Өлшем мен секіріс.Қайсыбір зат, я болмаса құбылыстың өзіне тән сапасы, сонымен қатар, сандық жақтары болады. Бір қарағанда олардың бір-бірімен байланысы жоқ, әрбіреуі өзінше өмір сүріп жатқан сияқты. Бірақ, ол үстірт көзқарас.
Жүйе, элемент, құрылым. Жоғарыдағы талданған категориялар сияқты – жүйелік те болмыстағы заттар мен құбылыстарға тән қасиет. Ол Дүниедегі ретке келгендікті, белгілі бір заңдылықты, хаосқа қарсы тұрған үрдістерді сипаттайды.
Жүйе дегеніміз белгілі бір тәртіпке келген өзара байланыстағы элементтер жиынтығы. Элементтер деп нақтылы тұрғыдан алып қарағанда әрі қарай бөлінбейтін жүйенің негізінде жатқан оның бөлшектерін айтамыз. Басқа жағдайда, байланыстарда сол элементтердің өзі жүйеге айналуы мүмкін.
Дүниедегі сан-қилы жүйелерді ең жалпы түрде екіге бөлуге болады. Оның бірі – бейорганикалық, яғни, өлі табиғаттағы кездесетін жүйелер. Оған мысал ретінде күн жүйесін, нешетүрлі химиялық қосындыларды, техникалық жүйелерді келтірсек те болғаны.
Органикалық жүйелердің екінші керемет қасиеті – олардың ішкі даму бағдарламасының болуы. Оның терең мән-мағнасын бүгінгі таңда тез қарқынмен дамып келе жатқан генетика ғылымы зерттейді. Қоғам өмірінде ол саналы түрде жасалған мақсат-мұратқа айналады. Мысал ретінде «Қазақстан – 2030» бағдарламасын келтіруге болады.
Бүтін және бөлшек. «Бүтін» және «бөлшек» ұғымдары өзінің мазмұны жағынан «жүйе» және «элементке» өте жақын. Дегенмен, олардың айырмашылығы да жоқ емес. Бүтін деп өзінің іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса, құбылысты айтамыз.
Бөлшек деп бүтіннің құрамына кіріп оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса, құбылысты айтамыз. Бүтін мен бөлшектің жүйе мен элементтен айырмашылығы – бүтін заттың бірлігін, ерекшелігін көрсетсе, жүйе – бірліктің көптүлігі арқылы көрінеді.
Мазмұн және форма. Келесі талдайтын категориялар – мазмұн және форма, өйткені, біз болмысты талдауда әрі қарай тереңдей түсеміз. Мазмұнға зат, я болмаса құбылыстың барлық құрамдас бөліктерінің жиынтығы, олардың қасиеттері мен байланыстары, қайшылықтары жатады. Форма деп мазмұнның өмір сүру тәсілін, оның ішкі ұйымдасу тәртібін айтамыз.
Детерминизм. Себеп пен салдар. Дүниедегі сан-қилы заттар мен құбылыстар бір-бірімен байланыста болып, бір-біріне өз әсерін тигізіп, өзара өзгеруде. Алайда, біз Дүниеде ретке келтірілген өзгерістерді, я болмаса тәртібі жоқ тұңғиықты байқаймыз ба? Бүгінгі таңдағы деректерге сүйенсек, Дүниеде бір жағынан өзіндік ұйымдасу, күрделену, тәртіпке келу үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан құлағызу, ыдырау, термодинамикалық теңдікке жету өзгерістері де бар.
Детерминизм (determіno, – латын сөзі, – анықтаймын) – Дүниедегі заттар мен құбылыстардың белгілі бір заңдылықтардың негізіндегі байланыстары мен өзара тигізетін ықпалдарының арқасындағы өзгеріске түсуін зерттейтін ілім болып саналады.
Детерминизмге қарсы тұрған бағыт – индетерминизм (іn,- қосымша, лат., – теріс мағына береді), яғни, болмыстың өз себептілігін мойындамайды. Екінші бағыт (Д.Юм, И.Кант) себептілік тек біздің Дүние қабылдауымыздың қасиеті ғана, ал шын өмірде ол жоқ деген пікір айтады.
Үшінші бағыт (неокантиандық) табиғатта себептілік болуы мүмкін, бірақ адам ырқы оған көнбейді, өйткені, ол – саналы пәнде, оның еріктілігімен мен жауапкершілігі бар. Жалпы алғанда, рухтың дамуын себептілік арқылы түсіну мүмкін емес, – деген ой айтады.
Салдар деп белгілі бір себептердің негізінде пайда болған зат, я болмаса құбылысты айтамыз. Мысалы, студент пен оқытушының қарым-қатынасының негізінде тек қана студент емес, сонымен қатар, оқытушы да өзгереді. Микро-әлемдегі электрон мен позитронның өзара байланысы екеуінің де жоғалып екі фотонға айналуына әкеледі.
Мүмкіндік пен шындық. Мүмкіндік пен шындық ұғымдары себептілікті толықтырып даму барысын терең түсінуге мүмкіндік береді. Кең түрде алғанда шындыққа бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние жатады.
Мүмкіндік пен шындық жөніндегі бүгінгі түсініктерге келер болсақ, шындық дегеніміз – заттың актуальдық болмысы, мүмкіндік – ішкі қайшылықтан шығатын заттың дамуының бағыттары, алғышарттары. Нақтылы шындық өз даму барысында біршама мүмкіндіктерді бойында сақтайды. Бірақ, оның көлемі шексіз болмайды – ол белгілі бір заңдылықтармен шектелген. Мүмкін еместік – заттың объективтік заңдылықтарының шеңберінен шығатын мүмкіндік, ол ешқашанда өмірге келмейді.
Қажеттілік пен кездейсоқтық. Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтың өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені, Дүниеде бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан кездейсоқтық бар.
Қажеттілік деп зат, я болмаса құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтарын айтамыз. Кездейсоқтыққа келер болсақ, ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін. Сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниедегі қажеттілікті мойындаған.
Қажеттілік пен кездейсоқтың өзара байланысының терең мәні – Дүниедегі таза қажеттіліктің жоқтығы.Сондықтан, қажеттілік әрқашанда кездейсоқтық арқылы көрінеді. Кездейсоқтың өзі болмыста терең тамырланған – ол заттың дербестікке, тәуелсіздікке деген «ұмтылысынан» шығады.
Қажеттілік пен еріктік. Жауапкершілік. Адам еріктігі жөнінде философия тарихында мыңдаған мақалалар мен кітаптар жазылған. Бұл категория, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағының шеңберіндегі «қайта құру» үрдісі басталғаннан кейін қоғамдық санада аса көп айтылатын, насихатталатын ұғымдардың біреуіне айналды.