2.3 Кемел адам қасиеттерінің жалпыадамзаттық сипаттамасы Ұлттық тәрбиені этникалық дәстүрлер рухында дамыту идеясы – жалпыадамзаттық идея. Оны жүзеге асыруға әр этностың халықтық педагогикасы үлес қосты. Онда әр халықтың тәрбие ісіндегі көп ғасырлық өзіндік тәжірибесі жинақталған. Адам идеалы мен ұлттық тәрбиенің мақсаты халық ауыз әдебиеті шығармаларында, өнерде, дінде, этникалық дәстүрлерде көрініс тауып отыр. Кемел адамның этникалық сипатын әр этнос әртүрлі көрсеткенімен, олардың барлығында ұлттық ар-намысты тәрбиелеу тұлғаның адамгершілік кемелденуінен басталатыны атап айтылады. Ұлттық ар-намыс сезімі халық алдында жаманатқа қалдыратын іс-әрекетті айыптап, туған халқы үшін жауапкершілікке тәрбиелеуді қажет етеді. Халықтың даңқын шығаратын - оның ардақты ұлдары. «Халықтың ұлы» деген ардақты атқа оның ең үздік ұлдары ғана лайық: жаман халық жоқ, өкінішке орай, оның нашар ұлдары болуы мүмкін. Халық бақытқа тек ақыл-ой арқылы жетуге болады деп есептейді. Мысалы, армянның «Ақыл мен жүрек» атты ертегісінде ақыл мен жүрек арасындағы айтыс суреттеледі. Жүрек адамдар мен үшін өмір сүреді десе, ақыл керісінше пікір айтады. Ертегі былай аяқталады: «Ақыл мен жүрек қана адамды адам ететінін түсінген олар бұдан былай бірге әрекеттесуге серттесті». Осындай ой басқа халықтардың ертегілерінде де орын алады. Әр этнос фольклорында көрініс табатын бір мәселеге қатысты ортақ сюжет пен ұқсас трактовка олардағы жалпыадамзаттық бастаудың да ортақтығын көрсетеді. Олай болса, кемел тұлға туралы жалпыхалықтық көзқарастар бірнеше ұлттың осы ұғымға қатысты түсінігінен жиналып, олардың тарихы мен салт-дәстүрінен көрініс береді. Этникалық педагогика, өз негізінде интернационалды, маңыздылығы жағынан жалпыадамзаттық болып, барлық халықтардың тәжірибесін зерттеп, жинақтайды. Гуманистік тәрбие адамзат қоғамында орын алған тәрбиенің барлық тарихи түрлерінің дамуындағы жоғары кезең ретінде барлық ұлттың педагогикалық жетістіктерінің жағымдысын бойына жинақтайды. Кемел адамның жалпыхалықтық идеалын тіпті ғұлама педагог болса да бір адам жасамайтындығы сияқты, жалпыадамзаттық идеалды бір ғана халық жасай алмайды. Негізгі адами қасиеттері тұрғысынан кемел тұлға идеалдары көп ретте бір-біріне ұқсас. Барлық халықтарда дерлік бұл жоғарыда айтылғандай: ақылдылық, еңбексүйгіштік, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық, ер жүректік, мейірімділік, сыпайылық, қайырымдылық және т.б. Тұлғалық идеалда барлық халықтар үшін бастысы – ұлтқа қатыстылық емес, жалпыадамзаттық негіз болып табылады. Кемел адамның жалпыадамзаттық сипаттамаларына жоғарыда аталған қасиеттердің бәрін жатқызуға болады.
Ұлттық ар-намыс пен абыройды тәрбиелеу тұлғаны адамгершілік жағынан жетілдірудің негізін құрайды. Ұлттық ар-намыстың жоғарылығы ұлтты жаманатқа қалдыратын әрекетті айыптайды, бұл өз кезегінде әр адамды өзінің жақсы аты үшін туған халқының алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеп қана қоймайды, сонымен бірге басқа ұлт алдында өз халқының жақсы атын сақтауға тәрбиелейді. «Будь таким, чтоб по тебе судили о твоем народе, будь достойным сыном (дочерью) своего народа – («Басқалар халқың туралы ой түйгенде, сенің ісің арқылы ой түйетін болсын, яғни өз халқыңның лайықты ұлы (қызы) бол»). Мұндай тілектер барлық халықтың педагогикасында кездеседі. Халықтың адал ұлдары туралы киелі естелікті қорламау, патриоттық әрекеттер арқылы халықтың даңқын арттыру – әр халық өз ұрпағын осындай биіктен көргісі келеді және өзінің педагогикалық жүйесін осы бағытта құрады. Ұлттық ар-намыс сезімі ғасырлар бойы қалыптасқан өз халқы үшін жауапкершілік сезімінің жоғарылығын бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өз ұлтының адал ұлы ретінде тұлғаны басқа халықтардың құрметіне бөлейді. Олай болса, ұлттық ар-намысты алдыңғы орынға қоюдың негізінде ұлттық гүлдену идеясымен қатар, интернационалдық жақындасу идеясы да бар. Халық бақытқа қол жеткізу арқылы кемелдікке талпынатыны анық. «Ақыл мен бақыт» деген татар ертегісі бақыттың ақыл бар жерде ғана орнайтынын уағыздайды. Мұнда Ақыл Бақыттың үлкен ағасы ретінде танылады: «Ақыл, ағам менің, енді мен сенің алдыңда бас иемін. Сенің менен жоғары екеніңді мойындаймын». Мұндай сюжет Үндістанда, Дағыстанның көптеген халықтары арасында, сондай-ақ еврейлерде кең тараған. Мысалы, авар халық ертегісінде жігіт: «Нені қалайсың, қарияның ақылын ба, әйелдің сұлулығын ба?» деген сұраққа: «Қарияның ақылын әйелдің сұлулығынан жиырма есе жоғары бағалаймын» деп жауап береді. «Правда и Кривда» («Шындық пен Өтірік») атты орыс ертегісінде шындықтың нақты көрінісін бейнелейтін синонимдердің қайталанып келуі халық түсінігінде адал еңбектің ролінің жоғары екенін көрсетіп, шындықтың тек еңбекшілердің жағында екенін меңзейді. Мұндай түсінік басқа халықтарға да тән. Әртүрлі халықтар жағымды және жағымсыз тұлғаларды сипаттауда бірін-бірі толықтырады. Сұлулық пен мейірімділік, кемел тұлға туралы жалпыадамзаттық түсініктер әртүрлі этностар көзқарастары негізінде қалыптасып, халық тарихын, салт-дәстүрін бейнелейді.
Қорыта айтқанда, әртүрлі халықтар фольклорында кездесетін кемел адам туралы түсініктерді зерделей отырып, олардың бастауында жалпыадамзаттық негіз жатқанын көруге болады.