Жартылай фабрикаттар сапасы пішіні, сыртқы түрі, консистенциясы және иісі бойынша анықталады. Барлық жартылай фабрикаттардың пішіні дұрыс, түріне сәйкес болу керек. Табиғи жартылай фабрикаттардың беті желденбеген, сәл ылғалды, бірақ жабысқақ емес болу керек. Ұнға аунатылған және турамаланған жартылай фабрикаттардың беті – ашық сарыдан ашық қоңырға дейін түсті, біртекті ұнмен жабылған болу керек.
Табиғи және ұнға аунатылған жартылай фабрикаттардың консистенциясы тығыз, серпімді; турамаланған – біртекті, шеміршексіз, сіңірсіз, майдаланған сүйексіз және нан қосылмаған болу керек.
Жартылай фабрикаттардың иісі – балғын ет иісіне тән, бұзылу белгілері білінбеген; турамаланған жартылай фабрикаттарда – пияз бен татымдықтардың ароматымен болу керек.
Сиыр етінен алынған котлет етінде май ұлпасы 10%, жалғаушы ұлпа 10% дейін; ал шошқа, қой және бұзау етінен алынған котлет етінде сәйкесінше 15 және 5% болу керек.
Турамаланған жартылай фабрикаттарда ылғал – 62–72%, нан – 18–21% және тұз – 0,9–1,5%.
Жартылай фабрикаттарды ағаш жәшіктерге салады. Әр жәшікте 4 дейін қыстырма қағаз болу керек. Жәшіктің брутто массасы 20 кг.Ұсақ бөлшекті жартылай фабрикаттарды целлофанға немесе полиэтилен үлдірге алдын-ала орайды.
Әр жәшікке өндіруші кәсіпорын аты, жартылай фабрикат аты, өнімнің нетто массасы, данасы, бағасы, шығарылған күні мен сағаты, сақтау мерзімі, стандарт нөмірі көрсетілген ярлык салады. Ірі бөлшекті сүйексіз жартылай фабрикаттарды полиэтилен пакеттерге салып, қыздырып бекітеді. Әр орама жуылмайтын бояумен маркіленуі керек немесе ішіне затбелгі салыну керек.
Тоңазытылған жартылай фабрикаттарды дүкендерде таза, жақсы желдетілетін және суытылатын камерада 0–8 С дейін температурада сақтайды. Өндіріліп шығарылғаннан бастап өткізуге дейін жартылай фабрикаттардың сақтау мерзімі: табиғи ірі бөлшекті сиыр және қой еті – 48 сағат, табиғи кесекті және ірі бөлшекті шошқа еті – 36 сағат, табиғи ұсақ бөлшекті – 18 сағат, ұнға батырылған – 24 сағат, турамаланған- 14 сағат, ет турамасы – 12 сағат құрайды. Табиғи жартылай фабрикаттал вакуум астында полимерлі үлдірлерге оралса ұзағырақ сақталады: шошқа етінен алынған – 7 тәулік, сиыр және қой етінен алынған – 5 тәулік.
Мұздатылған жартылай фабрикаттар –5 С төмен температурада 48 сағат, ал 0...4 С температурада 24 сағат сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |