Жанғара Дәдебаев



Pdf көрінісі
бет10/13
Дата15.11.2023
өлшемі0,93 Mb.
#123700
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
Тәуелсіздік-поэзиясы

Серік Томанов
(1956-2003) өмірге жылап 
келді, өмірде жылай тұра күліп, күле тұра 
жылап өтті, өмірден жылап кетті. Серіктің 
өмірге жылап келуінің себебі көпке түсінікті: 
төрт мүшесі түгел, бес сезімі бүтін жанның 
мына дүниеге жыламай келуі мүмкін емес. 
Бұған алып-қосар бірдеңе іздеу артық. 
Серіктің өмірде жылай тұра күліп, күле тұра 
жылап өтуінің себебі де түсінікті: өлеңдерінде 
тұнып тұр. Сөйткен өмірден Серіктің жылап 
кетуінің себебі – Серіктің өмірде алдынан 
күткендері, 
қимастары, 
қимайтындары, 
қоштасқысы келмейтіндері көп болды. Мұны 
жастың ісі, «саусағын жайып алыстағы айға 
талпынған» жас жүректің ісі десек керек. 
Жырым жылайды, 
Мен жыламаймын. 
Қан жылап өткен бар жыры Абайдың. 
Аңғалағыма жас тұрмас менің,


29 
Аңғары құрғақ сай-жырадайын 
Мен жыламаймын, 
Жырым жылайды... 
«Мен жыламаймын...» өлеңінде ақын осылай толғанады. Ақынның сөзі 
құлағына жеткендей болса, Абай атасы: «Е, айналайын, жылама», - дердей. 
Ақын: «Мен жыламаймын, жырым жылайды», - деп, атасын, атасымен бірге өзін 
жұбататындай. Серік атасының жайын кейін білсе, атасы Серіктің жайын 
әлімсақтан білген сияқты.
Серік жүрекке әмірін жүргізбеді. Жүрек Серікке әмірін жүргізді. Серік 
дүние есігін ашқанда, Серік болып жылап келген жүрек еді. Дүниеде Серік 
болып жылай тұра күліп, күле тұра жылап өткен де жүрек еді. Серік дүниеден 
кетерде тағы да сол ғазиз жүрек Серік болып жылап кетті. Өлеңін, ақындық 
өнерін, ақындық өмірін қимай кетті.
Шаруа едім тірліктің көшіне ерген, 
Таусап таттым жердегі несібемнен. 
Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын, 
Топырағым бұйырды осы жерден. 
Ата-бабам, бауырым, туысым да
Осы жерде: төбенің қуысында. 
Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ, 
Топырақ тек қалғаны уысымда. 
Серік Томановтың қара кітабы «Пәруана» (2004) осылай басталады. Ақын 
бұл өлеңіне «Эпитафия (Құлпытастағы жазу)» деп ат қойыпты. Мұқағали
ағасы мұндай өлеңін «Зираттағы жыр» деп атаған еді. «Құлпытастағы жазу» 
десек те, «Зираттағы жыр» десек те, «Эпитафия» десек те мән өзгермейді. 
Серіктің көңіл күйі де Мұқағали ағасының көңіл күйімен сарындас, олар да 
өзгеретін емес. 
Өлең жолдары сабырға толы. Тіріде таусылмайтын тіршілік қамы, 
әлденеге талпыну, әлдеқайда асығу, әлденеге реніш, әлденеден үміт... – өлеңде 
де, өлең шыққан көңілде де бұлардың ешқайсысының елесі жоқ. Ақынның 
өлеңі де, өзі де ақиқатқа жетіп, ақиқатқа айналған, ұлы сабырмен тыным 
тапқан. 
Серік Томанов өмірінің бір жартысын Тәуелді заманда, екінші жартысын 
Тәуелсіздік кезеңінде өткізді. Ақыннан қалған шығармалар ел-жұртқа үш кітап 
болып жетті: 1) Томанов С. Пәруана / Алғы сөзін жазған Маралтай 
Райымбекұлы. – Алматы: Үш қиян, 2004; 2) Томанов С. У / Құрастырғандар 
Марал Томанова, Еркін Жапаров. Алғы сөзін жазған Абдұлла Бақбергенов. - 
Алматы: Атамұра, 2006; 3) Томанов С. Соғады сен деп жүрегім. - Алматы: 
«Хантәңірі» баспасы, 2017. Үш кітап та ақын дүниеден өткен соң жарық көрді. 


30 
Ақынның шығармашылық талантының толысқан шағы Қазақстанның 
Тәуелсіз Республика болып қайта құрылып, қалыптасу кезеңіне сәйкес келді. 
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі түрлі қайтақұрулар оңай болған 
жоқ. Оның қиыншылықтары шығармашылық тұлғалар үшін де қиынға соқты. 
Қалам ақы жоқ, лайықты жұмыс орны жеткіліксіз, адамдардың сатуға, сатып 
алуға, алып қалуға, қалайда мал табуға ұмтылған сапырылысы қалам ұстаған 
ақын үшін, шығармашылық еңбек адамы үшін бейтаныс, жат болды.
Ақынның лирикалық кейіпкерінің шындық іздеп жүріп өтірікке тап 
болған, әділет іздеп жүріп әділетсіздікке кез болған, адам іздеп жүріп наданға 
тап болған жағдайдағы хәлі - ақынның шығармашылық мұрасының өзекті 
желілерінің бірі. Ақын қоғамдық құрылыс ауысып, қоғамдық құндылықтар 
алмасып, жаңарып жатқан шақтағы күрделі, қайшылықты ахуал жағдайында 
адамның күнделікті тірлігінің күйбең көріністерін термей, ішкі әлеміне еніп, 
жан сырына үңіледі. Қоғамдық құрылыс ауысып, қоғамдық құндылықтар 
алмасып, жаңарып жатқан шақтағы күрделі, қайшылықты ахуалдағы адамның 
ішкі әлемінің төріндегі, жан сырының тереңіндегі халі – ақын лирикасының 
әрі мен нәрі. Серік ақын ретінде өз шығармашылығының әрі мен нәрін ішкі 
әлемінің төріндегі, жан сырының тереңіндегі осы халден тапты. Уақыттың 
ауыр тынысын терең сезінген жанның көңіл күйін үлкен ақындық шеберлікпен 
толғады.
Көңілі тоқ, қамсыз жандар үшін мұң-шерді, мұң-шер өлеңдерін қабылдау, 
түсіну қиын. Оларға кінә артуға болмайды. Бірақ шындықтың жүзіне тура 
қараудың артықшылығы жоқ. Ақынның лирикасында шындықтың шырылы 
бейнеленген. Ақынның лирикалық кейіпкерінің сыры, мұңы, шері - оның 
өмірінің шындығы. Онда иненің жасуындай да қалп айтылған сөз жоқ. 
Ақынның маңдайындағы тағдыр жазуы осындай. Ақынның лирикалық 
кейіпкерінің сыры мен шыны көздің жасындай кермек татитыны, тіпті ащы 
екені рас. Бірақ ащыны білмей, тәттінің қадіріне жету оңай емес. Өлеңдегі 
ащының азабын тартқан лирикалық кейіпкердің сыры мен шынында 
танымдық және тағылымдық мән бар. 
Бозторғай жауын-шашында бұтаның түбін паналайды. Шөптің бұтасы 
жауын-шашында бозторғайға сенімді пана болады. Тағдырдың ыстық-
суығында, жауын-шашынында ақынның жаны қайдан сая табар. Ақынның 
әнімен әлдилеп, өлеңімен тербеткен тауы мен даласынан, сайы мен саласынан 
сайғақ құрлы сая таппай өтетіні болады екен. 
Серік образын жасаған, сыры мен шынын ашқан лирикалық кейіпкер 
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясынан дара, ерекше тұлға болып орын 
алды.
Ақын өлеңіндегі ой образды, сөз суретті, сезім сұлу. Ақынның образды 
ойы, суретті сөзі, сұлу сезімі – бәрі тіл құдіреті арқылы өріледі. Ақынның тілі 
шынында да сайрап тұр, тап-таза. Ақынның жаны жібек жалаудай: самал лебін 
сезінсе, алтынды шашағын желбіретіп, елбіреп тұрады. Шөл даладағы шөл 
өсімдігінің арманын сезінсе де үлп-үлп етіп, лүпілдей жөнеледі. 


31 
Тағдырыңа тауфиқсыз әлің келмей, 
Ала жаздай бір тамшы жауын көрмей, 
Өткіздің бе өмірді үмітпенен, 
Жауын құмар жаныңа дамыл бермей. 
«Күз. Шөл өсімдігін жұбату» өлеңі осылай басталады. Шөл өсімдігінің 
аты-жөні, түр-түсі белгісіз. Бірақ оның тірлігі, әл-ахуалы, жай-күйі толық 
көрініс тапқан. Төрт жолдың әрқайсысының өз мәні, өз мағынасы бар. Шөл 
өсімдігі. Тауфиқсыз тағдыр. Тауфиқсыз тағдырға әлі келмеу. Үш бунақтан 
тұратын бір тармақта осындай үш түрлі сындарлы ой өзегі бар. Шөл өсімдігі. 
Шөлге біткен, шөлде өнген өмір. Шөлдің шөлі қанатын болса, ол шөл бола ма. 
Шөлде өскен өсімдіктің шөліркемейтіні бола ма. Шөлде өсіп, шөліркеген 
өсімдіктің шөлін басу үшін көл жағасына барып өсуіне тағдыр жаза ма, шөл 
өсімдігі көлге бітіп, шөлін бассын деп тауфиқсыз тағдыр өзгере ме... Шөлде 
өніп, шөлде өсу – тағдырдың жазуы. Ала жаздай бір тамшы жауын көрмеу – 
тағдырдың жазуы. Өмірді үмітпен өткізу – тағдырдың жазуы. Тағдырдың 
жазуы өзгермейді, өзгертілмейді. 
Ойға алған көп тілегің орындалмай, 
Арманда қалдың ба екен шөлің қанбай. 
Тым болмаса шаңыңнан арылтайын, 
Сезінші бір жанкүйер табылғандай. 
Шөлде өніп, шөлде өскен де, көлге бітіп, көлде өскен де армансыз 
болмайды, тілеген тілегінің бәріне жетпейді. Көлде өскеннің де, шөлде 
өскеннің де өмірінің өзегі судан нәр алады. Көлге бітіп, көлде өскен өскіннің 
шөлді аңсамайтынын кім біліпті. Аңсайтын болса, ол да шөлді өле-өлгенше 
аңсар еді, шөлге шығып шөліркеуден ол да үмітін үзбес пе еді... Құдайдың 
құдіретімен шөлге бітіп, шөлде өскендердің өзі де, өзегі де су аңсап өсіп, су 
аңсап өтеді. Шөл өсімдігі өссе, су аңсап өседі, шөл өсімдігі өлсе, су аңсап 
өледі. Шөл өсімдігінің осындай тағдыр-талайы, шөлге де, ыстыққа да үнсіз 
шыдаған, шыдамы жетпеген жерде үн-түнсіз үзіліп кетуге бар жай-күйі ақын 
жанынан мейір-шапағат сезімін туғызады. Сол сезім ақыннан ақынның 
лирикалық кейіпкеріне жетеді. Ойға алған көп тілегі орындалмаған, шөлі 
қанбай арманда қалған, өзін шаң басқан, өзегіне тамшы тамызар бір жанкүйер, 
бір жанашыр таппаған шөл өсімдігіне мейірімі түскен лирикалық кейіпкер 
оған қолынан келген көмегін көрсеткісі келеді. Шөлде өскен сол өскіннің өзіне 
бір жанкүйер келгендей сезінуінен бақыт табардай толқиды, соның шөлін 
басқысы, соған сүйеу болғысы келеді. Жанашыр іздегенге жанашырлық 
көрсетуге, сусағанға су беруге, сүрінгенге сүйеу болуға, жаны жабырқағанға 
жансерік болуға дайын тұрған лирикалық кейіпкердің шөлге де, шөлдегі 
өксікті өскінге де ықыласы түсіп, жүрегі рақым нұрына, мейірім шуағына 
толып елжіреген қалпы – ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған 


32 
тамаша көрініс. Ақынның ішкі қуатынан, талант табиғатынан туған осы 
тамаша көрініс – ақын өнерінің асыл өзегі, ақын болмысының абзал қасиеті.
Шөл өсімдігін жұбату мына шумақпен аяқталады: 
Теңіз бен өзендерден шалғай жатып, 
Өмір кештің таңдайға нәр алмай түк. 
Шілдеден шыға алмайтын шөп-шалам көп, 
Күресіп күзге жету қандай бақыт! 
Жер бетінде өніп-өсетін жайсаң өсімдіктердің өмір жасы көктемде 
басталып, күзде аяқталады. Шөл өсімдігінің өмірі де осындай. Бірақ шөл 
өсімдігі тіршілігінің әрбір қас қағым сәті үшін күреседі, өмірінің күзіне 
толассыз күреспен жетеді. Шөл өсімдігі өзегіне тамбаған тамшы судың орнын 
қайсар рухымен толтырады. Әйтпесе өзегі құрғап, өзі қурап, желге ұшып 
кетпек. Шөл өсімдігі бәрін көрді, бәріне төзді, бәріне шыдады. Өзегін қайсар 
рухымен нәрлендірді. Сөйтіп күзге жетті. 
Дүниеде шаң баспайтын ештеңе жоқ. Шаң шынның жүзі мен асылдың 
көзіне де қонады. Ақын өлеңінде адам өмірінің, дүние шындығының шаңнан 
арылып тазарған, саф алтындай сарғайған, сөйтіп сығымдалып бір тал шөл 
өсімдігіне айналған бейнесі жасалған. Шөл өсімдігі – сөзбен салынған сурет. 
Суреттің бояуы қанық. Шөл өсімдігінің таңдайына нәр алмай, сіресіп өскен, 
тағдырдың жазуымен тіресіп өскен қалпы, айналасы, ортасы – бәрі көңілдің 
көзінде, көздің алдында тұрады. Шөл өсімдігі – күрескер. Шөлде өніп, шөлде 
өсу, шөлмен күресіп, күзге жету – сүйегі асыл, негізі берік берен болмыстан, 
мұқалмас, жасымас қайсар рухтан. 
Жырланбаған соң өмір өлең боп, 
Терек боп кеткем тебіренем деп. 
Бұтақтарымды паналар дегем, 
Періштелерім перілермен кеп, - 
дейді ақын бір өлеңінде. 
Ақындық өнердің байтақ кеңістігінде ойдың да, ойлаудың да шегі 
болмайды. Бірақ сол шексіздіктен іздеп тапқан шекті көркемдік бейнелеу 
құралдарынан елесі естен кетпейтін образ жасау - шығармашылық ойлаудың 
кемелдігінің нәтижесі. Ақынның терекке айналып кетуінде оның өз 
болмысына, табиғатына, өміріне жат ештеңе жоқ. Адамнан, тірліктен іздеп 
таппаған ізгілікті терек болып сезінуге талпыну ақын өмірінің шындығына 
қайшы емес. Періштелері перілерімен келіп, бұтақтарын паналар деп теректің 
кейпіне түсу, жанын жапырақ қылып желбірету - ақынның образды 
ойлауының, образ жасау жолындағы көркемдік қиялдауының бастапқы 
сатысындағы көріністер. Өлеңнің келесі жолдарында көркемдік қиял жаңа 


33 
деңгейге көтеріледі. Бұтақтарын жайып, жапырақтарын желбіреткен терек 
адам болып, ақын болып армандайды: 
Келсе ғой шіркін Ғайып-Еренім, 
Жасыл жанымды жайып өлермін. 
Жапырақтарым сыбдырлар сонда, 
Жолына қарап уайым жегенін. 
Ғайып-Еренім – Қырық Шілтенім, 
Жылау жанымды жылытсын демің. 
Жолыңа сенің жапырақ жайып
Бұтақтарымды бұрып сілкемін... 
Поэзияда тал-терек аз жырланған жоқ және жақсы жырланды. Мұқағали 
жас қайыңға: «Өмір сүрейік алмасып», - деп сөз айтатын, «Сәби болғым 
келеді», - деп арман қылатын еді. Ақынның сөзінен де, арманынан да бір 
керемет саздың сарыны сезіледі. Мұндай сөз айтуға, мұндай арманға 
талпынуға негіз болған күш қандай, күй қандай...
Серік терекке өмір алмасу, алмасып өмір сүру туралы сөз айтпайды. Серік 
«тебіренемін деп терек болып кеткен». Ол - терекпен бір. Терек — образ. Оның 
өзегінің бір жартысы - бал, екінші жартысы - у. Екі жарты бірбүтін болып, 
бөлінбей, жарылмай ағады. Бірі екіншісімен қосылмайды, араласпайды, бірі 
екіншісіне сіңбейді. Екеуі де қасиетін өзгертпейді. Сөйте тұра бал у татиды, у 
бал татиды. Өмірдің өзі сияқты, ақын өмірінің шындығына да ұқсайды.
Ақын мен теректің тұтасып бірбүтін болып, Ғайып Ерен Қырық Шілтенін 
іздегені, күткені, сол келер ме деп уайым жегені, жылау жанына содан 
жұбаныш тапқысы, содан жылу алғысы келгені, сол келер жолға бұтақтарын 
бұрып, жапырақ-жанын жайғаны, сол келер болса, жасыл жанын жайып өліп 
кетуге бары... – терек боп жайқалған жанның сыры, терек боп тебіренген 
жүректің жыры, терек боп шайқалған өмірдің шыны: удай ащы, балдай тәтті. 
Теректі образ деуіміздің мәнісі осында. Терек Ғайып Ерен Қырық Шілтенін 
ұзақ күтті. Ғайып-Ерен Қырық Шілтен ұзақ күттірді. 
Ақынның терек болып күткен Ғайып Ерен Қырық Шілтені - Тәуелсіздікті 
аңсаудан, Тәуелсіздіктің нәрін татуға талпынудан туған поэтикалық образ. 
Ақын өзі іздеген, өзі күткен Тәуелсіздікті көрді, бірақ Тәуелсіздіктің нәрін тата 
алмады. 
Серік Томанов Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ өлеңінің көркемдік бейнелеу 
қорын жаңа поэтикалық өрнектермен байытты. Өлең өнерінің әлеміне 
мағыналық қатары мен қатпары табиғаттың өзіндей түрлі түсті асыл суреттер 
мен образдар алып келді. Қазақ өлеңіне жаңа саз, жаңа сарын қосты. Бар мен 
жоқтың, ащы мен тәттінің, көл мен шөлдің аралығында дариядай шалқып, 
сағымдай қалқып аққан өмірден көргені мен білгенін, көкірегіне көшіріп, 
көңілінде байытқан қазынасын өлеңдерінде қалдырды, өлеңдерін өмірге 
қалдырды. 


34 
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының 
жанрлық құрамында лайықты орын алған бір сала – 
төрттаған. Шығыс халықтарының поэзиясында 
төрттағанның небір тамаша үлгілері бар. Оның келісті, 
көркем кестесі қазақ поэзиясы кеңістігінен де 
жарқырап көрініс тапқан.
Төрттағанның Тәуелсіздік жылдарындағы айтулы 
авторларының бірі – 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет