткені  ауызша,  жазбаша  тілдік  қарым-қатынас  қызметі  жеке  сөздер  мен  жалқы 
сөйлемдерден  ғана  емес,  негізінен  автордың  (сөйлеушінің,  жазушының)  мақсатына  орай 

 
 
187 
дұрыс түзілген, жүйелі байланысқан, айтылмақ ойға негізделіп көркем жинақталған мәтін 
түрінде  жүзеге  асады.  Сондықтан  мәтінді  меңгеру  (қабылдау,  түйсіну,  талдау)  мен  өз 
бетімен  еркін  де  мақсатты  түрді  мәтін  құрастыра  білу  −  тіл  меңгерудегі  басты 
талаптардың бірі болуы керек.  
Ж.Аймауытов:  «Ана  тілін  үйрену  −  сөздерді  жаттау,  олардың  жүйесін,  өзгеру 
заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, 
сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді» [2,194], − дейді. 
Бұл  орайда  жаттығу  мәтіндерінің  маңызы  зор.  Жаттығуларға  ауыз  әдебиеті  үлгілері, 
шешендік  сөздер,  қазақ  әдебиетінің  көрнекті  өкілдері,  классик  жазушылардың 
туындыларымен  қатар,  балалар  әдебиетінің  таңдаулы  туындыларынан,  сондай-ақ  соңғы 
жылдары  бәйге  алған  балаларға  арналған  көркем  шығармалардан  үзінділер,  қызықты, 
танымдық  баспасөз  материалдары  алынады.  Көркем  мәтіндер  арқылы  танымдық 
ақпараттармен  қатар,  балаларға  тәрбие  беру,  қазақ  тілінің  сөз  байлығы  мен  көркемдік 
қуатын таныту мақсаты қойылады. Тіл дамуының қазіргі заманмен байланысы, күнделікті 
өмір-тұрмыспен  етене  жақындығына  көңіл  бөлінеді,  қазіргі  лексикамыздың  қоры  мен 
толығу барысы қаперге алынады.  
А.Байтұрсыновтың: «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында 
қиналмаса,  оқудан  тауы  шағылмай,  көңілі  қайтып  мұқалмайды,  оқуға  ықыластанып, 
оқыған  сайын  қызығады.  ...Оқу  басында  қиын  болса,  балалар  миға  (ұйыққа)  түскен  мал 
сықылды,  малтығып  жылжи  алмай  қиналады,  үйретуші  сүйреп  шығара  алмай  қиналады. 
Екі  жағының  да  жігері  кеміп,  шабыты  болмайды.  Шабыттанып  істемесең,  іс  оңды  да 
болмайды»  [3,  478],  −  деп  жазғанындай,  білім  меңгертудегі  балаларды  қызықтырып 
отырудың жолдарын табу, жаңа тақырыпты өткен материалдармен байланыстыра отырып 
меңгерту  тәсілдері,  мотивациялық  ынта  тудыру,  тақырыпты  өзектендірудің  амалдарын 
жан-жақты  қарастыру  −  әдіскерлер  мен  мұғалімдерді  ұдайы  ойландырып,  ізденіске 
жетелеп  келе  жатуы  заңды  құбылыс.  Маңызды  мәселелердің  бірі−  жаңа  тақырыпты 
меңгертуде  оқушылардың  өз  бетімен  бақылау  жүргізуіне  арналған  тапсырмалардың 
жүйелі  беріліп  отыруы.  Мұндай  жаттығу-тапсырмалар  жаңа  тақырыпты  түсіндірмес 
бұрын оқушылардың өз бетімен байқау жүргізіп, өтілміш тақырыптың мәнін пайымдауға 
жетелейді.  Сол  арқылы  оқушылардың  өз  бетімен  ізденулеріне  жол  ашылмақ.  Мұндай 
тапсырмаларды өзектендіруші жаттығулар деп атаған орынды көрінеді. 
Мәселен,  белгілі  бір  тақырып  туралы  түсінік,  ережелер  берілмес  бұрын, 
оқушылардың  өз  беттерімен  (немесе  мұғалімнің  жетелеуімен)  сол  мәселеге  бақылау 
жүргізіп,  жаңа  тақырыпты  меңгеруге  бағыт  беретін  тапсырмалар  берілгені  жөн.  Оларды 
жаңа тақырыпқа кіріспес бұрын мұғалім оқушыларды жұмылдыра отырып орындаса, одан 
кейін  жаңа  тақырыпты  саналы  түрде,  ізденіспен  меңгеруге  мүмкіндік  туады  деп 
ойлаймыз. Сонымен қатар, мұндай өзектендіруші жаттығуларды оқушылар өз беттерімен 
орындау арқылы да жаңа тақырыпты меңгеруге бағыт ала алады. 
Грамматикалық талдау − қазақ тілінен меңгеретін теориялық білімдерін практикалық 
тұрғыдан  бекітетін,  лингвистикалық  талдау  дағдысын  қалыптастыратын  негізгі 
жұмыстардың бірі. Сондықтан, оқулықта тілдік талдау туралы түсінік, талдау мақсаттары 
мен талдау реті көрсетіліп, әр тарауда тілдік талдауға арнайы тақырыптар берілуі керек.  
Тілдік  талдауларды  оқу-практикалық  мақсаты  мен  ауқымына  қарай  тақырыптық, 
салалық  және  кешенді  деп  ажыратуға  болады.  Тақырыптық  талдауларға  сабақ  үстінде, 
белгілі  бір  тақырыпты  өту  кезінде  жүргізілетін,  грамматиканың  жекелеген 
категорияларын  анықтауды  (ажыратуды,  жіктеуді,  түсіндіруді)  мақсат  ететін  шағын 
талдаулар жатады (мысалы, сөз таптарына талдау, сөйлем мүшесіне талдау, т.б.).  
Тіл  білімінің  салалары  бойынша  талдаулардың  мынадай  түрлері  болатыны  белгілі: 
фонетикалық  талдау,  лексикалық  талдау,  морфологиялық  талдау,  синтаксистік  талдау 
және  сөзжасамдық  талдау.  Мұндай  талдаулар  тіл  білімінің  жеке  тарауларын  өткеннен 
кейін,  оқушылардың  осы  салалардан  меңгерген  білімдерін  жинақтай  отырып, 

 
 
188 
практикалық  тұрғыда  бекітіп,  лингвистикалық  талдау  машығын  қалыптастыру  үшін 
жүргізіледі. 
Кешенді тілдік талдаулар сөйлемді белгілі бір тәртіппен тұтас және жан-жақты тілдік 
талдау  болып  табылады.  Яғни  фонетикалық,  лексикалық  морфологиялық,  сөзжасамдық 
және синтаксистік талдаулардың біртұтас жүйесін кешенді тілдік талдау деп атайды. 
Оқулықта  «Лексика»,  «Фонетика»  және  «Сөзжасам»  тарауларының  соңында  осы 
салалар  бойынша  талдаулардың  мақсаты  мен  талдау  реті  түсіндіріліп,  мысалдар  арқылы 
талдаудың үлгілері көрсетіледі.  
Қай  оқулық  немесе  оқу  құралы  болмасын,  ол  ешқашан  да  пәнді  оқытудың  дайын 
рецепті  бола  алмайды.  Оқулық  −  негізгі  білім  мазмұнын  –  ереже-анықтамалар  мен 
жаттығуларды  қамтитын  құрал.  Онымен  жұмыс  істеуді  ұйымдастырып,  оқушы-оқулық-
мұғалім байланысын жолға қоятын, оқушыларға білім беруді түрлі амал-тәсілдер арқылы 
жүзеге  асыратын  басты  тұлға  −  мұғалім.  Сондықтан  мұғалімнің  теориялық  дайындығы 
мен әдіскерлік шеберлігі − басты айқындаушы шарт.  
 
 
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР  
 
1.
 
Кекілбаев Ә. Сыр десте. І том. – Алматы: Нұрлы әлем, 2009. - 488 б. 
2.
 
Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-том. - Алматы. Ғылым, 1999. - 324б. 
3.
 
Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. - Алматы. Абзал-ай, 2013. - 640 б. 
 
 
 
РЕЗЮМЕ 
 
Данная  статья  посвящена  проблеме  преподавания  в  школе  казахского  языка  как  научной 
дисциплины. Рассмотрены также применение дидактических принципов при обучении фонетике, 
лексике  и  словообразованию.  При  этом  подчеркивается,  что  особое  место  среди  дидактических 
принципов занимает принцип научности, преемственности и межпредметных связей. 
 
RESUME 
 
This  article  deals  with  the  problem  of  teaching  the  Kazakh  language  in  the  school  as  a  scientific 
discipline. Some problems related to the establishment of the curriculum and textbook development are 
considered in it. The author also considers the use of didactic principles in teaching phonetics, vocabulary 
and  word  formation.  It  is emphasized  that  the special  place  of  didactic  principles  takes  the  principle  of 
science,  of  continuity  and  interdisciplinary  communication.  This  explains  the  importance  of  mother 
tongue  as the  main  source of  national  values. The  purpose  of  the  article  is  to show  the  importance  and 
features of the scientific approach in the educational process. 

 
 
189 
ӘОЖ 821.512.122 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
А.О. Тоқсамбаева 
Семей қаласының Шәкәрім 
атындағы мемлекеттік 
университеті, ф.ғ.к., доцент 
Мұхтар 
Мағауиннің 
әңгімелеріндегі 
тұлғалардың 
ұлттық мінездері  
 
Аннотация  
Мақалада 
М.Мағауиннің 
әңгімелеріндегі 
тұлғалардың 
ұлттық 
мінездері 
сипатталады. 
М.Мағауин  ұлттық  рух,  ұлттық  әдебиет  сынды 
ұғымдарға  ерекше  көңіл  бөлген  қаламгерлер 
қатарының  алды.  “Жүйрік”,  “Жыланды  жаз”,  “Қара 
қыз”,  “Шипалы  арасан”,  “Қисық  ағаш”,  “Оңғақ” 
сынды  туындылары  ұлттық  бояуы  қанық,  мінезді 
атаулар  екендігін  аталмыш  мақала  дәлелдейді. 
Жазушының  “Тазының  өлімі”  әңгімесі  басқа 
қаламгерлердің  ұқсас  туындыларымен  салысты-
рылып, 
ұлттық 
ерекшеліктерді 
сипаттайтын 
мысалдармен  негізделеді.  Мақала  зерттеушілерге, 
әдебиеттанушыларға арналады.  
Түйін  сөздер:  ұлттық  әдебиетіміз,  ұлттық  рух, 
ұлтжандылық  идеялары,  тарихи  категория,  рухани 
қазына,  баға  жетпес  құндылықтар  –  ұлтының  рухы, 
ұлтының тілі, ділі, салты мен ғұрпы. 
 
 
“Біріңді  қазақ,  біріңді  дос  көрмесең,  істің  бәрі 
бос”  деген  дана  сөз  Ұлы  Абайдың  ақын  жүрегін 
осыдан  қос  ғасыр  бұрын  жарып  шықса  да  бүгінде 
халық  бірлігімен,  ұлт  ұйытқысының  ұранына 
айналып  отыр.  Егемендік  алып,  еңсесін  тіктеген 
елімізде  осынау  қасиетті  ұғымының  ұмытылмай, 
керісінше  жаңғырып,  жаңаруы  жолында  ұшан-теңіз 
еңбек сіңіріп келе жатқан зиялы қауым көшбасында 
қашанда  әдебиет  өкілдерінің  тұратыны  белгілі. 
Ұлттық  әдебиетімізге  ұлттық  рух,  ұлтжандылық 
идеяларының тарихи категория ретінде дендеп еніп, 
тұрақтауына  мұрындық  болып  келе  жатқан 
қаламгерлеріміздің  арасында  аузымызға  бірінші 
түсері,  әрине,  Мұхтар  Мағауин  есімі.  Бұлай  деп 
айтуымызға  оның  шынайы  суреткерліқ  дарынын 
дәлелдейтін  шығармалары  айғақ.  Өткен  ғасырдың 
алғашқы  ширегінде  ғұмыр  кешкен  аяулы  алаш 
арысы,  қаламы  қарымды  көсемсөз  шебері  Мәнен 
Тұрғанбай:  “Қазақ  қатарға  кіріп  жұрт  болсын  деген 
кісі  тәрбиенің  жолынан  айрылмасқа  керек,  әуелі 
қазаққа  өзінің  кім  екенін,  адамшылық  құқығын 
білдіруге,  онан  соң  жақын  ағайын,  туғандарын 
сүйгізіп,  міндетсіз  қызмет  қылдыруға,  онан  соң 
Отанын  танытып,  жақсы  көргізуге,  ұлт  жұмысы, 
жұрт  намысы  деген  сөзді  тоқып  көңіліне  кіргізуге, 
сонан  соң  дүниедегі  барлық  адам  баласы  бауыр 
екенін  білдіріп,  көпшіл  адамды  сүйгіш  қылуға 
тырысу  керек”  [1],  –  деп  жазған  еді.  Іргесі  жаңа 
қарқынмен 
қайта 
қаланған 
қазіргі 
ұлттық 
әдебиетіміздің  ақсақалы  Мұхтар  Мағауин  бұл 
міндетті   мүлтіксіз,   әрі   абыроймен   атқарып  келе 

 
 
190 
жатқанын  мақтанышпен  айта  аламыз.  Мұхтар  Мағауиннің  прозалық  туындылары  қазақ 
халқының  өткені  мен  бүгінінен  сыр  шертетін,  келешегіне  көз  жіберіп,  ой  жүгіртетін 
халықтың  шын  мағнасында  рухани  қазынасына  айналған  туындылар.  Ол  үшін  ең  асыл, 
баға  жетпес  құндылықтар  –  ұлтының  рухы,  ұлтының  тілі,  ділі,  салты  мен  ғұрпы.  Қай 
тақырыпқа қалам тартсада оның шығармаларынан қазақ халқының күй  – жайы, тыныс – 
тіршілігі,  рухани  болмысының  ісі  аңқып  тұрады.  “Тарихи  тақырыптағы  шығармалары 
ғана  емес,  жазушының  бүкіл  туындыларында  ұлтымыздың  кешегі  –  бүгінгі 
психологиялық  материалдық  дара  белгілері  сайрап  жатыр.  “Қарақыз”,  “Бір  атаның 
балалары”  повестері  “Шаңқа”,  “Тарпаң”  әңгімелері  сияқты  күні  бүгінгі  тақырыпқа 
арналған  туындыларын  еске  түсіріңіз.  “Көк  кептер”  жинағындағы  қазіргі  заман 
толғамдарын  қараңыз.  Қазақы  мінез  –  қүлық,  қазақы  тұрмыс  [2].  Биік  парасаты 
ұлтжандылық  қасиетімен  ұштасқандығын  қаламгердің  көркем  туындыларынан-ақ 
танимыз.  ¤зінің  он  үш  томдық  жинағының  алғашқы  томы  жайында  жазушы:  “Бірінші 
томға  студент  кезіміздегі  ,  шығармашылықтың  алғашқы  кезеңінде  жазылған  дүниелер 
кіреді. Әуелгі  әңгімелер, “Тазының өлімі”. Бұл том “Көк мұнар” романымен күрмеледі.” 
[3].  Жинақтағы  прозалық  “Бір  уыс  бидай”,  “Бір  қадақ  бидай”,  “Тіленші”  сияқты 
туындылары  кеңестік  дәуірдің  әр  кезеңіндегі  ащы  шындықтың  айнасындай.  Қайсыбір 
ақын, жазушылардың “түрі ұлттық, мазмұны социалистік” әдебиет жасау ұраны аясында 
кеңес өкіметінің “керемет” табыстарын арқау етіп, кеңестік идеологияның шылауындағы 
шығармалар  жазғаныда  жасырын  емес.  Ал  Мұхтар  Мағауин  халқымызға  орны  толмас 
тауқымет әкелген ашарышылық алапатын көкірегі қарс айырылып, жас жүрегі қан жылап 
ХХ ғасырдың 60 жылдарында яғни коммунистік идеологияның қылышынан қаны тамып 
тұрған  дәуірінде-ақ  қағаз  бетіне  түсіргенді.  Қазақты  ұлт  есебінде  жер  жаһаннан  жойып 
жіберердей  болған  зұлмат  жайында  тек  кеңестік  империя  келмеске  кеткен  артымыздағы 
ғасыр  соңында  ғана  сөз  бола  бастаса,  Мұхтардың  бұл  тақырыпқа  сол  кезеңнің  өзінде-ақ 
қаймықпай қалам тартуы зор гумандық ерлік еді. Жоғарыда сөз болған әңгімелері хақында 
Мұхтар  Мағауин:  “Ал  өркеуде  жиырма  жасымда  жазылған  ең  жақсы  дүниелерім  – 
“Тіленші”, “Бір  уыс бидай” деген әңгімелер  еді. Әуелгісі  төрт-ақ бет,  соңғысы бір баспа 
табаққа  жуық  болатын.  Алдымен  жазылғаны  да  осы  “Бір  уыс  бидай”.  Қазақты  ел 
қатарынан шығарған 1932 жылғы апаттың бір үздік көрінісі” [4, 24]. Мұхтар Мағауиннің : 
“Мені жазушылық еңбекке жетелеген – 32-жылғы алапат”, - деп тебірене жазуынан оның 
қаламгерлік қана емес азаматтық концепциясын айқын танимыз. Ашаршылық зұлматына 
құжат  деректері  арқылы  көз  жүгіртсеңіз  жаныңыз  тіптен  түршегеді:  “1992  жылы  осы 
мәселені  арнайы  зерттеген  ҚР  Жоғарғы  Кеңесі  Төралқасының  комиссиясы  өзінің 
қорытындысында  былай  деп  жазды:  Қазақ  елі  аштықтан  және  соған  байланысты 
індеттерден,  сондай-ақ  табиғи  өлім  деңгейінің  үнемі  жоғары  болуынан  2  млн.  200  мың 
адамнан яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айырылды. Аштықтан Қазақстанда 
қазақтардың  үштен  бірі  ғана  қалды”  [5,  582].  Халқының  мұңын,  ұлтының  қамын 
баршасынан  жоғары  қоя  білген  жазушының  проза  жанрындағы  алғашқы  қадамы 
саналатын әңгімелері  мен хикаяттары бірден оның суреткерлік тұлғасын танытты. Оның 
тырнақалды  туындыларының  бірден  оқырман  қауымның  ыстық  ықыласына  бөленуі 
көркем  әдебиеттегі  ұстанған  бағытының  дұрыстығын,  қаламгерлік  қарымының  кеңдігін 
көрсетті.  “Арада  біраз  уақыт  өткенде  әдебиет  әлемінде  әйгіленіп,  зерттеулерімен  қатар 
көркем  шығармалары  да  оқырмандарды  оқыс  өзіне  тартқан  қарымды  қаламгер  ең  көп 
оқылатын жазушыға айналды. “Тазының өлімі”, “Қара қыз” “Бір атаның балалары” атты 
әңгіме,  хикаялары  мол  таралыммен  шығып  ,  оқырманды  баурап  алды”  [6]  Мұхтар 
Мағауиннің  13  томдық  шығармалар  жинағының  алғаш  томына  енген  үш  хикаяттың 
хронологиялық реті бойынша алғаш жазылғаны “Тазының өлімі” хикаяты. “Хикаят 1969 
жылдың қаңтар, ақпан айларында жазылып, наурызда тaзалай көшіріліп, мәшіңкеге түсіп, 
көкекте  баспаға  әзір  болды”  [7,  545],  деген  дәйектеме  дерегі,  аталмыш  хикаяттың  проза 
жанрында жазылған жазушының тұңғыш туындысы екендігін көрсетеді. 

 
 
191 
Қазақтың  ұлттық  болмысының  трагедиясын  тақырып  етіп  көтерген  хикаяттың 
композициялық  –  сюжеттік  принциптеріде  оқырманын  ойға  жетелейтін  терең 
философиялық  пайымдауға  құрылған.  Хикаят  экспозициясының  өзі  халқымызда  жеті 
қазынаның бірі, ер жігіттің көркі саналар құмай тазының иесіне деген шексіз берілгендік, 
әрі  бағыныштылық  сезімі  әсіре  бояусыз,  психологиялық  иірімге  толы  шеберлікпен 
суреттелген: “Сүлдерін сүйретіп басына бір , аяғына бір шықты. ‡стін кіршіксіз таза ақша 
қар басқан кішкентай ғана төмпешік. Меңірейіп қалған. Жазда алғаш үйілген кезінде әлі 
дымы  құрғамаған  қоянжон  топырақтан  жылы  леп,  мейірбандық  есіп  тұратын.  Мүмкін 
солай көрінген болар. Әйтеуір тазы мұнда жиі келетін... 
...Тазы  ұзыншақ  төмпешікке  бажайлай  қарады.  Сұп  –  суық.  Жансыз.  Шомбал  қара 
тастан қанша айырмасы бар. Бар, әрине. Астында иесі жатыр. Иесі жатыр!” [7, 148-149]. 
Тазының қоршаған ортаны түйсінуі, сағыныш сезімін білдіруі де пафосты баяндауға 
құрылмай,  хайуан  ұғымына  сай  ойлау  қабілетіне  орай  дәлдікпен  жеткізілген.  Иесінен 
айырылған ол шөп те жемейтін, суда ішпейтін, ешқашан маңырамайтын дімкәс тоқтының 
өлексесін  есіне  түсіруі  мен  түйсінуі,  ішкі  зар  –  мұңын,  қайғысын  тау  –  тасты  күңіренте 
ұлуы  арқылы  сыртқа  шығаруы  автордың  көркемдік  шындықты  бейнелеу  күштілігін 
танытады.¤зінің автобиографиялық “Мен” романында хикаяттың жазылу тарихы жайынан 
сөз қозғаған қаламгер Лашын тазының прототипі болғанында атап өткенді [4, 64-67]. 
Әлем  әдебиетінде  хайуанаттар  хақында  ертеден  –  ақ  сөз  болып келеді.  Көне  Түркі 
жұртшылығының қасиетті көк бөріден таралғаны жайлы аңызда осы ойымызды шегелей 
түскендей. Фольклорымыздағы ертегі жанрының бір түрі “хайуанаттар жайлы ертегілер” 
деп  аталуы  да  тегін  болмаса  керекті.Шағында,  шымыр,  сюжеті  сатираға  құрылған 
дидактикалық  нақылға  мысал  толы  жанрының  да  басты  персонаждары  аң,  құс,  балық, 
сияқты хайуанаттар болуы.  
Көркем  әдебиетте  осы  тақырыпқа  қалам  тартқан  жазушылар  ішінде  Мұхтар 
Мағауиннің  “Тазының  өлімі”  хикаятымен  өзектес,  тақырыптас  туындылардың  қатарына 
Д.Лондонның  (1876-1916)  “Ақ  азуы”  мен  М.Әуезовтің  (1897  -  1961)  “Көксерек” 
хикаяттарын жатқызуға болады.  
Джек  Лондонның  “Ақ  азуы”  хикаятының  басты  кейіпкері  ретінде  Ақ  Азудың 
алынуы  да  тегін  емес.  Өйткені  табиғаты  қатаң  солтүстік  үшін  ит  адамға  жүрсе  көлік 
(шанаға жегу), кисе киім, яғни нағыз таптырмас шаруашылық – тұрмыстық керегі болғаны 
мәлім. 
М.Әуезовтің  “Көксерек”  хикаятын  көпшілік  оқырман  ерекше  ілтипатпен 
қабылдағаны  аян  “  М.Әуезовтің  жазуға  әбден  құлшына  ,  ширыға  кіріскен  әрі  мінез 
төселген  ,  өмір  құбылыстарының  ең  бір  қалтарыста  жатқан  сырларын  ашып  ,  кең 
эпикалық  өріске  құлаш  сермеген  шағы  ендігі  жерде  повесть  жанрынан  көріне  бастайды. 
Бұл  тұста  оның  қаламгерлік  өнері  атақты  ағылшын  жазушысы  Джек  Лондон  сияқты 
қасқырдың  қылықтары  мен  “психологиясын”  зор  білгірлікпен  жазған  “Көксерек” 
повесінен көрінеді” [8, 92]. 
Кемеңгер жазушы хикаяты тек қасқыр мінезін суреттеу емес, қазақ даласының долы 
жыртқышы  мен  адам  арасындағы  байланысты  психологиялық  талдау  арқылы  өмір, 
тірішілік  үшін  күрес  заңдылығын  ашып  көрсете  білген.  М.Мағауиннің  “Тазының  өлімі” 
хикаяты  композициялық  желісі,  ондағы  кейіпкерлер  арасы  шиеленіскен  тартысқа 
құрылмаса  да,  Лашын  бейнесі  лирикалық  қаһарман  деңгейінде  көрінеді.  Оның  ішкі 
толғанысы, сыртқы дүниені тануы аса дәлдікпен суреттелген. Бұл орайда : “Қаһарманның 
характері  оның  әрекеттері  ашылады  десек,  бұл  әрекеттердің  сыр  –  сипаты  оның  өз 
ұғымының, сезінуінің дәрежесіне шақ болады. Ал қаһарманның түсінігі мен сезінуі, туып 
- өскен жұртының өмір күйлерінен, әлеуметтік ахуалдарынан туады  ”,  -  [9, 44 бет] деген 
пікірдің  орынды  екенін  аңғаруға  болады.  Хикаятта  Лашынның  қоршаған  ортаны  тануы 
өзінің  ойлау  қабілетене,  санасының  өсу,  жетілуіне  орай  шынайы,  көңілге  қонымды: 
“Қораның іргесінде шоқиып, шуаққа қыздырынып отырған ақ күшік рахаттана қыңсылап 

 
 
