Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Жасөспірімдер мен жастар әндері



бет18/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   97
4.3 Жасөспірімдер мен жастар әндері
Тұрмыс-салт әндерінің кең тараған түрі – жасөспірімдер мен жастар әндері. Бұл әндер де халықтың күнделікті өмір-тіршілігіне байланысты туындаған. Жастардың ойыны, ермегінің көбі түрлі жан-жануарлар мен құстардың әрекеттерін, құйқылжыта сайраған үнін тамашалап, соларды өзінше мәнерлеп қайталай жүріп ән салуға ұласқан. Бұл кезде жасөспірім ұлдардың әскери, аңшылық тақырыптағы әндерге қызығушылығы арта түседі. Кабардин, балкар сияқты тау халықтарының жігіттері арасында «Аңшылар әндері» кең тараған. Аңшылық әндерінде көне дәуірдегі адамдардың тұрмыс-салты мен еңбегі бейнеленген. Оларда адамдардың өздерін қоршаған табиғат күштеріне көзқарасы, сенім-нанымдары, әдет-ғұрыптарының іздері байқалады. Олар жануар мен құстардың дауыстарына, іс-әрекеттеріне еліктеуден туған. Аңшылық сәттері бейнеленген поэтикалық мәтіндер орта ғасырда өмір сүрген түркі филологы Махмұт Қашқари шығармаларында, сондай-ақ 15-ғасырдағы Орхон-Енисей жазуында кездеседі. Қыздарды отырыстарда хормен айтылатын әндер қызықтырған. Сол сияқты жаңылтпаш, санамақ, мазақ өлең, жеребе тастау сияқты ойын элементтері араласқан ән түрлері жастар арасында кең тараған.
Жаңылтпаш - халықтық шығармалар ішінде жасөспірімдердің тілін ұстарту үшін оған сөз үйретіп, дүниетанымын кеңейту мақсатында ойлап шығарылған ауыз әдебиетінің бір түрі. Ол баланы дұрыс та айқын сөйлеуге үйрететін, тілін дамытатын жанр. Ол туралы С.Сейфуллин: «Жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкі дүкенін құрған орында айтылатын айтыстың бірі – жаңылтпаш. Бұл да ертегі, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың тілге ұстануларына, ойнақы, қырлы сөздерді тақпақша атқылап, билеп еркін сөйлеуге төселу ретінде жас кезінен сабақ-ойын болатын нәрсе», - деген.
Жаңылтпаштарды жатқа, мүдірмей айту арқылы баланың сөздік қоры байып, ой-қиялы дамиды. Балалардың көбінесе дұрыс айта алмайтын, тілі келмейтін «р» дыбысы. Осыған байланысты «р» дыбысын құрайтын дұрыс айыруға бағытталған жаңылтпаштар көп. Мысалы: Ай, Тайқарбай, малыңды жадыраға жай, Тайқарбай; Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай. Осы жаңылтпашты жылдам айтқызғанда бала жаңылып, «р»-дың орнына «и» дыбысын айтуы да кездеседі. Ал «с» мен «ш» дыбысын дұрыс ажыратып айту үшін «Шеше, неше кесе сынды кеше?» деген жаңылтпашты қолдануға болады. Сондай-ақ осы дыбысты шатыстырмай айтуға үйретуге байланысты «Торта қойдым, орта қойдым, Орта қойдым, жорта қойдым» деген сияқты көптеген жаңылтпаштарды айтуға болады. Жаңылтпаш баланы дұрыс сөйлеуге үйретумен қатар, оларды айналасындағы неше алуан көріністермен, өмірмен таныстырады. Балаларды жалықтырмау үшін жаңылтпаштың сөздері қызықты, күлдіргі және ұйқасты болып келеді. Балалардың жаттап айтуына оңай да жеңіл тиеді. Жаңылтпаш баланы дұрыс сөйлеуге үйретумен бірге дұрыс шешім қабылдауға дағдыландырады.
Әртүрлі этностардың жасөспірімдерге арналған әндерінде еңбексүйгіштік, қырағылық, батырлық жырланады. Мысалы, чуваштың «Каракулька» атты әнінде үлкен бір отар қойды баққаны үшін қожайынның қойшыға қара ат беруге серт бергені сөз болады, еңбек адамы мадақталады. Балкардың «Адемай» әні де осыған ұқсас. Адемай да, Каракулька сияқты, қозыларды баққан малшы. Оған да: «Кімсің сен, Адемай?» деген сұрақ қойылады. Сұрақтың жауабы:
И пастух, и дровосек,
Я и пахарь, и ловец,
И на скачках удалец!
Көптеген халықтарда аяқты бір-біріне соғу арқылы бірте-бірте биге ұласатын әндер жиі кездеседі. Би қимылдарымен жанданған әндерді барлық ұлттың балалары жақсы көреді. Мұндай әндердің ішінде заттар мен құбылыстардың әртүрлі әрекеттерімен қатар қозғалыстары да сипатталатын әзіл әндер өте көп.
Жасөспірімдерге арналған әндердің барлық түрлері ойын элементімен берілетін болған. Ән ойынды жандандырып, оған жаңа түр берген. Шаруа балаларының өмірінде әртүрлі санамақтардың, жаңылтпаштардың ролі зор болған. Жасөспірімдер мен жастар әндерінің бәріне тән ерекшеліктері олардың ойнақылығы, эмоциялық көңіл-күйінің көтеріңкілігі, дидактикалық мән-мағынасы күнделікті оқу-тәрбие жұмыстарында пайдалануға қолайлы жағдай жасайды. Жасөспірімдерге арналған әндердің ішінде көңілді, әзіл әндер өте көп: халық ең қиын кездің өзінде балаларды қайғылы ойлардан сақтандырып, қоғамдық қиямет пен әлеуметтік теңсіздіктерді көрсетпеуге тырысты. Бірақ бұл жасөспірімдердің репертуарында балаларға моральдық сенім ұялататын байсалды әндер кездеспейді деген сөз емес. Жасөспірімдер репертуарларына кірген әндердің ішінде адамға қайғыда көмекке келуге дайын болуды меңзейтін, еркіндік пен адамдық қасиеттерді уағыздайтын әндер аз емес. Мұндай әндер моральдық-педагогикалық проблемалар қояды. Осындай әндер қатарына орыстың «Запрягай лошадь, выбирая» деген ән жатады. Бұл әнде аға ұрпақ мұрасына адал, ата-аналарының адал атын сақтай білген жас адамға ғана сеніп тапсырылатын өмір жолы туралы айтылады. Жасөспірімдерге арналған әндер репертуарында педагогикалық идея нақты, анық көрінеді. Оған халық педагогтарының жасөспірімдік кезеңнің балалық шақтан жастық шаққа өту кезеңі ретіндегі қиындығы мен ерекшелігін түсіне білуі ықпал ететіні анық.
Жастық шақта айтылатын әндердің репертуары сан алуан. Барлық халықтың қыз-жігіттері сол халықтың ең үздік әндерін айтып қана қоймайды, сонымен бірге тамаша әндерді тудырушылар да болып табылады. «Қамажай» сияқты жастардың ауыл-аймақ арасындағы той-томалақ, алтыбақан ойындары кезінде айтатын әндері оларды ерекше әсерге бөлеп, сүйіспеншілігін арттырады. Қыздардың лирикалық әндерінде олардың өмірбаяндары, арман-мақсаттары, анасына, әкесіне, ауылдастарына деген алғысы, махаббаты байқалса, аңшылық, саяткерлік әндері жігіттің арманы болған жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы, сұлу қызға деген ғашықтық сезімге арқау болып, мінсіз сұлулық, шынайы мөлдір сезім, жан-жануар, табиғат сұлулығын дәріптейді.
Тұрмыс-салт жырларының ішіндегі шұрайлы қабаттардың бірі той әндері болып табылады. Соның ішінде үйлену мен үй болуға байланысты туған әндер жастар арасында жиі айтылып, халықтың отбасы тағдырына, жас буынның өсіп, мақсат-мұратына жетуіне тілектестік білдіруге арналған. Үйлену әндерінің алуан түрлері халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, ой сезімі мен арман ниетін білдіретін танымдық әндер болып табылады. Үйлену әндерінің халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ой-сезімі мен арман-ниетін білдіретін танымдық мәні зор алуан түрлері бүгінгі заманға келіп жеткен. Той өлеңдері барынша икемді де, әсерлі көріністерге ие. Бұл әндердің қоштасу-көрісу, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар, тойбастар түрінде айтылатын түрлері халықпен бірге жасасып, өркендеп келеді. Осылардың ішіндегі ең өміршеңі – қыз ұзату мен келін түсіруге арналған әндер болып табылады. Қыз ұзату мен келін түсіру кезіндегі жол-жоралғы халықтың қадір-қасиетін, өнеге өрісін, тұрмыс тіршілігін, адамгершілік-этикалық қағидаларын танытады. Қыз ұзату әндерінің бірнеше мақсаты болған. Біріншіден, ол қыздың өз туыстарымен қоштасу кезіндегі зарын білдірсе, екіншіден, оның сарыны тойдағы импровизациялық қайым бейнесінде жырланған. Қайым әндерін Ш.Уәлиханов қыз ұзату тойы әндерінің бір жанры деп жазған. Қалыңдықтың тойдағы сыңсуы адамның жан дүниесін сезімге бөлеп, болашаққа деген үміт, туған үйімен қоштасу түрінде келеді.
Жар-жарды қыз-қалыңдық үйінен ұзатылып шығарда айтатын болған. Жар-жарды жеке айтқаннан кейін жастар оны көңілді әуенмен кезек-кезек, біресе – жігіт, біресе – қыз айтқан, ал қайырмасын бәрі бірге шырқаған. Ән айтысқа ұласқан. Жігіт әзіліне қыз да тапқырлықпен жауап қайтарған:
Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар,
Қайын атасы бар дейді көп жігіттер, жар-жар,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар.
Халықтың педагогикалық шарттары мен талаптары беташарда мол көрініс береді. Беташар «Келін, келін, келіп тұр, келін үйге кіріп тұр!» деп басталып, «Айт, келін-ау, айт, келін, Атыңның басын тарт, келін. Сауысқаннан сақ келін! Жұмыртқадан ақ келін!», - деп мадақтай отырып, келінге келген үйі мен бүкіл ауылдың адамдарын таныстырып, олардың өмірдегі, ауыл арасындағы алатын орны мен бедел, мінез ерекшеліктері әзіл және нақыл түрінде жеткізіледі.
Жастар әндерінің ішінде әлеуметтік тақырыптағы әндер мен әнұранның орны ерекше. Соның ішінде, әлеуметтік теңсіздік тақырыбы, жұмысшы фольклоры алдымен Батыс Еуропа мен Ресейде пролетариаттың дамуымен қалыптасқанын атап айту керек. Жұмысшылар еңбегінің ауырлығы, тұрмыс жағдайларының төмендігі, құқықтарының сақталмауы, басшылардың заңсыз әрекеттері – ХУІІІ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы жұмысшы әндерінің басты тақырыптары. Орыс халқының «Ах, у нашего сударя света батюшки…», «О се горные работы…» «На разбор нас посылают…» сияқты әндері бұған мысал бола алады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында жұмысшылар санасының оянып, зауыт-фабрикалардың қожайындарына деген қарсылық үстем таптың озбырлық жүйесіне деген қарсылыққа ұласуы жұмысшы әндерінің мазмұнына жаңалық әкелді. Пролетариаттың арасында білімді адамдардың көбеюі, білімді адамдар мәдениетінің жұмысшыларға әсері – жұмысшы әндерінің поэтикасына әсер етпей қоймады. Халық әуендерінің образдылығы, оны орындаудағы ойнақылық, би элементтері, ұлттық киімдердің әдемілігі бұл әндерді әртүрлі жастағы адамдардың орындауына мүмкіндік береді. Әлеуметтік теңсіздік әндерінің тақырыптары ән жанрының әр түрлерінде көрініс тапқан. Олар, әсіресе, еңбек тақырыптарындағы әндерде көп кездеседі. Өзінің құрылымы жағынан әлеуметтік-теңсіздік әндері лирикалық әндерге жақын болғанымен, мақсаттылығымен, интонациясының айшықтылығымен, сергек те ширақ ырғағымен, кең диапозонымен ерекшеленеді. Қазақ даласында жұмысшы әндері Қарағанды, Қарсақпай, Жезқазған, Риддер шахталары мен рудниктері иелерінің зорлық-зомбылығы, жұмыскерлердің ауыр еңбектері, көрген қиындықтары сияқты тақырыптарға арқау болған. Оларға «Көкшолақ», «Ақбөбек», «Сараның әні», «Ауыр еңбек астында», «Ақшамды бермей қойды ғой» сияқты әндерді жатқызуға болады.
Әнұран барлық халықтарда кездеседі. Олар саны жағынан көп емес, алайда олар халықтың тірі дауысы ретінде идалдарды көрсетеді. Олардың тәрбиелік маңызы ерекше. Әнұрандар жастарды аға ұрпақ ісіне адалдыққа шақырып, ұрпақтар сабақтастығы жайлы ой қайталанады. Бұл сабақтастықта бастысы – еңбек әрекеті. Әке мен ұлы арасындағы рухани байланыс еңбек дәстүрінде көрініс табады. Мысалы, чуваштың «Алран кайми» әнінің әуенінде мәңгіліктің үні бар. Ежелден халық отырыстарында орындалатын бұл әнұран әлі күнге дейін терең мазмұнымен, әдемі әуенімен жастарды толғантады. Әнді орындау барысында ошақтың үстіне қонақтардың құрметіне ұрпақтан ұрпаққа жеткен, қолдан тігілген, әдемі сүлгі ілінеді, ол «ошақтың туы» қызметін атқарады. Әнұранды отырып айтады, ал әнді орындауға қатыспайтындар бұл кезде тұрып тұрулары керек. Әнұранды орындаушылар ата-ана өсиетіне адал болуға, өмірлерінің соңына дейін бірге болуға серт береді.
Қазақтың халық әні “Елім-ай» - жоңғар шапқыншылығының жүз жылға созылған ауыр кезеңіндегі халықтың басына төнген қауіп-қатер, қиыншылықты, елдің мұң-зарын толғайтын тарихи сазды өлең. Әннің ырғағы әр жүректі дүрсілдетіп, елін, жерін, Отанын аңсаған азаматтың ертеңгі күнге деген зор үмітімен астасып жатыр. Бұл әнді қазақтың намысына намыс қосып, алдыға үмітпен қарауды үйреткен, жабыққан, бұйығы жандарға серпіліс берген, қазақтың елдігін көтерген, ұлттық гимніне айналған ән деуге толық негіз бар.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлдіреп жас келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет