Қорытынды
Зерттеу барысында жасалған теориялық қағидалар мен тұжырымдар, 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру үлгісі негізіндегі тәжірибелік жұмыстар нәтижелердің дәйектілігін көрсетеді және мынадай қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:
1. Зерттеу мәселесіне байланысты оқушыларға құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздерін айқындап, «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие» «құқықтық жүйе» ұғымдарының педагогикалық мәні, мазмұны нақтыланып, жеке тұлғаны қалыптастыруда құқықтық тәрбиенің шешуші рөл атқаратындығы дәлелденді.
2. Жалпы орта білім беретін мектептерде 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің құрылымдық-мазмұндық моделі жасалып, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері көрсетіліп, оқушының құқықтық тәрбие арқылы жеке тұлға болып қалыптасуына, қазіргі ғаламдану жағдайына сәйкес, жаңа қоғамға бейімделген жеке тұлғаға деген сұраныс бұл мәселелердің көкейкестілігін бұрынғыдан да арттыра түсетіндігі айқындалды.
3. Оқу-тәрбие процесінде 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары ғылыми - педагогикалық тұрғыда анықталынып, нәтижелері дәйектелініп, қазіргі қоғамның түрлі салаларының әлемдік даму деңгейіне жасалынып жатқан талпыныстары тек құқықтық тәрбие арқылы реттеліп ғана жүзеге асатындығы дәлелденді.
4. Жалпы орта білім беретін мектептердегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беруді ұйымдастыру әдістемесі жасалып, оның тиімділігі сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізілу мүмкіндіктері ғылыми-педагогикалық тұрғыдан айқындалды.
5. Зерттеу жұмысының нәтижесінде “Қазіргі мектептердегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің негіздері” атты арнайы курс бағдарламасы жасалынды. Жалпы білім беретін мектеп жеткіншектеріне құқықтық тәрбие берудің – тәрбие процесін оңтайлы ұйымдастырудың және нәтижелі жұмыс істеудің шарты болып табылады
6. Жалпы орта білім беретін мектептердегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру – жеке тұлғаның қалыптасуының маңызды көрсеткіші және оқушыларға құқықтық тәрбие беруде: мотивациялық, танымдық, рефлексиялық бағалау, іс- әрекеттік компоненттерін бір арнаға біріктіру қажеттілігі дәлелденді.
7. Тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының оң нәтижелері 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беруге байланысты ұсынылған болжамның дұрыстығына көз жеткізілді.
Ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты мен болжамына сәйкес белгіленген міндеттер орындалып, оң нәтиже алынды. Теориялық қағидалар мен тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының нәтижесі төмендегідей ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді:
- 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беруде оқу-тәрбие жұмысын жүйелі, мақсатты, кешенді жетілдіру және ғылыми теориялық, әдістемелік әдебиеттер шығару;
- оқу-тәрбие үрдісіндегі тәрбиенің мазмұнына сәйкес күнделікті жұмыста оқушыларға құқықтық тәрбие беруге бағытталған жұмыстармен толықтыра отырып, осы бағытта жұмыс жасайтын ұстаздардың озат тәжірибелерін насихаттау үшін облыстық, аудандық көлемде және мектепішілік педагогикалық оқулар, әдістемелік семинарлар, байқаулар ұйымдастыру;
- мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарында, жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде “Қазіргі мектептердегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру негіздері» атты арнайы курсты ендіру.
Зерттеу мәселесі күрделі болғандықтан, оның барлық салаларын жеткілікті дәрежеде қамту мүмкін емес, келешекте құқықтық тәрбие беру түрлеріне байланысты мұғалімдерді құқықтық тәрбие жұмысына даярлау және осы бағыттағы ізденістер болашақта арнайы, дербес зерттеуді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |