3.3 Мақал-мәтелдердің айтылу формалары Әртүрлі халықтардың мақал-мәтелдерін зерделеп, қарасақ, оларда өмір құбылыстарының барлық саласының қамтылғандығын, сондықтан олардың тақырыптары мен формаларының әртүрлі болып келетінін байқаймыз. Мақал-мәтелдерде балалар, ата-аналар, бала тәрбиесі туралы мәліметтер алдымен жалпылама ақпарат түрінде, кеңес, болжау, ереже тұрғысында беріледі. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай, олардың мазмұны педагогикалық қағидаларға жақын. Қазіргі мақал-мәтелдердің тақырыбы халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды: Отан, туған жер, атамекен туралы, еңбек пен кәсіпке арналған, өнер-білімге арналған, әулет пен қоғам туралы, тұрмыс-салт мақал-мәтелдері. сөз өнері және тіл туралы, адамгершілік, кішіпейілділік жайында, ерлік-батырлық, ынтымақ-бірлік, достық-жолдастық жайындағылар, т.б. кең қолданыс тауып келеді.
Мақал-мәтелдерде практикалық мазмұндағы материалдар, тұрмысқа қатысты кеңестер көп кездеседі. Олардың ең көп кездесетін түрі – мәнін күшейту мақсатында немесе бір-бірін түсіндіру тұрғысында негізінен біреуден қолданылуы. Сондай-ақ адамдар мақал-мәтелдерді әңгіме барысында контекске сай немесе белгілі бір жағдаятқа байланысты өз ойын білдіруде халық пікірін басшылыққа алу үшін қолданады. Кей жағдайда мағыналық жағынан бір-біріне жақын, бірін-бірі толықтыратын екі-үш мақал қатар қолданылады. Сөз арасында үш мақалды бірден қолдану сирек болса да кездесіп қалады. Сол сияқты ғалымдар бірден алты мақалды қолдану жағдайының да болып тұратынын атап көрсетеді. Мақалдарды осылай қолдану маңызды бір ойды қайталау қажеттілігі туған кезде және мақалдар бір-бірімен тақырыптық бірлікте, мағыналық жақындықта болған жағдайда орын алады. Мысалы, «ана» ұғымына қатысты мақалдарды алсақ, ол алдымен моральдық биіктігімен ерекшеленеді. «Жұмақ анаңның аяғының астында», «Ақылды әйел ішінде алтын бесікті ұл жатыр», «Ана көрген тон пішер», «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», «Анаңды Меккеге үш рет жаяу апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың», «Анасын көріп, қызын ал», т.б.
Әдетте, сөйлеуші бір мақалды қолдана отырып, оның дұрыстығына тыңдаушының көзін жеткізу үшін екінші мақалды пайдаланады. Мысалы, орыстың «Ложь гони прочь от себя, говори правду» және «Не оттого бывает спокоен сон, что постель мягка, а оттого, что совесть чиста» деген мақалдары бірге қолданылады, себебі олар нақты жағдайларда бірін-бірі толықтырады: шындық пен ұжданның тазалығы – бір деңгейдегі құбылыс.
Көптеген этностардың мақал-мәтелдерінде сан есімдерді, әсіресе, халық арасында киелі деп есептелетін сандарды қолдану жиі орын алады. Мысалы, қазақ халқында киелі деп есептелетін 1, 7, 9, 12, 40, 90 сияқты сандар қатысқан мақалдар көп. Атап айтсақ, «Ақылы елден артылған, Ақылың болса, бір мақтан», «Бір аштықтың бір тоқтығы бар» (бір санына қатысты); «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» (жеті санына қатысты); «Білгені – бір тоғыз, білмегені – тоқсан тоғыз», Тойған үйге тоғыз бар», «Тоғыз тұрып, тоқсан толғанды» (тоғыз және тоқсан сандарына қатысты); «Он екі мүшең сау болса, жаралымын деме», «Он екіде бір нұсқасы жоқ» (он екі санына қатысты); «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», «Қызға қырық үйден тыйым», «Қырқына шыдаған қырық біріне де шыдайды». «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» (қырық санына қатысты), т.б.
Қай халықта болса да, мақал-мәтелдердің кеңеюіне мүмкіндік беретін нақыл сөздер, толғаулар, шешендік сөздер, ұлы тұлғалардың қанатты сөздері, т.б. кездеседі. Мысалы, қазақ халқына байланысты айтатын болсақ, ұлы тұлғаларымыз Ыбырай мен Абайдың нақыл сөздері баяғыда-ақ мақал-мәтелге айналып кеткен. Мысалы, Ыбырайдың «Шегірткем, бір секірдің – құтылдың, екі секірдің - құтылдың, үшіншіде – тұтылдың», Абайдың «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», т.б. сөздері мақал-мәтел болып кеткен. Сол сияқты қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ер серігі – сергек ой», «Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды», «Азаматқа өмірден ар қымбат, өлімнен ұят күшті» сияқты ұлағатты сөздерінің де қанатты сөздер қатарынан шығып, мақал-мәтелдер қатарынан орын алуы – заңды құбылыс.