Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



бет24/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   97
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1 Ертегілердің халық педагогикасындағы орнын көрсетіңіз.
2 Ертегілердегі басты педагогикалық идеялар туралы баяндаңыз.
3 Қандай үш ертегіні әлем халықтарының ең үздік ертегілерінің қатарына жатқызар едіңіз. Пікіріңізді дәлелдеңіз.
4 Халық ертегілерін тәрбие жұмысында қолданудың жолдарын атаңыз.
5 Бір ертегіні қазіргі заманға лайықтап баяндап шығыңыз. Оның тәрбиелік мәні неде?
6. Халықтық тәрбиенің факторлары



    1. Табиғат - халықтық тәрбиенің факторы

    2. Халықтық тәрбиедегі ойындар мен сөздер

    3. Еңбек және өнер – халықтық тәрбиенің факторы

    4. Халықтық тәрбиедегі дәстүрлер

Негізгі ұғымдар: халықтық тәрбиенің факторлары, халықтық тәрбиедегі ойындар және сөздер, табиғат, еңбек пен өнер.
6.1 Табиғат – халықтық тәрбиенің факторы
Халықтық тәрбиенің негізгі факторлары мыналар: табиғат, ойын, сөз, дәстүр, өнер, іс, тұрмыс, дін, қарым-қатынас, еңбек, үлгі-идеал.
Табиғат – тіршілік ортасы, ол әкенің, әлемнің ғарыштық үйі. Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі, бар байлықтың ырыс-қазынасы. Табиғатты тану процесі бала құрсақта жатқан кезде-ақ басталып, ана мен оның құрсағында жатқан нәрестені ренжітуге тыйым салынған. Өмірде көргені мен көңіліне түйгені көп ардақты аналар аяғы ауыр келіндеріне: «Биік тауға қара, көңілің өседі, көңілің өссе, дүниеге келер нәрестең де кеңпейілді болады», «Жайқалған жасыл желекке, жайнаған гүлге қара, сәбиіңнің жүзі жарқын, әрі шырайлы болады», «Бұлақ көзін ашып жүр, балаң қайырымды болады», - деп, өсиет-өнегесін айтып отырған. Ұрпақ өмірге келгеннен кейін де тәрбие жарасымды жалғасын тауып, дами түскен. Олай болса, адамға қорек беретін – табиғат, адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын анықтайтын - табиғаттың шарттары. Әр халықтың мінезі, қылығы, салты, пейілі, талабы, жігері, өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады.
Табиғаттың тылсым тынысын тыңдап, үнін естіп, құпия сырларын ұғынуға талпынған кез-келген халық одан үлкен тағылым алып, тәжірибе жинағаны анық. Сол жинақтаған тәжірибесі негізінде тіршілік жайлы, болмыс туралы дүниетанымы, табиғаттың тепе-теңдік заңы туралы тұжырымы қалыптасқан. Халықтың табиғатқа етене жақын болуына тарихи қалыптасқан өмір салтының әсері зор. Әрбір халықтың табиғатқа өзіндік сүйіспеншілігі бар. Мысалы, қазақтар – жазық та жазиралы даласын, грузиндер – биік те асқақ тауларын, ненецтер – шексіз-шетсіз тундрасын сүйеді. Олардың бойындағы адамгершілік асыл қасиеттер кіндік қаны тамған, өркен жайып өскен туған жерінің табиғатымен тамырласып, тағдырласып жататыны анық.
Кез-келген халық балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерінде жүзеге асырып отырған. Бар өмір тіршілігі табиғатқа тәуелді болып, оның аясында төл баласы болып өскен аға ұрпақтың туған жерге, оның табиғатына деген қарым-қатынасы халық педагогикасында жан-жақты көрініс тапқан. Көпшілік жұрт, жалпы қауым өзін қоршаған ортаны, табиғат пен қоғамдағы өзгерістерді, жеке адамның басындағы құбылыстарды түсінуге, басқаларға түсіндіруге әрекет жасап, өз танымын кеңейтіп отырған. Халық туған табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, олардың эстетикалық талғамын дамытады, туған жерге деген ыстық шексіз сүйіспеншілігін күшейтеді деп есептеген. Халқымыздың табиғатқа деген ыстық ықыласы мен жүрекжарды тілегі ұлы дала ғұламаларының шығармашылығымен тығыз байланысты. Мысалы, Х ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы Сәбитұлының желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуі, туған жерінің табиғатына деген сүйіспеншілігі күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Ал күллі түркі әлемінің данышпаны Қорқыт ата мұрасындағы «Асқар тауларың құламасын, саялы ағаштарың сынбасын, қанаттарың қырқылмасын» деген жолдар кейінгі ұрпақты табиғатты аялай білуге шақырған аталы сөз екені анық.
Жоғарыдағы мысалдардан халық ұғымында «табиғат» деген сөздің «туған жер» деген тіркеспен мағыналас, мазмұндас екенін көреміз Сол сияқты «Туған жерге туың тік», «Туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, туған жердің түйе жейтін жантағы да киелі», «Күте білсе – жер жомарт», «Жері байдың – елі бай» сияқты мақал-мәтелдер де бұл ойымызды дәлелдей түскендей. Қазіргі ұлан-байтақ жерімізді ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат қылып тастап кетуінің өзі – сол табиғатқа деген құрметтен туған. Ұлы Абайдың Төртінші қарасөзінде айтылған: «...әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген даналық тұжырымының да бүгінгі таңда маңызы зор. Табиғат, туған жер, Отан деген сөздерге «Ана» деген киелі ұғымның қосылып айтылуында да зор мән бар, себебі бұл сөз адамды дүниеге әкелуші, оған өмір сыйлаушы, мейірім шапағатын арнаушы ардақты «Ана» дегенді нақтылай түседі. Оны қазақтың біртуар ақыны Жұбан Молдағалиевтың төмендегі өлең жолдарынан көруге болады:
Туған жерді Анам демей не дейін,
Туған жерді панам демей не дейін.
Туған жермен асқақ менің ән-жырым,
Туған жермен асқақ менің мерейім!
Тыйым сөздердің тәрбиелік мәні күн сайын арта түсуде. Қазіргі уақытта күнделікті өмірде «Суға түкірме», «Суды ластама», «Бұлақты былғама», «Су ішкен құдығыңа түкірме» сияқты тыйым сөздер жиі айтылады. Аталған тыйым сөздер тіршілік көзі болып табылатын сумен тығыз байланысты. Сол сияқты «Көкті жұлма», «Көкті таптама», «Орманды отама», «Жалғыз ағашты кеспе», «Бауға балта шаппа» сияқты тыйым сөздер мен «Бір тал кессең, он тал ек», «Шөпті жұлма, көктей соласың», «Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ» сияқты мақал-мәтелдер кейінгі ұрпаққа табиғат байлығына, оның ішінде өсімдіктер әлеміне ерекше мән беріп, оны күтіп-баптау қажеттілігін міндеттеп тұр. Қазақтың пір Бекеті атанған Бекет ата Мырзағұлұлының табиғатқа қамқорлығы туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірінде өз ұстазының: «Келер жылға жетерлік отын әкел!» деген тапсырмасын орындау кезінде Бекеттің бір уыс қураған ағаштарды әкелгені туралы сөз болады. Бұл істің мән-жайын сұрағанда, Бекет: «Жас ағаштарға жаным ашып, кесуге қимадым. Сондықтан тек қураған ағаштарды ғана алдым», - дейді. Шәкіртінің мұндай жауабына ұстазы әбден риза болған екен. Бүгінгі күнге жеткен бұл аңыздың тәрбиелік мәні ерекше екені анық.
Шығыс ойшылы Фирдоусидің (940-1020) «Құмырсқаны баса көрме, оның аузында бала-шағасына апара жатқан титтей дәні бар, ол да бір кішкентай өмірдің иесі ғой. Осы құмырсқадан үлгі алыңыз» деген сөздері кез-келген баланы ойландырары анық. «Аққуды атпа», «Құсқа тас лақтырма», «Құстың ұясын бұзба» сияқты тыйым сөздер бір жағынан, халқымыздың жан-жануарлар мен құстарды қорғауға ерекше мән беріп отырғанын көрсетсе, екінші жағынан, бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюға көмектеседі.
Ұлы тұлғалардың ғибратты сөздері мен ауыз әдебиеті үлгілерінің қай-қайсысын алсақ та, оларда адамзат өмірінің табиғатпен біте қайнасып жатқаны сөз болады, табиғатты адам мінез-құлқына сіңісті етіп, оған терең сүйіспеншілікпен қарауға, оның сырын түсіне білуге тәрбиелейтіндігін байқаймыз. Халық эпостары мен ертегілеріндегі ержүрек жігіттердің қыран құсқа, сұлу қыздардың аққуға, жезтаңдай әншілердің бұлбұлға теңелуі - осының айғағы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет