5.4 Халық ертегілерін тәрбиелеуде қолдану Ертегілердің таңдаулы үлгілері ғасырлар бойы жасалған халық шығармашылығы болғандықтан, оның ішінен көркем тіл де, терең ой да, тамаша үздік кейіпкерлер де табылады. Ертегінің аса жоғары идеялық көркем қасиетін балалардың санасына жеткізу үшін олардың өзіне лайық оқып-үйрену жолдары, әдіс-тәсілдері бар.
Алдымен ертегінің балалардың қиялын шарықтатып, шешен сөйлеуге және игілікті істер істеуге жұмылдыратын қасиетін ескерсек, оқушыларды ертегі оқуға қызықтыру, олардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру мақсатында әртүрлі жұмыстар жүргізу мұғалімнің басты міндеті екенін атап кету керек. Осы мақсатта «Ертегілер еліне саяхат», «Ертегілер әлемі» сияқты сайыс сабақтарын ұйымдастыруға болады. Сайысты бірнеше бөлімнен тұратындай етіп, әр бөлімге ат қоюға болады. Мысалы, «Кім тапқыр?», «Ертегіні кім көп біледі?», «Ізден, тап!» «Кім шапшаң?», «Кім ойшыл?», т.б. Сайыс барысында ертегінің кай халықтікі екенін айту, ертегіден үзіндіні үнтаспа арқылы оқу, ертегінің атын табу және жалғастырып айту, ертегі кейіпкерлерін ретімен айту сияқты жұмыстар жүргізуге болады.
Сондай-ақ балаларға қиял-ғажайып ертегілерінің көркемдік ерекшеліктерін байқатып-білдіру үші сұрақтар қоюға болады. Өз жауаптарын оқушылар мәтіннен тауып, соның ішінде кейіпкердің көмекшілері: Саққұлақ, Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысардың сипатталуына, іс-әрекетіне аса қызығушылықпен тоқталады. Ертегілермен танысқаннан кейін, осыған ұқсас ертегі құрастырып немесе ренішпен, өкінішпен аяқталатын ертегіні қуанышпен аяқталатындай етіп өзгерту баланы шығармашылыққа үйретумен қатар, армандауға, қиялдауға жетелейді. Өз ертегісін басқалардың қызығушылықпен тыңдағанын көрген бала қуанышты сәтті басынан кешеді. Айтылған ертегілердің суретін салу оқушылардың көз алдына ертегінің кейіпкерлерін елестетуге, есінде ұзақ сақтауға көмектеседі. Сонымен бірге қиял-ғажайып ертегілердегі жын, албасты, дию, пері, жалмауыздардың адамзаттың қас жауы ретінде алынып, жаман ниеттегі қаскөй, озбыр, жауыз күштердің бейнесінде суреттелетіні түсіндіріледі. Ұшқыш кілем, ағаш ат сияқтылар мен алтын орда, миуалы бау-бақшалар халықтың бақытты тұрмысты аңсаған арман-тілегінің бейнесі ретінде алынатынын ескерте және оқыту барысында ертегілердің осындай ортақ бейнелеу ерекшеліктерін түйіндей отырып, оқушыларды жан-жақты бақылауға, кұбылыстан өтіп, мәнді тануға, сол түрдегі образдардың шынайы мәнін түсінуіне көмектесу керек.
Хайуанаттар туралы ертегілерді талдау барысында балаларға оларда әртүрлі мақұлықтар, жануарлар суреттелгенімен, іс жүзінде шынайы өмірдегі адамдар арасындағы қатынас бейнеленетіндігін ескертіп отыру керек. Халық ауыз әдебиетінде хайуандар, мысалы, түлкі – әккі, қу адамдардың, қасқыр - зорлықшыл, жауыз адамдардың, қоян - қорқақ адамдардың, аю - ақымақ, қара күштің бейнесі ретінде алынады да, сол мінездегі адамдарға өкілдік етеді.
Ертегінің бала ойында ұзақ сақталуы үшін де әртүрлі жұмыс жүргізуге болады. Олардың негізгілері мыналар:
1. Ертегіні дауыстап оқу. Мұнда сол ертегі кейіпкерінің бейнесіне еніп, соның көңіл-күйін образ арқылы бейнелеп беруге болады;
2. Пантомима ойыны. Ешқандай сөз айтпай, кейіпкерлердің бейнесін іс-қимылмен көрсету;
3. Суретпен жұмыс. Әртүрлі жәндіктер бейнеленген суреттер немесе бір ертегідегі барлық қимылдарды сурет арқылы көрсету. Ол үшін сабақта үнтаспа, бейнетаспа, суреттер, басқа да көрнекіліктерді пайдалануға болады. Соңында жалпы қорытынды шығарып, оқушылардың сол ертегі мәтіні туралы түсінігін жинақтап, бір жүйеге түскен, айқын да дұрыс ой қалыптасуына мүмкіндік туғызу керек. Ерекше көңіл бөлуге тиісті бір мәселе, ертегілерді оқытуда оны есте қалдыруға, қайталай баяндауға оңай, оқиғасының қызықты болатындай ерекшеліктерін толық пайдаланып, сөйлеуге дағдылануын берік меңгерту керек. Мұнда көбіне оқушылардың өздеріне талдату, қайталай баяндату талабын орындаған дұрыс. Міне, бұлар ертегілерді оқытудағы басты түйін және негізгі оқыту нысаны болып табылады.
Төменде мысал ретінде «Ғажайып бақ» деген халық ертегісін талдап көрейік. Бұл ертегіні оқу арқылы басқаға қамқор, мейірімді болудың, көптің қамын ойлаудың, дайын пайдаға қызықпаудың ізгі қасиет, асыл мұрат екендігін, сонымен бірге достыққа адал, мейірімді, көпшіл болуды сезіну керектігін түсіну қажет. Әрі бұл ертегіде кедейлер қауымының бақытты тұрмысты аңсаған арман-тілегінің қызықты да ғажайып оқиғалар арқылы бейнеленгендігіне көңіл аудару керек.
Ертегі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде шығармадағы кейіпкерлер және олардың (іс-әрекеті мен сөздері арқылы) мінездері таныстырылады. Ертегіде Қасен мен Асанның бір-біріне қамқор, достыққа адал, ізгі ниетті кедей адамдар екендігі, Қасеннің малы қырылып, қайыршы болуға айналғанда, Асан оған ұлтарақтай жерінің жартысын бөліп беріп, аштықтан құтқарып қалғандығы айтылады. Қасен Асан берген жерден алтын толған құмыра тауып алғанда, оны жасырып қалмай, қайта Асаннан сүйінші сұрайды. Оған: - Алтын саған тиісілі, сен енді кедейліктен кұтылдың! - дейді. Бірақ Асан: - Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы сол жерге маңдай терін төгіп, еңбек сіңірген адамдікі, - деп алтынды алуға көнбейді. Міне, бұдан олардың ізгі ниетін, досқа деген адалдығын көреміз. Мәтіннің осы бөлігінде ақылды да көпшіл қарт пен оның төрт шәкіртінің бір-біріне ұқсамайтын әрекеттері де ашылады. Қарт әуелі билікті төрт шәкіртіне беріп, оларды сынап көреді. Бірінші шәкірті: - Қазынаның иесі хан болуы керек, - десе, екінші шәкірті: - Асан мен Қасен дауласып, бізге келді, билікті мен айтатын болған соң, алтын маған тиісілі, өзім аламын, - дейді. Үшінші шәкірті: - Иесі жоқ алтынды қайтадан жерге көміп тастау керек, - деп, алтынды көптің мүддесі үшін жаратуды ойламайды. Ал төртінші шәкірті: - Осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далада гүл жайнаған саябақ өсіру керек. Арып-ашқан кем-кетіктер сол бақтың саясында дем алып, жеміс жеп, рахатқа бөленуі керек, - деп билік айтады. Ақылды, дана қарт төртінші шәкіртінің билігін әділ болды деп бағалайды. Сөйтіп алтын жөніндегі талас әділ шешімін табады. Ертегілердің кейіпкерлерінің де әрекеттері толық ашылады. Ертегінің екінші бөлімінде оқиға онан әрі дамып, күрделене түседі. Алтын туралы қайшылық шешілген соң, олар саябақ жасау дайындығына кіріседі. Бірақ базарға тұқым алуға барған жігіт алтынын союға апарыла жатқан көп құстарды сатып алуға жұмсайды да, жер жүзінің құстары құтқарылып, оның есесіне өзі құр алақан қалады. Кең пейілді, ізгі ниетті жігіт алтынды құстарға бостандық әперуге жұмсайды да, жеміске қажетті тұқым сатып ала алмай, үйіне қайтуға мәжбүр болады. Ертегінің үшінші бөлімінде алтын жұмсап, еркіндікке шыққан құстардың адамдар армандаған баққа дүниенің бұрыш-бұрышынан жеміс-жидек тұқымын тауып әкеліп еккендігі, сол арқылы саябақтың ғажайып баққа айналғаны айтылады. Бұл бөлімде олар қиялдаған арманға жетеді. Құлазыған тақыр дала ғажайып бау-бақшаға айналады. Ымырт үйіріліп, қараңғы түскенде алмалар самсап, құстар тамылжытып ән шырқайды. Жарлы-жақыбайлар хош иісті көк шалғынды төсеніп, өмірлерінде алғаш рет рахатқа кенеліп, тәтті ұйқыға кенеледі. Ғажайып бақтың қызығы сол, баққа ақсүйектер мен байлар келсе, жеті кұлып салынған темір қақпалы үлкен қабырға пайда болады. Алмаға суық қолын созған ақсүйектер есінен танып, жерге кұлайды. Зәре-кұты қашқан бай-мырзалар ол жерге жоламайды. Ал кедейлер келісімен қақпа өздігінен ашылып, қанша жесе де жеміс азаймайды. Ертегінің бұл бөлімін түсіндіргенде, мұнда бейнеленген халықтың бақытты тұрмысты аңсаған арман-тілегі мен ондағы бейнеленген таптық көзқарасты халық ертегілерінің ерекшелігімен бірлестіре отырып түсіндіру кажет.