5.2 Ертегі – халық тәрбиесінің құралы Ерте заманнан-ақ ұрпақ тәрбиесі ерлі-зайыптыларға, ата-әжелерге ортақ іс, жауапты міндет болған. Көбіне ата-әжелер ертегілер арқылы бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Балаға адамдық қасиеттің нәрі ертегі арқылы ана сүтімен қоса сіңіріледі, өйткені оның жаны күнәдан пәк, таза, көңілінде күдік жоқ. Бала бойына тамаша қасиеттер мен адалдықты, мейрімділікті, имандылықты егетін – ертегілер. Көптеген ертегілер моральға құрылады, сондықтан оларда дидактикалық қасиет бар. Ертегінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан сырларын танытады, сана-сезімі мен ақыл-ой қызметінің дамуына көмектеседі. Ертегі оқиғасы басталатын жерден-ақ қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді, сондықтан тыңдаушыны, әсіресе, балаларды бірден қызықтырып, еліктіріп әкетеді. К.Д.Ушинский бала тәрбиелеудегі ертегілердің ролін былай атап көрсетеді: «Ертегілер – халықтық педагогиканың алғашқы туындысы және тамаша үлгілері, бұл теориялық білімді талқылап, қорытындылайтын көркем-әдеби шығарма, педагогикалық мазмұндама. Ертегілердегідей халықтың асқан даналық тәрбиесімен тепе-тең келетін бірде-бір тәрбие құралы жоқ». Ал М.Әуезов: «Ертегілер жас баланың ой-санасын оятып, қиялының шарықтап өсуіне әсер етеді», - дей келе, ертегіде жақсылықтың жарқын бейнесі жанды мүсін ретінде көрініс табатынын атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша, әсіресе, қиял-ғажайып ертегілерінде осы идея ерекше орын алады. Мұндағы ер жігітті қиянға апаратын алып қарақұс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат – бәрі де қиял пырағы. Жерде жүрген жүрісі өндімеген, өзінің талвап-тілегі таудай азамат «аспанда ұшар ма едім» деген арманды ертеден үзбей ұзақ ойланған. Сондай арман-қиялын «алты айлықты алты аттайтын» тұлпарға, өзі ұшатын кілемге жинаған. Жағымды кейіпкерлерге серік болатын көреген, ержүрек, естігіш батырлар – бәрі де адамның сол бір ұлы армандарын білдіреді. Қиял туғызған жануарлардан – айдаһар, жеті басты жылан, алып қара құс, тұлпар ат, басы алтын, арты күміс киік сияқтыларды атап айтуға болады. Бұлардың бір тобы басты қаһарманның достары кейпінде келсе, екінші бір тобы оның ұдайы қас жауы ретінде әрекет етеді.
Ал шыншыл ертегілер кейіпкерлері қиял-ғажайып ертегілердегі сияқты қиялдан туған емес, күнделікті өмірден, еңбек адамдарынан алынған. Шыншыл ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы барлық мұң-мүддесін, тартыс-талабын жиып түйген. Мұнда қоғамдық тартыс, тап қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы қалың халықтың сыны, наразылығы, алыс арманы — бәрі де айқын көрінеді. Хан жарлығы орындалмаса, бас алу заңын ертегі әрдайым қатты сынайды, әділетшіл, ізгі адамдар хан, патшалардың қаталдығына қарсы сан түрлі айламен күрес ашады. "Мың бір түн" ертегісінде Шаһаризада күніне бір әйелдің басын алатын ханның қаталдығына күніне қызықты бір әңгіме, ертегі айтумен қарсы тұрып, ақыры бүкіл әйел қауымын апаттан құтқарады. Аяз би, Жиренше шешендер, айлалы Тазшалар езілген тап ортасынан шығып, ханның ақылсыздығымен, әділетсіздігімен күреседі. Жауыздық, зорлық, қаталдық халықтың ерлігі, даналығы алдында бас иіп отырады.
