Прокурор- өз құзыретi шегiнде жедел iздестiру қызметiнiң, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық iзге түсудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және соларға теңестiрiлген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлiк прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшiлерi, прокуратуралардың қадағалау саласы жөнiндегi прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлiмдерiнiң прокурорлары. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады. Прокурор айыпталушыға немесе оның iс-әрекетi үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға: өзiнiң дәрменсiз күйiне, айыпталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетi жоқ
жәбiрленушiнiң мүддесiн бiлдiредi. Мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы. Прокурор өзiнiң iс жүргiзушiлiк өкiлеттiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
Тергеу бөлiмiнiң бастығы- алдын ала тергеудi жүзеге асыратын органның тергеу бөлiмшесiнiң бастығы мен өз құзыретi шегiнде iс-әрекет жасайтын оның орынбасарлары. Тергеу бөлiмiнiң бастығы тергеу iсiн жүргiзудi тергеушiге тапсырады, тергеушiлердiң жүргiзуiндегi қылмыстық iстер бойынша олардың дер кезiнде iс-әрекет жасауына, тергеушiлердiң алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзiмдерiн сақтауына, прокурор нұсқауларының, Қылмыстық іс жүргізу Кодексімен белгiленген жағдайларда басқа да тергеушiлер тапсырмаларының орындалуына бақылау жасауды жүзеге асырады; iстер бойынша нұсқаулар бередi; алдын ала тергеу жүргiзудi бiрнеше тергеушiге тапсырады; заңда көзделген жағдайларда тергеушiнi iс бойынша iс жүргiзуден шеттетедi; өз құзыретi шегiнде өзiне бағынысты алдын ала тергеудi жүзеге асырушы органның бiр тергеу бөлiмшесiнен қылмыстық iстi алады және алдын ала тергеудi жүзеге асырушы сол не өзге де өзiне бағынысты органның басқа тергеу бөлiмшесiне бередi; аяқталған қылмыстық iстердi прокурорға жолдайды. Тергеу бөлiмiнiң бастығы қылмыстық iс қозғауға, қылмыстық iстi өзiнiң iс жүргiзуiне алуға және бұл орайда тергеушiнiң өкiлеттiгiн пайдалана отырып, жеке-дара алдын ала тергеу жүргiзуге құқылы. Тергеу бөлiмi бастығының қылмыстық iс бойынша нұсқауы тергеушiнiң дербестiгiн, құқықтарын шектей алмайды.
2. Өз құқықтары мен мүдделерін қорғап процеске қатысушылар