192 
жіберді. Асты құп – құрғақ әрі жұмсақ : үгілген жылқы тезегі, қиқым шөп – салам. Қарсы 
алдындағы  ойпаң  шұқанаққа  су  іркіліпті.  Сап  –  сары  су.  Орнынан  тұрып  барып  жалап 
көрді. Дәмі ашқылтым, сүйкімсіз екен, мал қиының исі шығады. Ол өзі білетін нәрселерді 
ішіп  –  жеуге  жарайтын,  ішіп  –жеуге  жарамайтын  деп  екіге  бөлетін  және  соңғысының 
алдыңғысынан әлдеқайда көп екенін білетін” [7, 149-150]. 
Дүниені тану, түйсіну, сезіну, сол құбылыстарды танудан қорытынды шығару яғни 
тәжірибе  жинақтау  қабілеті  барлық  тіршілік  иесіне  тән  қасиет.  Бірақ  олардың  түрлі 
дәрежеде,  түрлі  деңгейде  болатынын  жазушы  шығармасында  нақты  эпизодтар  арқылы 
ұтымды жеткізеді.  
Ұлттық  характерді  сол  халықтың  сана  –  сезімі,  түсінігі,  қалыптасқан  әдет  –  ғұрпы 
арқылы танумен бірге, өмір тарихы яғни тұрмыс – салты арқылы да ашып көрсету қажет. 
Қазақ  халқының  сан  ғасырлық  тіршілігінде  аңшылық,  саятшылық  өнер  де  маңызды 
орынға  ие  болған.  Мұхтар  Мағауиннің  “Тазының  өлімі”  хикаятында  аңшылық  жайында 
қызықты  да  әсерлі  әңгімеленеді.  “Қазы  аңға  жиі  шығатын.  Ұзақ  сонар,  келте  сонар,  қан 
сонар  деп  аталатын,  құр  жібермейді.  Кейде  оған  да  қарамайды.  Итінің  ізшілдігіне, 
жүйріктігіне сенетін. Сәтсіз деген жолы бірер қоян алып қайтады” [7, 168]. 
Қазақ халқында аңшылық өнердің жоғары бағаланғанын М.Әуезовтің “Абай жолы” 
эпопеясында  да  [10,  453-468]  көркемдік  шеберлікпен  өрнектелген.  Хикаятта  қазақ 
халқының  ұлттық  сипаты  мен  ұлттық  психологиясының,  жиынтық  (типтік)  бейнелері 
ретінде  Қазы  мен  Омар  ақсақал  образдарынан  көреміз.Қазы  құрдымға,  келмеске  кетіп 
бара  жатқан  ұлттық  өнерімізді  (аңшылық)  жоғалтпауға,  сақтап  қалуға  тырысқан 
жандардың жиынтық бейнесі болса, Омар ақсақал бабалардан келе жатқан ұлттық әдет  - 
ғұрып, салт - дәстүр, тәлім - тәрбиені қадір тұтушы ғана емес, ертеңгі ұрпаққа жеткізуге 
ұмтылушы.  
Ұлт  трагедиясы,  халқымыздың  басына  төнген  ауыр  апат  яғни,  ұлттық  бірілік  пен 
ұлттық  рухқа  қауіп  төндіруші  тілсіз  жаудын  бірі  –  арақ-шарап,  сыра  екені  ақиқат. 
Адамгершілік  абыройдан  ада  қылатын  арақ  кесапатын  хикаятта  жазушы  психологиялық 
тереңдікпен,  әр  кейіпкердің  характерін,  мінез  -  құлқын  төмендегі  диалогте  орынды  аша 
білген : 
“  -  Арақты  кім  ішеді,  -  деді  Есенжол  сепкіл  беті  шабдарлана  жымиып.  Шатушы 
боймай кет, - деді Айсұлу – жынды шуы жоқ мәгәжін бе тәңйі !  
- Сол кәпіріңнің жоғы жақсы , әкелмегенің жөн болған, - деді Омар ақсақал.  
- Әкелмейін дегем жоқ–ау, баздың өзінде таусылыпты. Қанша артта қалған , қазақы 
дегенмен,  біздің  аудан  да  мәдениетке  аяқ  басып  келеді.  Алдыңғы  жылы  бір  жәшік  арақ 
осы  ауылдың  бір  қысына  жетіп  еді.  Ферма  бастығымен  екеумізден  басқа  ақаңа  құмар 
ешкім  жоқты.  Ал  өткен  күзде  ақ,  қызылы  аралас  үш  жәшік  алғызып  ем,  жұғын 
болмады.Ауданға соңғы барған жолы мына Қазы да үйреніп кепті. Ферма орталығындағы 
үш үйміз, ақсақал намазым бұзылады деп ішпейді... 
- Астапыралда! Тіпті намаз оқымайтын адамның да әуестенетін нәрсесі емес.  
- Дәмін білмеген соң айтып отырсыз ғой. Ішпеген адам мына Қазыдай-ақ шығар, бір 
рет ұрттап көріп еді, баяғыдан бергі өмірінің бос өткеніне көзі жетті. Бәрінен бұрын маған 
жақсы  болды,  серік  табылып.  Осы  қазір,  құдай  біледі,  бір  жартылық  араққа  қатынын 
сатып жіберуге әзір” [7, 155]. 
Диалогте  автор  өз  байламын,  өз  концепциясын  Омар  ақсақал  аузымен  білдірсе, 
Есенжол сөздеріне астарлы сарказм, ащы әжуа қоса отырып әңгімеге арқау болған араққа 
негативті  көзқарасын  білдіреді.  Жалпы  жазушы  хикаятта  авторлық  концепциясын, 
көзқарасын ұзын-сонар баяндау арқылы жеткізуден гөрі, кейіпкерлер аузымен айтылатын 
дидактикалық, түйінді репликалар арқылы жеткізеді. 
Хикаяттағы Есенжол мен Кәмила образдары шағын ситуацияларда көрінсе де сюжет 
желісін  айшықтауда,  негізгі  идеяны  айқындауда  едәуір  роль  атқарып  тұр.  Сатушы 
Есенжол тек араққұмар ғана емес, екіжүзді, пиғылы арам, нәпсінің құлы.  

 
 
193 
Автор  кейіпкерлер характерлерін ашуда Есенжолды ұлттың ұждандық, моральдық, 
рухани тазалығына нұқсан келтіруші ретінде орынды пайдаланған. 
Қазақ әйеліне тән ізеттілік пен инабаттылықтың, еріне деген адалдықтың, анаға тән 
мейірімділік  пен  махаббаттың  азайып,  азып  бара  жатқанын  хикаятта  Кәмила  образы 
арқылы  көреміз.  Кейіпкерлердің  динамикалық  портретін  беруде  автор  тартыс, 
конфликтіге  сүйенбей  эпизодтық  детальдар  келтіру  арқылы  ашады.  Хикаяда 
психологиялық драматизмнің шарықтау шегі Лашынның қасқырға құрған қақпанға түсіп, 
иесінің қабіріне жетуге талпыну сәті. Иесі Қазының мейірбандылығы мен адал да ақ пейіл 
достығына деген сенім Лашынның жанына қуат беріп, тән тауқыметіне төзуге күш береді. 
“Бір күн ішінде соншама бейнет шеккен, өзіне мәлімсіз сұмдық сырдың бетін ашқан
азапты  тіршілік  қажытқан  тазы  қорықпады  да,  таңырқамады  да.  Бірақ  өмір  өз  заңын 
жүргізді.  Тазы  өлімге  мойын  ұсынып,  беріле  салмай,  тіршілік  үшін  күреске  түсіп, 
арпалысып  кетті”  [7,  191].  Өмір  үшін,  тіршілік  үшін  күрес  ешқашан  тоқталмайды  деген 
жаратылыс заңы осы көркемдік шешімнен көрінеді. Ал хикаята Қазы мен Лашынның қаза 
болуы  ұлттық  дәстүр,  аңшлық  өнердің  келмеске  кетіп  тоқырай  бастағаны  туралы 
оқырманға ой тастайды. Хикаяттың психологиялық әсерінің қуаттылығы, философиялық 
пайымының  тереңдігі,  оны  жазушының  алдыңғы  қатарлы  туындыларының  қатарына 
көтерді.  
Мұхтар Мағауиннің бастапқы хикаяттарының бірі - “Қара қыз” хикаяты , 1970 жылы 
жазылып, “Жалын” альманағының 1971 жылғы №1 санында жарыққа шықты. Хикаяттың 
жазылу тарихи хақында Мұхтар Мағауин “Шытырман” атты естелік еңбегінде былай деп 
атап өтеді: “...Сөйтіп он бес күн табандап отырған соң “Қара қыз” деген хикаят жазылып 
бітті.  Бастан  –  аяқ  шолып  шығып,  қатты  құлазыдым.  Жекелеген  жақсы  суреттер  де, 
композициялық  ұйқас  құрылым  да  тұтастай  алғанда  деңгейі  төмен  дүниені  көтеріп 
шығара  алмапты.  Ойластырып  қарасам,  өзінше  бітім  болмысы  бар,  түзету,  жақсарту 
мүмкіндігі көрінбеді. Осының  алдында  оншақты  бетті  жыртуға  қол  бармаған,  енді  тұтас 
хикаятты – тұтас бір жыл орайында жазылған жалғыз шығарманы жойып жіберуге жүрек 
дауаламады. 
Ақыры,  ұлттық  идеясы  бар  ғой,  басқасын  кейін,  керемет  жазушы  болғанда  түзеп 
алармын деп, келе сала, өзім жарлық негізінде бас редактор болып отырған “Жалынға”  – 
жаңа жылда шығатын алғашқы номерге салдым” [4, 93]. 
Қаламгер естелігінен біз баса назар аударатын негізі түйін, мына детальдар: жақсы 
суреттеулер,  композициялық  ойқас  құрылым,  ұлттық  идея.  Хикаяттың  көркемдік 
деңгейіне  көңілі  толмаса  да,  тақырыпты  ашуда  ол  өзінің  стильдік  қолтаңбасын  таныта 
білді.  Хикаяттың  сюжеттік  желісі  тартысқа,  шиеленіске  құрылмаса  да,  жалпы 
композициясының  психологиялық  параллелизм  жүйесінде  құрлыуы  автор  шеберлігін 
көрсетеді. Егер әдебиет шығармаларында кеңінен әрі жиі қолданылатын көркемдік уақыт 
ұғымына берілген : “...әдебиет шығармасында уақыттың жылжуы уақиғаның суреттелуіне 
байланысты бірде жедел, бірде баяу болып, кейде тіпті үзіліп кетіп отыруы ықтимал. Ал 
тағы бірде уақиға аяғынан басталып баяндалса, жазушы уақытты кейін қарай жылжытып 
көрсетуі де мүмкін” [11, 118].  
Басты кейіпкер Бексейіт бейнесін біз екі кезеңге бөліп қарастырамыз:  
Ғылыми ізденіс жолындағы, талабы мол, талантты жас аспирант шағы. 
Ғылым  көкжиегіне  көтерілген,  рухани  толысқан,  материалдық  -  әлеуметтік  әл  – 
ауқаты артқан уақыты. 
Алғашқы  Бексейттің  келешектен  үміті  зор  қиындықтан  қашпайтын  ,  отбасы 
тірлігінен, ғылыми жұмысын жоғары қойған жас. “Бексейіт азаннан кетіп, қас қарая әрең 
оралады. Апыл – құпыл тамағын іше салып, тілдей – тілдей жапырақша қағаздарға жазып 
әкелген  бірдеңелерін  салыстырып,  қайта  көшіріп,  біріне  –  бірін  желімдеп,  немесе 
кейбіреулерін екі  – үшке бөліп, жеке  – жеке  қаттайды да, кішкене қол шабаданға  салып 
тастайды... 

 
 
194 
...Бексейіттің аузынан бөтен сөз шықпайды. Төсекке қисайған беті қор етеді. Қатты 
ұйықтайды. Таң елең – алаңда атып тұрып, қайтадан архивіне жөнеледі” [7, 218]. 
Хикаятта  Бексейіт  образы  арқылы  қаламгердің  ғылым  қуған  жас  ғалымның  типтік 
бейнесін жасауда ұмтылумен қатар, әңгімеге арқау болып отырған кезеңдегі социалистік 
құрылыстың көлеңкелі тұстарын зерделі оқырман түйсінетіндей астармен, екінші планда 
болса  да  көрсетуге  тырысқанын  аңғарамыз.  Хикаятта  аспирант  Бексейіттің  небәрі  алты 
жүз  сексен  сом  шәкіртақы  алатынын,  пәтер  жалдап  тұратынын,  жалғыз  ұлы  Сейітжанға 
ойыншық  әпере  алмай  қиналған  тұстарын  суреттейтін  эпизодтарда  оқу  соңындағы  қазақ 
жастарының  әлеуметтік  –  тұрмыстық  –  күнкөріс  қамдарының  қиындығы  ұлтжанды 
жазушы қаламынан қалыс қалмай көркемдік шындықпен қамтылған. 
Бексейіт бейнесін жазушы шеберлігіне орай жаңа қырынан танимыз. Мәртебесі өсіп, 
“абыройы асқақтаған басты персонаждың тоқ көңіл, тоқмейіл пішіні мына диалогтен анық 
аңғарылады : 
-  Туу,  Бексейіт–ай  мен  келгелі  жарты  сағат  болды,  үйді  жау  шауып  кетсе  сезер 
емессің. Осы Совет Одағының барлық архивтеріндегі қоқсықты аз ақтардың ба, енді үйге 
кеп  тағы  былықтырып  отырсың.  Артыңнан  бір  кісі  жүруі  керек.  Кім  жинайды  мұның 
бәрін? Қайдан шықты осыншама қоқыр?  
- Соған өзім де қайранмын, бәйбіше. 
- Фу , что за манера!..Недобитый феодал! 
-  Байқап  тұрған  шығарсыз,  осы  феодалыңыз  аз  өмірінің  ішінде  көп  іс  тындырып 
тастапты.  Міне,  мынау  –  ғылыми  журналдарға  басылған  мақалалардың  қиындылары, 
мынау  әр  кезде  үлкен  жиындарда  жасалған  баяндамалар,  мынау  –  жеке  ғалымдардың 
еңбектеріне арналған рецензиялар. Қыруар дүние. Дені жарық көрмеген. Міне, осылардың 
бәрін жинақтап, тағы бір кітап шығармақпын. Бұған қалай қарайсың?” [7, 195-196]. 
Алайда, автордың айтар ойы бізді Бексейіттің “алған биігі мен жеткен жетістігіне” 
бас иіп, құрмет тұтуға итермелемейді. Керісінше қолында мүмкіндігі бола тұрып жалғыз 
ұлын  жетім  әрі  жарымжан  күйінде  тағдыр  тәлкегіне  тастаған,  қайғысына  ортақтасып, 
қиындықта  сүйеу  бола  білген,  жақсылығын  асырып,  жамандығын  жасыра  білген  адал 
жарын жас баламен жалғыз тастап, ажалға душар еткен жансауға жаннан жиіркенгендей 
боламыз.  
“Қара  қыз”  хикаятындағы  Айгүл  мен  Гүлжићан  образдары  сол  дәуірдегі  өмір 
шындығына,  оның  ішінде  қазақы  тәрбие,  ұлттық  ғұрып,  дәстүрлердің  хал  –  ахуалына 
көркемдік  тәсіл  арқылы  салыстырмалы  және  сындарлы  түрде  көз  жіберуге  мүмкіндік 
береді.  Ұяң  мінез,  ұлттық  әдеп  тал  бойында  ғана  емес,  ішкі  рухани  дүниесінде  әдемі 
жарастық  тапқан  Айгүл  бейнесі,  оның  тағдырының  трагедиялық  сипатта  тәламдалуы  әр 
оқырманға  ой  салары  сөзсіз.  Орыс  өркениетін  озық  үлгі  етіп  көрсетуге  құлшынған 
кеңестік өкіметтің ұлтымыздың сан ғасыр тезінен өтіп қалыптасқан ұлттық дәстүр, ұлттық 
мінез,  ұлттық  тәрбиемізге  қарсы  бағытталған  қитұрқы  саясатын  сол  кезеңнін  өзінде-ақ 
автор астарлап болса да көрсете білген. Бексейітке ХХ ғасыр әйелінің яғни “мәдениетті” 
әйелдің  қандай  болатынын  байыптатқан  Гүлжиһанның  хикаят  сюжетіндегі  орны  олқы 
емес. Шығармадағы негізі идея, айтылар ой бір – біріне мүлде қарсы адами қасиет, тәлім – 
тәрбиені бойларына сіңірген осы екі әйел образдары арқылы жеткізіледі. 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет