Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



бет12/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Халықтық педагогикадағы «кемел адам» ұғымына анықтама беріңіз.
2. Шығыс және батыс ойшылдарының Кемел адам туралы көзқарасын сипаттаңыз.
3. Кемел адамның этникалық сипаты мен жалпыадамзаттық сипатына салыстырмалы талдау жасаңыз.
4. Орыс және қазақ ертегілері негізінде кемел адам бейнесін көрсететін кейіпкерлерге сипаттама беріңіз.
5. Халық идеалындағы кемел адам сипаттамасына сәйкес келетін танымал тарихи тұлғалардың есімдерін атаңыз.


3.Халықтық педагогикадағы негізгі құралдар (мақал-мәтелдер, жұмбақтар)
3.1 Мақал-мәтелдер және олардың халықтық педагогикадағы ролі

    1. Мақал-мәтелдердегі еңбексүйгіштік тәрбие

    2. Мақал-мәтелдердің айтылу формалары

    3. Жұмбақтар

Негізгі ұғымдар: мақал-мәтелдер, еңбек тәрбиесі, жұмбақтар, халықтық педагогика.
3.1 Мақал-мәтелдер және олардың халықтық педагогикадағы ролі
Тұлғаға әсер ететін әртүрлі тәрбие құралдары өте көп. Тәрбие құралдары балалардың бойында адамзатқа тән игі қасиеттерді баулуға бағытталады. Соның ішінде мақал-мәтелдердің орны ерекше. Мақал-мәтелдер халықтың танымдық-интеллектуалдық, өндірістік, эстетикалық, адамгершілік-рухани қажеттіліктерін қанағаттандырады. Олар халықтың өткені емес, халықтың тірі дауысы: халық өз жадында бүгінге қажеттілері мен ертеңге керектерін ғана сақтайды. Мақалдардан шындық өмірге жанасым мен болмысты бейнелеу, өмірлік мәселені, құбылысты байыптап, дәл де терең тұжырым жасау мен көкейге қонымдылығына қарай халықтың ұлттық поэтикалық ойлау ерекшелігін, рухани өмірлік тәжірибесін барлай аламыз.
Алдымен қазақ ғалымдары тарапынан әртүрлі кезеңдерде мақал-мәтелдерге берілген анықтамаларға тоқталайық. ХХ ғасырдың басында ағартушы-ғалым А.Байтұрсынов: «Мақал дегеніміз - кесегімен айтылатын белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады», - деп атап көрсеткен. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын болса, мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздер шындыққа жанаса қоймайды. Б.Адамбаев: «Әр халықтың мақал-мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез-келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп, көп ойланып, ұзақ баяндауды керек ететін қиын мәселені жеп-жеңіл, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді», - дей келе, «Мақал-мәтел дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы өмірден, табиғаттан көрген-білгендерін бейнелейтін шағын шығармасы, сөз өнері», - деген анықтама береді.
Жалпы, ғалымдардың пайымдаулары бойынша, халық шығармаларының басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдерді әу баста жеке адамдар шығарған, оны біреуден естіп, жаттап жаңғыртқан, өңдеген, өзгерткен. Сөйтіп, олар бірте-бірте жалпы ортақ мұраға, халық шығармасына айналған. Сондықтан мақал-мәтелдерді халықтың өмірден жасаған қорытындысы, ақыл-ой түйіні деуге болады. Олай болса, мақал-мәтелдерді құрастырушы – халық, сондықтан ол халықтың ұжымдық пікірін білдіреді. Мақал-мәтелдер, әдетте, бүкіл адам баласына ортақ. Сондықтан бір халықтың мақалын екінші халық төл шығармасындай қабылдай береді. Оларда халықтың өмірді бағалауының, бақылауының нәтижесі көрініс табады. Мақалдардың басты мақсаты тәрбиелеу болғандықтан, олар ерте кезден бір жағынан, педагогикалық идеяға негізделіп, тәрбиелік ықпал етсе, екінші жағынан, дидактикалық қызмет атқарып келеді: халық түсінігіне сай келетін тәрбие әдістері, құралдары туралы баяндайды, тұлғаны жағымды және жағымсыз жағынан сипаттай отырып, оны тәрбиелеуге, өзіндік тәрбиелеуге және қайта тәрбиелеуге шақырады.
Ұлы педагог Я.А.Коменский мақалдардың тәрбиелік қызметіне ерекше назар аударып, олардың тәрбиеленушілердің ақыл-ойына әсер етуші құрал екендігін және тәрбие беруде баланың білетінінен білмейтініне қарай ауысатынын атап көрсетеді. Ол мақалдарды «кәрі чехтардың даналығы» деп атаған. Шынында да, мақал-мәтелдер балалар ортасында көп айтылмайды, оларды көп жағдайда балалар үлкендерге еліктеу мақсатында айтуы мүмкін. Алайда белгілі бір жағдаятқа байланысты айтылған мақал бала ойында болашақта педагогикалық қор ретінде сақталады да уақыты келгенде тәрбиелік ықпал ету құралы ретінде көрініс табады. Мақалдардың формасы еске сақтауға ыңғайлы, бұл өз кезегінде оның этнопедагогикалық құрал ретіндегі маңызын арттыра түседі. Мақал-мәтелдерде қоғамдық пікірдің көрініс табуы халық педагогикасы үшін ерекше маңызды. Бұл туралы К.Д.Ушинский атап айтқан, оның ойынша, «Тәрбие туралы қоғамдық ой болмаған жерде қоғамдық тәрбие де жоқ».
Мақал-мәтелдердің адамды игі қасиеттерге үндейтін уағыз-өсиет сипаты тәрбиелі қыз, ұлағатты ана, ардақты ұл, жылы жүректі әке қандай болуы керек деген сұрақтардың жауабын түйіндеуге мүмкіндік береді. Бала өсіруде, тәрбиелеуде халық өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаларға арнайды. Өмір тәжірибесінен алынған асыл сөз, даналық ойларын мақал-мәтел етіп, үлгі-өнеге ретінде өмірінің жалғасы болатын баласына, немересіне қалдырып отырған. Сондықтан кез-келген мақал-мәтелдің педагогикалық астары – ғибраты болатыны анық. Халық тағылымында педагогикалық ғибраттың құндылығы ерекше. Ол – халықтың өзіндік моралдық-педагогикалық кодексі. Бұл кодексті халық ұсақ детальдарына дейін жан-жақты ойлап, құрастырған: «Детей побоями не учат, добрым словом учат», «Повторение – мать учения», «Разум шире морей, знания выше гор», «Ат болар тай саяққа үйір, Адам болар бала қонаққа үйір», «Болар бала бесігінде бұлқынар, Болар құлын желісінде жұлқынар». Тәрбие нәтижесі туралы халықтық пікірдің құнды педагогикалық мәні бар, бұл – адам, тұлғаның сипаты туралы бағалаушылық қорытындылар. «Сабыр түбі - сары алтын», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «Вспыльчивый нрав не бывает лукав», «Хорошо откормленная собака на хозяина не лает», т.б. Көптеген сипаттамалық мақалдарда тұлғаның қасиеттері мен іс-әрекеттері тәрбиеге байланысты бағаланады. Тәрбиесіз адамдарды тәрбиелеу немесе қайта тәрбиелеу – оңай іс емес: «Змея своей кривизны не сознает, впрямлять станешь – укусит», «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді», «Әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы», «Алты қадам алдын көрмеген, алысқа ұзап кете алмас», т.б.
Мақалдарда дайын қорытынды болғанымен, ол соңғы ой емес, жаңа ойға шақыратын тиянақ тірек. Мақал белгілі бір нақты жағдайда – қорытынды, екіншісінде – жаңа проблема қоятын гипотеза. Мақал-мәтелдердің құндылығы оның тереңдігіне енуді талап ететін мағынасын ұғыну қажеттілігімен түсіндіріледі. Әңгіме, пікірталас, сұхбат барысында мақал-мәтелдерді орынды қолдану - халықтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Мұндай сөз қолданысы көп жағдайларда мақалдарды педагогикалық насихат құралына айналдырады. Мысалы, орыстың «Жизнь прожить – не поле перейти», қазақтың «Қызым, саған айтам, қызым, сен тыңда» деген мақалдары жастарға көрсететін жол, ақыл-кеңес сияқты. Ата-ана үшін баланың көптігі жақсы екенін білдіретін мақал әр халықта да бар. Мысалы, қазақтар «Бір баласы бардың – шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың – өкпе-бауыр, жалы бар, үш баласы бардың - Бұқарада пұлы бар» десе, орыстар: «Один сын и умереть может, со вторым можно характером не сойтись, какая сношка попадется. А три сына – три костыля на старости лет», - дейді.
Барлық халықтарда бала тәрбиесіндегі ана-ананың шешуші ролі мақал-мәтелдерде ерекше сөз болады. Орыстарда кездесетін «Птичьего молока хоть в сказке найдешь, а другого отца-матери и в сказке не найдешь», қазақтардың «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағадағы құрақ», «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» сияқты мақалдары бұған мысал бола алады. Аға ұрпақ пен өскелең ұрпақтың байланысы туралы пікірлер де ұқсас келеді: «Старшим место уступи, младшим помощь окажи» (хакас), «Үлкенге құрмет, кішіге – ізет» (қазақ), «Старшего слушай, молодого учи» (якут, чуваш, татар), т.б.
Мақал-мәтелдерде ата-ана сөзі ұрпақтан ұрпаққа жеткен халық даналығы ретінде жоғары бағаланады. Ата-ана бұл жерде халықтың атынан сөйлейді, балалар мен халықтың, өскелең ұрпақ пен аға ұрпақтың арасын байланыстырушы болып табылады: «Шешесін ұқпайтын, әкеден ықпайтын ұл болмайды», «Ата-ананың қарызы, ұрпақтың өмірлік парызы», «Әкесіне қарап ұлын, шешесіне қарап қызын таны», «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», т.б. Ана мектебіне ерекше мәртебе беріліп, алдыңғы орынға қойылады. Мысалы, қазақ халқында: «Анасын көр де, қызын ал», «Ағайын - алтау, ана - біреу», «Алып – анадан, ат – биеден», «Ана болған дана болады», «Ананың алдында асқар тау да аласа», «Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды», орыс халқында: «Какова матка, таковы и детки», т.б. Ер жеткен ұл, бойжеткен қыздың ешбір жарғымен бекітілмеген, халық өзі шығарған заңында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеудің маңызы ұқтырылады. «Ата алдында – қызмет, ана алдында – құрмет», «Анасына орын ұсынбаған, әкесіне қолын ұсынбайды».
Халық мақалдарында тұқым қуалаушылық және ата-ананың педагогикалық шығармашылығының нәтижесі өзара тығыз байланыста көрініс табады: «Жібекті түте алмаған жүн етеді, баланы күте алмаған құл етеді», «Әке көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер», «Атаға баланың алалығы жоқ», «Мейірімі мол ананың – жүрегі жылы, қолы кең, Кең пейілді атаның - жүзі жылы, жолы кең», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «У доброго батьки добры и дитятки», т.б. Әйтсе де халық баланың әртүрлі әрекеттерді реттеудегі жеке басының жауапкершілігін жоққа шығармайды. «Жақсы әке жаман балаға көп жылдық азық», «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада», «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын жерге сүйрер», «Глупому сыну и родной отец ума не пришьет». Кез-келген ата-ана баланың асыл азамат болып өскенін қалайды, сол үшін қолынан келгенінің бәрін істейді. Сондықтан әр ата-ана баланың жеке адамгершілік қасиеттерін ескере отырып, тәрбиелеуге тырысады. Қалыптасқан мінезбен еш пенде дүниеге келмейді. Осыны топшылаған ата-бабамыз: «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің» деп ой төркінін жасаған.
Халық баланы сергек сезімді, еңбек сүйгіш, абзал азамат етіп тәрбиелеу ісін оның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дей ін қосшыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай бағала» тәріздес мақал барлық халықтарда бар. Бұл ғылыми педагогикадағы баламен еркін сөйлесу, тең азамат санау, ашық сырласудың тәлімдік мәнін қоштайтын ашық пікірлесу қағидасына сай келеді. Халық мақал-мәтелді пайдалануда баланың жас ерекшеліктерімен қатар жеке бас ерекшеліктерін ескерудің де маңыздылығын түсінген. Барлық адамның мінез-құлқы, қабілеті бірдей емес. Солай болғандықтан да оларды тәрбиелеу әдісі алуан түрлі болмақ. «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау – баланың қарызы» деген мақал да осыған байланысты.
Мақал-мәтелдер арқылы тәрбиелеу ісінде алға қойған ойлы мақсаты – жас буынды дербестікке, өз бетімен ойлауға баулу. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас», «Жығуға шамасы жоқ – күреске түспейді», «Жығылсаң, нардан жығыл» сияқты мақалдар ауырдың үсті, жеңілдің астымен бас сауғалап күн көрмей, күресте көрініп, көзге түс, көпке таныл, айналаңа қамқор бол дегенді меңзейді. Ал «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деген мақал еңбектенудің, талаптанудың, үздік әрекеттің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығына жасөспірімдердің сенімін ұялатады. Жасөспірім алдына үлкен мақсат қоя білсе ғана биікке ұмтылады, сондай ұмтылыс үстінде өседі, жетіледі. Армансыз биікке самғау жоқ екенін жақсы түсінген халық: «Талаптыға нұр жауар» деп жеткіншекті қанағаттандырумен қатар, «Армансыз ұлан – қанатсыз қыран», «Арманы жоқтың пәрмені жоқ» деп парықсыздықтан сақтандырған.
Мақал-мәтелдерде адамгершілік қасиеттерді, әсіресе, ар-ожданды қастерлеу тәрбиенің басты қағидасы болып саналған. Осыған орай «Адам деген ардақты ат», «Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы», «Ақ жүрген адам азбас», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі», «Жаным – арымның садағасы» деп арды аса жоғары бағалаған. Ар тазалығы басқаға қиянат жасамауға, шыншыл, әділ болуға баулиды. Педагогикалық тұрғыдан өсиеттердің үш категориясы жиі кездеседі: балалар мен жастарды жақсылыққа, жақсы мінез ережелеріне үйрететін өсиеттер; үлкендерді инабатты мінез-құлыққа шақыратын өсиеттер және тәрбие нәтижесін айқындайтын педагогикалық кеңестен тұратын өсиеттің ерекше түрі. Соңғысы педагогикалық тәжірибені жинақтаудың өзіндік формасы болып табылады. Оларда тәрбие мәселесі бойынша мол тәрбиелік-білімдік материал қамтылған. Мақал-мәтелдерде айтылған пайымдаулар мен өсиеттердің дұрыстығына деген халықтың сенімі сөз құдіретін толық мойындап, оның шынайылығына табынуға жетелейді: «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көп сөз - көмір, аз сөз – алтын», т.б. Олар өмірдің белгілі бір құбылыстарына өзіндік көзқарастарын білдіру үшін сол нақты жағдайға байланысты қолданылатын халық афоризмін сәйкесінше таңдап алады және оған ешқандай күмән келтірмейді.
Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер халықтың өзіндік моралдық-педагогикалық кодексі ретінде үздіксіз тәрбие үдерісінде адамгершілік, бауырмалдық, туыстық, қайырымдылық қағидаларын басшылыққа ала отырып, жастарға педагогикалық ғибрат береді және үлкен мен кіші, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастық педагогикасын дәріптейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет