Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: Әннің халықтық педагогиканың құралы екенін мысал арқылы дәлелдеңіз.
Халық әндерінің жеке тұлғаға ықпалын өзіңіз жақсы көретін бір халық әні негізінде көрсетіңіз.
«Егер де бесік жыры болмаса, әлемде басқа да әндер болмас еді» деген пікірмен келісесіз бе? Ойыңызды дәлелдеңіз.
4 Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең...» деген өлең жолдарын қалай түсінесіз?
Жоқтау өлеңдерінің тәрбиелік мәнін көрсетіңіз.
5. Халық педагогикасындағы ертегілер Ертегілердің танымдық ролі
Ертегі – халық тәрбиесінің құралы
Ертегілердегі педагогикалық идеялар
Халық ертегілерін тәрбиелеуде қолдану
Негізгі ұғымдар: ертегілер, халық ертегілері, педагогикалық идеялар, халық тәрбиесі.
5.1 Ертегілердің танымдық ролі Кез-келген ұлттың фольклорындағы ертеден келе жатқан көне жанрдың
бірі - ертегі. Оның ертегі деп аталуының өзінен және ертегінің «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте, ертеде» деп басталуынан оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес. Ертегілерде халықтың басынан кешкен ғасырлар ізі жатыр. Оларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғүрпы, елдік тарихы, қилы-қилы асулары, арман-мұраты бейнеленген. Ертегіден халықтың ертеңге деген сенімі мен арман-тілегін, қиялын, даналығын, ғасырлық өмір тәжірибесін көреміз. «Ертегі» ұғымына М.Әуезов төмендегідей анықтама береді: «Ертегі деп баяғы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң елдің белгілі салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын, жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған көтерме әңгімені айтады». Сондай-ақ ол: «Халық ертегілері - халық өмірін бейнелейтін фантастикалық негізге құралған оқиғалы көркем шығарма. Онда еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәденеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібі мен түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған», - дейді. Мұнан әрі ғалым қазақ ертегілерін негізінен үшке бөліп қарастырған, олар: қиял-ғажайып ертегілері, хайуанаттар жайындағы ертегілер, шыншыл ертегілер. Ал шыншыл ертегілердің өзін қазақ фольклорында ең көп болу себепті өзара үш түрге бөледі: салт ертегілер, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер. Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әртүрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Әр елдің ертегі сияқты мұрасында бір-бірімен ұқсас жақтары болады. Бұл ұқсастықтардың негізгі себебі шаруашылық, қоғамдық, салт-саналық жағдайлары бір дәрежеде, біркелкі ұқсас халде болғанда - сол елдердің әрқайсысы өз топырағында ұқсас шығармалар туғызады. Онан соң шаруашылық қарым-қатынасы аралас, жақын елдердің ертегілері біріне-бірі ауысып келіп жатады. Мәселен, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікпен халықтары мен қазақ халқына ортақ ертегілер көп. Сөйтіп, дүние жүзіндегі халықтардың бәрінің де айтып жүрген ертегілері жалғыз сол халықтың өзі ғана тудырған ертегілер емес, қайта өзге де халықтарға ортақ болуы мүмкін. Олардың көбі тарихи-типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетикалық, яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады. Сол себепті ертегілерде таза ұлттық сюжеттермен қатар, халықаралық сюжеттер де қатар өмір сүрген. Мысалы, қазақ ертегілерінде кездесетін самұрық құс, өзі ұшатын кілем дүниежүзі халықтарының көбінде бар. Атап айтқанда, орыс ертегісінде алып таусоғар, көлжұтар, желаяқ «Жеті Горыныч», жалмауыз кемпір "Баба яга" деген атпен кездеседі. Осыған ұқсас толып жатқан кейіпкерлерді басқа халықтар ертегілерінен кездестіреміз. Осыған орай бұл ертегілер бір-ақ халықтікі, өзгелер содан алған деген үзілді-кесілді, бір жақты қорытынды жасауға болмайды. Бір жағынан, шаруашылық, мәдени қарым-қатынасы, тарихи өмірі тығыз байланысты болу себепті ертегілердің ұқсас мотивтері дамыса, екінші жағынан, әр елдің өз фольклорының көлемінде, өз топырағында ертегі-әңгімелердің туып, дамуы әбден заңды. Бұдан шығатын қорытынды — ертегі бір елдің фольклоры көлемінде зерттелу үшін оның тек қана осы елдің өз ішінде туған төл ертегісі болуы шарт емес. Қай жақта туып, қай шеттен келсе де, белгілі ертегіні бір халық өз тілінде айтып жүрсе, сол жеткілікті. В.Г.Белинский ертегі туралы: «Онда ұлттық мінез, ойдан шығарылған нақты өмір бар», - десе, Н.А.Добролюбов: «Онда халық өзінің өмірге деген қатынасын айқындайды», - дейді. Ертегінің мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсыну және эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық қызмет атқарады. Оның осы дәуірге дейін жетуі ертекшілермен тығыз байланысты. Халық арасында үлкен беделге ие болған ертекшілер ертегіні шебер орындаған. Жаңадан ертегілік сюжетті тудырып, толықтырып отырған. Ертекшінің басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі шындыққа құрылмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге күш салады. Ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің әсерлі болуы ертекшіге байланысты ғана емес, тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. Классикалық ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар, қашан да идеологиялық қызмет атқарған. Ертегінің композициясы бас қаһарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама дамып отырады. Ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді. Ертегінің композициясы бірнеше бөлімнен тұрады: бастама немесе кіріспе, эпикалық баяндау, қорытынды. Кіріспе бөлімінде, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтылып, тыңдаушы кейіпкер туралы жан-жақты мәлімет алады. Эпикалық баяндау барысында қаһарманның өсу жолы, үйлену тарихы, оның бастан кешкен оқиғалары әңгімеленеді. Қорытынды бөлімде кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады.
Ертегілер фактілік тұрғыдан – эстетикалық әңгімелер, сонымен қатар олардың танымдық маңызы бар. Олар оқыту мен тәрбиенің бірлігін қамтамасыз етеді. Ертегілердің ұлыстық, оптимистік, үлгілік, сюжеттік қызығушылық, дидактикалық ерекшеліктері бар. Ұлыстық ерекшелік бақыт үшін күрес, діни сенім мен дәстүр, еңбексүйгіштік, дарындылық, адалдық, өзінің халқына берілгендік, табиғатпен байланыс түрінде көрініс тапса, оптимистік ерекшелік жақсылыққа ұмтылу қажеттілігін көрсетеді. Тыңдаушыны қызықтыру үшін кейіпкерлердің батырлық қасиеттері гиперболизацияланады, мысалы, кейіпкер бір түнде үлкен сарай салып, өскен өнімді жинауы мүмкін, т.б. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының түрлі іздерін сақтап, біздің заманымызға жеткен.