Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Жұмбақтар халықтық педагогиканың құралы ретінде



бет15/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

3.4 Жұмбақтар халықтық педагогиканың құралы ретінде
Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр. Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель «Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора» деп анықтама берген. Халық ауыз әдебиетінің жұмбақ түрін зерттеген ғалымдардың пайымдауынша, жұмбақ ертедегі адамдардың еңбек ету, тұрмыс-тіршілік құру тәжірибесінен туған. Қай кезде болса да, жұмбақты халық өткір, тапқыр, оралымды ұшқыр сөз ретінде қолданған. Жұмбақтың алғашқы үлгілері ертедегі адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, еңбек, кәсіп ету жайларына байланысты туып, кейіннен халық өмірімен біте қайнасқан, талай ғасырмен бірге жасасқан, өзінің қалыптасу және даму процесінде жаңа мазмұн, жаңа бағыт алып отырған. Осы ойды толықтыра келе, зерттеуші Ш.Ахметов: «Жұмбақ дегеніміз - адамның қай затқа болса да поэтикалық көзқарасының қандай екенін сынау үшін, бір затты көркем тілмен жұмбақ етіп суреттеген халықтық жанрдың бір түрі», - дейді.
Жұмбақтар әр халықта әртүрлі аталады. Балкарлар, мысалы, жұмбақты элбер деп атайды, мұндағы «эл» - село дегенді, ал «бер» - бер дегенді білдіреді. Ойын барысында жұмбақты шешкен адам марапат ретінде «селоны» сыйға алады. Кім сыйды көп алса, сол жеңімпаз атанады. Чуваштарда жұмбақ «тупмалли юмах», «сутмалли юмах» деп аталады және «шешуді талап ететін ертегі», «шешуі табылмаса, құны төленетін сөз» деген мағынаны білдіреді. Неге жұмбақ ертегі деп аталады? Оның себебі, көптеген жұмбақтардың ертегідей сюжеті болады және ертегінің ерекше түрі ретінде танылады. Жұмбақты шеше алмаған адам орнына ертегі айтуы, ән айтып беруі, билеуі немесе басқа жұмбақ жасыруы керек. Осындай құн төлеу «сатылатын ертегі» деп аталады.
Жұмбақтар ауыз әдебиетінің жоғары поэтикалық түрі ретінде адамгершілік идеяларды уағыздап, ақыл-ой, эстетикалық және адамгершілік тәрбие береді. Соның ішінде, әсіресе, балалардың ақыл-ойын дамытуда, балалардың ойын жетілдіріп, қоршаған орта құбылыстарын талдауда маңызды роль атқарады. Сондай-ақ жұмбақтар оқушылардың табиғат туралы мәліметтерін кеңейтіп, адам өмірінің әртүрлі салалары бойынша білімдерін арттырады. Жұмбақтарды ақыл-ой тәрбиесінде қолданудың басты құндылығы сол, балалар табиғат пен адам қоғамы туралы мәліметтерді белсенді ойлау әрекетінде қабылдайды. Ойлау мен еске сақтау қабілетін дамыту – жұмбақтардың басты міндеті. Сонымен бірге жұмбақтар бала санасын әртүрлі біліммен қаруландырып, оның тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді. Жұмбақ шешуші баланың ақылы ғана толыспай, мейірімділікке, әдемілікке құштарлығы арта түсетіні анық. Жұмбақ және оның шешуін табу ойлауға, ойлаған ісінің нәтижесіне жетуге жаттықтырады. Жұмбақтың шешуін табу баланың зейінін жетілдіріп, ықыласын арттырып, тіл байлығын дамытады. Баланың ойының ұшқыр болуы әрекетке баулуға, ой санасының белсене қызмет етуіне итермелейді. М.О.Әуезов қазақтың әдет-ғұрып салтындағы, өнеріндегі жұмбақтың ерекше орнын айта келіп: «Ата-ананың жас балаға беретін тәрбиесінде баланың ойын тапқырлыққа баулып, тілін дамыту үшін жұмбақтың көп пайдасы бар», - деген болатын. Бұдан шығатын қорытынды: жұмбақ - жас баланың ақыл-ойын дамытуға бағытталған асыл мұра. Жұмбақ - балалардың ойлау қабілеттілігін арттыра түсумен қатар, ой жіберіп, айналадағы құбылыстың өзгешелігін ажыратып, ұқсастықтарын салыстырып, қиялын дамытатын жанр.
Жұмбақтардың өнегелік маңызы зор. Барлық халықтардың жұмбақтарында дерлік көз - айдын көлге, шаш – қалың орманға баланады. Әңгіме шаш, көз туралы болса да, халық туған табиғаттың сұлулығын меңзеп, жұмбақ арқылы өз балаларына ой салуға тырысқан: «Асқар тауда қара орман», «Жас кезінде қара орман, жыл өткен сайын ағарған» (Шаш), «Екі бала қатар тұрса да, бірін бірі көрмейді (Көз). Ал чуваш халқының: «Шөлмекте – бір гауһар» деген жұмбағы ешқандай ғибратсыз-ақ адамның ең қымбат мүшесі – көзді сақтауға шақырады. Сұлулық туралы жұмбақтай отырып, халық педагогтары өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастырып отырған.
Адамның әртүрлі еңбек әрекеттері еңбек және еңбек құралдары туралы жұмбақтарда, ауыл шаруашылығы дақылдары мен үй жануарлары туралы жұмбақтарда, киім мен тамаққа қатысты жұмбақтарда көрініс тапқан. Мысалы, еңбек құралдары туралы жұмбақтар: «Қараңғы үйде белін буған бек жатыр» (Сыпырғыш), «Тісі көп, аузы жоқ» (Ара), «Үй артында бүкір терек, күресуге кісі керек» (Иінағаш), «Төрт мүйіз, бір құйрықты, тындырады бұйрықты» (Айыр); ауыл шаруашылығы дақылдары туралы жұмбақтар: «Сырты жасыл қатты, іші қызыл тәтті» (Қарбыз), «Жерде жатып желіндейді, күз түскенше желінбейді» (Қауын), «Әр желінің асты толған көк қоян, жаз болғанда көк қоянды жеп қоям» (Қияр), «Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең, жылатады (Жуа), үй жануарлары туралы жұмбақтар: «Басында мүйізі бар, үстінде киізі бар» (Сиыр), «Түздің маңғаз түлегі, бір ұрттам су татпастан, мың шақырым жүреді (Түйе), «Тонын киіп туған, жалап бетін жуған» (Мысық), «Басында үшкір істігі бар, өзіне лайықтап тон пішкен, секіріп тастан түскен» (Ешкі). Кейде жұмбақтарда белгілі бір зат бөлшектеліп қарастырылады, өз кезегінде бұл бөліктерде еңбек операцияларының жүйелілігі туралы баяндалады. Мысалы, «Сексен солдат, екі жандарм, бір барин» деген орыс халқының жұмбағында адам еңбегінің қорытындысы ретінде үйдің шатыры жасырылған (тіреуішті, бөренені орнату, тақтайшаны қағу). Еңбек және еңбек құралдары туралы жұмбақтар юмор мен сатираға толы. Мысалы: «У Федосьи черный рот» - «Федосьяның аузы қара» (түтін шығатын мұржа). Жұмбақта белгілі бір үйдің «байлығы» туралы айтылады, яғни нақты мекен-жайға қатысты тұспал жасалған.
Жұмбақтар ойды тұспалдап айту үшін қолданады. Балалар отырған жерде педагогикалық тақырыптарға әңгіме барысында ересектер жұмбақ арқылы түсініседі. Орыс мақалы: «Бревна имеют трещины» (Бөрененің де жарығы бар), мағынасы: Балалар арасында байқап сөйлеңіз, олар отырған жерде кез-келген тақырыпқа әңгіме айтуға болмайды, балалар естіп, өздерінше ой қорытуы мүмкін дегенді меңзейді.
Жұмбақтардағы адам туралы мәліметтер де мазмұны жағынан әртүрлі. Алайда олардың белгілі бір жүйесі бар: жалпы адам туралы жұмбақтар, бала туралы жұмбақтар, адамның жеке органдары туралы жұмбақтар, адам денесінің жеке бөліктері: бас, көз, тіс, шаш, тіл, саусақ, жүрек, т.б.туралы жұмбақтар кездеседі. Олар кейде жалпының бөлігі ретінде берілсе, кейде дара түрде кездеседі. Мысалы: «Маған да, саған да, жақын туыс – бес адам. Үш әріптен тұратын, оңға оқы, солға оқы, өзгермейді еш одан» (Ата, ана, апа, аға, іні), «Кішкене ғана тостаған, жер дүниені бастаған» (Көз), «Қатар-қатар ақ күріш, тұрған жері қақтығыс» (Тіс), т.б. Сөйтіп, жұмбақтар бала зейінін талдауға, ойлауға баулып, жұмбақ шешу барысында жалпы мен жалқыны айыра білуге үйретеді.
Адамның ұлылығын дәріптейтін, қоршаған орта туралы әртүрлі білімдерден тұратын, ақыл-ой, сана мен есті дамытатын жұмбақ-сұрақтар барлық халықтардың фольклорында кездеседі. Мысалы, қазақ халқының сұрақ-жауап түріндегі үлкен философиялық негізге құрылған төмендегі жұмбағының тағылымдық маңызы зор:
Не жетім? (Жаңбыр жаумаса – жер жетім. Басшы болмаса – ел жетім. Ұқпасқа айтылған сөз жетім).
Дүниеде не тәтті? Не жұмсақ? (Баланың тілі тәтті, ананың алақаны жұмсақ).
Үш сауап туралы не білесің? (Шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен сауап).
Жеті қазынаға не жатады? (Ер жігіт, сұлу әйел, оқу-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық).
Кім жақын? (Тату болса – ағайын жақын, ақылшы болса – апайың жақын, бауырмал болса – інің жақын, инабатты болса – келінің жақын, Алдыңа тартқан адал асын, Қимас жақын қарындасың).
Не қымбат? (Алтын ұя – Отан - қымбат, құт-берекең – атаң қымбат, мейірімді - әжең қымбат, асқар тауың - әкең қымбат, аймалайтын - анаң қымбат, бәрінен де - ұят пен ар қымбат).
Не қиын? (Арадан шыққан жау қиын, таусылмайтын дау қиын, шанышқылаған сөз қиын, жазылмаса дерт қиын, іске аспаған серт қиын, ақылыңнан адасып, өзің түскен «өрт» қиын, не істеріңді біле алмай, ашиды сонда бас миың).
Көріп отырғанымыздай, мазмұны жағынан барлық халықтардың сұрақ-жұмбақтары бір-біріне ұқсас, ал формасы әр халықтың образдық және поэтикалық ойлау ерекшеліктеріне сай болып келеді. Сұрақ-жұмбақтардың тағы бір құндылығы олардың жауаптарының мақал-мәтелге айнала алуында болып табылады.
«Әлемде бәрінен кім күшті?» деген сұрақ-жауап түріндегі жұмбақ көптеген халықтарда кездеседі. Осындай чуваш жұмбағында жауап ретінде барлығы «Адам!» деген сөзді хормен айтады. Олар «Халықтан, адамнан күшті әлемде ешкім жоқ» деген оптимистікке толы пікірді алға тартады. Мұндай жұмбақ-сұрақтар мен жауаптардың тәрбиелік мәні өте зор. Олардың көмегімен балаларды әртүрлі ақиқат идеялармен, құбылыстармен таныстырудың проблемалық әдісі жүзеге асырылады. Сұрақ-жұмбақтардың поэтикалық формасы да көркем, шешімінде айтылатын ой да терең, пікір де құнды. Бала үшін – бұл жұмбақ, ал ересектер үшін - мақал. Оларда афористік реңк бар, сондықтан олар көп жағдайда мақалға айналады. Әдетте мақал-мәтелдер жас ұрпақ арасында моралдық-этикалық білімді тарату үшін жұмбақ-сұрақтардың жауабы ретінде пайдаланылады.
Халық қашан да жұмбақтарға ерекше мән берген. Жұмбақ құрастыру мен оны шешу пайдалы іс болып есептелген. Жұмбақтарды жаттап айтумен қатар кез-келген айтушы өз ойынан құрастырып жұмбақ жасыра да білген. Тек бұл жағдайда жұмбақтың сөздік қисыны, өлеңдік үйлесімі болуға тиіс.
Жұмбақтар санаға әсер ететін, ақыл-ой тәрбиесін тұлға қалыптастырудың басқа құралдарымен бірлікте жүзеге асыруды мақсат ететін ауыз әдебиетінің бір түрі болып табылады. Бұл бірлік жұмбақтардағы жетелі ой мен әдеміліктің тығыз байланысы арқылы жүзеге асады. Жұмбақтар балалардың байқағыштық қасиетін де дамытады, бала байқағыш болған сайын жұмбақтарды жақсы шешеді, әртүрлі заттардың қасиеттерін салыстыруға үйретеді, олардағы ортақ қасиеттерді табу арқылы бір-бірінен айыра білуге, қажет емес қасиеттерін алып тастауға үйретеді. Басқа сөзбен айтқанда, жұмбақтардың көмегімен шығармашылық ойлаудың теориялық негіздері қалыптасады. Бала тәрбиелеу үдерісінде жұмбақтардың диагностикалық қызметі ерекше орын алады: ол тәрбиешіге арнайы тест немесе сауалнамасыз-ақ баланың байқағыштық, ұғымталдық қасиеттері мен ақыл-ойының даму деңгейін, сондай-ақ шығармашылық қабілетінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Жұмбақтың шешуін табуда оның құпиясы баланы қызықтырып, шешімін айтқызуға мәжбүр етеді. Баланың ұшқыр ойын іс-әрекетке баулып, ой санасының қызмет етуіне серпін береді. М. Әуезов жұмбақтың ерекше орнын көрсете келіп: «Кейде бүкіл бір ертегі жұмбақтан тұрады. Әңгімелі әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған. Біздің уақытымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп оқушылары тілге шешен болу мақсатымен оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерінде әлі де ермек етеді. Ата-ананың жас балаға беретін тәрбиесінде де, баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар», - дейді.
Жұмбақты шешу барысында бала ойланады, көп нәрсені есіне түсіреді, заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын іздестіреді, талдап-байқауға тырысады. Олай болса, жұмбақта берілген құпияны шешу арқылы бала өмірді таниды, ойлау қабілеті дамиды, білген заттарының бәрін салыстырып, қорытынды жасауға үйренеді. Қорытындылап айтсақ, баланың ақыл-ойын дамытуда, танымдық қабілеттерін арттыруда, қиялын шарықтатып, тапқырлыққа тәрбиелеуде, адамгершілік қасиеттерге баулып, белсенді ақыл-ой әрекетін қатыстыруда, эстетикалық талғамын қалыптастыруда жұмбақ таптырмайтын құрал болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет