Дәстүрлі-тарихи принцип – тілдің ерте кездегі жазу дағдысына негізделеді де, сөздің ертеректегі айтылуы мен жазылуын өзгертпей сақтауды көздейді» [16, 430 б.]. Яғни, бұл принцип орфографиясы қалыптасып кеткен жазылу нормасы дегенді білдіреді. Дәстүрлі жазылымдар тілдің қазіргі күйін тарихпен байланысты қарастырады. Аталған приципке сөздің байырғы айтылу нормасы бойынша және бір кездегі орфографиялық норма ретінде танылған сөздер жатады.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі қазақ жазуында көптеген сөздер дәстүрлі-тарихи принципті басшылыққа алып таңбаланып, шамамен 30 пайызды құрады. Атап айтқанда:
1) Латын әліпбиіне көшкенге дейінгі араб жазуында п мен т дыбыстары дәстүрлі-тарихи принципті басшылыққа алып, әріден келе жатқан дәстүр бойынша б, д таңбаларымен жазылды: сағыныб, қайтды, шабдұрұб, бұ жақда, жетдүм, көбден көб, т.б. 1910 жылы жарық көрген М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасында бұл анық байқалады:
Жамалдың жайын жаздық бұл кітабда Бахытсыз бір қыз екен осы шақда Біреуге хас нәрсе емес ғам болған іс Жайылған бұл бір ғұрұф һәр қазақда. Бұл құбылыс сонау ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінде қатаң түрде сақталған жазу нормаларының бірі. Осы дәстүрлі-тарихи принциптің бұзылуына кезінде алаш зиялылары қарсылық танытып, оны сақтап қалуға барынша тырысқан болатын. Мәселен, Х.Досмұхамедұлы: «Б-ны қалдырып п жазу орынсыз, б тұйықталып келгенде де пболып естілмейді, б болып естіледі: болыб, келіб, көб сықылды сөздерде б тұйық буынның соңғы дыбысы бола тұрып, п болып естілмейді б болып естіледі», десе, Т.Отарбайұлы «Б, п дыбыстары мен әріптері» деген мақаласында: «1929 жылғы жаңа әліпті алатын конференциядан соң б, п дыбыстарының әріптері ауысты. Бұрынғы қаб - қап болды, бұрынғы таб - тап болды, бұрынғы етбейді - етпейді болды. Қаптың ақырғы дыбысы бригада, бригадир дегендегі орысша б мен бас, бол дегендегі б-лармен бір дыбыс. Басдегендегі басқы б мен сап дегендегі ақырғы б-ның айырмасы, тек ашықтығы мен тұйықтығында. Сап, бастың дыбыстары бір-ақ түрлі дыбыс, сондықтан бұл екеуіне екі түрлі әріп алу қате, бір әріп алу керек», деген пікір білдірген болатын. Осымен байланысты араб жазулы қазақ мәтіндерінде б әрпінің екі түрлі дыбыстық мәні бар екенін көрсетуге болады: б таңбасы сөз басында ұяң б дыбысын, сөз аяғында және қатаң дауыссыздармен іргелес келген позицияда қатаң п дыбысының мәнін білдіріп, ортатүркі жазу нормасындағы дәстүрді латын әліпбиін қабылдағанға дейін сақтап келді : себеб (себеп), табқан (тапқан), себебден (себептен), т.б.
Жалпы алғанда қазақ тілінің төл сөздерінде сөз басында п дыбысы сирек қолданылады. Ал б дыбысы үшін сөз аяғы әлсіз позиция. Сондықтан б мен п дыбыстарының сөз басы мен сөз аяғындағы позицияда б таңбасымен берілуін жалпы халықтық тілдің дыбыс жүйесіне қайшы, айтарлықтай ауытқу деп қарауға болмайды. Жалпыхалықтық тілде б мен п-ның сөз басындағы қызметі қазіргі кездегідей күшті болмаған, сондықтан сол кездегі жазу нормасында дыбыстың естілім кезіндегі варианттары дәстүрлі-тарихи принцип бойынша таңбаланып отырған.
2) Ұ, ү қысаң еріндік дауыстылардың езулік дауыстылардан кейін жазылуы ескі қазақ жазба тіліне дейінгі ерте ортағасырлық және одан кейінігі дәстүрлі нормалардың бірі. Бұл бейүндес құбылыс орфографияық норма ретінде бертінге дейін араб жазулы қазақ мәтіндерінде сақталып отырды: қылұб, барұб, алұб, ұлттұқ, үшүн, бүгүн, т.б. Тіпті Ы.Алтынсариннің, А.Васильевтің «Қырғыз хрестоматияларына» кірген материалдарда да көпшілік жерде, қазіргіше ы, і келетін орындарда ұ, ү тіпті кейде ө әріптері жазылған. Сондай ақ, Н.И.Ильминскийдің «Матиралы к изучению киргизского наречия» деген сөздігінде бүгөлөк, бүлдүргөн, бөлтүрүк, мұрұндұқ т.б.болып, А.В.Старчевскийдің «Спутник русского человека в средней Азии» деген кітабында бұлдұрұқ, бүлүндүр, құйқұлжұған, жауұн т.б. түрінде, В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» деген сөздігінде бүлдүргөн, бүрмөлө, бүркөнүр т.б., ал Е.А.Аллекторовтың «Киргизская грамматика» кітабынан орұндұқ, сүйөктөрү, түйөлөр т.б., «Краткий русско-киргизский словарьда» (1894) құзғұн, бүркүт, өтүрүк т.б., «Русско-киргизский словарьда» (1899) жүргөндө, жүрөктү, көзүлдүрүк т.б.түрінде берілді. Бұл дегеніміз қазақ жазуындағы дәстүрлі-тарихи принциптің сақталғаны соншалық, оны орыс зерттеушілері де қолдануға мәжбүр болған. Дәстүрлі-тарихи принципке негізделген бұндай нормалардан ауытқу ХХ ғасырдың басына таман жиілей түсті. Осыған орай Х.Досмұхамедұлы: ұ мен ы көмескіленіп келген жерде ұ жазған дұрысырақ болады - дей отырып, біздің қазақ тілінде ұ өзгеріп ы-ға айналып барады, қырғыз тілінде ұ сақталған: біздің үшінді ұшұн дейді, оқы-ны оқұ дейді, дұрысы қырғызша болуға тиіс – деген пікір айтқан болатын [13].
3) с-ның ш-түрінде таңбалануы: түшді, кіші (кісі), баш, г айтылатын орындарда к-нің таңбалануы: иікіт, ж-ның и-түрінде таңбалануы: иазыб, иахшы, т.б. Латын графикасын қабылдағанға дейінгі араб жазулы мәтіндерден, М.Өтемісұлының, С.Датовтың, Ы.Алтынсариннің хаттарынан бұл тұрғыдағы сөздерді өте жиі кездестіруге болады. Кейбір тілшілер өкінішке орай бұндай құбылыстарды татар, өзбек тіліне еліктеуден туған деген қате тұжырым жасайды. Мүлде олай емес. Бұл ерекшелік сонау ортатүркі жазу нормасында қатаң сақталған жазу дәстүрінің бірі. Ал оның қазақ мәтіндерінен көрініс табуы таза дәстүрлі-тарихи принципті басшылыққа алудан туындаған.
4) Ш дыбысының орнына ч дыбысын қолдану да ортатүркі жазба дәстүрінің бір нормасы. Бұл үрдіс те қазақ шығармаларында бертінге дейін сақталып жүрді: