Қорытынды
Қазақтың ілкі замандардан бергі атамекені –Ұлы дала қаншалықты кең-байтақ, жазиралы жерұйық болса, оның рухани мұрасы да соншалықты шұрайлы, әлемде баламасы жоқ асыл қазына. Бағзыдан бүгінге тас бұлақтың тамшысындай мөлдіреп жеткен жыр жауһарлары – қазіргі қоғамда жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» үрдісіне де құнарлы нәр беретін ұлттық рухымыздың кәусар бұлағы.
Қазақ халқының тарихи тағдыры қаншалықты қилы, соқтықпалы-соқпақты дәуірлерді бастан кешірсе, оны рухани мұрасының даму, өркендеу, жиналу, жариялану, зерттелу тағдыры да соншалықты күрделі.
Уақыт тезінде шыңдалып, еленіп-екшеліп, ауызша жадының үздік үлгісіне айналған халық шығармашылығы – ауыз әдебиеті – жұртымыздың ықылым замандардан бергі елеулі оқиғаларын, дәстүрлі дүниетанымын, тарихи тұлғаларын сөзбен сомдаған көркем шежіресі, еліміздің ұлт болып ұйысу кезеңдерінен, азаттық, еркіндік жолындағы сан алуан күрестерінен хабар беретін ұлттық санамыздың адастырмас темірқазығы, қазіргі тілмен айтқанда – «ұлттық коды».
Сондықтан да халықтың бүкіл тарихи жадын, көркемдік ой-толғамын, рухани өресі мен талғам-таразысын, ұлттық болмыс-бітімін, тілін, ділін, діни наным-сенімдері мен асқақ асыл мұраттарын бойына сіңірген мәйекті рухани мұра жылдар өткен сайын өзіне ынтықтыра түседі. Демек, фольклордың көп нұсқалы, синкретті, көп қатпарлы, көп сатылы табиғаты – заман жаңарған сайын оралып соғып, ұлттық даму үрдісін оқтын-оқтын бағамдап отыратын рухани бағыт-бағдар деп осы «Батырлар жырын» айтамыз.
Ең алдымен, ел жадында аса берік сақталған, тіпті әлі күнге қолданыстан түспей келе жатқан халық мұрасының үлкен арнасы – ғұрыптық фольклор. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, оның өзегіне халқымыздың ежелгі мифтік дүниетанымы, байырғы наным-сенімдері, діни ұғымдары, әдеп-ғұрыптары арқау болып тартылған. Қоғам дамып, уақыт озған сайын бұл шығармалардың этнографиялық рәсімдермен, жол-жоралғыларымен байланыстар типологиясы кезеңдік сатыларға көтеріліп, алуан түрлі сипатта өрістейді. Бір шығармалар таза рәсімді атқару қажеттілігінен туып, соған кіндік бауы байланатын болса, екінші бір шығармалар оларға жанамалай қызмет етіп, қосымша ыңғайда орындалады, енді бір қатар туындылар дәстүрлі дүниетанымның идеялық өзегі мен ұстанымдарын мазмұндық өзегіне айналдырып, оны баяндай жырлайды.
Қазақтың бүгінге жеткен ауызекі жыр-әңгімелері шынайы, тарихқа тым жақын. Себебі, айтушы өзінің басынан өткізген жағдайды, қоғамдағы маңызды оқиғаларды, болмаса өзіне таныс адамның көріп-білген, кейде оқиға кейіпкерлерінің аузынан естіген әңгімелерді жеткізеді. Олардың көпшілігінде халықтың басына түскен ауыр кезеңдер, ұмтылмас қилы оқиғалар, отаршылдыққа қарсы күрестер, елбасы, батыр және тарихи тұлғалардың ерлік, азаматтық істері суреттеледі.
Демек, арғы замандағы үлгілері Көне түркі жазба ескерткіштерінде бедерленіп, Орта ғасырдағы «Диуани лұғат ат түрік», «Құтты білік», «Кодекс - куманикус», «Қорқыт ата», «Оғызнаме» сияқты жазба ескерткіштерде көрініс тапқан халық даналығы – көнбеден енді ғана аршылып, жаңа ұрпақ жүрегіне жаңа жетіп жатқан ел рухының қайнар көзі. Оның әрбір жолы мен шумағы көне дәуірлерден жалғасып келе жатқан ұлттық руханиятты, елдік болмысты, қамсаулап ұстап тұратын алтын жіпті зермен тең. Оны ғылыми тұрғыда зерделеп, зерттеп, ұлттың рухани қажеттілігіне жарату – әрбір ұрпақтың аса жауапкершілікпен атқаратын перзенттік парызы.
Қорыта айтқанда, қазақ батырлар жырындағы «әулие-әнбие» бейнесі келер ұрпақпен бірге мәңгі жасай бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |