4.4 Жоқтау және оның поэзиясы Жоқтау және жаназалау әндері көптеген халықтардың тұрмыс-салт жырларының ішіндегі қалың қабаттардың бірі болып табылады. Олар тарихи оқиғаларға, адам қазасына байланысты туындап, ел аузында сақталған естірту, көңіл айту, жоқтау сияқты жанрларда көрініс табады. Мұнда жеке адамның немесе бүкіл бір елдің көңіл-күйлерінің алуан түрлі толқыны бар. Тұрмыс-салт жырларының бұл түрін мұң-шер өлеңдері деп те атайды. Адамның көңіл-күйін, өмір құбылыстарын терең толғайтын жаназалау әндерінің тәрбиелік мәні де зор. Олар белгілі бір жүйемен топтасқан. Мұндағы әрбір әдет-ғұрып, дәстүр, дағды ережелері мен заңдарының тұтас кешенін байланыстырушы буын ретінде бой көрсетеді.
Көптеген халықтарда жоқтау мен дауыс қылу жақын туыс адамдары қайтыс болғанда жерлеу кезінде айтылады. Оларда өлім туралы, адамның басқа формаға ауысуы туралы, басқа әлемге өту туралы түсініктер жинақталған. Жоқтау өлеңдер - мәңгілік идеясының жалғасы. Жоқтау өлеңдерін жүрек толқытар сезімдердің терең бейнесі деуге болады.
Жоқтау өлеңдерінің тәрбиелік жағы да мол: әдетте жоқтаушы өмірден өткен адамның жасаған игілікті істерін еске алып, оның іс-әрекетіне еліктеп, есте сақтап, алғыс айтады. Мысалы, орыстың «Плач вдовы по мужу» деп аталатын жоқтауында ері әйелі мен балаларын тастап кеткен қызыл күн ретінде беріледі. Басты назар өмірден өткен адамға емес, жетім қалған балаларға аударылады. Күйеуінің ісі негізінен оның тірі кезінде істеген жақсылықтары арқылы бағаланады. Балаларға әке қай кезде де керек: ол еңбекке тәрбиелейді, ол – қорғаушы және тірекші, оның жақсы аты елге істеген жақсылығы арқылы балаларына жетеді. Тірексіз, жалғыз қалған ананы алдымен балаларының тағдыры ойландырады: Да как растить-то сиротных малых детушек?
Жоқтау өлеңдер поэтикалық күші зор өмірдің қорытындысы ретіндегі некролог болып табылса, ал өлген адам тірілердің алдында идеал-үлгі болып табылады. Жоқтауда тәрбие және оның нәтижесі туралы айтылады. Өлген баласын жоқтаған ана өзінің тәрбиелік әрекетінің нәтижесін баяндайды. Жоқтауларда тірілерге, ұрпаққа деген қамқорлық та басты орын алады. Жоқтау әндері – мәңгілік идеясының жалғасы. Жылау, жоқтау тек өлген адамды жерлеу, қою ғұрыптары кезінде ғана емес, сонымен бірге ұзақ уақыт бойына, өлген адамның жылын, асын бергеннен кейін де орындалған.
Қорыта айтқанда, халық әндерінің ғасырлар бойы іріктеліп, өмір сынынан өткен ең үздіктері ғана халық жадында сақталады және адамды туылғаннан бастап өлгенге дейін шығарып салады.