1. Философия тарихындағы таным теориясына кіріспе Таным – бұл адамның бейнелеу әрекетінің ерекше түрі. Философия тарихында таным деп адамның дәлелденген білім алу үшін әлемді және ондағы өзін мақсатты түрде бейнелеу аталған.
Таным дегеніміз – білім алу үшін шығармашылық ізденіс. Таным адамның практикалық іс-әрекетінің рухани жағы болып табылады. Таным – адам арнайы танымдық мәселе мен есептерді қойып, мақсатты түрде қол жеткізетін ақпараттық жоғарғы деңгейі.
Сезімдік таным – танымның төменгі деңгейі. Адамдар өзінің өмірлік іс-әрекетінде қоршаған ортамен тікелей қатынасқа түседі. Олар заттар мен заттық және адами қатынастар әлемінде өмір сүреді, өзін қоршаған ортада еркін сезіну үшін осы ортаның қисынын түсінуі қажет.
Сезімдік таным мен абстрактілі ойлау бір-бірімен тарихи және логикалық байланысқан. Сезім мен ақылдық өзара байланысы тіпті терең. Олар бірінсіз бірі бола алмайды. Өйткені, адамның сезімдік образдары ойлы сипатта болады, олар тілмен тікелей байланысты, ал мұның өзі сезімдік образдарда әлеуметтік бағалаудың болуына меңзейді. Сонымен қатар, логикалық ұғымдар, абстракциялар танымда сезімдік тәжірибемен тығыз байланыста қолданылады. .
Қабылдау – затты, құбылысты толық бейнелеу. Біз оның тек жекелеген белгілерін ғана емес, формасын, көлемін көреміз, иісін сеземіз, дәмін татамыз, яғни затты барлық қасиеттерімен бірге толық қабылдаймыз. Сезімдік қабылдау тек нақты затты бейнелей алады, ал, жалпы затты көрсете алмайды.
Ойлаудың қарапайым клеткасы ұғым деп аталады. Ұғым дегеніміз – шындықтағы заттардың, құбылыстардың өзара байланыстарын жүйелеп жинақтайтын, қорытатын ой.
Ұғым – жай ғана жалпылау немесе жинақтау емес, ол заттың не құбылыстың дүниеде болу жолын, болу тәсілін анықтайтын іргелі жалпылау. Ұғымдардың өзара байланысын пікір анықтайды.
Пікір – заттар мен құбылыстар туралы айтылатын кез-келген сауал, ол бір нәрсені растау не терістеу түрінде болады. Пікір құбылыстардың сан алуан байланыстарын көрсетеді.
Ой-тұжырымы деп бұрынғы қалыптасқан білімнен жаңа білімнің, бұрынғы белгілі ойдан жаңа ойдың шығуын іске асыратын ойлаудың маңызды формасын айтамыз. Адам ойларының жасампаздық сипаты осы феноменде айқын көрінеді.