Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет7/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26

Құтылмайсың!

Əлсіздердің алдында кекжең қағып,

Майланбаған есіктей сықырлайсың,

Күштілердің алдында безек қағып,

Бауыздалар қой-сынды тыпырлайсың,

Түк пайдаң жоқ жүргенге өзек талып,

Суға бөгіп, ісінген тұқымдайсың,

Қолдан билік, бастан бақ кеткен күні

Жынын шашқан бурадай құтырмайсың,

Жаратқанның жарлығы жеткен күні

Қияметтен, бəрібір, құтылмайсың.

Саясаттың салқын сызы

(5 қараша 2008 жыл)

Медведев қыр көрсетіп,

Сөйлеп жатыр Обама.

Тұрмаған соң көңіл бекіп,

Түсе алмадым сабама.


Патшалар да келер-кетер,

Шайтан кірсе араға,

Есіргенге жыннан бетер

Ел көңілі тола ма?

Өзін биік бағаласа,

Сəуле түспей санаға,

Алла түзу қарамаса,

Пенделері оңа ма?

Салқын сызы саясаттың

Тұз сепкендей жараға,

Жолын қусаң парасаттың,

Жаманатқа жолама!



Қанатты періштелер

Чехияда Карловы Варыда тұрған мүсіндердің көпшілігі қанатты періштелер.

Қоршап жүрсе қанатты періштелер,

Бəлкім, жүрген жолымыз тегістелер.

Тірлік болса, ұшпаққа жетсем деген

Кісі бар ма қанатты теріс көрер?!

Кім қашады Алланың бұйрығынан,

Дəметеміз ұсынар сыйлығынан.

Көгерген із болса егер нəрестеде,

Соққан дейді періште құйрығынан.

Періштені қиялмен мүсіндеген,

Мүсіншіні кісі көп түсінбеген.

Періштелер сəбиді сүрінгенде,

Қағып алып, жерге де түсірмеген.

Болып жатса бұл фəни күнде майдан,

Иықтағы періште шыға ма ойдан?!

Жын-шайтанды жолдас қып жүрген жоқ па

Періште емес, пенделер жолдан тайған.

Періштенің, əрине, қанаты көп,

Соғып тұрса мезгілдің сағаты дөп,

Қанат байлап қолтыққа ұшсам дейтін,

Адамдардың, алайда, тағаты жоқ.

Əйелдер

Əйелдермен көгеріп,

Қалсақ жақсы қартайып.

Бірі жатса еңкейіп,

Бірі жатар шалқайып.

Көлге барып құйған бар,

Сарқылған да бұлақ көп.

Кей əйелде иман бар,

Кей əйелде ұят жоқ.

Жайнамазға жығылған

Келіншекте иман көп.


Еріне ұрсып, бұйырған

Келіндерде иман жоқ.

Ер – əйелдің панасы,

Бірге отырса кемеге,

Əйел – елдің анасы,

Қыздарға үлгі-өнеге.

Əйел деген əдемі,

Жөн сөйлесең, «мақұл!» – дер.

Е, Құдайым!

Əуелі


Əйелдерге ақыл бер!

Қорқу керек

Жасыл түс пен көк аспанның ортасын

Өзге бір түс бұза ма деп қорқасың...

Жұмекен Нəжімеденов

Бойыңдағы толып тұрған үрейді

Күртік қардай кімдер келіп күрейді,

Қайыршыдай көңіл нені тілейді,

Жабырқаған жаның содан жүдейді.

Жазатайым шыққан өрттен қорқасың,

Кездейсоқта жұққан дерттен қорқасың,

Жауыздардан шыққан шектен қорқасың,

Жандайшаптар айтқан серттен қорқасың.

Көшедегі көліктерден қорқасың,

Жуан таяқ жүліктерден қорқасың,

Қаптап кеткен күдіктерден қорқасың,

Жын-шайтаннан күліп келген қорқасың.

Бастық жауға іш тартар деп қорқасың,

Қызметімді қысқартар деп қорқасың,

Өткізгенде біреу жүн мен жұрқасын,

Алтын, күміс өтпей ме деп қорқасың.

Қорқынышты шығара алар кім ойдан,

Ақылы жетіп қайтқандар бар райдан.

Құдайсыздар, имансыздар, тексіздер

Қорқу керек Жаратушы Құдайдан!

Ібіліс

Көрдің бе бұл қырсықты?

Қарсы алдымнан ол шықты.

Шарлағанда қиырды,

Тас төбемнен шүйілді.

Тауды тіліп, жол салдым,

Ту сыртымнан қол салды.

Жырылғанда үйірден,

Тиісті бір бүйірден.

Табаныма тас кірді,



Қара көзге жас келді.

Суға кірді тұз болып,

Ішке кірді мұз болып.

Болса қандай қиын іс,

Болса жолда кідіріс,

Келе жатқан өкшелеп,

Оның аты – Ібіліс.

Азғырынды

Ішкізді,


Жегізді,

Күлдірді,

Мəз қылды.

Жалғанды


шын қылды,

Қалғанды


бүлдірді,

Жүйкені


тоздырды,

Сабырды


аз қылды.

«Бұл кім?» –

Деймісің,

Шайтан


азғырды.

Əзəзілдің əлегі

( шайтанның сөзі)

Адамға не керегін

Бір кісідей білемін.

Ыза қысса, кек қуса,

Айтып берем себебін.

Сол жақтан да келемін,

Оң жақтан да келемін,

Қашқанымен құтқармай,

Жүйрік аттай желемін.

Алдынан да келемін,

Артынан да келемін,

Дау іздеген жау болса,

Тауып берем дерегін.

Соңына оның еремін,

Өсек-аян теремін.

Күйеге бір былғанса,

Жуылмас деп сенемін.

Ой мен қырда жүремін,

Думан-тойда жүремін,

Олар жатқа соғады


Ібілістің өлеңін.

Жабырқатып жүрегін,

Қан-тамырға кіремін.

Таба алмайтын қыламын

Құтылудың бір емін.

Жеті жақсы

(жыршылардың сөзімен)

«Тура жолдан таймаңдар!» –

Деген кезде пайғамбар

Алла пана болатын,

Қамқорына алатын,

Құр қалмайтын батадан,

Жеті адамды атаған.

Біріншіден кім жақсы?

Иілсе де сынбайтын,

Жақынына бұрмайтын,

Дін жолынан таймайтын,

Тура сөзді тыңдайтын

Əділ имам

сол жақсы.



Екіншіден кім жақсы?

Желкілдеген құрақтай,

Сылдырлаған бұлақтай

Жаңа өспірім бозбала

Сырғымайтын сынаптай,

Сəжде қылса

сол жақсы.



Үшіншіден кім жақсы?

Алласыз іс қылмайтын,

Мешіттен еш қалмайтын,

Бар саналы ғұмырын

Жақсылыққа арнайтын

Ізгі пенде

сол жақсы.



Төртіншіден кім жақсы?

Бірін бірі сүйетін,

Отқа бірге күйетін,

Суға бірге түсетін,

Алла атымен жүретін,

Екі ғашық

сол жақсы.



Бесіншіден кім жақсы?

Ұрғашы көз салғанда,

Алдап-арбап тұрғанда,

Бір Алладан именіп,

Қызықпайтын думанға,

Еркек болса

сол жақсы.



Алтыншыдан кім жақсы?

Өтіп жатсын күн неше,



Қайырым қылмай жүрмесе,

Оң қолы не бергенін

Сол қолы да білмесе,

Жомарт болса – сол жақсы.

Жетіншіден кім жақсы?

Жалғыз қалып, жабықса,

Мұқтаж болып, тарықса,

Көзден ыстық жас шығып,

Алланы айтып, қамықса,

Бəрінен де – сол жақсы.



Жеті жаман

(жыраулардың ізімен)

«Тура жолдан таймаңдар!» –

Деген кезде пайғамбар

«Сақтан жеті жаманнан!» –

Деп сұраған адамнан.

Біріншіден не жаман,

Күле қарап молдаға,

Жаратушы Аллаға

Серік қоссаң – сол жаман.

Екіншіден не жаман?

Алдап адам баласын,

Шығарып көз шарасын,

Сиқыр қылсаң – сол жаман.

Үшіншіден не жаман?

Сабыр түбін күтпесең,

Кісі қанын жүктесең,

Қарғыс атар – сол жаман.

Төртіншіден не жаман?

Арды ойламай, пайда ойлап,

Шығын шықса ойбайлап,

Өсімқор болсаң – сол жаман.

Бесіншіден не жаман?

Малын алып жесірдің,

Қақын жесең жетімнің,

Арам болсаң – сол жаман.

Алтыншыдан не жаман?

Жан беріскен шайқаста,

Қан төгілген айқаста

Тұра қашсаң – сол жаман.

Жетіншіден не жаман?

Күнəсі жоқ əйелге

Аузы-басың сүйреңдеп,

Кінə тақсаң – сол жаман.

Жазмыштан артық болмайды...


(шешендерге еліктеу)

Ат қадірін білмеген атқа терлік салмайды,

Жаман ит төбет болса да, күшік аты қалмайды,

Тəрбие көрген ұяда қияларға самғайды,

Биікте ұшқан қыранды қара құзғын қарғайды,

Ат мінбеген жаяулар

Аттылыға ерем деп

Өмір бойы сорлайды.

Терең теңіз, мұхиттың көлге көңілі толмайды,

Иісі шықпай тұрса да, жасанды гүл солмайды.

Өтірікке үйренген ақиқатқа нанбайды,

Кесірі көп қырсықтар жұмсағанға бармайды,

Өнегелі жақсы жар

Құдай қосқан еріне

Бар ғұмырын арнайды.

Уайымшыл пендеге күнде түнек орнайды,

Қанағаты жоқ болса қайғы бұлты торлайды,

Жатыпішер жалқаудың ұйқысы еш қанбайды,

Ошақтағы отыны құрғамаса жанбайды,

Өзгеге бере алмаған өзгеден де алмайды,

Есі кеткен еркектер өз үйіне қонбайды.

Жүзу білмес əумесер тайыз суда жалдайды,

Туғаны жоқ тура би адалдықты қолдайды,

Жаны аяулы жақсылар жақсылықты қорғайды,

Біреуге – жан, біреуге болған кезде мал қайғы,

Бəрін айт та, бірін айт!

Алатауға шықсаң да,

Етекте жатып бұқсаң да,

Жазмыштан артық болмайды...

Алланың еш теңі жоқ

(терме үлгісімен)

Қурап қалған егіннің

Сабағы бар, дəні жоқ,

Көп суарған ағаштың

Жемісінің дəмі жоқ,

Көп сөйлеген мылжыңның

Сөздерінің мəні жоқ,

Сырқат жанның əлі жоқ,

Кəрі адамның халі жоқ,

Өлген жанның демі жоқ,

Көктің ешбір шегі жоқ,

Дерт жайлаған малдың да

Қорасы бар, төлі жоқ,

Ет шайнаған шалдың да

Беделі бар, белі жоқ,


Жігіт көңілі зор болса,

Қалтасында дымы жоқ,

Бір перзентке зар болса,

Арттан ерген ұлы жоқ,

Қоянжүрек жасықтың

Ашып айтар сыры жоқ,

Тұзы жеңіл пысықтың

Жұмысқа еш қыры жоқ,

Дəстүріне сай елдің

Ағайынға зілі жоқ,

Отқа келген əйелдің

Шоғы бар да, күлі жоқ,

Кейбір сараң үйлердің

Қонақ күтер төрі жоқ,

Кейбір жалған билердің

Шындықты айтар түрі жоқ,

Атаққұмар басшының

Жалшысы бар, елі жоқ,

Ақыл-ойға тапшының

Көкірегінде шері жоқ,

Суда жүзген балықтың

Аузы бар да, үні жоқ,

Көнбіс болған халықтың

Құлағы бар, тілі жоқ,

Илеуінде нарықтың

Бірі бар да, бірі жоқ,

Қанша дəурен сүрсе де,

Өлмей қалған тірі жоқ.

Тар жалғанды кең қылған,

Кең дүнияны тар қылған,

Шөлді шалқар көл қылған,

Жоқ нəрсені бар қылған

Алланың еш теңі жоқ!

Насихат

Адамзатқа алдымен

Ықылас қой керегі,

Сабыр түбі – сары алтын,

Тəуба – тізгін дер едім.

Бұл фəнидің алдамшы

Ақиқат қой өзегі,

Сескенгендер Құдайдан,

Жүзін көрмей сенеді.

Көңілінде не барын

Алла түгел біледі.

Насихатпен нұрланған



Шариғатқа келеді,

Кеңестерден құр қалған

Көресіні көреді.

Бай болсаң да, тасыма,

Ырысты Хақ береді,

Не келсе де басына,

Шыдамдылар көнеді.

Аманатқа қиянат

Болса, қайғы төнеді,

Ысыраптан қашыңыз,

Ол шайтанның қорегі.

Бар болғанға құр қызба,

Шалқар көл де кебеді.

Аспандағы жұлдыз да

Күні бітсе, сөнеді.

Алды-артына қарамай,

Жүзер деме кемені,

Ажал келіп аямай

Сыбағаңды береді.

Жатқа көрсет мейірім,

Мұсылмансың, себебі.

Ғибрат

Ала жіптен аттама,

Лас жерге тоқтама,

Досты көзге мақтама,

Жауды бекер даттама,

Жақсыға кек сақтама,

Кінəліні ақтама,

Жағымпазды жақтама,

Жоқ нəрсені жоқтама,

Сақтай алмас жаныңды

Басқа қонған бақ қана.

Алланың атымен

Алланың атымен

Күн көріп отыр ем,

Көңілім əп-сəтте жайланды.

Алланың атымен

Асты да татып ем,

Жеген жал, ішкенім бал болды.

Алланың атымен

Төсекке жатып ем,

Төсеніш мамыққа айналды.



Ұқпай қойдым...

Түсінгенмен бұл фəнидің жалғанын,

Таусылмайды мақсатым мен арманым.

«Үлкен ғой!» – деп амалсыздан қол жайдым,

Бата берсе арақ ішкен шалдарым.

Тілемеп ем өмірді де жайлы аса,

Жара қылды тəнді шаққан жай маса.

Көзді жұмып, көрмегенсіп отырдым,

Екі шеке бір қазанда қайнаса.

Шаруа болмай, іші пысқан кешқұрым,

Кемпірлердің өсегін де естідім.

Ессіздердің соңына ерген пенде көп,

Тілін алған адам аз ғой естінің.

Кебек қосып, сапырған сөз қырманын,

Татуы жоқ мылжың сөзін тыңдадым.

Қас талантын мойындатып шын дарын,

Əкесінен озса дедім ұлдарым.

Барлық істі жапырардай сайландым,

Байтал шауып бəйгі алғанда жай қалдым.

Қиқу қосып даңғаза мен дақпыртқа,

Той біткен соң, ел кеткен соң ойландым.

Таңдаған жол бұрылғанда теріске,

Басы айналып, жолдан тайды періште.

Бидайдан да артық болып шемішке,

Жауыздар мен жебір жетті жеңіске.

Тұз болды ма таза су деп ішкенім,

Мұз болды ма мөлдір су деп түскенім?

Толқыса да ерімей-ақ қойды ғой

Қатал қыста қатып қалған іште мұң.

Дəуір мынау қамсыз, қансыз, қатыбас,

Арзан еттің жілігі де татымас.

Жалғыз жеңнен шығып жатса он саусақ,

Бір жағадан шығып жатыр екі бас.

Екі ортада шайтан кіріп араға,

Есі кетіп қашқан жандай молаға,

Егіз туса қуанатын есіл ел,

Жалғыздарын тастап жатыр жағаға.

Болғанда да шапан жыртық, ат арық,

Жүргендер көп шоқты көсеп, от алып.

Ұқпай қойдым...

Шықпай қойды ойымнан

Заманда ма, адамда ма қаталық?!

Ең абзал

Беттің көркі – көз болса,

Дене көркі – қол дер ем.

Жақсы достар кез болса,



Қуанғаннан қол берем.

Түзу жүрер əр кісі,

Гүлдеп тұрса махаббат,

Ырзалықтың белгісі –

Бас бармақ пен шапалақ.

Біреу бармақ шошайтса,

Не кезесе саусағын,

«Неге өйтті?» – деп дос айтса,

Өкпелейсің қанша күн.

Қоғамда да бұзылған

Бола қалса тығырық,

Алақанға жұмылған

Жауап қатар жұдырық.

Танытса кім пейілін,

Болған іске сай ұғым,

Созған қолда – мейірім,

Берген қолда – қайырым.

Төгілмей ме бар күнə

Тату болса саусақтар,

Еңбекқор қол алдына

Жығылады мансаптар.

Ұрыс қаупі басылған,

Атқан сайын жаңа таң,

Алақанға ашылған

Созылмай ма алақан?!

Бəрінің ең абзалы –

Хаққа мойын бұрғаның.

Бірге қосып қолдарын,

Тілек тілеп тұрғаның.

Айтпасам да ар жағын...

Көзі жетпей айта ма

Сырқат адам сауға мін,

Сабыр қылып жүре ме,

Жетегінде тəубаның,

Есер кісі біле ме

Бастан бақтың ауғанын,

Көкке қарап көре ме

Аумалы бұлт жауғанын,

Кім біледі ішінде

Не жатқаның дорбаның,

Уайымсызға түбінде

Жұқпас деме сор қалың.

Өшіре ме өртіңді

Тартқан суы қауғаның,

Баса алар ма дертіңді



Болғаның мен толғаның.

Кім сыйлайды кезбені,

Болмаса егер салмағың,

Ойланта ма өзгені

Күйгенің мен жанғаның,

Бір кірпіші жетпесе,

Үгітілер қорғаның.

Маңдайдан тер төкпесе,

Орындалмас арманың.

Аққу құс боп оңа ма,

Жұбы болса қарғаның,

Қолда қадір бола ма,

Кем болса бір бармағың.

Түсінерсің, қарағым,

Айтпасам да ар жағын...

Көтересің, қалай да,

Құдай басқа салғанын.

ИбраҺим пайғамбар

ұрпақтары

Шарлап жүріп қиырды,

Көрген талай қиынды

ИбраҺим пайғамбар

Бір Аллаға сыйынды.

Несібесі үйілді,

Сараны алып сүйінді.

Көгертем деп үйіңді,

Ажар да оған бұйырды.

Алла берген нəресте

Түрткіледі бүйірді.

Ажар туған Ысмайыл,

Сара туған Ысқақпен

Қол ұстасып жүгірді.

Аш күзендей бүгілді,

Жақсылыққа ортақ боп,

Жамандыққа күйінді.

Аралары бір жаста,

Тату болған о баста.

Əкесі бір болғанмен,

Шешелері шын басқа.

Бір бірімен екеуі

Дауласпаған құр босқа,

Жүзге жасап қайырым,

Ие болған мың досқа,

Жақсы аттары жайылып,

Сөзі жүрген құрдасқа.


Жебірей мен арабтың

Тегін солай тараттым.

Бірі өскенде желкілдеп,

Екіншісі серпілмек,

Қос бұтағы дарақтың,

Бірін бірі үркітпей,

Шаңқылдаған бүркіттей

Арқасында қанаттың,

Жылжып жылдар өткенде,

Бұл ғасырға жеткенде,

Шалқар мұхит – арабтар,

Шағын өзен – жебірей,

Жайы мəлім санақтың.

Енді бірге туғандар,

Ата жолын қуғандар

Арасында өсек сөз

Айыр тілдей жылмаңдар.

Шайтан кірген жел тұрып,

Бірін бірі өлтіріп,

Қас қылуға оқталып,

Жүрген болса ентігіп,

Отыра алмай тоқтам қып,

Жатқандар бар мертігіп,

Кек алғанын мақтан қып,

Отырған бар желпініп,

Зардап шеккен көп халық

Көшіп жатыр жөңкіліп.

Бірінде бар от-қару,

Бірінде түк жоқ қару.

Не десек те енді олар

Болып кеткен жатбауыр.

Қаламайды екі жақ

Араздықтың тоқтауын.

Ойлары да тоқырап,

Қоя алмайды тосқауыл.

Тоғысқан бір арнада,

Мекке, Құддыс, Шамда да

Əрқайсысы басқа ауыл,

Бірін бірі ұқпайды

Өсіп жатқан жас қауым.

Өтірік те, өсек те,

Шайтан ісі десек те,

Жебірей мен арабтар

Мінгендер бір есекке,

Бірге ішіліп тамақ та,


Жайғасқан бір төсекке,

Бура менен атандай,

Бəйбіше мен тоқалдай,

Бірі біріне кінə артып,

Айта берсе бос өкпе,

Жүк артылған түйеге

Тимей қалмас кесек те.

Олар көрген сұмдықтар,

Ашылатын шындықтар,

Бəрібір, бар есепте.



Тазару

Алдамшы фəнидің

Тартсаң да азабын,

Бола алсаң жаны игі –

Күнəдан тазару.

Кемсіткен дұшпанның

Ұмытсаң мазағын,

Қылмасаң іштарлық –

Күнəдан тазару.

Кешіріп айыбын,

Қайнаса қазаның,

Жасасаң қайырым –

Күнəдан тазару.

Қызықпай мүлікке,

Көп беріп, аз алу,

Кедей боп жүріп те –

Күнəдан тазару.

Жамалған көңілдің

Қыртысын жаза алу,

Өзегі өмірдің –

Күнəдан тазару.

Жауапты

Жаратушы ойлап тапты

Тамұқ пенен жəннатты.

Сенбі күні топырақты,

Жексенбіде тау мен тасты,

Əмірімен жаратты.

Дүйсенбіде бақша-баудың

Өсуін ол қалапты.

Сейсенбіде құрт-құмырсқа,

Түрлі дертті жолатты.

Сəрсенбіде нұр жауғызып,

Бейсенбіде жəндіктерді

Жер бетіне таратты.

Қасиетті жұма күні



Ол Адамды жаратты.

Жүрген аңға аяқ берген,

Ұшқан құсқа қанатты,

Соның бəрін сыйлыққа алған,

Жерде жүрген, көкке барған,

Санасы бар адам ғана

Барлық іске жауапты.

Имандылық санамағы

Бір дегенім – бісімілла,

Бісімілласыз іс қылма.

Екі дегенім – екінді,

Күн жылжыған секілді.

Үш дегенім – үлгі,

Жолатпа еш мінді.

Төрт дегенім –тəпсір,

Жаттап алар жақсы ұл.

Бес дегенім – бесін,

Айта берем несін?!

Алты деген – азан,

Ерте тұрсам, озам.

Жеті деген – жəннат,

Алла жүрсін қолдап.

Сегіз деген – сауап,

Дайын оған жауап.

Тоғыз деген – тəуба,

Шүкірліктен таңба.

Он дегенім – ол

Жаратқанға жол.

Екі қолда он саусақ –

Дұға қылар қол.

Толғамдар

Алла біреу.

Пайғамбар хақ.

Оның айтқан сүннетін

Бұл өмірде орындап бақ,

Мұсылмандық міндетің.

* * *

Құраның қолда бар,



Алланың атынан

Өткенің жөн болар

Жүз он төрт сатыдан.

* * *


Тілегің қалаған

Əр басқан қадамнан.

Жақсылық – Алладан,


Жамандық – адамнан.

* * *


От салса шайтан араға,

Су сеппей оған бола ма?

Дəрет ал таза суменен,

Пəлелі жерге жолама!

* * *

Естуші, тыңдаушы, көруші,



Білуші, алушы, беруші,

Барлығы Алланың арқасы,

Адамның болса егер жеңісі.

* * *


Отанды сүю

иманнан,



Тəніңе иман құйған қан.

Иманың қалса таусылып,

Пайда жоқ терген-жиғаннан.

* * *


Қалса инеге жіп ілікпей,

Күдеріңді үздің бе?!

Түлен түртіп, атың үріксе,

Ие болғын тізгінге!

* * *

Қақ айырылып қара жер,



Аспан түбі тесілер,

Адамға тек сана бер,

Алла бəрін кешірер...

* * *


Амандасып, қол берсең –

Көрген көзге сүйініш.

Шөлдегенге су берсең,

Бəрінен де кейін іш.

* * *

Шаң-тозаңы күмəннің



Бетін баспас шыдамның.

Созылса да түн ұзақ,

Шықпай қоймас шығар күн.

* * *


Босағаны ұстап тұрса көсігім,

Сықырлайды майланбаған есігім.

Ия, Алла!

Сол есіктен енетін

Таусылмасын несібім.

* * *


Базарда қалдырған ақшаң түк емес,

Мешітте қалдырған ақшаң көп емес.



* * *

Біреулерге туған күн – біреулерге жаназа,

Қайсы бірін айтайын, аузым менің ораза.

* * *


Азайса адал пиғыл, халал тамақ,

Көбейіп кетеді онда арамтамақ.

* * *

Алланың қарсы шықсаң есебіне,



Жалғанның ұшырайсың кеселіне.

* * *


Алланың құлы – періште,

Алланың құлы – пенделер,

Алланың құлы – пайғамбар,

Аллаға кім бер тең келер?!

* * *

Жаратушы аңды, адамды,



Қаратушы бұл ғаламды,

Таратушы сор мен бақты,

Ажыратып қараны, ақты,

Талқан қылар тəж бен тақты.

* * *

Төбеге көтеріп сан ұлтты,



Қазаққа кигізіп қамытты,

Көрсетсе қорлықты халыққа,

Жатса да жұп-жұмсақ мамықта,

Түбінде жанады тамұқта.

Ендеше, қамықпа!

* * *


Жікшіл болма, көпшіл бол,

Кекшіл болма, текті бол.

Ебедейсіз сүрінсе,

Сүйеп қалар епті қол.

Сонда сенің болады

Төрт құбылаң түп-түгел.

* * *

Жол көрсетсе адалдық,



Жүрек – сенім қоймасы.

Сол қоймаға арамдық

Сияр ма екен, ойлашы...

* * *


Жаратқан, ия, Алла!

Фəниде қор қылма,

Бақида зар қылма,

Келемін түбі мен

Өзіннің алдыңа.


* * *

Біліп жасадым,

Білмей жасадым...

Бірде қатайдым,

Бірде босадым.

Раббым!


Ғафу ет!

Тек қана өзіңнен

Жақсылық тосамын.

* * *


Фəни – сынақ,

Тым шолақ,

Келген қонақ

Көбі олақ.

Байқап қара сондықтан

Алды-артыңды шамалап.

* * *

Қылсаң ағат,



Тартсаң азап,

Ең бастысы –

Болсын тағат.

* * *


Неге тайраңдап жүрмейсің,

Неге жайраңдап күлмейсің?

Өткен күндерің – көрген түс,

Өмір сүрдің бе?

Білмейсің...

* * *


Талай адам тыныс тапты жерімде,

Ау, ағайын, бұл ғажапқа қарашы,

Құдайсыздар көп болса да елімде,

Көрдіңдер ме атеистің моласын?!

* * *

Газеттердің жазғанына сенесің,



Ал Құранға неге сенбей келесің?!

Роман емес, оқып шыққан Құранды

Адам ғана парасатты, шыдамды.

* * *


Өмір деген иірімі мол бір ағын,

Толып жатыр шешілмеген сұрағы.

Сол сұрақтың табам десең жауабын,

Ақиқатқа жақындайсың бір адым.

* * *

Сан ғасырд а, сан д əуірд е сыналған,



Мына жалған сынақтард ан құралған.

Сол сынақтан өте алмаған пенд елер

Айырылад ы тəуба менен шыд амнан.

* * *

Адам менен Нұх пайғамбар арасы



Он ғасырдай шамасы.

Содан бері адасқанын қойды ма

Адамзаттың баласы?!

* * *


Молдада да мін болар,

Жайбарақат жүрсе егер.

Дін – қараңғы ін болар,

Уағыз айтса дүмшелер.

* * *

Жамандар жақсы алдында жақ ашпайды,



Шын сөзге дəті жетіп таласпайды.

Адалға ант ішудің керегі жоқ.

Арамға Алла деген жараспайды.

* * *


Бұл жалған бір күн сайран, бір күн ойран,

Ішкізер бір күн шалап, бір күн айран,

Қылышы Əзірейілдің төніп тұрған

Білмейсің келетінін қалай, қайдан?

* * *

Ат мініп, ит жүгіртіп, жар құшқан да,



Фəниде иттей болып тартысқан да,

Тірлікте тəубасына келу керек,

Тəнінде қалмауы үшін қарғыс таңба.

* * *


Қызыққандар жұмақтың қызығына,

Тап болады тозақтың шыжығына.

Жалған тонын жамылып жүрген кісі

Шыдамайды шындықтың қызуына.

* * *

Отқа тастар қорғасындай балқытып,



Тозақты айтып отыр деме қорқытып.

Ескертудің ерсілігі жоқ, бірақ,

Жүргендерге тек өздерін зор тұтып.

* * *


Осы күні заман басқа, жыр басқа,

Фəни-дəурен баста мəңгі тұрмас та.

Момынмын деп мақтануға бола ма,

Мүмінмін деп айтқан болса бір басқа.

* * *

Қазақстан болғанымен ұраның,



Қабірстан – сенің соңғы тұрағың.

Бақида да өмір барын ұмытпа,

Бұл фəнидің өткергенде сынағын.

* * *

Тілегі пайғамбардың үмбетіне



Жатады патшалардың міндетіне.

Бақиға киіп тəжін бара алмайды,

Жарлығын жүргізсе де жер бетінде.

* * *


«Асығыстық – шайтан ісі» дегенге

Адамдардың көбі қазір сене ме?

Күйгелектік, ызақорлық, кекшілдік

Шайтан ісі болмағанда, немене?!

* * *

Көлеңкесі патша дейсің Алланың,



Көтер дейсің Құдай басқа салғанын.

Ол көлеңке сескенбесе Құдайдан,

Сезбей қалар басы қайда қалғанын.

* * *


Шықпаса тау түгілі жай белеске,

Бос ғұмыр жалғанда өткен қайғы емес пе,

Хакімдер мұны жақсы түсінетін

Адамға көздері ашық «қой!» – демес пе?!

* * *

Тіршілікте болғанымен өр-кеуде,



Наласы көп ақын да бір шерменде.

Өзге жұрттан айырмасы, жұрт оқып,

Ырза болса, дұға қылар өлгенде.

* * *


Бісімілла деп бастасам сөз басын,

Қайғы-шерім көңілімді қозғасын.

Мұз боп қатқан қасіретім ерісін,

Ішкі кірді жуып-шайсын көз жасым.

* * *

Адаммын. Пері емеспін, жын емеспін,



Хаққа құлмын! Патшаға құл емеспін.

Ашып ешкім аузымды қарамайды

Не бар деп ар жағында қыл өңештің.

* * *


Көркемдік пен кемелділік Хаққа тəн,

Шеберлік пен сабырлылық Хаққа тəн.

Соның бəрін сыйласа да пендеге,

Көп адамда сол қасиет жоққа тəн.

* * *

Жалғыз жүрсең – Жаратқанды есіңе ал,



Жарлы көрсең – Пайғамбарды есіңе ал.

Үлкен көрсең – ізетті бол, сəлем бер,

Қонақ келсе – қошеметтеп тосып ал.

* * *


Таратқан тіршілікті жер бетіне,

Құдайдың халық куə құдіретіне.

Қызарып күн шыққанда көкжиектен,

Алладан саулығыңды күнде тіле.

* * *

Біреуді даттасаң да, мақтасаң да,



Шындықты айт, дос көңілін таппасаң да.

Аллаға тура сөздің жағары хақ,

Адамға естіп тұрған жақпасаң да.

* * *


Жалғанда өтеген жан бес парызын,

Қалмады деуі мүмкін еш қарызым.

Абайла, алды-артыңа бірдей қара,

Түп-түзу емес барлық басқан ізің.

* * *

Көріп тұр ғой бір Алла қиянатын,



Көрген кісі ісінен ұялатын.

Қалай қабыл қылад ы біліп тұрып

Иманы жоқ ад амның ғибад атын?!

* * *


Бір жерде сел боп жатса, суы кеппей,

Бір жерде өрт боп жатыр, суы жетпей.

Алланың кереметін көре тұра,

Талайдың жүр осыған көзі жетпей.

* * *

Біреу жатса дертті болып, қан құсып,



Біреу жатыр күліп-ойнап, жар құшып.

Бұл жалғанның ұмытпа деп бал күнін,

Шөп бетінде жалтырайды таңғы шық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет