63. А. Иүгінекидің «Хибатул-Хақайық»(Ақиқат сыйы) дастанындағы
оқу-білім , әдептілік, жомарттық, мейрімділік , ізгі қасиеттер суреттелуі.
*ОҚУ БІЛІМ*
Ахмет Йүгінеки өз дастанының негізгі бөлімін «Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы» деп аталатын жырдан бастайды. Дастанның жолма-жол аударма жасалған прозалық нұсқасынан бұл сөзімізге бірнеше мысал келтірейік:
Білімді кісі қымбат бағалы динар сияқты,
Білімсіз надан - құны жоқ бақыр. Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді. Білімді әйел - ер, надан еркек - әйел.
Сондай-ақ Ахмет Йүгінеки өз дастанында білімді адамның қоғамға берері мол екенін айта келіп:
Білікті білім жинап кәсіп етер,
Білімнің дәмін татып, өсіп өтер.
Білдірер білім елге білім сырын
Біліксіз білімді аттап, басып өтер.
Білікті біліп айтар сөзін ұтар,
Ол емес бос сөзіңді бедел тұтар.
Білімсіз не айтса да, білмей айтар -
Өз тілі өзінің кеп басын жұтар.
Абайдың қазақ қауымын оқу-білімге шақырған өлеңдері Ахмет Йүгінекидің жоғарыдағы ой-пікірлерімен үндесіп жатады:
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Сөйтіп, Ахмет Йүгінеки бүкіл әлемнің сырын ашатын кілт көкірек көзі ашық, оқыған, білімді адамдардың қолында деген түйін жасайды. Бір қызығы - ақын ғылым мен ашу-ызаны бір-біріне қарсы қойып суреттейді. Сол арқылы ол білім іздеген адам өз бақытын өнер- білімнен табады, ал ашу-ызаға тізгін берген кісі қашанда надандықтың қара түнегіне қамалады деген пікір айтады.
*ЖОМАРТТЫҚ*
Ахмет Йүгінекидің айтуы бойынша, жомарттық тұрған жерде алынбайтын асу жоқ, жылынбайтын жүрек жоқ. Ақын жомарт жандарды жан-жүрегімен тебірене жырлайды. Дастанның авторы үшін жомарт болу - әдеттегі мінез-құлық нормасы ғана емес, жомарттық жалғыз адамның ғана емес, бүкіл қоғамның имандылығын, адамгершілігін, мейірімділігін айқын көрсететін айна деп біледі. Сол себепті ақын адамдардың мінез-құлқын жақсарту арқылы, оларды жомарт әрі білімді етужолымен бүкіл қоғамды да жақсартуға болады деп түсінеді.
Ахмет Йүгінеки өз дастанында адамдарды бір-біріне мейірімді болуға, өзара көмектесіп отыруға уағыздай келіп, жомарттық пен сараңдықты салыстыра жырлайды. Ақын жомарттық қасиетті адам мінезіндегі ең жарқын, ізгілікті құбылыс ретінде көкке көтере мадақтайды. Ал сараңдықты ақын адам бойындағы ең жиіркенішті қасиет деп біледі. Жомарттық пен сараңдықты бір-біріне қарама-қарсы қойып суреттеу арқылы ақын «алланың нұры жауған» адамның бейнесін жасайды:
Өмірде жақсы мінез - «жомарт» деген,
Жаман ат - «сараң», тәуір сөз ермеген.
Берген қол бәрінен де құтты болар,
Сол жаман - ала біліп, түк бермеген.
Жазылмас сараң - ауру емдегенде,
Қарысар қолы тастай, «бер!» дегенде.
Көзінің сұғы тоймай тіміскілеп,
Болады малдың құлы ерлегенде.
Сақылық - ел ішінде бір төбе де,
Абырой, атақ сонда, мәртебе де.
Бол жомарт, халықты сол сүйсіндірген,
Кейін де, бүгін де, ертеде де.
Достарыңызбен бөлісу: |