Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Кемел адамды тәрбиелеу жолдары



бет11/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

2.4 Кемел адамды тәрбиелеу жолдары
Кемел адамды тәрбиелеу жолдары барлық халықтардың педагогикасында
сол халықтың ұлттық этика қағидаларына негізделеді. Ол өз әрекетін адамгершілік нормаларына сәйкес құратын кемел тұлғаны тәрбиелеу талаптарына сәйкестендіріледі. Төменде жалпыадамзаттық сипат алған кемел тұлғаны тәрбиелеуді жүзеге асыру жолдарын қазақ халқы мен әлемдегі аз халықтардың бірі болып табылатын – саам халқының педагогикасы негізінде көрсетуге талпындық.
Тарихи құжаттарды, фольклорды, этнографиялық материалдарды талдау кемел тұлғалы қазақ жігітінің идеалды жиынтық бейнесін анықтауға мүмкіндік берді. Қазақтардың түсінігінде жігіт ақылды, күшті, епті, еңбекқор, қиындықты жеңе алатын азамат болуы керек. Ол қажет жерінде өзінің күш-жігерін көрсете алады, жауына мейірімсіз, достыққа адал, ар-ожданы биік, әдемілікті сүйеді, отбасы мен руының намысын қорғай біледі. Жігіт бейнесінде ақылы мен еңбекқорлығы, ержүректігі мен батырлығы, адалдығы сенімділігі бір басына тоғысқан халықтың кемел тұлға туралы сан ғасырлық арман-мүддесі көрінеді. Еркек – табыс табушы, асыраушы, қожайын. Оның жанұядағы беделі талассыз. «Әке – балаға сыншы» сияқты халық мақалы ата-ананы алдымен өз ұлына үлгі болуға шақырады. «Сен әкеңнің, жанұяңның, руыңның атына кір келтірдің» деген сөз бала үшін кінәның ең үлкені болып есептелген. Ауылдағы ақсақал қариялар бүгін де жас жігіттен өз атын емес, әкесі мен атасының атын сұрайды, сол арқылы адамның шыққан тегі туралы қорытынды жасайды. Нағыз ер деген атқа лайық болу үшін жас жігіт тек батыл ғана емес, сонымен бірге халқына ақжүрек, мейірімді, жауына қатал болуы керек. Өмірдің көптеген қиындықтары адамның жігіттік қасиеттері туралы қорытынды жасап, оның жігіт атына лайықтығын дәлелдейді. Халық жігітке қорғаушы ретінде жоғары міндет жүктеген: «Жігіт туса - елге құт, жаңбыр жауса – жерге құт». Қазақ ертегілерінде жігіттердің құралайды көздеп атар мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз болып келетіні жайдан жай емес.
Ер адамның қоғамдағы орны еркек пен әйелдің қоғамдағы өздеріне тиісті орындарынан, яғни әлеуметтік ролінен көрінеді, еркек – табыс табушы және қорғаушы болса, әйел – ошақтың анасы, ұрпақ жалғастырушы. Қызметтің осылай бөлінуі әйелді экономикалық, құқықтық, тұрмыстық дербестіктен айырып, ер адамға тәуелді етті. Сонда да қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше болды. Көптеген өнер адамдары, ғалымдар қазақ әйелінің әдемілікті қолөнер арқылы туғыза білетін шеберлігіне тәнті болған. Эпикалық шығармаларда қазақ әйелінің эстетикалық идеалының өзіндік ерекшеліктері сипатталады. Алдымен ұлттық фольклор кейіпкерлерінің портреттік сипаттамасы әйел идеалының тереңдігін ашу үшін қолданылатын ауызекі көркем өнердің бір тәсілі болып табылады. Әйел кейіпкерлердің образы олардың халық игілігіне бағытталған әртүрлі әрекеттерін ашу үшін жасалады. Эпикалық шығармалардағы әйел кейіпкерлердің жоғары адамгершілігі мен ішкі сұлулығы тыңдаушыға ерекше әсер етеді.
Сәби үлкендер ортасында ана әлдиімен тәрбиелене отырып, әрқашан жылы сөз естіп өседі. Қазақтарда баланың есімі толық аталмай, «құлыным», «қозым», «жаным», «айналайын», т.б. сөздер арқылы қысқартыла, жұмсақ айтылады, сол арқылы ата-әже, ата-ана немересін, баласын жанына жақын тартуға тырысқан. Халқымыз перзенттеріне Айжұлдыз, Айжан, Гүлім, Марал, Бота, Алтын, Алтыншаш, Таңжарық, Айжарық, т.б. аспан мен күннің, қымбат тастардың, өсімдік және аң аттарын беру арқылы өздерінің қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін көрсетуге талпынған, өз ұрпағын табиғат сұлулығы арқылы тәрбиелеген. Аң-құстың сұлулығына, сүйкімділігіне, момындығына, батырлығына тәнті болған ата-бабамыздың өз балаларының есімдерін Ботакөз, Қарлығаш, Арыстан, Қаршыға, Лашын, Аққу, Құралай, т.б. атаудағы тапқырлығы көңіл қуантады.
Ал саам халқы кемел аламның негізгі сипаттамасына дене дамуын, руханилықты, халыққа деген махаббатты, адамға деген құрметті, еңбекқорлықты, шындық пен шынайылықты, қонақжайлылықты, ержүректікті жатқызады. Сонымен бірге кемел адам терең ақылымен, даналығымен, күнделікті өмірде сұлулықты, табиғатты бағалай білуімен ерекшеленуі керек. Мұны халық ауыз әдебиеті шығармаларынан көруге болады. Саам халқы ертегілерінің басты кейіпкері – Ляйне батыр. Ол кемел адамның нағыз идеал-үлгісі: ақылды, шыншыл, ержүрек, кең пейіл, Отанын шын сүйеді. Ляйненің бойында аюдың күші, түлкінің қулығы, еліктің шапшаңдығы бар. Ұлттық ар-намыс идеясымен қатар саам ертегілерінде ұжымшылдық, достық, жолдастық қарым-қатынас дәріптеледі. Саамдардың өмір-салты этностың тіршілігінің дәстүрлі түрде өзара көмек, бірлік принциптеріне негізделетінін көрсетеді. Күнделікті өмірде ұжымшылдық жолдастық қарым-қатынаста көрінеді. Ертеде бір аймақта (погость) апасы мен інісі өмір сүреді, оларды туыстық және қандық достық байланыстырады. («Брат и сестра» - «Апасы мен інісі»). Жеті жасар інісі өз апасын Тала-аюдың шабуылынан жанқиярлықпен қорғайды. Тартысты күрестің нәтижесінде інісі апасын құтқарып, өзі мерт болады. Жас батырдың ерлігіне тәнті болған халық даналығы оның жанын мәңгілік пен құрбандықтың символы ретінде солтүстік шолпанына айналдырады.
Кемел адамның идеалы саамдардың халық педагогикасында өзін-өзі тәрбиелеу арқылы да жүзеге асады. Сондай-ақ халық педагогикасында еңбектің ролі ерекше. Бос сөзділік пен іскерлік бір-біріне қарама-қайшы ұғым болып табылады. Балаларға әрқашан аз сөйлеп, көп еңбектену қажеттілігі айтылады. Кемел адамды тәрбиелеуде адал еңбекті бағалау идеясы алдыңғы орынға шығады. Саамдардың әдемілік туралы халықтық идеалы әдептілік, такт, ар-ұждан, үлкендерді сыйлау мен ананы құрметтеу, дәстүрлі қонақжайлылық сияқты қарым-қатынас эстетикасынан да көрінеді. Әлі күнге дейін «Қонақ үйге кірсе, құдайдың сені тастамағаны» («Коли гость в избе, значит Господь тебя не оставил»), «Кімді құдай жақсы көрсе, соған қонағын жібереді» («Кого Бог возлюбил, к тому и гостя послал»), «Кім жолаушыны тамақтандырса, ол он жыл бойы аш болмайды» («Кто путника накормит, тот десять лет не будет голоден ни разу»), т.б. мақалдар халық өмірінде кең қолданыс тауып келеді.
Олай болса, халық рухани жағынан неғұрлым бай, ұлттық мақтаныш сезімі жоғары болса, соғұрлым адамдық ар-ожданы жоғары болмақ. Бұл өз кезегінде кемел тұлғаны тәрбиелеу жолдарын анықтаудың қазіргі жаһандану дәуірі деп аталатын ХХІ ғасырда маңызының зор екенін дәлелдей түспек. Ұлттық тәрбие тағылымдарын ұлықтап, еркін де білімді, дүниетанымы терең тұлға қалыптастыру – еліміздің кемел болашағына берік сенімділік кепілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет