10. Сүлеймен Бақырғани(XII ғасыр)«Бақырғани кітабы» Хакім ата (туған жылы белгісіз - 1186 жылы қайтыс болған) - сопылық-дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ислам дінінің «жахрия» («йассауишілік») деп аталатын ағымын қыпшақ даласына уағыздап, таратушы көрнекті діни қайраткер. Болашақақын қазіргі Қарақалпақстанға қарасты Қоңырат қаласына жақын жердегі көне қамал-қала Бақырғанда туған. Түркі әлемінің ғылым мен өнер ошақтары - Исфиджаб (Сайрам), Фараб (Отырар), Йассы (Түркістан) шаһарларында ұзақ жылдар оқып, ислам ілімінің аса көрнекті ғұламаларынан дәріс алған. Кезінде «ұстаздардың ұстазы» атанып, «ұлы шайхы» дәрежесіне жеткен ғұлама-ақын Ахмет Йассауидің ең қабілетті шәкірті, ізбасары болған. Бақырғани жасы ұлғайған шағында ел арасында Хакім ата деп аталып кеткен. Бақырғанидің сопылық-дидактикалық мазмұндағы хикмет-өлеңдері кезінде ұлан-ғайыр қыпшақ даласы мен Орта Азияның түркі тілдес тайпалары арасында кеңінен тарағаны тарихтан жақсы мәлім. Алайда ақын мұрасы тек XIX ғасырда ғана қайта жинақталып, Қазан, Ташкент және Стамбул баспаларынан «Бақырғани кітабы» деген атпен бірнеше рет (1846, 1877, 1882, 1898 жж.) басылып шықты.
«Бақырғани кітабы» - түркі тілдес халықтардың XII ғасырдан сақталған сопылық-дидактикалық ағымдағы алғашқы әдеби жәдігерліктерінің бірі. Бұл жыр жинағы орта ғасырлық қазақ әдебиетінің де мұрасы болып табылады. Ақынның хикмет-жырлары кезінде қазақ ақын-жыраулары поэзиясында кеңінен тараған ақыл-өсиет айту сарынындағы жыр-толғау үлгісімен үндес болып келеді. «Бақырғани кітабы» негізінен бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді шартты түрде көңіл күй жырлары деуге болар еді. Ал екіншісі - сопылық идеясын насихаттауға арналған дидактикалық-философиялық хикмет-өлеңдері, үшіншісі - Алланы мадақтауға арналған жырлар («Меърож-наме»), төртіншісі - «Ақыр заман көріністері» дастаны, бесіншісі - «Бибі Мариям» толғауы. «Бақырғани кітабының» басты идеясы - оқырманын ізгілікке, имандылыққа,рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты,абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен Ахмет Йассауи айтқандай, төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар: шариғат, тариқат, маърифат, хақиқат екенін жоғарыда айттық. Ақын өз жырларында сопылық идеяның негізгі қағида-шарттарын айта отырып, сонымен бірге адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік береді. Бақырғани Алла сыйлаған өмірдің ләззатынан безбеуге, махаббат қызығын көруге, ғылым мен өнерді меңгеруге үндейді. Адамды құрметтеу арқылы құдайға құрмет көрсетуге болатынын зор шабытпен жырлайды. Бақырғани өз хикметтерінің бірінде:
Әрбір адамды көргенде қыдыр деп біл,
Әрбір түнді киелі қадыр деп біл, -дейді. *
Ақын мұнда «қыдыр» сөзін - әрбір үйге бақыт, дәулет әкелетін әулие, ал «қадыр» сөзін - құдайдан көмек тілейтін, қасиетті түн мағынасында айтып отыр. Ол өзінің «Құл Сүлеймен сөйлейді» деп басталатын өлеңінде ғашықтық сезімін көкке көтере мадақтайды. Ақын өзінің көңіл күй жырларында адам баласына ғана тән сүйіспеншілік сезімін философиялық тұрғыдан түсіндіруге әрекет жасайды. Адам хаққа (Құдайға) жақындау жолында бірте-бірте кемелдене түседі. Тазарып, жақсара береді.
Міне, осындай жан тазалығының бір көрінісі – сүйіспеншілік сезімі. Бұл - адам парасатының ең жоғарғы сатыларында ғана жетіліп, шешек атады. Сол арқылы Алланың құдірет күшін тағы бір танытып өтеді. Адам сүйіспеншілік арқылы жан тазалығына іштей тағзым етеді. Махаббаттың ұлы құдіреті алдында өзінің пенде, құл екенін сезінеді:
Алла берген сезімді сыйламаған,
Хақ жолында өз жанын қинамаған.
Емделмейтін дертіне дауа іздеп,
Зымырап өтіп барады мына жалған.
Тәуіптер көп тәніңді емдейтұғын,
Тәуіптер көп жаныңды сезбейтұғын.
Шіркін, сезім - шынайы құдірет қой,
Алладан басқаға бас имейтұғын.
Тәуіптер жоқ жаныңды емдейтұғын.
Махаббат та құдіретке тең дейтұғын.
Құдайым сақта мені пенделерден,
Не өзіне, не маған сенбейтұғын.
Сүлеймен Бақырғани адам бойындағы мөлдір сезімді асқақтата жырлай келіп, төмендегідей түйін жасайды:
Менің жаным - саған деген махаббат,
Тәнім әлсіз, бірақ жаным шапағат.
* «Бақырғани кітабынан» келтірілген мысалдарды осы кітаптың Қазан(1898 ж.) және Ташкент (1991 ж.) басылымдары бойынша жолма-жол аударып беріп отырмыз.