Шыншыл ертегілер қатарына жататындардың ішінде күлдіргі ертегілердің орны ерекше. Алдымен бұл ертегілердің уақиға ортасында жүретін басты кейіпкерлерінің өзі ерекше. Іс-мінезі, аты, қалпы, кескін-ұсқыны күлкілі, оқыс келеді. "Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек", "Ұр, тоқпақ", "Қаңбақ шал", "Айлалы тазша", "Тазшаның қырық өтірігі", "Қу бала", "Екі еріншек" деген ертегілердің аты мен адамынан-ақ әңгіменің ойнақы, күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады. Күлдіргі ертегілер көбінесе қысқа келеді. Қазақ ертегісінде көп күлдіргі әңгіменің ортасында жүретін, әдейі айлалы, ақылды, тапқыр етіп суреттелетін - Тазша бала. «Тазша бала», "Айлалы тазша", "Қу тазша" боп әңгімеленетін күлдіргі ертегілерде жай күлкіден басқа мағына мол болады. Тазша бала өзі кедей, жалғыз, оған ешкім жәрдем беріп, жақсылық жасауға ұмтылмайды. Бірақ нелер қиын халден, қысталаңнан өз ақылы, қайраты, тынымсыз қарекеті, тапқыр сезгіштігі арқылы аман шығады. Және бір ерекшелігі — Тазша ылғи ханмен, патшамен, уәзір, жендетпен тартыста олардың бәрін ақыл, айласымен жеңіп отырады.
Халық ертегілері ішінде балалар арасында кең тарағаны, әсіресе, сүйіп тыңдайтыны - хайуанаттар жайындағы ертегілер. Табиғат жайында ең бай материалдар, кең түсініктер балаларға алғаш осы хайуанаттар жайындағы ертегілер арқылы берілген. Мұндай ертегілерге "Бармақтай бала","Қотыр торғай", "Мақта қыз бен мысық", т.б. жатқызуға болады. Бұл ертегілер балалардың ой-санасын оятып, олардың өздерінің күш-жігеріне сене білуге, тапқырлыққа баулиды, мақсат-мұратына жетуге үйретеді. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің қай түрін алсақ та, балалардың ұғымына сай түсінуі жеңіл де күлкілі, қызық болып айтылады. Осының өзі балаларға үлгі-өнеге боларлық терең ойға меңзейді. Хайуанаттар туралы ертегілерді қойшы, малшылар айтқандықтан, өздерін қатыстырып, жыртқыш, зорлықшыл аңдарға қарсы момын аңдар алысқан шақтарда адам алдымен жәбірленуші хайуандарға болысып отырады. Малды білген, оны сүйген қазақ халқы үй хайуандары жөнінде оларды мінезді, есті, мұңды-зарлы етіп, жаны ашып, дос тұтып әңгімелейді. Айнымас есті досы иттен бастап, адал серігі тұлпар ат, бозінген түйе сияқты үй жануарларының бәрі де ертегі кейіпкері болып табылады. Мысалы, «Бозінген түйе жайындағы ертегіде» ботасы өлген інгеннің зар шері айтылса, "Тепеңкөкте" бәйге ат өзгеше әңгімеленеді. Хайуанаттар жайлы ертегілерде аң, құстарға өз міндеттеріне орай әр түрлі тіл, сөз беріледі. Мысалы, түлкілер мәтелдеп, мақалдап сөйлейді. "Түлкі мен маймыл" ертегісінде түлкі маймылды патша қылам деп алдап қақпанға түсіреді, балықты өзі жейді. Маймылға "тепкілесең кетпейтін темір бақ қонды" деп әжуалайды. "Екі бақ бар, бірі - басқа, бірі - аяққа қонады" деп, мазағын шешен, терең мағыналы сөзбен жеткізеді. "Құйыршық" ертегісінің кейіпкері ешкінің құйыршығынан біткен ғажайып кішкентай бала Құйыршық қасқырды, жолаушыларды, үй иесін бәрін алдап соғып, соңында өзі ажалдан қалып, әке-шешесіне қосылады. Хайуанаттар туралы ертегінің бәрі де кішкене балаларға өз қайратыңа сен, жасқаншақ болма, батыл бол, тірлік үшін алысуды үйрен дегендей үгіт айтады.