Айырмыс принципі. Тіл білімінде бұл принциптің әртүрлі атауы бар. Мұны кейде дифференциациялық, логикалық, мағыналық, идеографиялық деп те атайды. Қазақ тіл білімінде аталған принциптің терминін 90-жылдары проф. Н.Уәли енгізген. Ғалым бұл принциптің мақсаты дыбысталуы ұқсас сөздерді (омонимдерді) жазуда парқын айырып хатқа түсіру дегенге саяды дейді.
Айырмыс принципі сөздердің мағыналық саралануын көздейді. Мұнда омофондарды графикалық тұрғыда дұрыс жазу арқылы ұғымдық мағынасын дұрыс беру негізге алынады. Мысалы, компания – бұл бір мақсатта біріккен адамдардың тобы. Ал кампания – әскери немесе басқа да іс-шаралардың жиынтығы. Бал (гүл шырынынан ара арқылы алынатын, қоймалжың, шипалы, тәтті тағам.) – балл (заттың, нәрсенің сапасына байланысты берілетін баға). Қан (тамырларды қуалап ағатын қызыл сұйық зат) – хан (байырғы ханды мемлекеттегі ең жоғары лауазым, билік иесі, ел билеуші).
Тіл білімінде «дыбысталуы бірдей, бірақ жазылуы әртүрлі сөздер» деп омофонды, ал «жазылуы жағынан өзара сәйкес келетін әртүрлі сөздер» деп омографқа берілген дәстүрлі анықтамалар бар. Ондағы «бірдей», «әртүрлі», т.б. сияқты ішкі маңызды предикаттардың негізгі қызметі бар. Дегенмен, осы бірліктер ғана дыбыстық формаға қатысты ұқсастық/айырмашылық көрсеткішін дәл айқындайды, сондай-ақ мағынасы (қызметі) жағынан да олардың ауқымын (көлемін) анықтап береді.
Омонимия құбылысының бір түрі – омографтар (грек. homos – бірдей, grapho – жазамын). Омограф біркелкі жазылып, екпіннің алмасып түсуіне байланысты түрліше дыбысталатын, лексика-семантикалық мағыналары әр басқа сөздер мен сөз формалары. Қазақ тілінде жазылуы бірдей, бірақ дыбысталуында айырмашылық бар бірқатар омографтар бар. Олар негізінен екпін, кідіріс арқылы, яғни бұлардың алдыңғы және соңғы буындарына түсетін екпіннің ықпалына байланысты мағынасы ажыратылады. Омографтар өзара сәйкес келетін, бірақ түрліше айтылатын әртүрлі сөздер. Олардың мағынасында ерекшелік, айырмашылық болады. Мысалы, бөлме (зат есім) – бөлме (етістік), алма (зат есім) – алма (етістік). Ал Қазақ тілінде айтылымы бірдей, бірақ жазылуында және мағынасында айырмашылық болатын бірнеше омофон сөздер бар. Қазақ тілінде омофондар түбір мен қосымшаның немесе сөз тіркестері сыңарлары аралығында дыбыстардың ілгерінді, кейінді ықпал, элизия және тағы басқа фонетикалық заңдылықтардың пайда болуынан, орфоэпиялық нормаларды дұрыс сақтаудан туындап жатады. Олар негізінен мәтін ішінде немесе белгілі бір графема арқылы ажыратылып көрсетіледі. Орыс тілінде сөздің аяққы позициясында дауыссыз дыбыстардың күңгірттеу естілуіне және дауысты дыбыстың екпін түспеуіне байланысты бірнеше омофон сөздер жасалған. Мысалы, порог – порок, парок; лук – луг; прод – плот; бал – балл; туш – тушь, падеж – падешь , косный – костный т.б. Ал қазақ тілінде омофондар белгілі бір сөздің бірге немесе бөлек таңбалануы арқылы (кей жағдайда) ажыратылады. Сондай-ақ фонема жігінде немесе белгілі бір дыбыстың вариациясы пайда болады. Жазуда сөз мағынасын ажырата алатын қабілеті бар дыбыстар белгіленеді, ал олардың дыбыстық қоршауға тәуелді түрлері еленіп-ескеріле бермейді.
Бүгінде қазақ жазуында айырмыс принципі бірге-бөлек жазылатын сөздердің мағыналарын ажыратуда да кеңінен қолданылады. Мысалы, қарамай (болымсыз етістік) пен қара май сөз тіркесінің жазылу емлесін түсіндіруде ұғымдық мәндерін айқындау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен айырмыс принципі дыбысталуы ұқсас сөздерді жазуда парқын айыра отырып хатқа түсіру дегенді білдіреді. Дыбысталуы бірдей бірақ мағыналық айырмашылықтары бар сөздерді айырып жазуда қолданылады. Орфографияның айырмыс принципі сөздің мағыналық элементін контекссіз ақ тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тілді меңгертуде, яғни әдістеме үдерісінде айырмыс принцінің рөлі мен маңызы ерекше.