Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов



жүктеу 4.57 Mb.

бет11/32
Дата22.12.2016
өлшемі4.57 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32

«Қазақ әдебиеті» газеті. 2010. 26 ақпан – 

 4 наурыз. 1,7-б; 5-11 наурыз. 1, 4-б.

МАҚАлАлАР

СтАтьИ


216

НАРЫҚ жӘНе МӘДеНиеТ

Адам  баласының  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  табиғи  тірші-

лігін революциялық жолмен өзгертіп, елді рахат өмірге жеткізуге 

болады  деген  қиялды  артқа  тастап,  күллі  адамзат  жүріп  жатқан 

жолға түсіп, қолдан жасалған емес, ежелден орныққан нарықтық 

өмір салтына көшкенімізге 10 жыл толып отыр. осы мерзім ішінде 

қуантқан жетістіктеріміз де, опық жегізген кемістіктеріміз де аз 

емес, бәрі көз алдымызда өтті, өтіп жатыр.

Совет  тұсында  дүниенің  бәрі  мемлекеттікі  болып,  жұрттың 

санасында жеке меншіктік психология жойылып, адамдардың бір-

бірімен байланысы, адам мен қоғамның, қоғам мен мемлекеттің 

қатынасы  таза  нарықтық  негізде  бола  алатынын,  болуға  тиіс 

екенін ешкім ескермейтін, тіпті ол туралы ойламайтын да, ойлан-

байтын.


тәуелсіздікке  қол  жеткелі  бері  жүргізілген  саяси,  экономи-

калық,  әлеуметтік  реформалар  қазақ  халқының  өмірін  нарыққа 

бағыттады.  Жетпіс-сексен  жыл  бойы  мемлекетке  сеніп,  масыл-

дыққа  бой  алдырған  жұрт  алғашқыда  абдырап  та  қалды,  қалай 

жекеше  өмір  сүрудің,  жеке  шаруашылық  құрудың,  өз  өндірісін 

ашудың, қажетті қаржы табудың, тіпті күндегі тіршіліктің қиюын 

келтірудің жолын таба алмай қиналды.

Құдайға шүкір, қазір елдің басым көпшілігі ауылда да, қалада 

да нарыққа бейімделе бастады, ел мемлекетке емес, өзіне сенетін 

болды, демек, ел санасында нарықты, оның шарттарын түсіну бар. 

Соның арқасында шағын және орта бизнеспен шұғылданған қазақ 

азаматтары  көбеюде,  жеке  шаруашылық  ұйымдастырғандар  да 

баршылық, өндірістік саланы да меңгергендер жоқ емес. осының 

бәрі  Қазақстанда  көпқырлы  (многоукладный)  экономиканың 

пайда  болғанын  айғақтайды,  қоғамның,  қазақ  елінің  нарықтық 

қатынасқа біржолата бет бұрғанын көрсетеді, халық санасындағы 

жаңа  түсініктер  орнығып  жатқанын  дәлелдейді.  Бұл  экономи-

ка  мен  тұрмыстағы  өзгерістер  тұрақты  және  оңды  сипат  ала 

бастағанының белгісі.


217

Ал,  рухани  салада  қандай  өзгерістер  бар,  қандай  проце-

стер  жүріп  жатыр?  Рухани  өмірімізде,  әдебиетімізде,  өнеріміз 

бен  мәдениетімізде  нарықтық  қатынасқа  бейімделу  бар  ма? 

Шығармашылық адамдары мен қайраткерлеріміз нарық заңдары 

мен шарттарын қаншалықты игерді, нарық жағдайында өнімді де 

тиімді еңбек ету әдістерін, амалдарын тапты ма? Мұндай сауал-

дар көп. Солар төңірегінде біраз ой қозғап, пікірімізді ортаға са-

луды жөн көрдік.

Өкінішке  қарай,  руханият  әлемінде  түбегейлі  нарыққа  бет 

беру  экономика  саласындағыдай  емес.  оның  объективті  де, 

субъективті де себептері бар. Ең бастысы – нарықта басқа мәдени 

үрдіс  болатынын,  мәдениеттің,  өнер  мен  әдебиеттің  міндет-

мақсаты,  түр-сипаты  өзгеше  екендігін,  сол  себепті  руханиятқа 

деген  көзқарас  біздің  осы  күнге  дейінгі  түсінігімізден  басқаша 

қалыптасатынын ескермеу немесе білмеу.

нарықтың негізгі шарты – бәсеке. Бәсекеге түсу – өзіңнің 

мүмкіндігіңді, қабілетіңді, талантыңды барынша пайдалану. олай 

болмаған күнде бәрінен құр қаласың. Мұндай халге түспес үшін 

нарықтық  қоғамда  көпқырлы  экономика  болатыны  сияқты  ру-

ханият  саласында  да  көптүрлі,  әрқилы,  совет  дәуіріндегі  біздің 

ұғымымыздағыдан  бөлек  мәдениет  болатынын  мойындап,  соған 

сәйкес тірлік істеу қажет. Совет мемлекетінде мәдениет тек қана 

идеологиялық  қызмет  атқарғандықтан  сырттай  монолитті  бо-

лып  көрінетін,  ал  шындығында  ол  біртұтас  емес,  сыңаржақ  еді. 

Совет  халқы  «біртұтас,  таптық  айырмасы  жоқ»  қоғам  болғаны 

тәрізді  мәдениет  те  сондай  болуы  керек  деп  ойладық.  Бәріміз 

шығармамызды,  туындымызды  социалистік  реализм  шартына 

сай  етуге  тырыстық,  сөйтіп  «бірыңғай,  мазмұны  социалистік, 

түрі ұлттық мәдениет» жасауға атсалыстық. Соның нәтижесінде 

көптеген  роман,  повесть,  поэма,  фильм,  сурет,  симфония,  спек-

такль,  т.б.  шығармалар  туып,  олардың  біразы  өте  жоғары  баға 

алды,  ал  авторлар  биік  деңгейде  марапатталды.  Шынын  айту 

керек,  олардың  ішінде  классикалық  дүниелер  аз  болған  жоқ 

және  көптеген  авторларымыз  бен  орындаушыларымыз,  әсіресе 

әншілеріміз, суретшілеріміз, композиторларымыз, жазушылары-

мыз өз талантын көрсете алды.

Ресми  идеологияның  құралы  болғандықтан  әдебиет  пен 

өнер  мемлекет  пен  партия  тарапынан  үлкен  қамқорлыққа 

бөленді,  соның  арқасында  профессионалды  әдебиет  пен  өнер 



218

қалыптасты,  көркем  шығармашылықты  күнкөрістің  құралына, 

кәсіпке  айналдырған  жазушылар,  композиторлар,  суретшілер, 

режиссерлар  пайда  болды.  Бұл  заңды  еді.  Өйткені  адам  сана-

сын,  ойын  қадағалап,  пікірін  тұмшалап  отыратын  тоталитарлық 

мемлекетте  қай  заманда  да  осылай  болған.  тоталитаризм  руха-

ниятты  ауыздақтап  отыруға  мүдделі  болғандықтан  бұл  саладағы 

қайраткерлерді  өзінің  идеологиясын  жүргізуші  күш  ретінде 

пайдаланады,  сол  себепті  оларға  барынша  жағдай  жасайды,  ал 

айтқанына  көнбегенді  қудалайды,  дарға  асады,  өртейді,  атады. 

Өз  идеологиясын  жүйелі  әрі  кең  тарату  үшін,  мәселен,  советтік 

тоталитаризм  ақпарат  құралдарын  бақылауға  алды  және  алу-

ан  түрлі  шығармашылық  одақ  құрып,  солар  арқылы  компартия 

шешімдерін  ел  санасына  сіңіріп  отырды.  неғұрлым  одақтың 

мүшесі  көп  болса,  солғұрлым  жақсы  деп  бағаланды.  Бір  ғана 

біздің  Жазушылар  одағында  сексенінші  жылдары  600  мүше  бо-

луы – соның бір көрінісі.

Мемлекеттен 

қаржыланған 

шығармашылық 

одақтың 

мүшелері  партия  мен  үкімет  нені  талап  етсе,  соны  жазды.  Ком-

позиторларымыз  да,  суретшілеріміз  де,  кинематографистеріміз 

де  солай  еді.  Мұндай  жағдайда  ой  еркіндігі  қайдан  болсын?  

Бүкіл  мәдениетте  де  ешқандай  плюрализм  белгісі  болған  жоқ.  

(н. Хрущевтің Э. неизвестныйға ұрысқанын еске алайық). «Ақша 

беріп  отырған  –  мен,  айтқанымды  істейсің!»  –  деген  талап  өз 

нәтижесін берді.

нарық заңы қатал. нарыққа көшкен мемлекет идеологиялық 

емес, нарықтық ұстанымдарды тірек етеді, мұны экономикалық 

заңдылықтар  талап  етеді.  осы  жағдай  біздің  елге  де  келіп, 

орнығып  жатыр.  нарық  заңдылықтары  мен  шарттарын  жүзеге 

асыру  барысында  біздің  тұрмысымыз  төмендеп  кеткені  белгілі. 

Сонымен бірге қалыпты рухани тіршілігіміздің бұзылғаны да рас. 

осыны көрген қайраткерлеріміз дабыл қағып, мемлекет тарапы-

нан нақты қаржылай қолдау мен қамқорлық болуын талап етуде. 

Қазіргі біздің рухани өмірімізде де күрделі әрі қайшылықты 

процестер жүріп жатыр. Бір жағынан, совет жылдары репрессияға 

ұшыраған  ақын-жазушыларымыздың  шығармалары  жарыққа 

шығып, мәдени, әдеби-эстетикалық ой-өрісімізді кеңейтіп, елдің 

рухын көтеруге үлес қосып отыр. Екінші жағынан компартияның, 

мемлекеттің  ымырасыз  атеистік  және  отарлық  саясатының 

кесірінен  тыйым  салынып,  ұмыт  болған  тарихи-мәдени 


219

құндылықтарымыз  халыққа  қайта  оралып,  жұрттың  тарихи  са-

насын оятуда. Үшінші жағынан, Батыс Еуропа пен Американың 

көркемдік, эстетикалық сапасы төмен деп саналатын әндері мен 

фильмдері,  поп-музыкасы  мен  әртүрлі  «бұқаралық  мәдениеті» 

кең  тарап,  жастарға  айтарлықтай  ықпал  етуде.  төртіншіден, 

экономикалық  және  моральдық-психологиялық  күйзеліске 

түскен таланттарымыз бен қайраткерлеріміз мәдениет нарығына 

(рынок культуры), шығармашылық бәсекеге түсе алмай отырған 

себепті  жаңадан  классикалық  дүниелер  туғызбай  отыр,  соның 

салдарынан сырттан келген «өнерге» қарсы тұра алатын, оларды 

ығыстыруға қабілетті шығармалар аз болып тұр.

осындай  жағдайды  басынан  кешіріп  отырған  рухани-

ят,  әлбетте,  өзіне  жаңаша  қарап,  соны  көзқараспен  түсінуді 

қажет  етеді.  Ең  алдымен  айтатын  нәрсе  –  «мәдениет,  әдебиет 

пен  өнер  түсінікті  болуы  керек»  деген  ұғыммен  қатар  «оларды 

түсіне  білу  қажет»  деген  қағида  орныққаны  абзал.  Сонда  ғана 

біз әдебиет пен өнерге өзіміздің қалыптасқан түсінігіміз бен ой-

өрісіміздің  тұрғысынан  ғана  қарап,  оларды  өзіміздің  біліктілік 

деңгейімізден  бағалаудан  арылар  едік,  оларға  түсініктікпен 

қарап, қай шығарманы болса да түсінуге тырысар едік. Егер осы 

шарт жүзеге асса, біз нарықтық қоғамдағы мәдениеттің әрқилы 

болатынын, қоғамдағы әр топ, әр қауым өзінің түсінік-пайымына 

лайық, эстетикалық талап-талғамына сәйкес шығарма тудыраты-

нын, яғни, өз мәдениетін жасайтынын түсінген болар едік.

Қазіргі  біздің  қоғамда  әртүрлі  әлеуметтік  топ  бар.  олардың 

әдемілік  туралы  пайымы,  эстетикалық  талғамы  әр  алуан.  Соған 

сәйкес,  бір  қоғам,  бір  мемлекет  ішіндегі  әр  топ,  әр  қауым 

мәдениетті, өнерді өзінше түсінеді, өзінің қалауынша ән мен му-

зыка  шығарады,  оны  орындайды,  жұртқа  таратады.  Сөйтіп,  әр 

топтың  өз  мәдениеті  қалыптасуда.  Мәселен,  әлеуметтік  төменгі 

сатыдағы  топ  үшін  түрме  әндері  мен  бақытсыз  тағдыр  туралы 

шығармалар операдан да, балеттен де, әдеткі жеңіл эстетикалық 

өнерден  де  жоғары.  Ал,  жастарымыз  эстрадада,  дискотекада 

орындалатын  динамикалық,  ырғақты  әуендерді  сүйеді.  осын-

дай  «бұқаралық  мәдениеттің»  қай-қайсысында  да,  әсіресе  поп-

музыкада, шлягерде біздің дәстүрлі түсінігімізге симайтын үрдіс 

басым: өлең сөзінен гөрі әуенге, ырғаққа мән беріледі. Сондықтан 

бізге ол шығармалар мәнсіз, көркемдігі төмен болып көрінеді.

Мәдениет  те,  эстетика  да  қоғаммен  бірге,  дәуір  талабы-

на  сай  өзгеріп  отыратыны  белгілі.  Әр  ұрпақ  өз  уақыты  мен 


220

талғамы  талап  ететін  өнер  туғызады  (былайша  айтқанда,  киім 

модасы  сияқты).  Мысалы,  1960-70  жылдары  шырқалған  вальс 

ырғағындағы  әндерді  сол  кездегі  үлкен  буын  ағалар  мен  ата-

ларымыз  онша  жақтырмай,  біздерге  ренжіп  жүрді.  Соған 

қарамастан Ш. Қалдаяқовтың, Б. Жамақаевтың, Ә. Бейсеуовтің, 

І.  Жақановтың,  т.б.  композиторлардың  вальстері  көпшіліктің 

көңілін  баурап  алды.  Қазіргі  аға  және  орта  буындағы  азаматтар 

әлі  күнге  дейін  осы  әндерді  айтады,  жастарға  соларды  орын-

да  дейді,  ал  бүгінгі  модаға  айналған  ритмді,  қимылды  қажет 

ететін  әуендерді  ұнатпайды.  Сонда  олар  музыка  да,  поэзия  да 

өзгеретінін ескермей ме? Өздері жас шағында қазақ ұғымы мен 

эстетикасында жоқ вальсті қабылдап, шырқап та, билеп те жүрді 

ғой,  оны  жатсынған  жоқ.  Ендеше,  неге  бүгін  біз,  аға  және  орта 

буын  өкілдері,  жастарға  сол  60-70  жылдардағы,  тіпті  одан  да 

бұрынғы ән-күйді, әуен-биді тықпалаймыз? Жас ұрпақ та өзінше 

түсініп,  өзінше  ойланғысы  келетіні  сияқты,  өнерді  де,  әдебиетті 

де  өзінше  түсініп,  өзінше  пайдалануға  тырысады  ғой!  Егер  біз 

жастарға игі тәлім бергіміз келсе, енді соларға ұнайтын, солардың 

қажетін өтейтін шығармалар туындатуымыз керек. Сөйтіп, шет-

тен келіп жатқан өнер дүниелерімен бәсекеге түсіп, олардан асып 

кете  алсақ,  жастар  біздің  ыңғайымызда  болары  анық.  Мұндай 

іс-әрекеттің  бастамасы  да  бар.  Мәселен,  «Хабар»  телеарнасы 

шығарған  «Перекресток»  («тоғысқан  тағдырлар»)  телесериа-

лы,  «Бауыржан-шоу»  театрының,  сондай-ақ  қазақ  жігіттері  мен 

қыздары құрған кейбір эстрадалық топтардың («Үркер», «АБК», 

«Қаракөз»  т.б.)  концерттік  бағдарламалары  –  біздің  мәдениет 

нарқына бет бұрғанымыздың көрінісі деуге болады.

Әрине,  бұл  жерде  қаражат  мәселесі  көлденең  тұрады. 

нарықтық  бәсекеге  түсу  үшін  қаржы  керек.  оны  кім  береді? 

Бұрынғыдай  мемлекетке  қол  жаю  керек  пе?  онда  баяғыдай 

үкіметке кіріптар болып, мәдениет ресми сипат алады да, жалтақ 

болады,  сөйтіп  шығармашылық  еркіндіктен  айырылады.  Мем-

лекеттен  қаржыланған  өнер  мен  әдебиеттің  совет  тұсында 

қаншалықты  «еркін»  болғанын  білеміз.  оның  үстіне  нарыққа 

көшкен  мемлекет  руханиятта  да  нарықтық  заңның  орнығуын 

талап  ететіні  тағы  бар.  Капиталистік  елдерде,  тіпті  дамыған 

мемлекеттерде  профессионалдық  әдебиеттің  болмауы  содан. 

оларда  жазушылық  –  кәсіп  емес,  хобби.  Шығармашылықпен 

шұғылданатын  адамдар,  әдетте,  өздерінің  ісі,  белгілі  бір  кәсібі, 



221

өндірісі,  дүкені,  т.с.  шаруашылығы  бар  жандар.  олар  көркем 

шығармашылықпен талантын көрсету үшін қолы бос уақытта ай-

налысады. Мұндай жағдай түптің-түбінде бізге де келеді, нарық 

соған әкеледі. Ендеше оған осы бастан даярланған жөн. ол үшін 

әдебиетті де, өнерді де нарықтық қатынасқа көшіру керек.

Совет  заманында  біз  мәдениетті  коммерциялауға  қарсы 

болдық,  оны  таза  идеология  саласы  деп  түсініп,  қандай  да  бол-

сын экономикалық тұрғыдан бағалауды теріс деп ұқтық. Ал, енді, 

бүгінгі таңда, нарық жағдайында мәдениет те бизнестің бір түрі 

екеніне көзіміз жеткендей. демек, әдебиет пен өнердің туындыла-

рын бір жағынан, товар деп түсінген абзал, олардың да нарқы бо-

латынын, нақты құны бар екенін білгеніміз жақсы. олай болса, әр 

автор өз шығармасын нарық талабына да сай етуге тиіс. ол туын-

дысын кімге, қай топқа, қай қауымға бағыттауды білуге міндетті. 

Әр  топтың,  қауымның  талғам-талабы  әртүрлі  болғандықтан 

шығарманың  көркемдік,  эстетикалық  сапасы  да  әрқилы  келеді. 

Сөз жоқ, бұл жағдайда автордың таланты мен мүмкіндігі де көп 

роль  атқарады.  Бірақ  ол  бәрібір  мәдениет  нарқын  (рынок  куль-

туры)  жақсы  білуге,  оны  үнемі  бақылап,  зерттеп  отыруға  тиіс. 

Сөйтіп,  ол  өз  талантын,  туындысын  бәсекеге  салады,  товар 

ретінде нарыққа ұсынады. Алайда, мұндай халге жету үшін, яғни, 

нарыққа, бәсекеге түсе алатын, онда жеңіп шығатын дүние жасау 

үшін қаражат керек. оны қалай табуға болады?

Меценаттыққа  үміт  артуға  болар  ма  еді?  Өкініштісі  сол  –  

біздің  бизнесмендер  әлі  қомақты  капитал  жинап  үлгерген  жоқ, 

олар  енді  ғана  байып  жатыр.  Сондықтан  «жаңа  байығаннан 

ақша сұрама» демекші, оларға ауыз ашудың реті жоқ. Соңғы 2-3 

жылда олардың демеушілік жасап, мәдениетке жаны ашитынын 

көрсеткендеріне  рахмет  айтуымызға  болады.  Бірақ  бұл  әлі  – 

меценаттық емес. Меценаттық шын мәнінде – өнерге, ғылымға, 

әдебиетке  тұрақты  түрде  қаржы  бөліп,  олардың  басқа  да  про-

блемаларын  шешіп  отыруы.  Ірі  меценаттар  кітапханалар  мен 

сурет  галереяларын  ашқан,  театр  ұстап,  артистерді  қамтамасыз 

етіп  отырған.  Біз  әлі  ондай  жағдайға  жете  қойғамыз  жоқ.  он-

дай  меценаттық  осы  күнгі  ірі  бизнесмендеріміздің  немере  мен 

шөберелері нағыз капиталист-магнат болғанда орнығатын шығар.

Рас,  меценаттар  да  әдебиет  пен  өнерге  өз  талабын  қояды, 

авторлардан  өз  қауымының  талғамына  сәйкес  шығарма  күтеді. 

демек,  бұл  ретте  де  мәдениет  азат  емес,  өнер  қайраткерлері 



222

шығармашылық  еркіндікке  толық  бара  алмайды.  Сонда  енді 

не  істеу  керек?  Қандай  жағдайда  талант  иесі  еркін  бола  ала-

ды?  Біздіңше,  мұның  жолы  біреу-ақ  –  таланттар  өз  туындыла-

рын  товар  ретінде  саудалай  білуі  керек,  одан  түскен  қаржыны 

шығармашылыққа пайдалана білуі қажет. Екінші сөзбен айтқанда, 

қаржы табудың амалдарын игеру керек. Айталық, банктен кредит 

алып, оны шығармашылыққа жұмсау. Ал, көркем шығармашылық 

үшін  кредит  алуды  мемлекет  заңдастыруы  қажет.  Сол  сияқты 

әдебиет пен өнер қайраткерлеріне шығармашылықпен шұғылдану 

үшін  арнайы  ссуда  беруді  де  заңдастырсақ,  құба-құп.  талант-

тарымыз  кино,  театр,  т.б.  басқа  салалар  бойынша  ұсынылатын 

шетелдік  гранттарға,  конкурстарға  қатысуды  да  машық  еткені 

дұрыс. Рас, шетелдік қоғамдар біздің шығармашылық одақтарға 

бұрынғы  компартияның  идеологиялық  құралы  деп  қарайды 

да,  көбінесе  біздің  ұсыныстарымызға  теріс  жауап  береді  не-

месе  қабылдамайды.  Шынын  айту  керек,  совет  өкіметі  тұсында 

құрылған  шығармашылық  одақтар  мен  ұйымдар  қазіргі  таңда 

анахронизм  болып  отыр.  оларды  осы  заманның  талабына  сай 

қайта  құру  керек  сияқты.  нарық  заманында  бұрынғыдай  тек 

көркем шығармашылықпен шұғылданып отыру мүмкін емес, ке-

лешекте  ондай  адамдар  азаяды,  ендеше  «шығармашылық  одақ» 

деген түсінік те, оның қызметі де өзгеруге тиіс. Шығармашылық 

одақ  тараса,  әдебиет  пен  өнер,  мәдениет  дамымай  қалады  де-

ген  ой  –  үстірттік.  олар  ендігі  заманда  басқаша  сипат  алып, 

өзіндік  өмір  сүреді.  Мәдениет  пен  әдебиет  социалистік  жүйе 

орнағанға  дейін  әуелі  жеке  адамға,  сол  арқылы  қоғамға  қызмет 

еткен.  Мемлекеттің,  яки  болмаса  бір  партияның  сойылын 

соқпаған.  Бүкіл  қоғам  мүддесін  көздегендіктен  олар  көптүрлі, 

көпқырлы, яғни, қоғамдағы әр топ пен таптың, қауымның мәдени, 

әдеби  сұранысын  орындаған.  Мысалы,  опера  мен  балет  өнері, 

негізінен,  жоғары  мәртебелі  топтың  сұранысына  жауап  бер-

ген.  П.И.  Чайковскийдің  «Ұйқыдағы  ару»,  «Аққу  көлі»  сияқты 

шығармаларын  орыс  мұжығы  қажетсінген  емес.  оның  есесіне, 

шаруа өзінің «Петрушка» сияқты театрын, қарапайым өлеңдерін, 

әні мен билерін сүйсіне орындаған, тыңдаған. Сол тәрізді қазақ 

даласында да совет өкіметі орнағанға дейін әдебиет, әсіресе өнер 

нарық шарттарына сәйкес өмір сүрді. тіпті алысқа бармай-ақ ХХ 

ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның әр түкпірінде ойын-

сауық  құрған  Қажымұқан,  Иса,  Майра,  Балуан  Шолақтардың 



223

өнеріне еске алсақ та жеткілікті. Жалпы, тұрпайыланған социа-

лизмге ұрынбай, табиғи өмір салтымен жүрген елдерде мәдениет 

идеологиялық  мақсатта  ашық  түрде  пайдаланылмайды,  оларда 

әдебиет  пен  өнер  жеке  адамның  тағдырын  көрсету  арқылы  бір 

ғана  партияға  немесе  тапқа  емес,  бүкіл  қоғамға  қызмет  етеді. 

Сондықтан олардың фильмдері де, спектакльдері де, романдары 

да әр алуан топтың сұранысына сәйкес болып келеді де, көркемдік 

сапасы мен мазмұны жағынан әрқилы шығады. Әрине, жоғарғы 

топтағы буржуазия мен аристократтар үшін жасалған дүние мен 

бұқараға арналған шығармалар қай жағынан да бір-бірінен алшақ. 

Мұны авторлар жақсы біледі, сол себепті олар өз туындысының 

көрермені мен оқырманы кімдер екенін естен шығармайды, яғни, 

олар мәдениет нарқын жіті бақылап отырады.

Біздің жағдайымыз әлі мұндай дәрежеде емес. Ең әуелі бізде 

әдебиет пен өнерді идеологиядан арылту (деидеологизация куль-

туры) мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Мәдениет саласындағы 

мемлекеттік басқару мекемелерінің қызметкерлері жазушылар-

дан, өнер қайраткерлерінен, қазіргі заманды, бүгінгі өмірді, осы 

күнгі  адамды  бейнелейтін  шығармаларды  тудыруды  талап  етуі 

де мүмкін. Мұндай талаптың аржағында мәдениетті, әдебиет пен 

өнерді әлі де тек идеология деп түсіну, оларды тек идеологиялық 

құрал деп бағалау жатқаны байқалады, демек, оларды ең бірінші 

кезекте сол мақсатта пайдалану әрекеті сезіледі.

Әдебиет пен өнерді тек идеология деп түсіну – біржақтылық. 

Егер ақиқатына жүгінсек, әдебиет пен өнер – ең алдымен эсте-

тика әлемі екенін айтуға тура келеді, олардың табиғи қасиеті – 

адам сезіміне әсер ету ғой, содан соң ғана белгілі бір топ, партия 

оларға идеологиялық мән береді, яғни, нақты бір сыртқы мүддеге 

бағындырады.

Бесенеден белгілі бұл қағиданы айтудың тағы бір себебі – ав-

торларымыз  бен  олардың  туындыларын  зерттейтін  ғалымдары-

мыз бен сыншыларымыздың көбінің сол ескі түсініктен шыға ал-

май жүруі. нарықтық қоғамда әдебиет пен өнер бұрынғыдай таза 

идеологиялық  қызмет  атқара  алмайды,  олар  көбінесе  сейілдік 

(развлекательный)  және  қызықтаушылық  мақсатта  жасалады, 

өйткені  қоғамдағы  әр  топ  пен  әр  қауымның  әлеуметтік  стату-

сы  ғана  емес,  сонымен  бірге  эстетикалық  талғамы  мен  мәдени 

сұранысы  да,  өнерге  деген  көзқарасы  да  әр  басқа.  олай  болса, 

дүниеге  әртүрлі  көркемдік  деңгейде  жасалған,  әртүрлі  мақсат 



224

көздеген шығармалар келуі – заңды. Ал, мұның өзі мәдениетте, 

әдебиет  пен  өнерде  идеялық,  эстетикалық,  көркемдік  плюра-

лизмді орнықтырады. Соның арқасында қоғамда бірізді, бір идея-

лы, бір тақырыпты емес, әр алуан көзқарасты, кереғар идеялар-

ды көрсететін әр сипатты шығармалар қатар өмір сүріп жатады. 

осындай жағдай бізге де келе жатыр.

Қазіргі ғаламдану (глобализация) заманында, біртұтас әлемдік 

ақпарат кеңістігінде жүрген шақта шетелдік өнер мен мәдениет-

тің ықпалынан аман қалу мүмкін емес. Әрине, шетелдік дүниенің 

бәрі  бірдей  түкке  тұрғысыз  дей  алмаймыз.  Өкінішке  қарай, 

бізге Батыс Еуропа мен Американың классикалық өнері көптеп 

келмейді, көпшілікке жетпей жатыр. Есесіне, қарақшылық жол-

мен  келіп  жатқан  зорлық-зомбылықты,  қара  күшті  дәріптейтін 

видеокассеталар мен видеофильмдер әр үйге теледидар арқылы 

еніп жатыр. «Бәленің бәрі Батыстан келіп жатыр, қазақты телеви-

зор бүлдіріп жатыр!» – деп шошуымыз осыдан. турасын айтсақ, 

телевизор  емес,  біздің  БАҚ  туралы  заңымызға  осыны  тежейтін 

бапты  келістіріп,  оның  орындалуын  қатаң  бақылау  жетіспей 

отыр! (Бұл арнайы сөз ететін мәселе).

Шеттен  келіп  жатқан  дөрекі  мәдениеттің  соқыр  жетегінде 

кетпес  үшін  өз  мәдени  үрдісімізді  қалыптастыруға  күш  салсақ. 

ол  тек  ұлттық  шеңбер  аясында  ғана  емес,  өзіміздің  озық 

өнеріміз бен шетелдің үздік мәдениетін ұштастыру және ұлттық 

мәдениетімізді,  мәйегін  сақтай  отырып,  заман  талабына  сай  да-

мыта пайдалану арқылы қалыптаспақ. ол үшін тезірек мәдениет 

нарығына  ену,  шығармашылық  бәсекеге  түсу  қажет.  Әрине, 

бұл  –  оңай  шаруа  емес.  Мәдениет  күресіне,  талант  жарысына 

түсудің алғы шарты – ой азаттығы мен шығармашылық еркіндік. 

Екінші  кезекте  –  қаражат  пен  құрал-жабдықтар.  Көркем 

шығармашылық жарыста, өнер нарқында жеңіп шығу үшін сау-

атты менеджерлік әрекет те керек, яғни, шығарманы дұрыс наси-

хаттап, саудалай білу шарт. Соңғысының қаншалықты маңызды 

екенін  Ресей  артистері  мен  өз  өнерпаздарымыздың  ұтымды 

шыққан клиптерінен-ақ байқауға болады. Мәселен, жастарымыз 

Рахат  тұрлыханов,  толқын  Зәбирова  сияқты  әншілердің  өнерін 

жақсы  қабылдап,  тамашалап  жүр.  Бұл  –  мәдениет  нарқына, 

шығармашылық  жарысқа  қазақ  жастарының  да  түсе  алатынын 

көрсетеді. неғұрлым осындай дүние көп болса, соғұрлым жастар 

оған көңіл бөлмек, сол арқылы шетелдік поп-музыка, джаз, шля-

гер ығыстырыла түспек.


225

Ендеше,  талантты  авторлар  мен  орындаушылар  мәдениет 

нарқына  түсуі  үшін  олардың  шығармасын  қай  топ,  қай  қауым 

жақсы қабылдайтынын зерттеп, оған сәйкес іс-әрекет жасайтын 

маман менеджерлер даярлайтын кез келген сияқты.

осы тұста: «оу, өзіміздің төл өнеріміз қайда болмақ, олар ана 

эстрадалық  шоудың  көлеңкесінде  қалып  қоймай  ма?»  –  деген 

заңды  сұрақ  тумақ.  Меніңше,  мынандай  жағдайды  ескермеске 

болмайтын секілді.

Әр дәуір, сол дәуірдегі қоғам өзіне қажетті мәдениет жасап, 

соны пайдаланады. Ал, қоғам алуан түрлі топтан, қауымнан, тап-

тан тұратыны аян. осы топтар мен қауымдар өз талғамына лайық 

мәдениетті  қажетсінеді.  демек,  бір  қоғамда  неше  түрлі  шағын 

мәдениет  (субкультура)  қалыптасады.  осындай  жәйт  бізде  де 

байқалады.

Қазір бізде, аса күшті болмаса да, біршама буржуазиялық топ 

пайда болды. Бұл топ қолда бар нәрсемен ғана қанағаттанбайды. 

ол, тұрмыс пен экономиканы өзгерткені сияқты, енді мәдениетті 

де, әдебиет пен өнерді де өзгертуге күш салады, сөйтіп, өз талабы 

мен талғамына сай мәдениет жасайды. Соның бір айғағы ретінде 

Алматы мен Астанада зор салтанатпен өткен «Миллениумды», Ре-

сей мен Батыс Еуропа өнерпаздары қатысқан үлкен эстрадалық 

шоуларды, сондай-ақ әлемге әйгілі өнер қайраткерлері қатысқан 

классикалық қойылымдарды айтуға болады. Айтылмыш өнердің, 

сөз  жоқ,  көркемдік-эстетикалық  сапасы  да,  әсері  де  биік, 

әрі  нарқы  да  жоғары.  оны  жоққа  шығару  мүмкін  емес  және 

оны  тұтынушыларды  сөгудің  еш  реті  жоқ,  себебі  бұл  өнердің 

қайраткерлері  де,  оны  тамашалаушылар  да  нарық  заңына  сай 

қимылдауда.

Буржуазиядан  басқа  топтардың  да  өз  мәдениеті,  өнері  бар. 

Бүгінде  орта  дәрежелі  ауқаттылар  мен  зиялы  қауымның  біразы 

өз  мәдениетіміздің  және  шетелдік  өнердің  классикалық  түрін 

қолдап, қызықтайды. Айталық, опера, балет, симфониялар, роман-

стар, халық композиторларының әндері, көркем сурет көрмелері, 

музей…

Ал,  біздің  қоғамның  негізін  құрайтын  қарапайым  көпшілік 



–  ең  үлкен  қауымның  қызығып  тамашалайтын  мәдениеті  – 

халықтың төл өнері: айтыс, өлеңдер мен әндер, күйлер мен тер-

мелер,  «тамаша»,  «Бауыржан-шоу»  секілді  ойын-сауықтар, 

бәйге,  күрес,  т.б.  осы  топтың  мәдени  сұранысын  тап  басып,  ол 

қажетсінген  дүниелерді  өмірге  келтіру  –  қасиетті  борыш  әрі 


226

міндет. Халық мұрасын шығармашылықпен пайдалана отырып, осы 

күнгі талапқа, талғамға сай мәдениет жасау оңай емес. төл өнеріміз 

бен  мәдениетімізді  жаңғырту  мен  жаңартудың,  жандандыру  мен 

жаңаша қолданудың әдісі мен жолдарын нарыққа сәйкестендіруге 

тиіспіз.  Бұл  бағытта  істеліп  жатқан  және  көпшіліктің  көңілінен 

шығып  жүрген  нәрселер  жоқ  емес,  алайда  бұл  тым  жеткіліксіз. 

Халық  мұрасын  дәл  осы  күйінде  сақтап,  сол  күйінде  орындау 

мен  пайдалану  бар  да,  оны  бүгінгі  үрдіске  лайықтап,  жаңғырта 

қолдануға  да  болады.  Мысалы,  осы  күнде  жастардың  концерт-

терде,  теледидарда  домбыра  мен  скрипканы,  қобыз  бен  рояльді 

жұптап  ойнап,  ежелгі  ән  мен  күйді  жаңа  қырынан  ашуы  және 

халық  аспаптарының  музыкалық,  дыбыстық,  мүмкіндіктерін 

көрсетіп жүргені – құптарлық тәжірибе. осы сияқты фольклорлық 

шығармалар  негізінде  кинофильм,  телефильм,  спектакль,  балет 

шығаруға болар еді, алайда олар қазіргі талғам мен талапқа сай жа-

салмаса, нарықтық бәсекеге түсе алмайды.

Біздің қоғамда ең төменгі сатыда жүрген топ та бар. оның да 

өз мәдениеті, әдебиеті мен өнері болады. Рас, олардың көркемдік 

сапасы  төмен,  бірақ  соған  қарамастан  тұтынушылардың 

мәдени  қажетін  өтейді.  Әсіресе,  үйсіз  –  күйсіз  жүрген  жан-

дар,  түрмедегі  тұтқындар,  алуан  түрлі  ұрылар  мен  алаяқтар 

үшін  порнографиялық  фильмдер,  дөрекі  әндер  мен  әңгімелер, 

абақты  өмірін  баяндайтын  өлеңдер  –  «мәдени»  ермек.  Біз 

қалайық-қаламайық,  бұл  да  өмірде  орнын  тапқан  –  бір  шағын 

мәдениет  (субкультура).  Міне,  осы  топтың  «мәдениетінің»  кең 

тарамағаны  жөн,  соның  жолын  қарастыру  шарт.  Соның  біреуі, 

біздіңше – қалың көпшілікке ұнайтын шығармаларды көбейтіп, 

бұқараны  соған  бұру.  Мұндай  дүниелер  тудыру  үшін  авторлар 

мен  орындаушыларға  жағдай  жасалып,  белгілі  дәрежеде  қолдау 

мен көмек көрсетудің заңдастырылған түрлері іске асқаны абзал 

және оларға идеологиялық азаттық пен шығармашылық еркіндік 

берілуге тиіс.

Әлбетте, шығармашылық еркіндік пен идеологиялық азаттық 

авторлардың ойына не келсе, соны істеуі емес, керісінше, мемле-

кетте қабылданған заң шеңберінде еңбек ету. Егер талант иелері 

нарық жағдайына лайық іс-әрекет істеп, көркем шығармашылық 

арқылы  адамға,  қоғамға  қызмет  етіп,  мәдениетті  дамытуға  үлес 

қосып  жатса,  мемлекет  те  сырт  қалмас,  өйткені  ол  мәдениет 

пен  өнердің,  әдебиеттің  қандай  болуына,  қай  бағытта,  қай  жол-

мен  дамитынына  бейтарап  қала  алмайды.  Сондықтан  мемлекет 


227

мәдениеттің қай түріне басымдық беретінін, оны қандай ыңғайда 

қорғап-қолдайтынын, оған қалай көмек көрсететінін заң арқылы 

анықтайды, сол заң негізінде мәдениет саласындағы өз саясатын 

белгілеп, жүзеге асырады, соның тетіктерін табады. Қолдау мен 

көмек – тек ақша беру ғана емес, оның жолдары мен амалдары 

көп: ең бастысы – мәдениет пен мәдени мұра, әдебиет пен өнер 

туралы  бүгінгі  қалыптасқан  жағдайға  сай  жаңа  заң  қабылдау, 

әрі ол заңда әдебиет пен өнердің туындысы, мәдени дүниелер – 

коммерциялық тауар бола алатынын бекіту…

Өз  кезегінде  суреткерлер  де  белсенділік  танытуы  қажет. 

«Піс, алма, аузыма келіп түс, алма!» деп, мемлекетке ауыз ашып, 

қарап  отыратын  заман  емес  қазір.  Көркем  шығармашылықпен 

шұғылданам  деген  адам  нарыққа  бейімделіп,  оның  шарттарын 

меңгеруге  тиіс.  ол  өз  шығармасы  қай  топтың,  қай  қауымның 

мәдени  сұранысын  өтей  алатынын  ерте  бастан  біліп  алмаса, 

табысқа  жете  қоймайды.  яғни,  шығарма  адресті  болуы  керек. 

Айталық,  композитор  таланты  жетіп,  шығармасын  классиканы 

түсінетін қауымға арнағысы келсе, онда ол опера, немесе балет, 

я болмаса симфония жазуы керек. Сол сияқты, өте шебер орын-

даушы  әлемнің  классик  композиторлары  дүниелерін  нәшіне 

келтіріп орындайтын болса, ол тыңдаушылардың кім болатынын 

күні бұрын білуге тиіс.

Қазіргі заманда көлемді роман мен повесть оқылмайды, ұзақ 

хабар тыңдалмайды, сылбыр сонар фильм қызықтырмайды. Бірақ 

бұдан қоғамда рухани азғындау бар деп ой түюге болмайды. Бүгінгі 

жедел (интенсивті) даму жағдайында көпшілік уақытпен санасуға 

үйренді  және  көп  ойланудан  гөрі  жылдам  шешім  қабылдауға 

бейімделіп  жатыр.  Бұқараның  эстрадаға,  телешоуға,  тағы  басқа 

тез  жүріп,  жылдам  бітетін  сейілдік  өнер  түріне  көбірек  көңіл 

бөлуінің бір себебі осында. Қалың көпшіліктің өз талғамы мен та-

лабы бар, сол себепті ол Шекспирдің пьесасынан гөрі өз ұғымына 

жақын,  өзі  жақсы  көретін  әншісінің  концертіне  барғанды  тәуір 

көреді.  осы  үшін  қалың  бұқараны  «кітап  оқуды  қойды,  класси-

каны  білмейді,  жеңіл-желпіге  әуес,  рухани  кедейленіп  барады» 

–  деп  жазғыру  жөн  болмас.  Сондай-ақ  динамикасы  мол,  өте 

ырғақты  би  әуені  мен  орындауға  қолайлы,  әсем  дауысты  қажет 

етпейтін әндерді қалап жүрген жастарымызды «Батысқа еліктеп 

кетті, халық әнін тыңдамайды, шетелдік джазды сүйеді» деп сөгу 

орынды ма? оларды да түсіне білу қажет сияқты. Жалпы меніңше, 



228

бар гәп қазіргі нарықтық қоғамда көпқырлы экономика болаты-

ны секілді көптүрлі, әрсалалы мәдениет те болатынын, оның өмір 

сүруге  хұқылы  екенін  мойындауда,  оны  түсініп,  бағалай  білуде 

болса керек.

осы жерде тағы бір мәселе бой көрсетеді. ол – шығарманы 

кім бағалап, оның көркемдік сапасын кім анықтайтыны және бұл 

істе басты критерий не болатыны. Совет тұсында басты критерий 

–  шығарманың  партиялылығы  болды,  яғни,  туынды  компартия 

идеологиясына сай ма, онда таптық және интернационалдық си-

пат бар ма деген ұстаным басшылыққа алынды. Сыншыларымыз 

бен ғалымдарымыз әр шығарманы осы тұрғыдан қарап, авторларға 

ақыл айтып, кеңес берді, оларды я мақтады, я даттады.

Ал,  енді  бір  қоғамда  көптүрлі  мәдениет  қатар  өмір  сүріп 

жатқанда  әр  қауым  мен  әр  топқа  арналған  шығарманы  қалай 

бағалап,  оның  сапасын  қай  критерий  бойынша  анықтауымыз 

керек? Менің ойымша, қай топқа арналса да, шығарма ең әуелі 

бүкіл қоғам қабылдаған этика мен моральға қайшы болмауы тиіс. 

Сонымен бірге шығарманың құндылығы оның көркемдік сапасы-

мен анықталса керек. Ал, көркемдік сапасы – адамға эстетикалық 

және эмоциялық әсерінің күш-қуатымен өлшенбек.

Жалпы,  болмысты  –  болмыс  күйінде  қабылдайтынымыз 

сияқты, сондай-ақ тұрмыста әр адамның өз бұйымы, әр үйдің өз 

жиһазы болатыны тәрізді, қоғамда әртүрлі топ, қауым бар екенін, 

олардың өз ұғымы, өз дүниетанымы, соған лайық мәдениеті болуға 

тиістілігін және солай екенін заң жүзінде де, іс жүзінде де мойын-

дау әрі соған сәйкес іс-әрекет жасау – өмірдің талабы секілді.

Әрине,  бұл  мақалада  біз  ортаға  салған  ойлардың  біразы 

ұлттық  мәдениеттің  тазалығы  жайында  жік-жапар  болып  жата-

тын  жұртшылықтың  ортасында  алуан-алуан  пікір  туғызатынын 

қазірден-ақ  болжап  отырмыз.  Алайда,  мына  бір  жайдың  басы 

ашық:  бүкіл  әлемді  өзгерткен  нарық  қазақты  да,  қазақтың  жан 

дүниесін  де,  оның  мәдениетін  де  өзгертпей  қоюы  мүмкін  емес. 

Сол процесс жаңа ғана басталып келе жатқан қазіргі кезеңде біз 

өзгеріске  түскен  өмірге  өзіміз  бейімделмесек,  өмір  бізді  өзінше 

бейімдеп алатынын да есте ұстаған жөн сияқты. уақыттың қатал 

шындығы осыны түбінде қай-қайсымыздың да мойындауымызға 

мәжбүр етеді. тек кеш қалмасақ болғаны. «Ай, қап!» – деп өкініп 

жүрмеуге шақырған ағаларымыздан алар бір тағылым осы.



1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32


©emirsaba.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал