Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Мақал-мәтелдердегі еңбексүйгіштік тәрбие



бет13/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

3.2 Мақал-мәтелдердегі еңбексүйгіштік тәрбие
Барлық халықтарда еңбек тәрбиесі педагогиканың басты міндеті ретінде мақал-мәтелдерде жан-жақты көрініс тапқан. Еңбек тәрбиесінің идеялары мен дәстүрлері ежелгі заманнан бастау алады. Халықтың тарихи және педагогикалық тәжірибесінен еңбек тәрбиесінің тұлғаның адамгершілік, ақыл-ой және физикалық дамуының шешуші шарты екендігін көреміз. «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек түбі – береке», «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбек етсең, емерсің», «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбексіз өмір жоқ» дей отырып, халық еңбектің адамға үлкен мүмкіндік беретінін атап көрсетеді. Еңбекті моральдық фактор ретінде қарай отырып, халық оның психологиялық маңызы мен рухани-адамгершілік қанағат сезім тудыратынын атап көрсетеді. Орыс халқы: «Без труда не выловишь и рыбку из труда» десе, аварлықтар: «Без труда нет покоя», дарғындар: «Без труда нет жизни на земле» дейді. Қазақ халқының еңбек туралы мақал-мәтелдерінде де осы идея көрініс табады: «Еңбегіне қарай – өнбегі», «Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік - елдікке жеткізер», «Еңбегіне қарай — құрмет, жасына қарай — ізет», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті», «Еңбек – адамды бүтіндейді, жалқаулық – адамды түтіп-жейді».
Еңбек туралы мақал-мәтелдерде алдымен еңбектің тәрбиелік маңызы жан-жақты сөз болады. Тек еңбек үстінде ғана адамгершілік, табандылық, жүйелілік, жауапкершілік сияқты қасиеттер пайда болады: «Еңбек ет те мақтан, ойнап-күл де шаттан», «Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді», «Кедейлік кетсін десең, еңбек ет» (қазақ мақалы), «Қолынан келген теңізде от жағар» (құмық мақалы), «Арқаң терлемей, жер жыртылмас» (авар мақалы), т.б.
Еңбек барысында адам өседі, жетіледі. Еңбек адамды ширатады, үйретеді, шынықтырады, тәрбиелейді. Адам биік шыңдарға, байлыққа, жақсылыққа тек қана денсаулықтың, адал еңбектің арқасында жетеді. «Денсаулық – зор байлық», «Емнің алды – еңбек», «Он екі мүшең сау болса, дәулет емей немене?» Бұл арадағы негізгі ой – денсаулықты күтіп, үлкен дәулетке ие болу үшін еңбек ету, шаршамау, талмау, іздену керектігі.
Халық әрқашан жұмыссыздықты, ырду-дырду өмірді адамға жат қылық ретінде сынға алған: «Ұйқыға кеткен өмір – босқа кеткен өмір» (корей мақалы), «Бүгін бітіретін істі ертеңгі түйеге артпа» (ноғай мақалы), «Жалқаудың ертеңі бітпес» (қазақ мақалы), т.б. Керісінше, еңбексүйгіштік, кез-келген жұмысты істеуге дайын тұрушылық балаларды тәрбиелеуде маңызды қасиет ретінде мадақталған. Халық қашан да өтірік пен қулық-айласыз, тек таза еңбекпен келген табыстың, байлықтың бақытқа жеткізетіндігін балалардың терең түсіну қажеттілігі туралы талап қойған: «Кетпен шауып өлгем жоқ, кемтаршылық көргем жоқ», «Отты үрлеген жағады», «Ынта болса адамда, жаман іс жоқ ғаламда», т.б. Мақал-мәтелдер арқылы еңбек тәрбиесін шеше отырып, халық жас ұрпақты біреудің арқасында күн көру, әртүрлі қулық әрекеттермен баю сияқты жағымсыз әдеттерден бас тартуға шақырған.
Қай халықтың мақал-мәтелін алсақ та, оларда жастарды еңбек адамына құрметпен қарау мәселесіне ерекше назар аударылған. Мұндай тәрбие алдымен аға ұрпақтың қолымен жасалғанның бәрін құрметтеу, оны көздің қарашығындай сақтау, үлкендердің еңбегінен үлгі алу сияқты қасиеттерді бала бойына дарытудан басталатыны анық. Бұл турасындағы ойын халық: «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет», «Өзен жағалағанның өзегі талмас», «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» сияқты мақал-мәтелдер арқылы жеткізген. Болашақ еңбек адамының дүниетанымында еңбек әрекетіне оның тікелей қатысу қажеттілігін түсіндірудің маңызы зор: «Ағаш жемісімен бағаланады, адам еңбегімен бағаланады», «Еңбегің болмаса, елге өкпелеме», «Ерінбей еңбек етсең, ерінің асқа тиеді», т.б. Еңбексүйгіштікке тәрбиелеуде халық тек дене еңбегі туралы ғана айтпай, ой еңбегіне де ерекше назар аударған: «Еңбек пен білім – егіз», «Күш – білімде, білім – кітапта», «Білімді өлсе, қағазда аты қалар, ұста өлсе, істеген ісі қалар», т.б. Халық жастарды еңбек барысында ауызбіршілік пен өзара көмекке шақырып отырған: «Көп түкірсе, көл болар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп еңбегі – көңілді», т.б. Сондай-ақ халық еңбек пен бақытты егіз деп қарап, адамды бақытқа, қуанышқа жетелейтін адал еңбек деп білген: «Еңбексіз рахат жоқ», «Бір еңбектің көп рахаты бар», т.б.
Қорытындылай айтсақ, халық ұрпақ тәрбиелеудің негізі еңбек тәрбиесі екенін жақсы түсінген. Еңбек – адам қызметінің шешуші түрі дегенді тұжырымдай отырып, халық педагогикасы материалдық игіліктің адам еңбегінің нәтижесі екенін жас ұрпаққа мақал-мәтелдер арқылы ұғындырып отырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет