Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Бесік жыры (балалық шақтағы әндер)



бет17/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

4.2 Бесік жыры (балалық шақтағы әндер)
Тұрмыс-салт әндерінің шұрайлы қабатын балалық шақтағы әндер құрайды. Балалар әндері халықтың күнделікті тіршілігіне байланысты туындаған. Соның ішінде қай халықтың болсын тұрмысында, өмірінде бесік жырының алатын орны ерекше. Қай халықта болмасын, бесік педагогикасы – ең табиғи үлгідегі педагогика. Оның мақсаты - жас сәбиді махаббатпен еркелетіп жұбату, ұйықтату. Сәби әннің маңызын түсінбейді, бірақ әуендегі, ән айтудағы, дауыс ырғағындағы нәзіктік пен махаббатқа бөленеді. Бесікке салынған бөбек анасының сүйіспеншілікке толы, жанға жағымды нәзік әуеніне балқып, тәтті ұйқыға кетеді.
Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жыры әр елде әртүрлі айтылғанымен, атқаратын міндеті, мазмұны, поэтикалық құрылымы, әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының негізгі мазмұны ананың балаға, оның болашақтағы арманына деген махаббатына құрылады. Бесік жырының құрылымы қарапайым болғанымен, сазы жан тебірентер мамыражай, әрі көркем болып, жас сәбидің жүйке жүйелеріне, жалпы психикасына жағымды әсер етіп, көңіл-күйін орнықтырады. Танымал ақын Р.Гамзатов: «Ананың әні – әлемдегі негізгі ән, адамзаттық әндердің бастапқысы. Егер де бесік жыры болмаса, әлемде басқа да әндер болмас еді», - дейді. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының, ел тұрмысының көрінісі бар.
Бесік жырының негізінде халықтың тұрмыс-салт, өмір тіршілігіне байланысты туып, бірнеше ғасырлық өмір тәжіибесінде өзінің тиімділігін дәлелдеген нәрестені ағаш төсек – бесікке бөлеу әрекеті жатыр. Ол, әсіресе, көшпелі ғұмыр кешкен түркі халықтарының өмірінде ерекше орын алған. Барлық этностардың мәдени мұрасында ерекше орын алатын бесік – ұлттық өнер туындысы, салт-дәстүр жұрнағы, ұлттық тәрбие құралы. Көшіп-қонып жүрген халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінен туындаған, уақыт сынынан сүрінбей өткен киелі бесіктің өзіндік ерекшелігі, тұрмысқа бейімділігі, бала өміріне пайдалылығы анық. Бесіктің қадірін жақсы түсінген қазақ халқы «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» сияқты ұлағатты сөздер тудырған.
Бесік жыры – тұрмыс-салт жырларының көне түрлерінің бірі. Қазақ бесік жырларының үлгілерін алғаш 1905 жылы Ә.Диваев хатқа түсіріп, жариялаған. Бесік жырындағы төмендегі тіркестер ел тұрмысының көрінісін жан-жақты көрсетеді: «жілік шағып берейін», «байқұтанның құйрығын жіпке тағып берейін», «қой тоқтысын сой, бөпем», «үстіме тоқым жабайын, астыма терлік салайын», т.б. Бесік жырлары мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары болып екі топқа бөлінеді. Дәстүрлі бесік жырларына ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын бесік жырлары жатады.
«...Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?», - деген жолдардан ананың баласының болашағын, ел мүддесін өз арман-мұратымен астастыра жырға қосқанын көреміз. Ал суырып салма бесік жырларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мысалы, Г.Н.Потанин хатқа түсірген бесік жырында кездесетін мына жолдардан: «Таудан тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ, Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке, Жылама бөпем, жылама» кедей ауылының ауыр тірлігін көреміз. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, ел тұрмысынан мол мәлімет беретін қазына болып табылады. М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында «Қорқытпа менің баламды, гулей соққан ақ боран, Балам әже қойнында, келе алмайсың сен оған» деп басталатын бесік жырын енгізіп, халық даналығынан туған фольклорлық мұраны пайдаланудың тамаша үлгісін көрсеткен.
Орыс халқының өмірінде де бесік (колыбельные песни) жырларының маңызы зор. Бесік жырларында бірде мейірімді, бірде қорқынышты, бірде күлдіргі, бірде мұңды болып келетін құстардың, аңдардың, үй жануарларының поэтикалық образдары көрінеді:
Лисицы спят
Все по кусточкам,
Куницы спят
Все по норочкам,
Соколы спят
Все по гнездышкам,
Соболи спят,
Где им вздумалось,
Маленькие детки
В колыбелях спят.
Сондай-ақ бесік жырларында көп балалы жанұяның бейбіт өмірі де үлкен толғаныспен баяндалады:
Полна горница ребят,
Все по лавочкам сидят,
Кашу масляну едят.
Қоршаған табиғатты поэтизациялау бесіктегі баланы табиғаттың бір бөлігі ретінде көрсетеді. Мысалы, марий халқының бесік жырында мынадай қайталаулар кездеседі: «Ой, дитя мое, дитятко, ой, дитя мое, дитятко»... Біртипті, мейірімді бұл қайталау баланы ұйықтатуға, тербеуге мүмкіндік береді. Бұл қайталау марийлердің сұлу табиғатымен астасып жатыр: «Пусть рубашкой твоей будет вязовый лист», «постелью твоей будет липовый лист», «пусть отцом твоим будет заяц-русак». Бұл жолдардан сәбидің табиғаттың бір бөлшегі, оның баласы екенін көруге болады. Анасы да, баласын әлдилей отырып, өзінің туған жерге махаббатын көрсетеді. Ал мордован ана баласын былай жұбатады:
Баю-бай, баю-бай,
Баю-бай, мой родной, засыпай,
Глазки, маленький мой, закрывай.
Спит кукушка средь темных ветвей,
До утра задремал воробей, -
Так ложись ты в постельку свою,
Баю-бай я тебе пропою...
Орыстардың өткен замандардағы тарихи дамуы, шаруа еңбегінің элементтері, тәрбиенің ұлттық-психологиялық ерекшеліктері сондай-ақ пестушки, потешки, т.б. әндер мен өлеңдерде байқалады. Пестушки – денеге жеңіл қол тигізіп айтылатын, қайырмасы бар қысқа өлең, Пестушки сөзі «мәпелеу», «бағып-қағу», «әлпештеу» деген мағынаны білдіреді. Пестушки - ананың баланы қол қимылы арқылы мәпелей отырып қысқа қайырылған өлең жолдарын айту арқылы әлпештеуі. (Мысалы, «Будь большим, будь большим – при каждом подтягивании по пяди прибавляй в росте»). Ол баланың тек физикалық тұрғыдан өсуін ғана көздемейді, мұнда жалпы баланың жарқын болашағы туралы жырланады. Бұл әндер жеңіл дене қимылы арқылы орындалғанда ғана маңызды болып табылады. Жеңіл, жұмсақ массаж жасау барысында айтылатын, қарапайым өлең жолдарынан тұратын пестушки баланың көңілін сергітіп, жадыратады. Онда баланың физиологиялық дамуының барлық негізгі кезеңдері ескеріледі: бала аяғы қаз-қаз басқанда бір өлең, алғашқы қадамдарын жасағанда – екінші өлең, т.б. Бұл ән қазақтың «Қаз-қаз, балам, қаз, балам» деп басталатын тұсау кесер дәстүрі кезінде айтылатын өлең жолдарына мазмұндық жағынан өте жақын. Анасының сүйіспеншілікке толы, жанға жағымды нәзік әуеніне балқып өскен сәби тәй-тәйлап жүре бастаған кезде ата-анасы бала тез жүріп кетсін деген ниетпен тұсау кесер тойын жасайды. Тұсау кесуші әйел жүре бастаған баланың аяғына ала жіппен тұсау салып былай әндетеді:
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам!
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Орыстың пестушкилері бірте-берте потешкиге ауысады. Потешки – баланың қолымен, аяғымен, саусақтарымен ойнау арқылы жүзеге асырылатын балаларды жұбатуға арналған қысқа, әзіл-қалжыңға негізделген күлдіргі өлең. Бұл әндерде еңбексүйгіштікке, мейірімділікке, достыққа шақыратын педагогикалық өсиет те орын алады. Мысалы, орыстың «Сорока» деп аталатын потешкиінде: «Зачем дров не таскал? Воды не носил?» деген жолдар арқылы жалқаулықты айыптап, кіші жастағы балалардың өзін еңбексүйгіштікке шақырады. «Чей нос?» деген потешкиді орындауда анасы баланың мұрнынан ұстап, «Кімнің мұрыны?» деп сұрайды. Мұнан әрі балаға осы тектес басқа да сұрақтар қойылады. Қорытынды бөлімде мынадай диалог бар: Что купишь? Калач. С кем съешь? Егер бала «Өзім жеймін» деп жауап берсе, «Не ешь один! Не ешь один!» деп, кішкентай балаға бауырларын, достарын ұмытпауы керектігін, олармен қолда барды бөлісу қажеттілігін еске салады.
Екі жастан асқан балаларға мазмұны жағынан күрделірек өлеңдер айтылады. Олар прибаутки деп аталады. Прибаутки – балаларға арналған қысқа күлдіргі әңгімелер. Олар өлең түріндегі ертегілерді еске түсіреді. Прибаутки еңбекші халықтың поэтикалық және музыкалық талғамының ерекшелігін көрсетеді. Осындай өлеңдер арқылы халық ең кішкентайларға арналған поэтикалық шығармашылық түрін дамытты. Бұл әндер балаларға арналған ән, өлең, ертегі жазушылар үшін таптырмас үлгі болып табылады. Чуваш аналары айтатын прибауткилерде бата-тілек элементі кездеседі. Мысалы, баласын моншада жуындыра отырып, ана арқасын жеңіл сипалай, былай жырлайды: «Мужчину увидишь - дядей назови, женщину увидишь - тетей назови, девушку увидишь - сестрой назови». Немесе мынадай жолдар да жиі кездеседі: «Вырастешь - будь молодцом, мастером петь и искусным танцором», «Добрая голова пусть имеет добрые цели, добрый конь твой пусть добро скачет, добрые руки пусть делают доброе дело». Ес біліп, оң-солын тани бастаған балалардың өздеріне қоршаған табиғаттағы жан-жануарлардың, құстардың дыбыстарын, іс-әрекеттерін бейнелеуі қазақтың «Асау мәстек», «Соқыр теке», «Қоқи көк», «Ақ серек, көк серек» сияқты ойындарында көрініс тапқан. Осы ойындардың әндері бала табиғатына сай, ойнақы, көңілді, ширақ болып келеді. Ал орыс балаларының өмірінде заклички, приговорки деп аталатын әндер де кең орын алған. Олар балаларды еңбекке баулып, жердің, аспан мен судың күшіне деген сенімділігін арттырады. Балалар осындай өлеңдер арқылы қуаныш пен ренішті, еңбек пен қамқорлықты үлкендермен бірге бөлісуді ерте жастан үйренеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет