Темірғали Көпбай.
«Сыртқа қасиет бітпейді, Алла тағала
қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет
бітеді»
2
, - дейді Абай. Маңызы мен мәні, сыны кетпей,
әріден келе жатқан сөз. Осы сөзден адамға ғана
қатысты емес, өнерге, өнер туындысына да қатысты
қасиет танылады. Өлеңнің де қасиеті ішінде. Ішкі
қасиеттің сыртқы ажармен ашылуы, ішкі қасиет
алтын болғанда, сыртқы ажардың күміс болып келуі өмірде де, өлеңде де
сирек.
Өлең сөздің іші алтын, сырты күміс болуы - жайнаған жарасымның
көрінісі. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» жайнаған жарасымымен
жанар жасқағандай жарқырап тұруының өзі тамаша. Жайнаған жарасымымен
жанар жасқағандай жарқырап тұрған тамашаға қарамаймын деген жанның өзі
көз салмай өтпейді. Ондай тамаша көп болмайды.
Темірғалидың сөзінің іші - алтын. Темірғалидың сөзінің қасиеті ішінде,
«Алла тағала қарайтұғын қалыбында, боямасыз ықыласында».
Темірғали Көпбай өзінің төрттағандарын көпшілікке «Даналық тәпсірі»
3
деген атпен ұсынды.
«Даналық тәпсіріндегі» бірінші төрттаған мынадай екі жолмен
түйінделеді:
Бір ғұмырға татитұғын сәттер бар,
Ғұмыр да бар татымайтын бір сәтке.
Жер бетінде жүре тұрсақ демейтін адам жоқ. Лұқман хакімнің бір
мысалы «Адам мен ажал» деп аталады. Бір адам үйіне отын арқалап келе
жатыр екен дейді. Отынды шауып, жинап, арқасына салып арқалап келе
жатқан адам қатты шаршайды. Өмірдің ауыртпалығынан қажыған қарт
арқасындағы отынның астында теңселіп келе жатып, бір биіктің басына
шыққанда: «Уф! Бүйтіп азап шеккенше өлсем еді. Ажал да алмай қойды. Ей,
ажал, қайдасың?!» - деп, отынын жерге қойып, өзі отынына сүйеніп дем алып
отырады. Сол сәтте ажал жетіп келіп: «Міне, мен мұндамын. Неге
2
Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том. – Алматы: Ғылым, 1977. –
206-бет.
3
Темірғали Көпбай. Даналық тәпсірі. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2019. – 264 б.
39
шақырдың?» - депті. Сонда әлгі адам: «Сені мына отынды маған арқалатып
жіберу үшін шақырдым. Кәне, арқалатып жібер!»
4
- депті.
Мысалдың соңында мынадай түйінді ой бар: «Адам баласы өмірдің
ауыртпалығынан қанша қажып, қиналса да, оны қиып кеткісі келмейді».
Адамның жаратылысы осындай. Жаратылысы осындай адамға Темірғалидың
өз айтары бар. Темірғали айтумен тынып қалмай, ой салып, ойландырып
қояды. «Бір ғұмырға татитын сәттер» деп ақын қандай сәттерді айтып
отырғанын, «бір сәтке татымайтын ғұмыр» деп қандай ғұмырды айтып
отырғанын білгіміз келіп, ойланып қалатынымыз рас. Ақын қозғап жіберген
ойдың түбіне бойлау оңай емес. Өйткені ақын бұл жерде шеберлік көрсетіп
қана қоймайды, маңызы шалқыған, мәні тасыған тереңдік аңғартады.
Орынды, қисынды. Ойдың алғырлығы, тапқырлығы бірдей көрініп тұр.
Асылында, төрттағанның семантикалық құрылымында ақындық ойдың
алғырлығы, шығармашылық қиялдың жүйріктігі, қиыннан қиыстырып,
қисынын табудағы шеберлік аса маңызды поэтикалық қызмет атқарады.
Темірғалидың төрттағандарында ақындық ойдың алғырлығы, шығармашылық
қиялдың жүйріктігі, қиыннан қиыстырып, қисынын табудағы шеберлік үлгісі
тең түсіп жатады.
Ұзақ ғұмыр жасағысы келгенмен,
Қартайғысы келмейді екен ешкімнің, -
деген келесі бір төрттағандағы ойлар да қиыннан қиысқан. Ақын бір сырдың
екі қырына тән мән мен мағына арақатынасындағы ерекшеліктерге сүйене
отырып, тосын поэтикалық анықтама жасайды. Адамның ұзақ жасағысы
келетіні рас, адамның қартайғысы келмейтіні де шын. Ұзақ жасау – басты
тілек. Ұзақ жасау туралы тілегіне жеткен адам қартаймай қалмайды. Ұзақ
жасаудың нәтижесі – қартаю. Табиғаттың заңы осындай. Бұдан қашып
құтылар жан жоқ. Бір адамның көңіліндегі осы екі тілектің мәні мен
мағынасындағы қайшылықты реңктер жоғары көркемдік әлемінде, шын
шеберлік шыңында ой түюге негіз болған. Ақынның түйген ойы тіршілік
философиясының келісті кестесіндей, поэтикалық өнердің өңін бермес өмірлі
өрнегіндей шынайы және шырайлы.
Біздер, біздер мөлдіреген шықтаймыз,
Тіршіліктің шеңберінен шықпаймыз.
Нағыз өмір басталар деп жүргенде,
Өмір өтіп кететінін ұқпаймыз.
Әркімнің басында болатын, көкейінде жүретін, бірақ өзі сезбейтін
шындық сырын ақынның төрттағанын оқыған соң ғана тапқандай болып
таңданысатын жай да болады. Кісінің көкейінде тұнып жатқан сырды түртіп
4
Лұқман хакім. Даналық сөздер / Құраст., басқа тілдердегі мәліметтерді қазақшалаған, зерттеу мен
түсініктерді жазған Ж. Дәдебаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2021. – 47-бет.
40
оятып, оны сол кісінің өз танымы арқылы ашу – Темірғалидың оңтайлы және
қапысыз меңгерген ақындық тәсілі.
Cырды айттым көз жасындай көзедегі,
Кей дарын күнге найза кезенеді.
Талантқа тас атудың керегі жоқ,
Талантты мақтай берсең, өзі өледі, -
дейді Темірғали.
Осы төрттағанға дейін Темірғалиға арнап бірер мақтау сөз айтпақ едім.
Мынадан кейін ол ойымнан қайттым. Мақтау сөзімді айта беріп кілт тоқтадым.
Аздан соң сабама түстім. Көңілім тынышталғандай болып еді, осы төрт тағаны
үшін Темірғалиға сын айтқым келді. Бірақ төрттағанның төрт аяғы бірдей
шындықтың үстінде тұр. Шындық болғанда тілді үйіретін тәтті емес, ащы,
ащы шындық. Шындықты шындық болғаны үшін мақтаудың керегі жоқ.
Шындыққа ащылығы үшін сын айту дұрыс емес. Шындықтың шындық екенін
мойындау қажет, одан көз жазып қалмау керек. Темірғалидың төрттағаны –
төрт тағандап тұрған шындық. Оны мойындамасқа, оны қабыл алмасқа
болмайды. Темірғали мойындамасқа, қабыл алмасқа болмайтын шындықты
айтыпты. Менің білуімше, мойындамасқа, қабыл алмасқа болмайтын
шындықты шырайын ашып айту шын ақынның ғана қолынан келеді.
Темірғалидың «Даналық тәпсірі» шығармашылық қабілет пен ақындық
пайымдаудағы алғырлық пен тапқырлықтың, ерендік пен берендіктің,
тереңдік пен кемелдіктің тоғысуынан туған. Әл-Фараби даналық дегеніміздің
«дүниеде бар үздік заттар туралы үздік білім»
5
екенін айтады. Төрттаған
жанрына тән басты ерекшелік – дүниеде бар үздік құбылыстар туралы үздік ой
түю, болмыстағы әрбір нәрсенің түпкі себептерін біліп айту. Төрттаған
жанрында ізденген шығармашылық тұлға жанр талабына сай дүниеде бар
үздік құбылыстар туралы үздік ой түюге, болмыстағы әрбір нәрсенің түпкі
себептерін біліп айтуға ұмтылады.
Темірғали Көпбайдың «Даналық тәпсірінде» дүниеде бар үздік
құбылыстар туралы үздік толғамдар топтастырылған, болмыстағы
құбылыстардың түпкі себептері туралы үздік поэтикалық ойлар қорытылған.
Темірғали Көпбай - дүниеде бар үздік құбылыстар туралы үздік
толғамдар түю биігіне шыққан, болмыстағы құбылыстардың түпкі себептері
туралы үздік поэтикалық ойлар қорыту деңгейіне көтерілген дара
шығармашылық тұлға.
Арғынбай
Бекбосынның,
Темірғали
Көпбайдың
рубаяттары,
төрттағандары – Тәуелсіздік кезеңі поэзиясының елеулі жетістіктері
Тәуелсіздіктің отыз жылында қазақ поэзиясы тақырыптық және идеялық
мазмұны жағынан байыды, жаңа тақырыптардың арналары ашылды, жаңа
ойлар мен идеялардың поэтикалық негіздері жасалды, жанрлық құрамы,
көркемдік бейнелеу құралдары байытылды, жаңа образдар қатары дүниеге
5
Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. – 230-бет.
41
келді. Лирикада адамның күйініші мен сүйініші арқылы болмыстың алуан
сырлы қырлары мен адамның рухани әлемі арасындағы байланыстардың сан
алуан түрлерін, олардың жасырынулы мәндерін таныту бағытында үлкен
жетістіктерге қол жетті. Эпикалық суреттеу амалдары арқылы Тәуелсіздік
дәуірі адамдарының ішкі әлемін танытудың, ақынның ықтимал әлемінің
кеңістігін бейнелеудің көркемдік-эстетикалық жаңа мүмкіншіліктері игерілді.
Өмірдің шындық оқиғаларын суреттеуде эпикалық, лирикалық, драмалық
дастандар әлеуметтік, философиялық жинақтаудың жаңа биігіне көтерілді.
Тәуелсіздік жылдарында қазақ поэзиясы жаңа мазмұнмен, жаңғырған
көркемдік бейнелеу құралдарымен, жаңа поэтикалық өрнектермен байыды,
интеллектуалдық жаңа биікке шықты.
2021
Достарыңызбен бөлісу: |