Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасында бейнеленеді. Осы «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба Түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған.
Реті келгенде айта кететін болсақ, Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде жиі айтылады [43]. Бұдан кейін оқиға былай өрбиді. Алпамыс атастырған қалыңдығы барын біліп сол елге Гүлбаршынды алып келуге кетеді. Қалмақтар елін шауып, бар малын тартып алып кеткенін келген соң біледі. Сөйтіп ата-анасымен, әйелімен, елі, жерімен қоштасып кете барады.
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар, Бәріне жылап қылам зар.
Мәдинеде Мұхаммед, Әбубәкір, Оспан, Әлі шері – Арыстан, Тақсырлар, көрсет панаңды,
Ғайып-ерен қырық шілтен, - Түркістанда құл Қожаахмет, Самарқанда палуан Ахмет, Бабай ғұмар Шашты Әзіз, [41, 88].
- деп жорыққа аттанады. Жырдан байқап отырғанымыздай батыр пайғамбарларға медет етіп, әулие-әнбиелерге, әруақтарға сыйынып, олардан өзіне күшті қуат алатыны байқалады.
Жырдағы Мұхаммед с.ғ.с. халифінің бірі - Әбубәкір Оспанды айтады. Одан кейін Арыстан бабтан өзін желеп-жебеуін сұрайды. Енді жырдағы Ғайып-ерен қырық шілтен деген кім? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.