ЖАМБЫЛ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ МИФОПОЭТИКАЛЫҚ
САРЫНДАРМЕН РУХАНИ ҮНДЕСТІГІ
Мауленов А.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д.
Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі
Алматы, Қазақстан
Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты кейінгі жаңа талап тұрғысынан
зерттеу – жамбылтану ғылымының ғана емес, қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті де келелі
мәселесі саналады. 175 жылдық мерейтойы аясында, одан кейін де Жамбыл ақынның
мұрасын әр қырынан зерттеп, замана көзқарасы тұрғысынан түсініп, талдаудың, ұлттық
құндылықтарды ұлықтаудың өзектілігі еш уақытта жойылмақ емес және бұл қазақ
әдебиеттану ғылымы үшін де аса маңызды мұра болып қала бермек.
Қазақ халқының сан ғасырлық көкейкесті арманын жалынды жырымен жеткізе білген
Жамбыл Жабаевтың ұшан-теңіз әдеби мұрасы – ұлттық болмысымыздың боямасыз бейнесі.
«Жамбыл – менің жай атым,
Халық – менің шын атым»
деп жырлап өткен алып тұлғаның шығармашылығы – ұлттық болмысымыздың
айнасы. Әсіресе, ақынның ұлттық құндылықтарымызды танытатын айтыстары мен жыр-
толғаулары, эпикалық дастандары – халық дүниетанымы мен өмір салтының, арман-аңсары
мен адамгершілік ұстанымдарының үздік үлгісін танытатын мұралары қатарында. Жыр
алыбы Жамбыл мен халық ауыз әдебиетінің мол мұрасы арасындағы рухани сабақтастықты
бүгінгі күн тұрғысынан терең де мазмұнды зерттеу талабы өзекті мәселе. Осы ретте ақын
жырлаған қисса - дастандарының мифопоэтикалық негіздеріне тоқталу аса маңызды.
Жамбыл мұрасын зерттеу мәселесі кезінде «тұрпайы социалистік» тап тауырын
идеологиясының қамытында тоғытылып,торығып қалғандығы да белгілі. Сол кезеңдегі
әдебиеттің партиялық және таптық ұстанымдарын басшылыққа алып жүргізілген соң, ақын
мұрасын ғылыми жағынан зерттеп білуге кедергілердің көп болғаны жасырын емес.
Осындай жағдаяттың етек алғандығы туралы жамбылтану саласындағы көптеген
ғалымдардың зерттеулерінде айтылып та, жазылып та келеді. Міне сондықтан да ақын
мұраларына тәуелсіздік тұғырынан зерделеу, жаңаша көзқарасты талап етері анық.
Бұл мәселе турасында М. Мырзахметұлы: «Ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген
ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным
тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына
айналғанын білу қажет» [1, 7] деген пікірі Жамбыл туралы кез келген зерттеудің маңызды
екенін аңғартады.
Дегенмен де Жамбыл шығармашылығының зерттелуінің үлкен арнасы ретінде
жамбылтанудың қалыптасып, күні бүгін дамудың даңғыл жолына түскен іргелі ғылымға
айналғаны белгілі. Осы тұста ақын дастандарының ғылыми айналымға түсіп, зерттелуі
мәселесін сөз еткенде, ақынның өмірі мен мұрасын зерттеген іргелі зерттеулерді айналып
өтуге болмайды. Соның ішінде жамбылтанудың алғашқы парақтары ретінде М. Әуезовтің,
С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің және тағы басқа ғалым-зерттеушілердің еңбектеріндегі
ақынның өмірі мен шығармашылығын әр қырынан талдап, жоғары баға бергенін атап өтсек
10
орынды болар. Есімдері аталған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жамбыл
шығармашылығын зерттеуден бұрын, ақынның телегей-теңіз мұрасын жинақтап, жариялау
ісінде көп еңбек сіңіргені де баршаға аян.
Бүгіндері айшықтап ,зерделей зерттеп қарайтын болсақ ол заманның солақай саясаты
әдеби мұрамызды жариялап,тың мәселелерін көтеруге мүмкіндік бермесе де, ақын мұрасы
бізге жетті. Ия, атағы әлемге жайылған дауылпаз ақын, асқан дарын иесі Жамбылдың ұлттық
құндылықтарды ұлықтайтын, батырлық пен қаһармандықты насихаттайтын, елін ерлікке
шақыратын отты жырлары қазақ халқының тамыры тереңде жатқан тарихымен, бай халық
ауыз әдебиетімен біте қайнасып, ұштасып жатқандығы туралы ашық айтыла бермегендігі де
ақиқат. Жамбылдың ақындығын баулыған жыр ортасы, ақындық айналасы туралы
зерттеулерден Жамбылдың үлгі тұтып, өнеге алған мектебі Сүйінбай ақынмен қатар, қазақ
әдебиеті тарихында өздерінің демократтық жыр-толғауларымен өнеге қалдырған ақын-
жыраулар поэзиясы екенін айқын аңғарамыз. Бұған дәлелді ақынның өз өлеңдерінен де
табамыз:
«Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай» [2, 7]
немесе,
«Майкөт ақын, Құлмамбет,
Орын берді қасынан
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған.
Айтқандары нұсқа еді,
Жаралған сөзі асылдан», [2, 43]
- деп өзі ағынан жарылып, асыл арнаға барып түйісетінін атап өтеді. М. Әуезов өз
зерттеулерінде Ж. Жабаев шығармашылығының арналары мен тарихи тамыры ғасырлар
қойнауындағы эпостар мен әңгіме-аңыз, хикаяларда жатқанын дәлелдемелер келтіре отырып
саралайды. Оның дәлелі ретінде ақын шығармаларындағы халық ауыз әдебиетінің үлгілеріне
тән белгілі оқиғалар мен тақырыптық желілердің мол екенін тілге тиек етеді.
Ақын мұрасының халық ауыз әдебиетімен байланысының осыншалықты терең әрі бай
болып келуінің өзі заңды құбылыс. Себебі Жамбыл ақынның шығармалары халық
әдебиетімен тұтастықта байланыса өрбігенін М. Әуезов айтқандай, «ел өнерінің бөлеуінде,
алтын бесігінде өскен», бейнелі сөз кестелері келіскен, ақындық поэзияның теңдесі жоқ
шебері екенін көрсетеді [3]. Ал, С. Мұқанов ақын шығармашылығын: «Жәкең ақындығының
үстіне зор әңгімеші кісі еді. Қазақ елінің, көршілес шығыс елдерінің басынан өткен кейбір
қызғылықты оқиғаларды айтқанда, тыңдаушылар көркем повесть, я роман оқығандай құмары
қанып отыратын» [4, 15], – деп жоғары бағалайды. Сондай-ақ Сабең ақын
шығармашылығына арналған он бестен аса ғылыми мақалаларын баспасөз бетінде жариялап
отырғаны да белгілі. Айтар болсақ «Ұлылық сыры», «Жүз жылдың жыршысы»,
«Жамбылдың өмірі мен поэтикалық өнері», «Патриот ақын. Жамбыл туралы естеліктер»,
«Ақындар», т.б.көптеген мақалалары куә.
Ғ. Мүсірепов Жамбыл шығармашылығына қатысты «Алып ақын атамыз» және
«Феномен – Феникс» деп аталатын зерттеу мақалаларын жазған. Ақынның тоқсан жастан
асқан шағында атағының әлемге жайылып, дарынының тасуын ешбір жерде болмаған зор
құбылысқа теңейді. Ежелгі аңыздардағы оттан жаралған Феникс құстай қайта туып, қайта
жаңаруы бітімі бөлек тұлға екендігін айқындай түседі. Яғни, «Қазақ ақындығының да талай
шаң-боранның астында, талай қырғын астында сөніп кеткен кезі бар. Бірақ оның да жер
астында қалған тас көмірдей қызынары бар, тұтанары бар, бір кезде қайта тұтанбақ. Өйткені
өлең де адамның есінде сақталады. Жамбыл жырлары маған талай ғасырлар бойында бір
тұтанып, бір сөніп, халқымыздың есінде қала берген, тоқсанға келген ақынның жүрегінде
қайта тірілген, халқымыздың жыры, өзінің сыры сияқты елестейді» [5, 324] деген ойын
білдіреді. Осы тұста сөз зергері Ғ. Мүсірепов ақынның есте сақтау жадысының ешбір елде
11
қайталанбайтын бірнеше мыңдаған жолдарға созылған жыр-дастандарды жатқа айтып,
суырыпсалмалық өнерін ерекше құбылыс ретінде бағалайды.
М. Ғабдуллин «Жамбыл творчествосындағы қаһармандық сарындар» зерттеу
мақаласында ақын дастандарының фольклорлық қайнар көзден нәр мен қуат алатындығына
талдау жасайды. «Өтеген батыр» жырындағы «Жер ұйықты іздеу» Жиделі-Байсын жеріне
сапарға аттанған Өтеген батырдың ерлігін Асан қайғы турасындағы аңыз-әңгімелермен
сабақтастыра талдайды. Ал дастан сюжетінде кездесетін жетібасты Әбжылан мен Жалғыз
көзді Дәуге қарсы күресті суреттейтін фантастикалық оқиғаларды Қобыланды, Қамбар,
Керқұла атты Кендебай, Қарабек, Ер Төстік сияқты батырлар жайындағы әңгіме-жырлардың,
халықтық проза үлгілерінен бастау алатындығын алға тартады. Зерттеуші Сұраншының
ерлік істерін Қамбар батырмен салыстырады, ол кезде Қамбар батыр жырынан басқа
батырлық жырларды таптық тұрғыдан қарап, әдебиеттен аластатылған кез болатын. Автор
сонда да Жамбылдың батырлық жырларды туғызудағы өзіндік шеберлігін дәстүрмен тұспа-
тұс келетіндігін атап өтеді. Осы тұста да фольклорлық сарындарды аңғаруға болады.
Сонымен қатар Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастанында жыр оқиғасын баяндауда, басты
кейіпкерлер образын жасауда қосқан өзіндік жаңалығы ретінде – жыр әңгімесінің таптық,
халықтық сырын айқындау ашуынан көрінетінін айтады және соған мысалдар келтіреді
[6, 43].
Жамбылтанушы ғалым, профессор С. Садырбаев ақынның ғұмырнамасы мен
поэтикалық мұрасы туралы жүзден аса ғылыми мақала жазып, ақын өлеңдеріндегі кеңестік
идеология ықпалымен жазылған жолдарға қатысты сын жазған партиялық баспасөзге қарсы
қалам алып, даңқты халық ақынының орасан зор беделі мен абыройы үшін күресті.
Жамбылдың әдеби мұрасын жоққа шығармақшы болған топқа қарсы үндеу ретінде «Жамбыл
мұрасын қастерлей білейік» (1956) атты мақала жазып, халық ақыны ретінде қазақтың
тарихы бай айтыс өнері мен эпикалық жыр-дастандарының, қаһармандық, батырлық
эпостарының дамуына қосқан үлесін, халық әдебиетін халқына жеткізуші дәнекер ретіндегі
ұлылығын атап айтады. Зерттеуші ғалымның «Фольклор және Жамбыл» монографиясында
ақын мұраларының фольклорлық негіздеріне талдау жасалып, жыр-дастан нұсқаларын
салыстыра зерттеледі. Аталған еңбегінде автор Жамбыл ақынның жырлаған «Көроғлы»
дастанының нұсқалары мен ақын жырлаған «Қыз Жібек» жырының қазақша-қырғызша
нұсқасына компоративистік талдау жасайды. Сонымен қатар, Ж. Жабаевтың өлеңдері мен
толғауларын талдайды [7]. Жамбылдың өмірі мен мұрасын зерттеуші ғалымдардың айтуы
бойынша, 1919 жылы Алматы қаласында халық ақындарының басын қосып, олардың
шығармаларын қағаз бетіне түсіріп алу мақсатында жиын ұйымдастырылған. Сол жиында
Жамбыл ақын Саурық батырдың ерлігін жырлауы керек болған екен. Бірақ бұл жырды
ұлттық саясатқа қарсы жыр деп танып, идеологияның салдарынан жырлауға тыйым салған.
«Көроғлы» жыры – түркі халықтарына ортақ жыр. Әр халықта кездесетін жыр
нұсқалары туралы әртүрлі зерттеулер мен деректерді көптеп ұшырастыруға болады. Десе де
бұл жырдың Ж. Жабаев жырлаған нұсқасы толықтай ғылыми айналымға еніп, арнайы
зерттелмеген мұрасының қатарында. Бұл жырдың Жамбыл ақын жырлаған нұсқалары ақын
шығармаларының томдықтарына еніп келеді. Дастанның Жамбыл нұсқасы ең алғаш рет 1982
жылғы екі томдық жинағының алғашқысында берілген. Жамбылдың 150 жылдығы
қарсаңында шыққан екі томдық таңдамалы шығармалар басылымына да осы нұсқа енген.
Жырдың ғылыми түсініктерін фольклортанушы ғалым С. Садырбаев жазған. Жамбылдың
айтуы бойынша, бұл жырды айтыстағы қарсыласы болған Құлмамбеттен үйренген. ҚР ҒА
Ғылыми кітапхананың қолжазба қорындағы жырдың Жамбыл жырлаған нұсқасының жалпы
көлемі мың сегіз жүз жолды құрайды.
«Жамбыл «Көроғлыны» жырлағанда басқа жыршыларды қайталамайды, өзінше жаңа
мазмұнда айтқан. Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында Көроғлы туралы
он бес дастан, үш ертегі нұсқалары бар. Ең көркемі – Жамбыл жырлаған «Көроғлы»
дастаны» [8, 261].
12
Жамбылдың жырлаған «Көроғлы» дастанының араб қаріптерімен хатқа түскен
нұсқасы ақынның мемориалдық музейі мен Ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар
қорында сақтаулы тұрғаны туралы деректер де бар. Бұл нұсқаларды мұрағаттан тауып, ақын
шығармаларының жинағына енгізгендер – фольклортанушы ғалымдар С. Садырбаев пен
М. Ғұмарова.
Жамбыл ақынның айтуынан жазылып алынып, хатқа түскен, десе де ең аз зерттелген
дастаны – «Бақ, дәулет, ақыл». Бұл дастан Жамбылдың 1982 жылы жарық көрген
шығармаларының екі томдығына енген. Дастанның жанры «аңыз» деп көрсетілген.
Ж. Жабаевтың ғұмырнамалық және шығармаларының әдеби-көркемдік әлемі туралы
зерттеу жазған филология ғылымдарының докторы У. Қалижанов «Жамбыл» еңбегінде ақын
поэзиясының тарихи негіздерін арнайы зерттеу барысында бірқатар өлеңдерімен қатар,
«Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр» дастандарының жазылуына арқау
болған тарихи оқиғалар мен сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік жағдайды жыр нұсқаларын
салыстыра отырып талдайды. Ақынның өзі білген, өзі қатысқан тарихи оқиғаларды жырлап
жеткізудегі нақты себептерге байланысты туындағанын ғылыми негізде зерделеп, себеп-
салдарын анықтай түскен. Сөзін түйіндей келе зерттеуші: «Жүз жыл өмір сүрген
Жамбылдың ғұмырнамасы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы
бөлігіндегі Ресей империясының, тоталитарлық Кеңес өкіметінің боданындағы қазақ
халқының бір ғасырлық тарихы. Осы ұзақ өмірінде ақынның жеке басынан шуақты сәттерге
қарағанда тұманды, күңгірт күндер жиі өткен сияқты. Себебі оның Қазан төңкерісіне дейінгі,
кейінгі өміріне де, шығармашылығына да өзінен үстем түрлі сатыдағы билік өкілдері
араласып отырды. Тіпті, кейде олардың ақынның бүкіл болмыс-бітімін түбегейлі өзгеріске
ұшыратқан тұстары да аз болмады. Жамбылдың халық өкілі болғандығынан және қалың
бұқара атынан сөйлейтіндігінен оның шығармашылығына болған шектеулер, саяси
тапсырыстар – барша қазақ халқының бодандық тұрмыс-тіршілігінің, бағыныштылық хал-
ахуалының көрісініс болып табылады. Өмірінің соңғы он жылы алдыңғы тоқсан жаспен
теңесіп, шығармашылығы шалқып, есімі әлемге танылды. Алайда коммунистік идеология,
шовинистік пиғыл дегенін істетіп, саясат сойылын соқтыруға итермеледі. Бірақ ұлы тұлға
аспады, таспады. Туған топырағынан, өскен жұртынан ірге бөлмеді, сонда көз жұмды. Ал
мәңгілік өмірі елімен, жерімен бірге жасап келеді, жасай береді» деген тұжырымды ой-
пікірді айтады [9, 228].
Әдебиеттанушы-ғалым Р. Әбдіғұлов зерттеу еңбегінде Жамбыл шығармашылығының
белгісіз беттері ретінде ақынның жыр-дастандарын зерттеп, оларға ғылыми түсініктер
береді. Сүйінбай мен Жамбылдың шығармашылығын және Жетісудың ақындық ортасын,
шығармашылық текстологиясын жан-жақты талдап тың пікірлер айтады. Халық
поэзиясының көрнекті өкілі ретінде Жамбыл шығармаларының, әсіресе дастандарының
кеңестік идеологияның сыңаржақ пікірлеріне шырмалып, негізгі идеясын жеткізе алмағанын
басты мәселе етіп көтеріп, дастан нұсқаларын салыстыра талдайды [10, 50-64].
Қазақ халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын «Қыз Жібек» жыры
да Жамбыл шығармашылығының бір сағасымен қиылысып жатады. Оның себебі Сүйінбай,
Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Кенен, т.б. көптеген қазақ ақындары әр жылдары көршілес
қырғыз жерін аралап, жиын-тойлар мен астарда қазақ ауыз әдебиетінің алуан түрлі
шығармаларын жырлайтын болған. Бұл туралы деректерді қырғыз әдебиетшілерінің
еңбектерінен де кездестіруге болады. Жырдың Жамбыл нұсқасы туралы зерттеулер мен
ғылыми пікірлер С. Садырбаев, К. Сұлтанов, т.б. қырғыз зерттеушілерінен Гүлбара Омарова
мен Батма Кебекованың еңбектерінен кездестіруге болады.
Жамбыл дастандарының зерттеп-зерделену мәселесі жамбылтанудың қоржынындағы
көптеген зерттеулерде кездесіп, жалпы шығармашылығы аясында талданып келгенін
аңғаруға болады. Әрине, ақын шығармашылығына тұтастай арналған еңбектер мен
зерттеулер де көп. Соның ішінде дастандарын мифолологиялық тұрғыдан зерттелу жай-күйін
бүгінгі ғылыми бағытта қарастыру қажеттілігі артып отыр.
13
Халқымыздың көнеден жеткен аса бай рухани жыр мұрасын келешек ұрпақ санасына
жеткізу үлкен мұраттарды туғызары шындық. Сондықтан да ел іші-алтын кеніш деп бекер
айтпағанын есте сақтау керек. Қажетті ақпараттар мен мәліметтерді ел игілігі үшін елдің
керегіне жарату жолында әдебиетшілердің еңбегі ерекше екендігін айшықтап өткім келеді.
Өкінішке орай, Ж. Жабаевтың төңкеріске дейінгі таңды таңға ұластыра жырлаған эпикалық
мол мұрасының өте көп бөлігі бізге жетпегені белгілі. Десе де ақын мұрасымен танысып, әр
қырынан зерттеп, бүгінгі күн тұрғысынан баға беру – әдебиет зерттеушілерінің алдында
тұрған үлкен міндет.
Ж. Жабаев дастандарының тақырыптық-идеялық, стильдік, сюжеттік-құрылымдық,
көркемдік-эстетикалық қырларын, тарихи негіздерін зерттеп, жамбылтануға үлес қосқан
көптеген әдебиет зерттеушілері мен ғалымдардың еңбектеріне қарастыра отырып, болашақта
кеткен кемшін тұстарын қайта зерделеп, толықтыра түсу қажеттілігі туындап отыр.
Адамзаттың мәдени, рухани мол құндылықтарының қатарында айрықша орын алатын
қазақтың фольклорлық және эпикалық саф өнерін асқақтатуға, өрістетуге сүбелі үлес қосып,
артына өшпес мұра қалдырған Ж. Жабаевтың асыл сөз мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, әлі
де талай ғасырларға жететіні ақиқат болмыс. Ақын мұрасы – халық мұрасы. Қазақ
әдебиеттану ғылымының қоржыны да ақын шығармашылығы туралы тың зерттеулермен,
жаңа заман көзімен жасалған барлаулармен, пайым-түсініктермен толығып отыруы заңды
құбылыс. Таным мен тағылым тұрғысынан таразылай келе ақын шығармаларындағы мифтік,
аңыздық, әпсаналық сарындардың кеңінен етек алуы бұрынғы дәстүрмен сабақтас екендігін
айқындай түседі. Ақынның тарихи тақырыптарды халықтың фольклорлық мұрасымен
ұштастыра жырлайтын «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр», «Көроғлы»,
шығыстық аңыз негізінде жазылған «Бақ, дәулет, ақыл» дастандары эпикалық жанрды
ақындықпен шебер игеруде қайталанбас дүниелерді тудырғанын айқын аңғартады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Мырзахметұлы М. Ұлыларды дәуір туғызады // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 26 ақпан.
– 7 б.
2. Жабаев Ж. Шығармаларының толық жинағы. – Алматы: Қазақтың біріккен
мемлекет баспасы, 1946. – 736 б.
3. Әуезов М. Ардақты Жәке. // [Электронды ресурс, қаралған күні 15.01.2021],
https://zhambyl.kaznu.kz/wp-content/uploads/
4. Мұқанов С. Жамбылдың өмірі мен ақындық қызметі / Жабаев Ж.
Шығармаларының толық жинағы. – Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1946. –
787 б.
5. Мүсірепов Ғ. Феномен – Феникс. / Қалижанов У. Жамбыл. – Алматы: Әдебиет
әлемі, 2013. – 392 б.
6. Ғабдуллин М. Жамбыл творчествосындағы қаһармандық сарындар (Жамбылдың
туғанына 125 жыл толуына ҚазКСР ҒА сессиясында жасалған баяндама) // ҚазКСР Ғылым
академиясының Хабаршысы. – 1972. – №7. – 49-54 б.
7. Садырбаев С. Фольклор және Жамбыл: монография. – Алматы: Ана тілі, 1996. –
238 б.
8. Әбдіғұлов Р. Көроғлы (Ғылыми түсініктер). / Жабаев Ж. Толық шығармалар
жинағы: Т. 2: Жыр, дастандар. – Алматы, 2014. – 336 б.
9. Қалижанов У. Жамбыл. – Алматы: Әдебиет әлемі, 2013. – 392 б.
10. Әбдіғұлов Р. Мезгіл – Сын (зерттеулер, мақалалар, көркем очерктер). – Алматы:
Кітап, 2018. – 320 б.
|