Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов


Льется песня под домбру. – М.: Худож. лит., 2009. – С. 3-39



Pdf көрінісі
бет8/32
Дата22.12.2016
өлшемі3,95 Mb.
#48
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32
Льется песня под домбру. – М.: Худож. лит., 2009. – С. 3-39.

156

ӘДеБиеТ ПеН ФОЛЬКЛОРДЫҢ БАйЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ

Қазақтың  ХХ  ғасырға  дейінгі  өмірінде  фольклордың  арала-

спайтын жері болған жоқ, ол елдің рухани қажеттілігін түгелімен 

атқарды,  бүкіл  тіршілігінің  ажырамас  бөлігі  болды,  сол  себепті 

ХІХ  ғасырдағы  әдебиетте  фольклордың  «мен  мұндалап»  тұруы 

–  табиғи  нәрсе.  Әсіресе,  авторлық  ауыз  әдебиетінде,  яғни  жы-

раулар  мен  ақындардың  шығармаларында  фольклордың  тілі, 

поэтикасы,  стильдік  құрылымдары  мейлінше  мол.  Ал,  Абай  мен 

Ыбырайдан бастау алатын жаңа жазба әдебиет фольклорға сана-

лы түрде барды, оған қажетті дәрежеде арқа сүйеді. Бұл жерде біз 

фольклордағы сөздер мен тіркестер, сюжеттер мен кейіпкерлер, 

жекелеген  жанрлар,  мақал-мәтелдер  мен  жұмбақтар,  өлеңдер 

жазба  ақындар  шығармашылығында  емін-еркін  жүретіндігін 

айтып отырмыз. олардың біразы табиғи түрде жүрсе, кейбіреуі 

мақсатты  түрде  қолданылған.  Кейін  осы  дәстүр  жалғасып, 

әдебиеттегі  фольклоризм  құбылысын  тудырды.  Фольклоризм 

әдеби шығарманың мазмұнынан ғана емес, оның тілдік-стильдік 

табиғатынан,  әдеби  шығарманың  көркемдік  құрылымынан, 

әлеуметтік-этнографиялық  сипатынан  көрінеді.  осылардың 

әрқайсысын  арнайы  зерттеу  –  әдебиет  пен  фольклордың 

арақатынасы,  байланысы  қаншалықты  терең,  табиғи,  мақсатты 

екенін ашып көрсетері хақ және әдеби шығармада бейнеленген 

өмір туралы, жазушы шығармашылығының қайнар көзі жайын-

да, сондай-ақ автордың өмірі мен дарыны жөнінде айтарлықтай 

мағлұмат беретіні күмәнсіз.

Әлемдік  фольклортануда  «фольклор»  ұғымы  өте  кең 

мағынада  қолданылады.  оған  халық  музыкасын,  халық  биін, 

халық өлеңін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, 

халық  қолданатын  ырымдар  мен  ғұрыптарды,  салттар  мен 

наным-сенімдерді  жатқызады.  демек,  фольклор  дегеніміз  – 

тек  қана  ел  арасына  тараған  ауызекі  шығармалар  емес,  фоль-

клор  –  халықтың  бұрынғы  замандарда  өмір  сүрген  бабалары 

шығарып,  пайдаланып,  ұрпақтан  ұрпаққа  аманат  етіп,  бүгінгі 

дәуірге жеткізген руханият. ол көп салалы, сондықтан көп сипат-

ты және көп функциялы, синкретті руханият. Өте ерте заманда 

туып,  жүздеген  ғасырлар  бойы  өмір  сүргендіктен  фольклор  – 

ежелгі  қоғамның  дүниетанымы  және  мәдениеті  болған.  Үнемі 

қолданыста  болғандықтан,  ол  –  адамдар  тұрмысының  қажетті 



157

бөлшегіне,  атрибутына  айналған.  Ұзақ  тарихи  дамудан  өткен 

фольклор біздің дәуірге сөз өнері әрі мәдени мұра түрінде жетіп 

отыр.  Міне,  осының  бәрі  фольклорды  әдебиеттен  әлдеқашан 

бұрын  пайда  болып,  өзіндік  көркем  жүйе  қалыптастырған  сөз 

өнері деп тануға негіз болмақ.

Сөз  өнеріне  айналған  фольклор  –  атам  заманда  туып, 

бірден-бірге айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған, сөйтіп, 

біздің  дәуірімізге  жеткен  авторы  жоқ  ауызекі  шығармалар 

екені  белгілі.  Ал,  ауыз  әдебиеті  –  ол  да  ауызша  туып,  ауыз-

ша  тарап,  орта  ғасырлардағы  қазақ  қоғамы  үшін  кәдімгі  кәсіби 

жазба  әдебиеттің  рөлін  атқарған  туындылар.  оның  фольклор-

дан  бірнеше  айырмашылығы  бар:  біріншіден  –  автордың  бо-

луы;  екіншіден,  мәтіннің  біршама  тұрақтылығы;  үшіншіден, 

шығарма  мазмұнының  нақтылы,  белгілі  бір  оқиғамен,  адаммен 

байланыстылығы;  төртіншіден,  шығармада  автордың  өзіндік 

«мені»  болуы,  стилінде  даралық  сипаттың  көрінуі;  бесіншіден, 

шығармалар  тек  қана  поэзия  түрінде,  толғау,  арнау,  мадақтау 

үлгісінде  орындалуы;  алтыншыдан,  шығарманың  қалың  елдің, 

хан  кеңесінің,  жауынгер-сарбаздардың  алдында  дереу,  импро-

визациямен  айтылуы.  Сондықтан  мұндай  дүниелерді  «авторлық 

ауыз әдебиеті» деп, жеке бөліп атаған жөн.

Жазба әдебиетіміз де – ертеден бері өмір сүріп келе жатқан 

рухани  құндылық.  Ежелгі  сақтардан,  ғұндардан,  үйсіндерден 

қалған  жазба  жәдігерлер,  түркілер  қағанатының  тасқа  қашап 

жазған мәтіндері, сондай-ақ орта ғасырларда қолжазба қалпында 

сақталған шығармалар мен жаңа дәуірде баспадан шыққан туын-

дылар  –  бұлардың  бәрі  жазба  әдебиетке  жатады.  Әрине,  олар 

әр  дәуірдің  өзіндігіне  байланысты  болғандықтан  біркелкі  емес. 

Ежелгі  замандағы  дүниелер,  көбінесе,  аңыздаулар  түрінде  жет-

се, көне түркі ескерткіштері тарихи-қаһармандық жыр үлгісінде 

белгілі болып отыр. Ал, орта ғасырдағы жазба әдебиет, негізінен, 

діни хикаяттар, тарихи және ғашықтық дастан формасында бол-

са, жаңа дәуірдегі жазба әдебиет көп жанрлы, нағыз көркем сөз 

өнері  болып  дамыды.  Біздің  бұл  ұжымдық  монографиямызда 

жаңа  дәуірдегі,  әсіресе,  ХХ  ғасырдың  соңы  мен  ХХІ  ғасырдың 

басындағы  әдебиеттегі  фольклорлық  дәстүрлердің,  дәлірек 

айтқанда  –  фольклорлық  сана  мен  ұғым-түсініктің,  ырымдар 

мен  салт-ғұрыптардың,  сондай-ақ  фольклорлық  жанрлар  мен 

сюжеттердің, кейіпкерлер мен көркемдік құралдардың, мотивтер 



158

мен  әдіс-тәсілдердің  пайдаланылуы,  олардың  әдеби  шығармада 

атқарып тұрған қызметі, т.б. мәселелер қарастырылды.

Жалпы,  фольклор  –  ұлттық  әдебиет  пен  өнердің  алдыңғы 

басқышы,  бастауы  екендігін  теориялық  тұрғыдан  алғаш  зерт-

теп,  дәлелдеген  Еуропаның  ағартушылары  еді.  Ағартушылар 

ә-дегеннен Жаңғыру дәуірінің рухы мен идеясын қабылдап, халық 

поэзиясының,  жалпы  мәдениетінің  ұлттық  әдебиет  пен  өнердің 

туып, дамуындағы рөліне көп көңіл бөлді. Бұл, әсіресе, М. Мон-

тень  мен  д.  виконың,  Ж.  Руссо  мен  И.  Гердердің  еңбектерінде 

айқын көрініс тапты. 

Әдебиет пен фольклордың байланысы – әлем мәдениетінің 

дамуындағы  басты  заңдылықтардың  бірі.  Жер  жүзіндегі  қай 

әдебиетті алсақ та, оның шығу тегі – фольклор екенін көреміз. 

Сондықтан  әдебиеттегі  фольклоризм  барлық  әдебиеттің  тари-

хы  мен  теориясын  зерттегенде  де,  жеке  ақын-жазушылардың 

шығармаларын талдағанда да көрнекті орын алады.

Қазақтың  халық  поэзиясы  мен  көркем  әдебиетінің  шын 

мәніндегі алғашқы шығармашылық тоғысуы Абай поэзиясынан, 

яғни  жаңа  дәуір  әдебиетінен  айқын  көрінді.  Бұл  кездесу  жаңа 

қазақ  әдебиетінің  туып,  қалыптасуында  тарихи  рөл  атқарғаны 

күмәнсіз.  Абай  бастаған  жаңа  көркем  әдебиет,  бір  жағынан, 

фольклордан алшақтай отырып, екінші жағынан, одан мол сусын-

дады. 


Әлбетте, фольклорға арқа сүйеу Абайдан бұрынғы авторлық 

ауыз әдебиетінде де, жазба мәтіндерде де орын алғаны даусыз. Со-

нау түркі заманындағы тасқа қашалған текстерде, орта ғасырдағы 

қолжазба  шығармаларда  фольклордың  әсері  анық  байқалады. 

осы байланысты тарихи тұрғыдан қарасақ, халық поэзиясының 

көркемдік,  идеялық,  стильдік  ерекшеліктері  әр  дәуірдегі 

әдебиетте  әртүрлі  мақсатта,  әртүрлі  формада  қолданылғанын 

көреміз  және  бұл  қолданыс  бірде  табиғи,  бірде  мақсатты  түрде 

жасалғанына көз жеткіземіз. Әрине, бұл байланыс бір типті және 

үнемі тығыз болмаған. Әрбір тарихи кезеңде әдебиет пен фоль-

клор бір-біріне әрқилы мақсатпен ықпал етіп отырған, олар кейде 

өзара  жақындасып,  кейде  бір-бірінен  алшақтап  жүрген  –  бәрі 

белгілі  бір  дәуірдің,  қоғамның  сұранысына  және  сол  шақтағы 

әдебиеттің  көркемдік  даму  деңгейіне  байланысты  еді.  Бұдан 

шығатын қорытынды: әдебиет пен фольклордың ара-қатынасы – 

өте күрделі процесс, осы үдерістің тарихын, даму барысын зерт-



159

теу – әдебиеттану үшін де, фольклортану үшін де аса маңызды 

проблема.

Фольклордың  әдебиетке,  әдеби  шығармаға  енуі  үнемі 

біркелкі,  ылғи  да  автордың  әдейі  солай  істеуімен  байланысты 

бола бермейді. орыс ғалымдары мынадай заңдылықты байқаған 

екен:  а)  фольклор  элементтері  әдеби  шығармаға  бейнеленіп 

отырған  объектінің  атрибуты  болғандықтан  енетіндігі;  ә)  олар 

фольклорлық дәстүрдің өзінен тікелей алынбай, әдебиетте бұрын 

қабылданып, сіңісіп кеткендіктен кірігуі. Психологиялық парал-

лелизм  осылай  енген;  б)  жазушының  фольклорға  әуестігінен 

емес, оның ұлттық болмысынан, ұлттық психологиясы мен тілдік 

табиғатынан туындаған себепті болатындығы

1

.



Аталған  заңдылық  түгелімен  болмаса  да,  жалпы,  фольклор 

мен  әдебиеттің  арақатынасының  белгілі  бір  себептері  есебінде 

біздің тақырыпқа қатысы бар. Қазақ әдебиеті мен фольклорының 

байланысында айтылмыш себептерден басқа да өзіндік сипатта-

ры  аз  емес,  олар  осы  еңбектің  тарауларында  әр  жанр  бойынша 

қарастырылған.

ХХ  ғасырдың  соңғы  ширегі  мен  ХХІ  ғасырдың  басында 

дүниеге келген біраз туындыларда фольклорды пайдалану мүлде 

жаңа үрдісте, жаңа сипатта көрінетінін айту керек. Әсіресе, екі 

ғасырдың  тоғысында  жарыққа  шыққан  шығармаларда  фоль-

клор  әртүрлі  мақсатта  пайдаланылып,  әрқилы  қызмет  атқарып 

тұрғанын  байқауға  болады.  Бұларда  фольклор  тек  бұрынғыша 

«цитата»  немесе  «фон»  ретінде  ғана  емес,  шығарманың  бүкіл 

мазмұнының  өзі,  кейіпкерлердің  болмысы  түрінде  де  көрінеді. 

Екінші  сөзбен  айтқанда,  фольклордың  белгілі  бір  жанрын,  яки 

сюжетін қолданумен шектелу жоқ, ендігі романдарда, кейде по-

вестер мен әңгімелерде де, поэма-өлеңдерде де фольклорлық сана 

мен фольклорлық ойлаудың архетиптері, кейіпкердің санасынан 

көне жәйттар, тарихи-генетикалық жадының түкпірінде жатқан 

фольклорлық-мифологиялық ұғым-түсініктер, түйсіктер кең пай-

даланылады. Ал, бұл жағдай әдебиет пен фольклор жаңа дәуірде 

жаңаша, жаңа деңгейде байланыс жасауда деген ойға жетелейді. 

Бұл еңбек осы мәселелерге арналған.

Фольклор  –  халық  эстетикасының  айнасы,  нормасы.  Сол 

себепті ол әдеби шығармаға енгенде бірнеше рөл атқарады, бірде 

кейіпкердің образын күшейтуге, енді бірде шығарманың идеясын 

1

 Русская литература и фольклор ХІ–ХVІІІ вв. л., 1970. С. 16.



160

кеңейтуге,  кейде  автордың  позициясын  айқындауға,  ал,  кейбір 

жағдайда  сюжет  құруға  мол  ықпал  етеді,  тіпті,  бүкіл  шығармаға 

негіз  болады.  Соңғы  жағдайды  1920-30  жылдарда  жазылған  ту-

ындылардан  көруге  болады.  Мағжан  Жұмабаевтың  «Қорқыт», 

«Қойлыбайдың  қобызы»,  «Батыр  Баян»  поэмалары,  Сәкен 

Сейфуллиннің  «Көкшетау»,  Сәбит  Мұқановтың  «Сұлушаш», 

Ілияс  Жансүгіровтың  «дала»,  «Күй»  сияқты  шығармалары 

түгелімен  фольклордың  негізінде  жазылған.  Бұлай  болуының 

себебі  –  әдебиеттің  балаңдығынан,  я  болмаса  ақындардың  та-

ланты аздығынан емес-ті. Ең басты себебі – дәуірдің, қоғамның, 

жаңа әдебиеттің талабы еді және сол әдебиеттің рухани өмірдегі 

маңызының артқаны болатын. Бұларға қоса аталған ақындар ел 

жағдайын  жақсы  білетін,  қалың  жұртпен  араласа  жүріп,  оның 

мұң-мұқтажын,  мәдениетін,  фольклорын  сырттай  емес,  ішінен 

тікелей  біліп,  меңгеріп,  жаңаша  көзқарас  тұрғысынан  игерген-

тұғын.  Сондықтан  да  олар  жазба  әдебиет  өкілі  бола  тұрып,  ел 

мұрасын, фольклорын, этнографиясын, әдет-ғұрпын жинастыра 

жүрді, жариялады, зерттеді. туған халқының фольклорын тама-

ша  білгендіктен  олар  өз  шығармаларына  фольклордың  қандай 

түрін,  сюжетін  арқау  ету  керектігін  өте  жақсы  білді,  тіпті,  ин-

туиция  арқылы  сезді  деуге  болатын  шығар.  Жалпы,  әдебиеттің 

фольклорға  иек  артуы  оның,  яғни  әдебиеттің  дамымағандығы 

емес,  әдебиет  өзінің  даму  тарихында  фольклорға  мезет-мезет 

соғып отырған.

Жазба  әдебиетте  фольклордың  қалай  пайдаланылатыны, 

оның  әдеби  шығармада  атқаратын  функциясы  туралы  біздің 

әдебиеттануда арнайы зерттеулер болған жоқ, тек жеке жазушы-

лар мен ақындардың шығармашылығына арналған еңбектерде бұл 

мәселе жол бойы ғана қарастырылып келді, әлі де солай. Соның 

өзінде  де  автордың  шығармасында  халық  поэзиясының  қандай 

сюжеттері  негізге  алынғанын  нақты  анықтап,  оны  деректік  көз 

ретінде,  я  болмаса  фольклорлық  материалдар  қандай  өзгеріске 

ұшырағанын  анықтау  мақсатында  алғашқы  нұсқа  мен  әдеби 

шығарма салыстырылып қарастырылды. Бұл әдіс өз кезеңі үшін 

өте  ұтымды  болды.  Ал,  енді  жаңа  ғасырда  әдебиет  фольклорға 

қаншалықты  көңіл  аударады,  оны  неге,  не  үшін  пайдалана-

ды  –  бұл  бұрынғы  әдіспен  зерттеуге  көне  бермейтін  құбылыс. 

Өйткені,  қазіргі  әдебиет  фольклорды  бұрынғыдай  таза  күйінде 

қолданудан  гөрі  оның  адам  санасына,  ойына,  іс-қимылына  әсер 



161

ететін,  көзге  көріне  бермейтін  салаларына  жүгінуді  машық 

етіп  келеді.  Әділін  айтар  болсақ,  фольклорды  осы  бағытта 

пайдалану-постмодернистік  әдебиетке  тән.  Мұнда  фольклорды 

жаңа деңгейде, жаңа мақсатта пайдалану бар. дәлірек айтқанда, 

дамыған постиндустриялық қоғам әдебиеті, тіпті, бүкіл мәдениеті 

фольклордан баяғыда қол үзіп кеткенімен, енді оған қайтадан қол 

созып, соған иек артуда. тіпті, осы күнгі «ужастик» деп аталатын 

фильмдер, шындап келгенде, дәстүрлі фольклорлық сарындарды, 

ұғым-түсініктерді осы күнгі технологиямен жаңа сипатта пайда-

ланып  жүргенін  көрсетеді.  Бұдан  біз  фольклор  мен  әдебиеттің 

байланысы жаңа түрге, басқа деңгейге көшкенін көреміз. осыған 

сәйкес зерттеуді де жаңаша жүргізу керек. 

Ендігі  жерде  фольклор  мен  әдебиеттің  арақатынасын 

сыртқы  «тоғысудан»  ғана  емес,  олардың  «өзгертілген»  түрдегі 

байланысының  заңдылықтарын  ашуға  тырысу  керек.  Бүгінгі 

әдебиеттегі фольклоризм мәселесі әр тұрғыдан зерттелгені абзал, 

яғни қалыптасқан әдісті де, жаңа әдісті де қатар пайдаланған жөн. 

Өйткені,  біздің  әдебиетіміз  фольклордан  қол  үзген  емес,  оны 

өзінің даму барысында әртүрлі мақсатта, әрқилы дәрежеде пайда-

ланып келді. Қазірдің өзінде поэзиямызда, прозамызда, драматур-

гиямызда фольклордың жанрлары мен сюжеттері, кейіпкерлері 

мен көркемдік-бейнелеуіш құралдары көрнекті орын алады. Со-

нымен  қатар  бүгінгі  әдебиетте  фольклордың  «құпия»  жатқан, 

бейсаналық үлгілері шығармалардың өзегіне айналғаны да белгілі. 

Ендеше осы үдерісті де байқап, оның шығармадағы функциясын, 

автордың позициясын ашуда атқаратын қызметін талдау, сөйтіп, 

қазіргі  әдебиетіміздің  фольклорға  жаңаша  қарап,  оны  жаңаша 

түсінетінінбасқаша айтқанда, бүгінгі таңдағы әлем әдебиетінде 

орын  алып  отырған  үдеріс  қазақ  әдебиетінде  де  көрініс  тауып 

жатқанын ашып көрсету – алда тұрған келелі міндеттердің бірі. 

Ұсынылып отырған ұжымдық еңбектің қарастырып отырған бір 

парасы – осы мәселе. 

Қазіргі  әдебиетте  байқалатын  бір  заңдылық  –  жазушы 

фольклорды  үнемі  таза  қалпында,  халық  жадындағы  немесе  ел 

арасындағы  күйінде  ала  бермейтіндігі.  Бүгінгі  заманда  дәстүрлі 

фольклор  осы  күнгі  мәдени  өмірден  бірте-бірте  шеттетіліп 

жатқаны  белгілі.  Бұған  қоса  фольклорлық  шығармаларды 

көптеген баспалар жарыққа шығарып жатыр. Бұл басылымдардың 

мақсаты  әрқилы,  сондықтан  мәтіндер  түпнұсқалық  үлгіде  шыға 



162

бермейді.  Сондай-ақ  фольклор  алуан  түрлі  мәдени  шаралар-

да,  эстрадада  орындалуда,  бұл  үрдісте  ол  трансформацияға 

ұшырауда. демек, қазіргі таңда фольклор таза күйінде өмір сүріп 

жатқан жоқ. осының бәрі жаңадан қалам тербеп жүрген ақын-

жазушыларымызды  фольклорды  тікелей  емес,  жанай,  кейде 

басқа деректерден алып, пайдалануға мәжбүр етеді. Мұндай үрдіс 

постмодернистік әдебиет деген атауды алға тартып, фольклордың 

классикалық  түрінен  гөрі  халық  жады  мен  санасының  пери-

фериясында  жатқан  алуан  түрлі  мифтік  персонаждарды,  елес, 

албасты,  пері,  шайтан  туралы  нанымдарды  алып,  шығарма 

кейіпкерін  сандырақтатып,  есеңгіретіп,  екіұдай  күйге  түсіреді. 

Бұл,  бір  жағынан,  дәстүрлі  классикалық  фольклорды  жақсы 

білмегендіктен, білсе де, оның архетиптік, мифтік түрлерін әдейі 

қолданудан,  екінші  жағынан,  реалистік  сипаттағы  әдебиеттен 

қол  үзгендіктен,  яки  одан  қашқандықтан  болуы  мүмкін.  Қалай 

болғанда  да,  постмодерндік  әдебиет  постиндустриялық  қоғамда 

көркем сөздің классикалық формасының мүмкіндіктері ада бол-

ды, тамамдалды деген ұғымнан пайда болған секілді.

Шынтуайтына  келгенде,  әдебиеттің  ежелгі  фольклорлық 

сарындарды  пайдалануы  постмодерндік  әдебиеттен  әлдеқайда 

бұрын  жүзеге  асқан.  Әлем  әдебиетінде,  орыс  әдебиетінде  ХІХ 

ғасырда-ақ  түс  көру,  сандырақтау  сияқты  көне  фольклорлық 

элементтер біршама орын алған (н. Чернышевский, л. толстой,  

Ф. достоевский, т.б.). Бұл дәстүр ХХ ғасыр әдебиетінде жалғасын 

тауып,  мықтап  орнықты  десе  де  болады.  Фольклорды  осылай 

пайдаланудың  тарихына  көз  салсақ,  авторлардың  бұлай  етуінің 

себептерін ашуға болады. Көбінесе байқалатын нәрсе – жазушы 

өз  қоғамының  қайшылықтарын  көрсету  үшін  мифтік  ұғымдар 

мен  архетиптік  сарындарды  астарлай  пайдаланады  екен.  Бұл 

–  бір.  Екіншіден,  авторлар  өз  кейіпкерлерінің  психологиясын, 

жан  күйзелісін,  ішкі  сезім  мен  сыртқы  жағдайдың  тайталасын 

ашу  мақсатында  адам  санасынан  тысқары,  оған  бағынбайтын 

жәйттерді  әдейі  қолданатындығы.  Үшіншіден,  ақын-жазушылар 

ескі сүрлеумен жүрмей, жаңа әдіс, амал іздеп, шығармаға сонылық 

дарыту  үшін  фольклордың  таптаурын  болған  үлгілерінен  гөрі 

оның ел жадының түкпірінде, пассивте жатқан түрлеріне көбірек 

мән беретіндігі. төртіншіден, жазушы өз қоғамындағы болмысқа 

риза  еместігін  білдіру  үшін  мифологияны,  ескі  нанымдарды 

шығармасына аллегориялық мақсатта шеберлікпен енгізетіндігі.



163

Әлбетте, бұлардан басқа да себептер бар шығар, бірақ, біздің 

байқауымызша, ХХ ғасырдың көптеген жазушылары көне фоль-

клорды осылай пайдаланған. Біздің әдебиетте де осы байқалады 

(М. Жұмабаев, М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, о. Бөкеев, 

т.б.). 


Қазіргі  постмодерндік  деп  жүрген  әдебиеттегі  бір  адамның 

екіге бөлініп, екі түрлі ғұмыр кешуі – фольклордағы бір кісінің 

екі персонаж болып сөйлеуін, екеудің көрген-білгенін өз атынан 

баяндауын  және  адамның  құбылып,  басқа  кейіпке  түсуін  еске 

түсіреді. Бірер мысал келтірейік.

Фольклорлық  (анонимдік)  айтыста  бір  адамның  жануар-

мен,  аңмен  басқа  бір  затпен  айтысқа  түсіп,  екеуінің  де  атынан 

өзі  сөйлейтіні  жиі  кездеседі.  Сондайдың  біреуі  –  «Қасқыр  мен 

тоқтының айтысы». Мұнда белгісіз автор өзі әрі қасқыр, әрі тоқты 

болып сөйлейді (яғни екі рөлде ойнайды).

тоқты:

Қасқыр-ау, аузың құрсын ырбыңдаған,



Жол таппай, қараңғыда тұрған жаман.

Ер болсаң тайлақ пенен тайды жеші,

тоқтының несін жейсің тырбыңдаған?

Қасқыр:


тоқтышық не десең де құтылмайсың,

Ішінде шым қораның жұтылғайсың.

Әуелі сені жеп, сонсын тайдың,

Ешбірің де ұмытылмайсың...

1

осы  типтес  бір  адамның  екі  персонаж  болып  сөйлеуі 



авторлық ауыз әдебиетінде де аз емес. Ә. диваев өткен ғасырдың 

20-жылдары  жинаған  материалдарының  ішінде  «Жұманазар 

ақынның  домбырамен  айтысқаны»,  «Жұманазардың  атпен 

айтысқаны», «Жұманазардың қарғамен айтысқаны» дегендер – 

сөзімізге дәлел. 

Ал, атақты «Қырық өтіріктегі» кейіпкердің істері – түгелімен 

қиял  боп  көрінгенімен  ежелгі  мифологиялық  сананың  өзгеше 

бір  көрініс  тапқаны  деуге  болады.  Мұндағы  тазшаның  ақылға 

сыймайтын  сияқты  әрекеттері  алғашқы  қауым  адамының  сана-

1

  Қазақтың  халық  поэзиясы  (Ә.А.  диваевтың  халық  аузынан  жазып  алған 



және жинаған нұсқаларынан).  А., 1964. 91-б.

164

сында ешбір қисынсыз деп саналмаған, өйткені, мифтік уақытта 

адам  мен  қоршаған  ортадағы  заттар,  аңдар  бірдей,  олар  бір-

біріне  еркін  құбыла  алады  және  бір-бірінің  орнында  алмасып 

жүре  береді  деген  түсінік  болған,  өлі  мен  тірінің,  жанды  мен 

жансыздың  арасына  жік  қойылмаған,  сондықтан  тазша  басын 

оп-оңай денесінен жұлып алады да, онымен мұз ояды, басы суат-

та қалса да, талай шаруа атқарады, оның етіктері майға таласып, 

төбелесіп жатады, өкпелеп қашып кеткен етігі тойда табақ тартып 

жүреді, иесін ұялтады... осының бәрі кейінгі заманның фолькло-

рында  қайта  қаралған,  сынға  ұшыраған,  сол  себепті  шарттылық 

ретінде  ұғынылған  да  қоғамдағы  келеңсіздіктерді  айту  үшін 

пайдаланылған. 

Әдебиет 


пен 

фольклордың 

байланысы 

мәселесінде 

жазушының  фольклорға  қатынасы  –  маңызды  аспектінің  бірі. 

Жазушының фольклорға қызығушылығы бар да, сол фольклор-

ды  өз  шығармасында  не  үшін  және  қалай  қолданылатыны  тағы 

бар. Жай қызығушылық фольклорды әдеби туындыда мақсатты 

түрде  және  оны  өзгерте  пайдалануға  ылғи  да  апармауы  мүмкін, 

ал,  апарғанның  өзінде  фольклордың  бүкіл  поэтикасы,  нақты 

бір  сарындары,  сюжеттері  биік  дәрежеде  көрініс  таба  ала  ма? 

Әрине, көп нәрсе жазушының талантына байланысты. Сонда да 

фольклорлық  материалды  әр  жазушы  өзінің  қалауымен  таңдап, 

саналы  түрде,  өзінің  алдына  қойған  көркем  мақсатына  сәйкес 

пайдаланса,  фольклордың  шығармадағы  рөлі  тиісті  деңгейде 

эстетикалық қызмет атқарары күмәнсіз. Мұндай жағдайда, яғни 

аса талантты жазушы пайдаланса, фольклор танымастай өзгеруі 

мүмкін, тіпті, ол әдеби шығармаға сіңісіп кетіп, кейде оның қайнар 

көзін табу онша оңай болмауы да ғажап емес. Әлем әдебиетінің 

тарихында мұндай тәжірибе аз емес. Біздің қазіргі әдебиетте де 

ұшырасады. 

Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыт, ағым, стиль мәнерінде 

жазылған  шығармаларда  көрініп  жүрген  постмодерндік  белгі 

есебіндегі  адам  мен  хайуан  арасында  жақындықтың  болуы,  бір 

адамның  екіге  бөлінуі,  кейіпкердің  іс-әрекеттерінің  түсінде 

атқарылуы,  қаһарманның  сандырақ  халге  түсіп,  елес  көруі 

сияқты  көркем  тәсілдер  фольклорда  ертеден  бері  мотив,  не  сю-

жет  түрінде  қолданылып  келген  үрдіс  екені  аян.  олардың  түп 

негізі  –  көне  заманғы  анимистік,  тотемдік,  магиялық,  т.б.  сон-

дай  нанымдар  мен  ежелгі  фольклорлық  жанрлар  (миф,  хикая, 



165

көне эпос, ертегі), яғни алғашқы қауымдағы мифологиялық сана 

мен кейінгі дәуірлердегі фольклорлық дәстүр. Мұндай сана мен 

дәстүр  байырғы  фольклорда  ғана  емес,  бертінгі  авторлық  ауыз 

әдебиетінде  де,  жаңа  жазба  әдебиетте  де  көркемдік  құралға, 

көркем  тәсілге  айналып,  ескі  мен  жаңаны,  шындық  пен  қиялды 

жымдастырып жіберген, сондықтан ол ажыратуға оңай тимейтін 

және көңілдің терең түкпірінде жатқан, кәдімгі санамен түсінуге 

қиын  құбылыс.  Реалдылық  пен  ирреалдылық



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет