Пайдаланылған әдебиеттер: Елисеева И.Г., Ерсарина А.К. Жалпы білім беру мектептеріндегі ерекше білім алуды қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету: әдіс.нұсқаулық/ - Алматы: ТП ҰҒПО, 2019. – 96 б.
Инклюзия жағдайында жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық білім берудің жеке бағдарламаларын құрастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар. Әдістемелік ұсынымдар – Нұр-Сұлтан: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2019. – 321б.
Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 13 б.
Қазақстан Республикасындағы арнайы және инклюзвиті білім берудің жағдайы мен дамуы. Аналитикалық баяндама. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – 49 б.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығы «Тиісті үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657
1.2. Ерекше білім беру қажеттіліктерін анықтау.
Инклюзивті білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде ерекше білім беру қажеттілігі деп оқушылардың сапалы білім алуы барысындағы психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да көмекке қажеттілігі атап көрсетіледі.
Біздің елімізде білім беру саласындағы әлемдік практиканың үрдістері мен жетістіктерін және қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың басым міндеттерін ескере отырып, инклюзивті білім беруді дамытудың Тұжырымдамалық тәсілдемелері әзірленді. Инклюзивті білім беру кедергілерді жоюға және сапалы білім беруге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ерекше білім беру қажеттілігі бар барлық адамдарды қосуға және оларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған білім беру процесі ретінде қарастырылады. Осы құжат шеңберінде «ерекше қажеттіліктері бар балалар» ұғымы кеңейтілді және ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға мыналар жататыны анықталды: мүмкіндіктері шектеулі балалар; көшіп-қонушы балалар, босқындар, оралмандар, қоғамда әлеуметтік бейімделуде қиындықтары бар балалар (жетім балалар, девиантты мінез-құлықты балалар, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психологиялық мәртебесі төмен отбасылардан шыққан балалар).
Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтік-педагогикалық жіктеліміне мыналар кіреді:
1) есту қабілетінің зақымдалуы: нашар еститін, естімейтін және кохлеарлы импланты бар бала;
2) көру қабілетінің зақымдалуы;
3) тірек-қозғалыс аппаратының бұзылысы: жеке күтімді талап етпей өз бетінше жүріп-тұратындар; арнайы жүріп-тұру құралдарының және (немесе) техникалық компенсаторлық (көмекші) құралдардың көмегімен жүріп-тұратындар; бірге еріп жүретін тұлғаның көмегін талап етіп өз бетінше жүріп-тұрмайтындар;
4) зерде зақымдалуы: жеңіл, орташа, ауыр және терең зерде зақымдалуы (жеңіл, орташа, ауыр және терең ақыл-ой кемістігі диагноздарына сәйкес келеді);
5) психикалық дамудың тежелуі;
6) сөйлеу тілінің дамымау түрі, формасы және деңгейі көрсетілген сөйлеу тілінің бұзылысы: фонетикалық-фонематикалық, сөйлеу тілінің жалпы дамымауы, тұтығу, ринолалия, дизартрия, дисграфия, дислексия және т.б.;
7) қарым-қатынас және әлеуметтік өзара іс-әрекеттің бұзылысы немесе қиындықтары (аутизм және аутисттік спектрдің бұзылуы диагноздарына сәйкес келеді);
8) мінез-құлықтың бұзылыстары немесе қиындықтары (гипебелсенділік және зейін тапшылығының синдромы (ГЗТС) диагнозына және басқа мінез-құлық бұзылыстарына сәйкес келеді, соның ішінде әлеуметтік-психологиялық факторларға байланысты).