И. Р. Гросс СҰлтанмахмұт торайғыров шығармашылығының тілі



Pdf көрінісі
бет5/7
Дата22.12.2016
өлшемі439,34 Kb.
#37
1   2   3   4   5   6   7

«Адасқан   өмір»  (1918)  –  лирикалық-философиялық,   сюжетсіз   поэма.

Поэманың өне бойында адамның өмірі, қоғамдағы орны, әлеуметтік іс-әрекеті

турасындағы   топшылау   орын   алған.   Лирикалық   кейіпкер   «меннің»   дүниеге

келген шағынан бастап жарық дүниеден қайтқанға дейінгі ғұмыры төңірегінде

автордың түйіндеулері монологпен берілген.

Кейіпкердің ішкі толғанысы мен қоғамдық ортамен қатынасын шектемей,

бөлектемей,   оның   іс-әрекетін,   қимыл-қозғалысын   бүкіл   халықтық,   күллі

адамзаттық дәрежеге көтеріп жырлауын Сұлтанмахмұттың  қол жеткен табысы

деп білген жөн.

Адам   өмірінің   кезеңдерін   поэма  арқау  ету   ежелден   келе   жатқан   дәстүр.

XVII ғасырдың ақыны Шал Құлекеұлы:

Бір жаста, екі жаста бесіктемін

Бес жаста тәңірім берген несіптемін. 

Алты жаста қайыңның тозындаймын. 

Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын, 

Он жасымда сүт емген қозыдаймын [52, 54 б.], —

деп сәби шақты тамсана еске алса, «Балалық шақ» өлеңінде Мағжан Жұмабаев

балалық балдәуренді тіпті асқақтата, шалқи жырлайды:

Балалық шағы –

Патшаның тағы – 

Тіл жетпес оны бағалап [53, 26 б.].

С.Торайғыров   поэмасының   «Мен   –   бала»   бөлімінде   нәрестеге   тән   пәк

психологиялық   сезімнің   пернесін   тап   басып,   нәзік   күйдің   ырғағымен   сыр

ағытады:


Мен сәби мейірімді ана құшағында, 

Ақ мамасын сүйемін, құшамын да. 

Алтын ана жек көрер шамасы жок, 

Былғанам ба, мейлі құсамын ба.

Ақынның лирикалық «мені» жігерлі. «Сыйлар деп дүние, келдім, міне!» –

деп өмір есігін ашқан «мен» асқақ сөйлеседі:

Мен азатпын, мен ақпын, мен өсемін, 

Не қылсаңда басымды бердім, міне!

47


Сұлтанмахмұттың   сарылып   соңына   түскен   әділдік,   бостандыққа   жете

алмай жүрген шағында айналасындағы жұртқа ескі достық ниетпен қарайтын

бала «меннің» көңіл-күйін көтеріңкі беруі орынды.

«Адасқан   өмірдің»   келесі   «Мен   –   жігіт»   бөліміндегі   кейіпкер   есейген,

толысқан.   «Меннің»   жігіттік   шағындағы   айналасына,   қоршаған   әлеуметтік

ортаға   көзқарасын   барынша   тереңдеп   қамту   арқылы   ақын   әлеуметтік,

философиялық   сырларды   ашқан.   Поэмаға   эпиграф   етіп   алынған   мазмұнды,

күйлі шумак бар:

Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма? 

Оны жасырар адамның күші бар ма? 

Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен

Көрсетпейтін жүректің іші бар ма?

Келтірілген шумақ тек қана осы тараудың емес, тұтас поэманың тыныс-

тіршілігін,   жүрек   соғысын   танытады.   Жігіттік   жайсаң   шақтың   қадірін   ұғып,

қасиеттеген халқымыздың дәстүрлі мінезіне ден қойып, ақынның «Мен – жігіт»

бөліміне шығарма арқалар үлкен салмақ салуы орынды.

С.Торайғыров   лирикалық   шегіністі   шеберлікпен   пайдалану,   кейіпкердің

толғанысына,   тебіренісіне   еркіндік   беру,   кең   жол   ашу   арқылы   өмірлік

шындықты   мейлінше   жан-жақты   көрсету,   қоғамдағы   әділетсіздікті   өткір

сынауға жетіскен.

Мен – жігіт, он бес-отыз арасында, 

Бұл жаста көп бересі, аласымда. 

Алдымда толған мақсат, толған таңдау, 

Алайын мынасын ба, анасын ба? –

дейді «мен». Жігіттік шағында «меннің» байлыққа ие боп нашарлардан алғыс

алғысы келеді. Бірақ адал еңбекпен баю жоқ, әрі байлықпен бақыт сатып ала

алмайсың.

Жоқ, байымас бұл күнде адал еңбек: 

Біреу байыса, біреулер кедейленбек. 

Кімде-кім тез байыса қолына ағып, 

Кім кедей болса, соның малы келмек.

Несі бақыт: алдап ап, тартып алып. 

Өз малын қайта өзіне қайтып бермек. 

Көз жасы, бейшараның маңдай тері 

Жиылып, байытпай-ақ қойсын мені.

Ақырында:

Ірі мақсат болмаса, ұсақ іске, 

Неге мен алданайын уақыт бөліп, –

деген ойға келеді. Лирикалық кейіпкер әкім болып, ел билегісі келеді, қолбасшы

болып, жаугершілікте қол бастау ойында бар, ғалым болып, дүниеде ашылмаған

сырларды тапсам ба дейді, бірақ мұның бір-бірінен халыққа ешқандай пайда

жоқтығын көріп, баршасынан жериді. Сонда «мен» нені іздейді?

Мен ғашықпын көруге әділдікті

Тегіс қылып көркейткен өмір түсін. 

48


Ол өмірде бірді-бір алдау болмас 

Жағынып, арды ақшаға жалдау болмас.

«Мен» әділ өмірді, әділетті заманды көруге, сонда бақытты тұрмыс құруға

құштар. Оның ойынша, ғашық болған өмірді көруге алыс емес.

Мен аз деймін көруге осы өмірді, 

Келіңдер, бақ іздеуші, болсаң жолдас, –

деген қорытындыда биік идеал, өршіл оптимизм бой көрсеткен. Кейіпкерлер

ірілігі, суреткердің көрегендігі сығымдалып келіп орын тепкен бұл жолдарда.

«Адасқан   өмір»   қазақ   қоғамының   алуан-алуан   тұрмыс-тіршілік   қалпын

өнер туындысы арқылы салмақтап, таразылаудың, философиялық түйіндеудің

озық үлгісі.  

Ендеше мен жабысам негізгі іске,

Әділдікте бар негіз, бақ та, күш те.

Қарғаймын әділдіктен басқа жолды.

Өңім тұрсын, кірмесін түнде түске.

Бұл   «Мен   тоқтадым»   бөліміндегі   кейіпкер   толғанысының   түйіні.

Торайғыров   суреткердің   әлеуметтік   тақырыпты   жырлауда   қалтарыстарынан

көш ілгері озғандығын айғақтайтын қомақты пікір.

Торайғыровтың   «мені»   –   әлеуметтік,   саяси   өмірдегі   өзгерістерді   дұрыс

пайымдайтын және олар жайлы берік көзқарасы бар кейіпкер.

Бейшараны шын досқа санар едім,

Ол үшін оқ астына барар едім,

Бай жағы жүз мың болса, кедей жалғыз,

Қорықпай-ақ жалғыз жақта қалар едім, –

деп   өрелі,   саналы   жанның   көкірегінен   шығар   сындарлы,   салиқалы   пікір.

«Адасқан   өмір»   –   қазақ   қоғамының   алуан   тұрмыс-тіршілік   қалпын   өнер

туындысы арқылы салмақтап, философиялық түйіндеудің озық үлгісі.

«Адасқан   өмір»   поэмасының   негізгі   түйіні   –   қоғамдағы   әділетсіздіктің,

теңсіздіктің себептерін ашу және теңдік жолын іздеуге талпыну, жалпы қазақ

ауылындағы   әлеуметтік   теңсіздіктің   шеңберінен   шығып,   бүкіл   қоғамға   тән

әділетсіздіктер жайын қозғауы, өз талантын халық игілігі жолына жұмсайтын

кезін – бақытты өмірді аңсауы, адам өмірінің барлық кезеңін суреттеу арқылы

ақын өзі өмір сүрген қоғам жағдайындағы  адам тағдыры жайлы философиялық

ой түюі.


С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасымен үндес, өзектес туындысы –

«Кедей»  поэмасы   (1919).   Бұл   лирикалық-реалистік   поэма.   Поэмадағы

лирикалық   кейіпкер   –   кедей   арқылы   өзінің   демократтық-революциялық   ой-

пікірін айқынырақ білдіре, таныта түскен. Кедейдің аянышты халін суреттеуі

көңілге   қонымды,   өмірлік   шындықты   талғап   береді.   Поэма   басталуында

берілген   картина   үлкен   әлеуметтік   мәселеге   мегзейді.   Сүреңсіз   табиғаттың

аясында итпен бірге кедейдің қой күзетуі – оның малының жоқтығы, қоғамдағы

теңсіздігі, бейшаралық өмірінің шындығы. 

Күзгі түн, шөптің басын қырау көмген,

Ызғар шашып, бұлт мынау жерге төнген.

Қараңғы итпен бірге қой күзетіп,

49


Мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген.

Ұзақ түн, жолдасым жоқ иттен басқа,

Бүтін киім менде жоқ жаурамасқа,

Бір бүтін, кірсіз киім кигенім жоқ,

Туғаннан міне шықтым талай жасқа.

Психологиялық   параллелизмде   қатар   екі   мотив   суреттеледі   де,   қайсысы

адамзаттық   мазмұнға   бай   болса,   артықшылық   сол   жақтадеп   түйіндейді

А.Н.Веселовский [54, 107 б.].

Ақын суық, сүреңсіз, ызғарлы, қараңғы күзгі түн мен иттен басқа жолдасы,

үстіне   ілер   лыпасы   жоқ   кедейдің   арасына   параллель   жүргізеді.   Дегенмен,

маңыздысы,   мазмұндысы   кедейдің   ауыр   тұрмыс-халі,   шығармасының   өне

бойында   көрсетпегі   де   сол.   Қазақ   кедейінің   адам   айтқысыз   қиын   тірлігін

бейнелеуде   күздің   көріксіз   келбетін   қосарлап,   психологиялық   параллелизм

әдісімен шынайы, жанды сурет жасаған.

Қозыға жарауымнан біраз бұрын 

Ойнатып, уатпап па ем байдың улын? 

Сүйретіп, арбасының аты болдым

Бір аяқ ас еді ғой сондық құным.

Көзін   ашып,   қаз   тұрғаннан   жоқшылық   тауқыметін   тартқан   кедейдің

сормаңдай тағдыры жеті атасынан келе жатқан «мұра». Ақ ордада жайбарақат

ұйықтап   жатқан   байдың   малын   бағып,   қорасын   салатын   да,   шөбін   шауып,

ағашын жаратын да, асын пісіріп, малын сауатын да  осы кедей:

Ұзақ түн итпен бірге қой күзетіп, 

Киім жоқ, күзгі суық дірілдетіп. 

Таң атқанша айғай сап, көз ілмеймін 

Бай жатыр ақ үйінде пыр-пыр етіп.

Қаладағы жебірлер жегідей жеген кедейдің жағдайы да оңып тұрған жоқ.

Тозағымен   қорқытып,   ұжмағымен   алдайтын   кедейдің   соры   қожа-молда   тағы

бар.

Мен жалғыз ел қызметін істедім бе? 



Қаланың да дәм-тұзын ішпедім бе? 

Тірі көрге түскендей жер астының 

Кендерін шығарғалы түспедім бе? –

дейді Торайғыровтың кейіпкері.

«Көрден   тұрған   кісідей   өңі»   бар   қаладағы   кедейдің   ауыр   тұрмысын

поэмаға   енгізу   нәтижесінде   ақын   шығармасының   саяси-әлеуметтік   көтерер

жүгін ұлғайта түскен.

Кедейдің аузымен айткызған:

Әкем, шешем, арғы атам солай өскен, 

Олардың да өкпесін есік тескен.

Мен істеген жұмысты олар да істеп, 

Мұқтаждықтан кұтыла алмай, күнін кешкен, –

деген жолдармен Сұлтанмахмұт адам баласы теңсіздіктің әріден келе жатқан

ата жауы екендігін көрсеткен. Ұрпақтан ұрпаққа уытын жайып, кеселін тигізіп

50


келе жатқан өктемдікке төзбестік білдіру кедейдің бөліп айтарлық қасиетінің

бірі.


Кедейді мырзалармен салыстыруда ақын қоғамдағы әркелкілікті одан әрі

қазбалап ашады.

Анау Жақып сән түзеп, сауық кұрған, 

Құрдасым емес пе еді бір күн туған? 

Мен туғанда табылмай қара сабын, 

Ол туғанда иіс сабын тәнін жуған, –

деп, ұсақ детальдің ұшығын шығарып, дәуірдің сүреңсіз сұрқай бет-бейнесін

айшықтай көрсетіп, аямай шенейді.

Кедей   туғанда   тәнін   жуар   «қара   сабын»   табылмай,   Жақыптың   «иіс

сабынмен» жуынуының себебі неде?

Туысымда онан жоқ еш кемдігім, 

Жалғыз-ақ менде мал жоқ, онда мал бар.

Келтірілген   қос   тармақта   жоғарыдағы   сауалдың   жауабы   бар.   Дүниедегі,

қоғамдағы теңсіздіктің негізі ақылының артықшылығында емес, мал басының

көптігінде   жатыр.   Бұл   жердегі   кедейдің   өмірден   түюі   оның   «Адасқан   өмір»

поэмасындағы лирикалық «меннің» монологімен ұқсас.

С.Торайғыров кедейің ауыр тұрмыста, жоқшылықта, теңсіздікте екендігін

суреттеумен шектелуді мақсат тұтпаған. «Біздің халқымыздың ең мәртебелі де,

ең етене қасиеті – әділдік сезімі мен соны көксеуі», – депті орыстың кемеңгер

жазушысы Ф.М.Достоевский. Ендеше әділдікті аңсау – қашан да адамзаттың ең

нәрлі сезімдерінің бірі.

Поэмада   кедейге   өмірі   жайлы   сұрақ   қойғызып,   басындағы   ауыр   халді

өзгертуге үндеу идеясы бар.

Байларға өгіз болып өту үшін, 

Дүниеге шыныммен-ақ келгенім бе?

Кедейдің   тап   мұндай   ойға   қалуы   –   кейіпкердің   өскендігі.   Заманның

ағымында, икемінде кетпей тарихи санасы өзі өріске ұшырай бастаған уакыт

келбетінен дәмеленуге хақылымыз.

Бұған көніп жүргеннен өлген артық, 

Іштен тынып жанғаннан сөнген артық 

Текке өлмей, тауға-тасқа басты соғып, 

Жолында не кез келсе көрген артық. 

Қартайғанда қайыршы болу үшін, 

Жастықта жұмыс жаншып солу үшін, 

Сол бейнетке тастауға тағы да ұрпақ, 

Осы үшін жасаймын ба, айтшы, кісім? – 

деп жауап кайтарады. Лирпкалық кейіпкер «бейнеттен басқа алдымда үміт жоқ»

деп   торықпайды,   бақытқа   жетуге   ұмтылады.   Торайғыров   кедейінің   ойынша

адамның басты қасиетінің бірі «бақытқа талпыну».

Жоқ, мен бұған разы тіпті болман! 

Бақытты іздеу керек басқа жолдан

Бұл жолға көрге дейін өмірін беріп, 

Жан аз ба менен басқа әуре болған?

51


Ақын басқа жолдан бақыт іздегенде, болашақ жаңа қоғамды меңзеп отыр

десек сәуегейлік болады. Бірақ ақын өзі бастан кешіп отырған беймаза уақытқа,

дүрлігіп бір қиырдан бір қиырға тұрақтамай шатқалақтаған ортаға риза еместігі

анық.   Ол   азаттылыққа   жету   керектігін   айтады,   қашан,   қалай   жететіндігін

нақтылап   жатпайды.   Саяси   трактат   емес,   көркем   шығарма   болғандықтан,

оқырман ақыннан оншама ежіктеуді талап етпейді де.

С.Торайғыров қорытынды бөлімді «Бақытқа жететін оңай жол» (яғни елге

масыл болу) деп атаған.

Жол қайсы құдай салған, шайтан салған, 

Білмеймін, осы жері маған арман. 

Мейлі, құдай берсін, шайтан берсін, 

Мақсатым – оқу, оқу көңіліме алған, –

дей келіп, тосын түйін жасайды:

Жүрегімді белгісіз нәрсе қысып, 

Шақырып тұр, мінеки, кеттім сонда.

Ақын   неге   бұлайша   аяктап,   бұлдыр,   күңгірт   ой   қалдырған?   Біздің

ойымызша,   ол   әдеби   процесте   жиі   ұшырасатын   шарттылықпен   байланысты.

Әділдік орнайтын өмірге ғашық болып, бостандықты ынтыға күткен қаламгерді

басқаша түсінудің, түрлі болжам жасаудың қажеті шамалы.

Сыншыл   реалистік   әдебиеттің   белді   өкілі   С.Торайғыров   «Кедей»

поэмасымен   XX   ғасыр   басындағы   қазақ   аулындағы   таптық   қайшылық,

әлеуметтік   теңсіздік   тақырыптарын   қозғап,   шынайы   суреткерлік   шешім

жасады.

Қазақ   аулындағы   кедейдің   тұрмысын,   тіршілік,   тынысын   түбегейлей



көтеріп, шынайы бейнесін сомдап шығарды.

Сұлтанмахмұт   «Адасқан   өмір»,   «Кедей»   поэмаларын   жазу   барысында

бүкіл шығармашылығының өзегі – саяси-әлеуметтік тақырыпты сан қырынан

барлап,   идеялық-эстетикалық   тұрғыдан   кекселегендігін   дәлелдеді.   Байлық,

кедейлік,   адалдық,   арамдық   төңірегіндегі   тебіреністер   дами   келе,   уақыт

сынынан өтіп,   ұсақ өлеңнен салауатты лирикалық-философиялық поэмаларға

ұласты. Сөйтіп қазақ поэзиясында жаңа кейіпкерлер – лирикалық «мен» және

кедей   дүниеге   келді,   әдебиеттегі   ұнамды   образдар   галереясын   толықтыра,

молықтыра, көріктендіре түсті.

«Образ болмай ойдың да қасиеті болмашы. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де

айтасыз», – деп жазды М.О.Әуезов. – Жұрт айтпаған ойды айту – анда-санда бір

ұшырасатын бақыт, ол ырыс» [55, 451 б.]. С. Торайғыровтың кемел суреткерлігі

сонда, – ол поэмаларындағы жаңа кейіпкерлерінің аузымен тұңғиықтан тартып

терең ой айтты, сыршыл сырлы сезім пернелерін дәл басты.

Ішкі мазмұнымен бірге, Торайғыровтың «Адасқан өмірі» мен «Кедейі» –

пішіні   бөлек,   тұлғасы   дара   туындылар.   «Лирикалық   кейіпкердің   ой-сезімі

арқылы   тарихты   барлау,  халық   тұлғасын   мүсіндеу   –   поэзия   үшін   аса   қиын

міндет. Рас, орыс поэзиясында, қазақ өлең-жырларында да мұндай өнеге бар.

Бұл тарапта алысты шарламай-ақ, Сұлтанмахмұгтың «Кедейі» және «Адасқан

өмір» І.Жансүгіровтің «Дала» атты поэмаларын еске түсірсек те жеткілікті [56,

12   б.],   –   деген   қазақ   өлеңінің   көрнекті   өкілі   Қалижан   Бекхожин   пікірі

52


С.Торайғыров тындырып кеткен ұланғайыр іс мөлшер-межесін елестетері анық.

«Адасқан   өмір»   мен   «Кедей»   С.Торайғыровтың   реалистік,   лирикалық,

философиялық поэма табиғатын жете меңгергендігін ғана ағартқан жоқ, қазақ

әдебиеті   тарихында   поэма   жанры   дамуының   жаңа   бір   кезеңін   белгілеген

дәуірлік шығармалар санатына енді.

С.Торайғыров өмірінің ақырында жазып, аяқтай алмай кеткен шығармасы



«Айтыс» (1919-1920). Елдікті, егемендікті аңсаған өрелі ойын ақын «Айтыста»

қоюлата түсіп, ата қонысының тұтастығы, ана тілі мәртебесінің кемімеуі, салт-

дәстүрдің берік сақталуы сияқты мәңгілік проблемаларды қозғаған. «Айтыс»

поэмасын   жазуда   ақын   қазақ   фольклорындағы   көне   де   құнарлы   жанр   айтыс

поэтикасына   ден   қойған.   Дала   ақыны   мен   қала   ақынын   салыстыра   келіп,

қоғамдағы, қоршаған ортадағы, өмірдегі, сан қырлы әлеуметтік, адамгершілік,

этикалық проблемаларды көтерген.

Поэмада   екі   кейіпкер   бар   –   дала   ақыны,   қала   ақыны.   Отызыншы

жылдардағы сын мақалаларда орын тепкен дала ақыны Сұлтанмахмұттың өзі

деген пікірмен келісе қою қиын. «Бізше Сұлтанмахмұт қазақтың қала болуын,

мәдениетті,   өнерлі,   жаңашылдықты   болуын   көксеген   жаңашыл   ақын.   Бірақ

қазақ тұрмысынын шындығын айтам деп даланың барын жасыра алмайды» [57,

59 б.], – дейді Елжас Бекенов. Тегінде қолдауды тілейтін пікір.

Айтысты бастаған қала ақыны менмендік танытып, менсінбей сөйлейді:

Сен кімсің семіз, толық тән жағынан?

Өгіздей бар шығарсың әл жағынан?

Көрінген, көрнегіңнен, жүрісіңнен,

Топастығын білінген әр жағынан.

Сыртқы тұрпат бойынша мінездеме берген қала ақынының жетесіздігіне

дала ақыны байсалды жауап қайтарады.

«Мен, қазақ, қазақпын»  деп мақтанамын,

Ұранға «алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Поэмадағы   Ақ   Жайықтан   Алтайға   созылған   шалқар   даланы   еркін

жайлаған қазақтың ұрпағы екенін дала ақыны тамаша жеткізген. Қала ақыны өз

кезегіне  қарсыласына  сол далаңда  бөгде жанарды селт еткізерлік не бар, несі

қызығарлық деп қажайды.

«Айтыста» ақын өзі талай рет  шығармаларында шегіне жеткізе отырып

суреттеген   тап   қайшылығы,   қанаушы   мен   езушінің,   қаналушының

дүрдараздығын жанай өтеді. Поэманың жанрлық сипаты да соны қалайды. Қай

кезде де болмасын айтыскер ақын қарсыласына ұпайын жібермей, үстем шығу

мақсатында жаманын жасырып, жақсысын асырған. Сол дағды мен дала ақыны

да қарсыласы алдында туған елінің мерейін үстемдету ниетімен, оның бүкіл

адами танымға ұсынуға ұялмай сыятындарын ғана тілге тиек еткен. Дала ақыны

кезінде   ел   басына   күн   туғанда   елінің   тұтқасы   болған,   оның   еркіндігі   мен

бостандығын   армандап,   сол   жолдағы   қайшылыққа   қайыспаған   хандар   мен

бектерді, батырларды үлкен ілтипатпен еске алады.

Елі үшін қартайғанша аттан түспей,

53


Бір күні бел шешеніп тамақ ішпей.

Ел қылған ерлерінен жетім қылып,

Халыққа болды да  ол дәрен көрген түстей, –

деп   елінің   есесін   ешкімге   жібермеуге   тырысқан,   халық   жолындағы   ұлдарды

аңсайды.

Халқымыздың ежелден өлеңді, өнерді қастерлейтін абзал қасиеті, туған

жерін,   әсем   даласын,   ел   қорғар   ерін   жырға   бөлеген   ақыны   С.Торайғыров

суреттеуінде жарасымды, нәрлі поэзияға айналған.

«Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа,

Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа.

Ақындықтың қуаты есіңді алып,

Бас аламастан оқырсың қайта-қайта.

Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын,

Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын.

Ахмет пенен Міржақып әм Мағжан,

Алты алаштың баласы біледі атын,

деп мақтанышпен көркем сөз сарбаздарын өнегелейді.

«Айтыс» поэмасында тіл құдіреті, тіл тағдырына терең мән берген. Ана

тілі   адам   болмысымен   тығыз   байланыста,   ақыл-ой   сезімімен   бірлікте   екенін

тамаша жеткізген. 

Қазақта   даналық   тұнып   тұрған   он   бір   мақалын   поэтикалық   шумақтарға

топтап, оқырманды ойланта, толғанта тебірентіп тиянақты тұжырым ұсынады:

Байқасаң, қазақтың өзінде бар,

Дүниенің генийлігі, пайғамбары.

С.Торайғыров кейіпкері дала ақыны енді бірде халықтың әдет-ғұрып, салт-

санасы,   мінез-құлқы   төңірегінде   ой   тербейді.   Дала   ақынының   көзімен

қарағанда, қазақ тұрмысында жасанды қылымсу, өтірік көлгірсу жоқ, үлкенді

сыйлау, кішіні қадірлеу қанына сіңген қасиет.

Даламда бар ұят, құдай деген,

Қалаңдай намысы жоқ, жолсыз емен.

Әділдердің көретін сыйлығы бар,

Жауыздарға бір жаза бар деп сенем.

Қала тұрмысының біртіндеп дала өміріне ене бастауынан қорқады дала

ақыны.


Мың Париж, жүз Мәскеудің керегі жоқ,

Басымда тұрар болса осы қалып.

Даламның кеңшілдігін, бейқамдығын,

Жаным іздеп, жүрегім сүйеді анық, –

дегенде,   дала   ақынының   бойындағы   елін   елти   сүйген   ізгі   махаббат   пен

жаңалыққа тосырқай қараушылық аралас.

Мені өз еркіме қой, қалпыма қой,

Айтатын бар тілегім, қала, саған!

Еркіндігін,   елдігін   сақтауды   көздеген,   ақ   та   пәк   ғұмыр   сүрмекші   дала

ақынының   мінез   көзқарасы.   Дала   ақының   кесек   ой   қозғап,   салмақты   түйін

жасауына кейде тіпті тұлғаланып, биіктеп кетуіне жол ашқан. 

54


С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы  XX   ғасыр   әдебиетіне   қосылған

қомақты олжа, айтулы қазына дәрежесінде. Ақын лирикалық қаһармандарының

жан   дүниесін   ақтара   ашып,   әлеуметтік,   адамгершлік   проблемаларын

бүкіладамзаттық деңгейге көтере қозғайды.

С.Торайғыров поэмаларында кейіпкер санаулы ғана – «мен», кедей, оқыған,

қара   қазақ,   дала   ақыны,   қала   ақыны.   Оның   суреткерлік   сұңғылалығы   бірер

кейіпкер көңіл күйі, сезім тебіренісі арқылы адамзаттың өмірі, тірлігінің мәні,

адам   атаулының   болашаққа   талпынысы   философиялық   түйіндеулерге   негіз

болып, өсімдік әлемінде соны дүниелер санатында мәңгі бақи калуында.

С.Торайғыровтың   «Таныстыру»,   «Адасқан   өмір»,   «Кедей»,   «Айтыс»

туындылары   қазақ   поэмасы   тарихындағы   жаңа   беттер   ғана   емес,

әдебиетіміздегі бедерлі белес, үрдісті үлес, кезеңдік шығармалар.



2 ТОРАЙҒЫРОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ

2.1 С. Торайғыров өлеңдерінің құрылысы жайында

А. Еспенбетовтің зерттеуі бойынша, Сұлтанмахмұт өлеңдерінің дені он бір

буынды қара өлең және жеті-сегіз буынды жыр өлшемімен жазылғандықтан,

оның поэзиясында екі және үш бунақты тармақтар көп кездеседі, ал бір яки көп

55


бунақты тармақтар жоқтың қасы [3, 82 б.].        

Екі бунақты тармақ екі түрлі: 4 буын + 3 буын және 5 буын + 3буыннан

тұрады,   соңғы   бунақ   міндетті   түрде   үш   буыннан   құралады.   Бүкіл   қазақ

поэзиясына тән осы қасиетті ақын шығармаларымен дәлелдеуге мүмкіндік бар.

// Өмірімнің // өрлерін,//

// Жазы шықпас // қыс қылшы!//

// Жылы шырай// бер десем,//

// Аждаһадай ысқыршы [8, 34 б.]!//

// Бейхабар жатыр// ата-анам,//

// Көре алмай көзім // қала ма?//

// Барғаның сәлем // дегейсің,//

// Қаралы болған // анама [8, 56 б.]!//

Кейде бір шумақ ішіндегі тармақтар төрт, бес буыннан аралас келе беруі

мүмкін, ол тек Сұлтанмахмұт теориясына тән құбылыс емес.

Торайғыров   лирикасында  үш   бунақты   тармақ  кең   таралған.   Дәстүрлі

әдебиеттегі аталмыш белгіні ол жан-жақты қолданып, сәтті пайдаланған.

Сұлтанмахмұт   үш   бунақты   тармақтың   4   буын   +   3   буын   +   4   буынды,

сондай-ақ   керісінше   3   буын   +   4   буын   +   4   буын,   кейде   олардың   аралас

ұшырайтын түрлерін өлеңдерінде басты өлшем етіп алған.

4   буын   +   4   буын   +   3   буынды   үш   бунақты   тармақ   қазақ   поэзиясында

кейінірікте,   30-40   жылдардан   бастап   қалыптасқандығын   ескерсек,   ақынның

тармақтың жоғарыдағы өлшемдерін толық игергендігіне қаныға түсеміз. 

Сұлтанмахмұт   өлеңдерінде   тармақ   ішіндегі   бунақтың   нақпа-нақ   келуі

сақталмай, бунақ санының әркелкілігі де бой көрсетіп қалады. Мәселен :

// Оқуда // мақсат не://  

// Медреседе // жату ма,//

// Ескі нұсқа// Хашия мен// Мантық шайнап//

// Керілдесіп // шатуға...//

// Яки мақсат:// молда атанып // төрге // отыру ма?//

// Ет, қымызға// қарнын //толтыруға;//

// Підие, зекет, //пітірге //қапшық болып//

// Миллетке // микорбтігі // тие отыруға? //

// Яки мақсат:// өнер, білім// алуға,//

// Алға қарай// баруға,//

// Намыстанып// қорланып,//

// Хұқықтан марқұм// қалмауға [8, 122 б.] ...//

Өлең әнге салып, әуелетіп, созып айтуға арналмаған. Мұнда сөйлеудегі

өлең оқудағы интонацияға, дауыс ырғағына қатты назар аударылған. Сондықтан

тармақтағы   бунақтар   дәлме-дәл   келмей   сөйлеудегі   сазға,   сөйлеушінің   ойына

байланысты   түрленіп   отырған.   Бір,   екі   үш,   төрт   бунақты   тармақтар   бір

шығармада араласып, ауысып,   кезектесе орын теуіп, қаламгердің ой жібінің

жалғанып, дамуына қызмет еткен.

56


Өлең ырғағы төңірегінде әңгіме болғанда  шумақ  мәселесіне тоқталған

жөн. Шумақ екі не одан да көп тармақтардан құралып аяқталған ритмикалық-

синтаксистік   ойды   білдіреді.   Қазақ   әдебиетінде   шумақтың   көптеген   түрлері

қалыптасқан. 

С. Торайғыров лирикасында төрт тармақты, бес тармақта, алты тармақты

және көп тармақты шумақтар бар. Екі, үш тармақты шумақтар мүлдем жоқ. 

Негізінен,   Сұлтанмахмұтта   қазақ   халқының   өлең   өнерінде   ертеректе

қалыптасқан  төрт тармақты шумақ  басым. Атап айтсақ елу жеті өлеңі төрт

тармақпен келген. 

Соның ішінде:



Бір   шумақты   өлеңдері:  «Бақыт»,   «Нешелер   көз   жасы   төгіледі»,   «Төре

көрсе   жалаң   бас   шұлғып,   билеп»,   «Өмірді   үзіп   алуы»,   «Жұмбақ»,   «Дозақ»,

«Ұлт»;

Екі   шумақты   өлеңдері:  «Арабшадан»,   «Соқыр   ағаш»,   «Баяндама»,

«Түспейді   жазсам   жазу   қара   тасқа»,   «Қызық   қандай   адамды   қыздыратын»,

«Асыл сөз», «Барлық ісім қырын қарап»;

Үш   шумақты   өлеңдері:  «Шығамын   тірі   болсам   адам   болып»,   «Қандай

басшы»,   «Құлағым   бітелген   жоқ»,   «Біреу   бай,   біреу   жарлы»,   «Аққудай

үлбіреген сұңғақ мойын»;

Төрт   шумақты   өлеңдері:  «Бір   балуанға   қарап»,   «Альбомнан»,   «Кешегі

күндей   түсті   бұлт   басқан»,   «Ақ   сауле   күміс   жүзді,   құнды   қабақ»,

«Партияшыға»;

Бес   шумақты   өлеңдері:  «Айт»,   «Қыз   сүю»,   «Өмірімнің   уәдесі»,   «Ей,

Махаббат, Ей, достық», «М...ға», «Дәл осы көзім көрген қыздың жайы»;



Алты шумақты өлеңдері: «Ендігі беталыс», «Кеш», «Баяндама арты», «Бір

адамға», «Гүләйым», «Көңілім неге жасисың»; 



Жеті шумақты өлеңдері: «Мағынасыз мешіт», «Жүрегім тулап шабасың»;

Сегіз   шумақты   өлеңдері:  «Мұндылардың   жолыққаны»,   «Бір   адамға   көп

жасады жер бетінде», «Қос үй», «Шыны осы»;



Тоғыз шумақты өлеңдері: «Түсімде», «Келді хатың, мен шаршап»;

Он   шумақты   өлеңдері:  «Досыма   хат»,   «Ағайынның   азғандығы»,

«Жалыну»; 



Он бір шумақты өлеңдері:  «Талиптарға», «Сарыбас», «Қызы бар жалғыз

үйде жеке жатқан»;



Он екі шумақты өлеңі: «Оқу»; 

Он үш шумақты өлеңдері: «Жазғы қайғы» және «Көшу»;

Он бес шумақты өлеңі: «Қымыз».


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет