Ұлықбек Есдәулет
«Қазіргі
қазақ поэзиясы» сериясымен жарық көрген «Ғұмыр
жас» кітабында «Көк бөрінің рухы» жайында
жалындап жырлап келіп:
Замандарды көп көріп тар-қысталаң,
Айбалтадай жарқ еттің шарға ұстаған.
Дүниені жібердің жап-жарық қып,
Желтоқсанның жасыны, алғыс саған! –
деп толғанды. Желтоқсан көтерілісінің қазақ халқының тәуелсіздік
жолындағы ерлік күресінің тарихында, азаматтық тарихында, тағдыр-
талайында алатын орны үлкен. Желтоқсанда төгілген қанның, қиылған
жанның өтеуіндей болып атқан Тәуелсіздік таңының арайында қуаныш қана
емес, бодандық бұғауында бұлқынған қилы заманның қайғысы да болды.
Әйтсе де Тәуелсіздіктің қасиеті тебірентпей қоймады. Осы тебіреністің бір
ерекше сырын Ұлықбек Есдәулет бостандықпен байланысты ашады:
Мұзарт шыңдай тұратұғын мұнартып,
Қол жетпеген арман едің құны артық.
5
Сенің атың дұғамыздан түспеген,
Қасиеттеп тағатұғын тұмар қып.
Кешіп жүріп қан аралас көз жасын,
Аңсап едік, құштарланып, құмартып...
Бостандықтың қадірін халық біледі. Бодан халық, бодандағы ер
бостандықтың, тәуелсіздіктің қадірі мен қасиетін қаны мен терін төгіп жүріп,
қан мен тер сіңген сазды толарсақтан кешіп жүріп білді. Сондықтан оның
баяғы ата-бабаларының заманындағы еркіндікті, теңдік пен тәуелсіздікті
іздеуі де, оны аңсауы да, сол үшін күресуі де, тіпті сол жолда қаны мен терін
төгіп, жанын қиюы да өзгеше, өзгелерден бөлек. Қазақ халқының тарихи
есіндегі тәуелсіздік, еркіндік, бостандық рухының осындай ерекшелігі бар.
Ұлықбек Есдәулет қазақ халқының тарихи есіндегі тәуелсіздік, еркіндік,
бостандық рухының естен кетпестей болып сақталып қалған осындай
ерекшеліктерін көрсетеді. Ондағы ерекшеліктердің әрқайсысы – қилы
кезеңдерімен, қиын асуларымен ғасырлар кеңістігін алып жатқан ұлы сурет.
Сыңғырлаған бұлақтарды суалтып,
Сыбдырлаған құрақтарды қуартып,
Үміт нұры үзілерде үздігіп,
Келген едің жыл құсындай қуантып.
Ақын тәуелсіздіктің, бостандықтың келуіндегі ерекшеліктерді де көркем
өрнектейді. Халықтың даласы мен қаласындағы, саласы мен санасындағы
сыңғырлаған бұлақтар суалғанда, сыбдырлаған құрақтар қуарғанда, елдің үміт
нұры үзілер хәлге жетіп, ер үздігіп тұрған шақта келген ердің еркіндігінен,
елдің бостандығынан, мемлекеттің тәуелсіздігінен ардақты құт болмайды.
Құттың қонуы қандай қиын болса, оны ұстап тұру да оңайға түспейді. Оны
ұстап тұрудың кепілі – құтты білік. Құтты білік ұлтқа ұлттың тілі арқылы,
ұлттық ойлау жүйесі арқылы дарып, ұлттық, мемлеккеттік құндылыққа
айналады.
Тәуелсіздік кезеңі поэзиясының үзілмей жалғасқан мұңды бір сарыны,
тыйылмаған зары туған тілдің аянышты халі болды. Осы сарынның зары
Ұлықбек Есдәулет поэзиясының гүлдей жайнаған, оттай лаулаған отаншыл
сазының әлемінде жанның жарасын ашытатын, көңілдің көзін жасытатын
күйге айналды. Ақын көп томдық шығармалар жинағының үшінші томында
(2006) туған тілі туралы толғанғанда, осы күйдің шындығын суреттеді:
Етектегі тасыңды
Өрге апарсам деп едім,
Есіктегі басыңды
Төрге апарсам деп едім,
Өз елінде өгейлі,
Кісі үйіне кегейлі,
6
Кенезелі күйіңе
Көл қотарсам деп едім.
Бұлт басқан көгіңді
Нұр жайнатсам деп едім.
Тереңдегі кеніңді
Күнге ойнатсам деп едім.
Кеуіп қалған көніңді
Қымыз құйып жібітіп,
Құлақ құрышын қандырып,
Сырнайлатсам деп едім...
Өлеңде туған тілдің бағын ашып, құтын тасытуды арман етіп, алуан
түрлі асыл тілек тілеген, ақық ниет нұрымен балқыған ақындық қуат айрықша
қасиетін ашады. Басынан ноқта кеткенмен, тілінен құрсау алынбаған адамның,
адамзаттың теңдігі қандай, елдігі қандай болса, жырдың жанары, өлеңнің өрімі
сондай. Жыр жанарындағы, өлең өрімінің өзегіндегі ой мен сезім жапырағы
«ескі үміттей» сарғайып, желсіз күннің көзінде бірде елбіреп, бірде қалтырап
тұрғандай.
Аталған кітаптағы:
Қашқандар мен босқандардың
Панасысың, Отаным,
Асқандар мен тасқандардың
Табасысың, Отаным,
Жанарымның ағы менен
Қарасысың, Отаным,
Жазылмайтын жүрегімнің
Жарасысың, Отаным... –
деген өлең жолдарындағы сырда да шалқыған, жалын-лебі жанды шарпыған
оттай ыстық шындықтың ағысы бар.
Шындық дегенде, санамыздан тыс тұрған болмыстың қалпы туралы
ойланамыз. Отан дегеніміз де нақты, затты болмыс. Ақын өлеңінде ақын мен
Отан арасында алшақтық жоқ, ақын мен Отан бірбүтін, Отан ақынның
болмысына айналған. Отан болмысын осылай суреттеу арқылы ақын өзі мен
Отанның шындығын бір тағдырдың шындығы, бір тағдырдың шырылы
қалпында толғайды. Өмірлік мәні зор шындық құбылыстардың сыны мен
сырын ақын жанарының ағы мен қарасына тұндырады, ақындық таным
кеңістігі, өлең, өлеңнің лебі туған даланың таңғы ауасындай тап-таза, тұнық.
Отанын жүрегінің жазылмайтын жарасына балағанда да ақын шындықтың
жүзінен таймайды. Ақынның Отанын ақынның жүрегінің жарасына
айналдыру ақынның өз қалауымен, өз еркімен болған іс емес, сыртқы күштің
сұрапылынан болған созылмалы сұмдық. Бұл - бір жүректің жарасы. Ақын
7
өлеңіндегі шындықтың суреті – жүректегі жазылмайтын жараның суреті.
Бірақ осы бір жүректің жарасы бар жүректі ауыртады.
Бостандық та, тәуелсіздік те ұлттық мәні бар асыл қазына. Ұлт
бостандығы, ұлттық мемлекет тәуелсіздігі – әр адамның, әр жеке тұлғаның
бостандығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Ұлт бостандығы, ұлттық мемлекет
тәуелсіздігі өз қалпында, өз болмысында – құт. Бостандықтың жоқтығы –
құлдық, тәуелсіздіктің болмауы – бодандық. Мемлекеттің әр азаматының
әлеуметтік теңдігі, елдегі әр жеке тұлғаның басында бостандық, ісінде
еркіндік болмаған жағдайда оны бостан, тәуелсіз деп айту артық.
Мемлекет меншігіндегі бар қазына-байлық жекелеген адамдардың
меншігіне көшкен жағдайда мемлекет азаматтары арасында әлеуметтік
әділеттілік, теңдік толық сақталады деп айту орынды болмауы ғажап емес.
Оған Бостандықтың да, Тәуелсіздіктің де қатысы жоқ. Ақынның поэтикалық
ойлау әлемінен түрлі ойдың жарығы түседі. Ол жарық нұрлы, түрлі түсті.
Бостандық, Тәуелсіздік әлеуметтік әділеттілікке жеткізеді. Бостандық,
Тәуелсіздік жоқ жерде әлеуметтік әділеттілік болмайды. Әлеуметтік
әділеттілік орнамаған, сақталмаған, қорғалмаған жағдайда тәуелсіздіктің
жарығы жалпыға бірдей түседі деу бекер. Ұлықбек Есдәулет елдің егемендігін,
мемлекеттің тәуелсіздігін, әлеуметтік бостандық пен әділеттілікті ақындық
ойлаудың биігінде шырқап, азаматтық танымның тереңінде толғайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен
«Парасат» орденімен марапатталған, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар
одағы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты, Махамбет атындағы әдеби сыйлықтың
лауреаты, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты, түбі бір түркі халықтарының «Түркі
әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының
лауреаты, Ресей Жазушылар одағының Сергей
Есенин алтын медалінің иегері, шешеннің батыры,
қазақтың ақыны
Достарыңызбен бөлісу: |