1.2 Халық педагогикасындағы салт-дәстүр Қай заман болсын адамзат алдында тұратын басты міндет – адал, білімді, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Бұл міндетті әр халық салт-дәстүріне орай іске асырады. Яғни әр халық ғасырлар бойы сыннан өтіп, сұрыпталған озық салт-дәстүрлерін жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланып келген. Бала тәрбиесінде халық мәдениетінің негізі болып табылатын халықтық салт-дәстүрдің тәлім-тәрбиелік, танымдық, білімдік рөлі өте зор. Адамның шыр етіп дүниеге келгенінен бастап, есейіп, қартайып, бақилық болғанда дейінгі өмірі мен іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынасы – салт-дәстүрден өзекті орын алып, адамның дүниетаным мәдениетін, көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын халықтың салт-дәстүрлері оның ешқашан ұмыт болмайтынын паш етеді.
Латынша (traditio) - «жапсыру», «жалғастыру», ал арабша (دستور) «ереже», «заң» дегенді білдіретін «дәстүр» ұғымы тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік, мінез-құлық қалыптары және өнегелі өнер дегенді білдіреді. Ол халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан қоғамдық құбылыс болып табылады. Қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамып, топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын рәсім ретінде салт-дәстүрлерді халық құндылығының көрсеткіші деуге болады.
Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Ол тарихи тұрақтанған көне процесс және бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып жататын, көпшілік қоғам мүшелеріне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрі болып табылады. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен замандарда салт-дәстүр барлық халықтар үшін бұлжымас заң рөлін атқарған. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі салт-дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы — мәдениеттің байлығы. Қай кезде де салт-дәстүр отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Жеке адам жаңа салтты ойлап шығара алмайды немесе бұрынғы қалыптасқан салтты жоғалта алмайды. Бүкіл халық, ел-жұрт уақыт озған сайын салт-дәстүрге жаналық енгізіп, оны қоғамдық болмыс көріністеріне бейімдеп, өзгертіп отырады. Ал жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды. Мәселен, қазақтың жаугершілік заманында құрдас батыр жігіттердің ұлы жорыққа аттанар алдында ақ қой сойып, қанына найзаларын малып, «өлсек бірге өлеміз, опасызды ант атсын» деп төс түйістіріп анттау немесе әке-шешенің асырап алған баласы мен туған балаларының саусақтарын ақ қойдың бауыздау қанына малғызып, «қаны бір бауырмыз» деп ант ішкізіп, құшақтастырып сүйістіру ырымдары бүгінде ұмыт болған. Ал бұрын болмаған ақ шашты қариялардың алтын-күміс неке тойларын жасау бүгінгі салт-дәстүрден тұрақты орын алды. Сол сияқты көп жыл бойы кеңес заманында «діни мейрам» деген жаңсақ көзқараспен Наурыз мейрамы мүлде атаусыз қалып келсе, қазіргі егемен Қазақстанда ол жалпыхалықтық мейрамға айналды. Халық: « Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар», «Әдет-әдет емес, жөн әдет» деп заман талабына сай дәстүрлерді дәріптеп, тәлім-тәрбиенің пәрменді құралы ретінде пайдаланып келген.
Әдет-ғұрып - дәстүрге айналған, жалпыға бірдей қалыптасқан, әр этносқа тән тәртіп, салт-сана. Ал жол-жоралар, ырымдар - әдет-ғұрыптың бөлшектері, сонан келіп салт пен дәстүр тоғысып, туындайды. Сөйтіп, салт-дәстүрлер, бір жағынан, халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспетті болса, екіншіден, сол арқылы ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершілікке, өнерге, өмірге икемдеудегі тәрбие құралы. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың барлығында халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс табады.
Қарапайым педагогикалық іскерліктер мен біліктіліктер халықтық педагогиканың алғашқы элементтері болатын. Олардың ең құндысы дәстүрге өткен. Халық арасында ежелгі салт-дәстүр неғұрлым көп сақталса, халықтың салт-дәстүрге деген назары ерекше болса, соғұрлым оның мәдениеті де жоғары болатыны анық. Бұл туралы ұлы ғұламалардың пікірлері мынадай: «...кез-келген ғылым мен білімнің гүлденуі оның өткеніне көз салуы арқылы жүзеге асады», - дейді Гегель. «Халықтың ескі мәдениетке қызығушылығы мен назар аударуы оның шын білімділігінің көрінісі», - дейді Ф.Энгельс. «Туғанда дүние есігің ашады өлең, Өлеңмен жер қойныңа кірер денең»,- деп ұлы Абай айтқандай, салт-дәстүрлер адам баласының дүниеге келгенінен бастап, өмірінің соңына дейін қатарласа жүріп отырған.
Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Көптеген ғасырлар барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері үй ішіндегі отбасылық және адамдардың өзге де топтары арасындагы өзара қарым-қатынасты қалыптастыруда үлкен роль атқарды. Қазақ халқының рухани тіршілігінде қарттарды құрметтеу, ата-ананы ардақтау, үлкендерді сыйлау, балаларға жанашырлық, жастарға қамқорлық ету, әйелдерді аялау ізгі дәстүрге айналған. Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер:құрсақ той (әйелдің аяғы ауырлағанда жасалады); шілдехана (баланың туылуына байланысты), жаңа туылған балаға ат қою, бесік тойы, тұсау кесер тойы; сүндет той, тоқым қағар (бала алғаш рет жолға шыққанда). Тұрмыстық салт-дәстүрлерге: келін түсіру, осыған байланысты салттар, қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері жатады. Діни салт-дәстүрлерге: намаз оқу, ораза ұстау, құрбандық шалу, қажылыққа бару; діни мерекелерге: ораза айт, құрбан айт жатады. Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге отбасына, қонақтарды қабылдауға, сонымен бірге ұлттық мерекелерге, жерлеуге байланысты дәстүрлерді жатқызамыз. Аталған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай тәрбиелік мүмкіндіктері де әрқилы болған. Мәселен, тұсау кесер дәстүрінА.Сейдімбек былайша суреттейді: “Қаз басып жүре бастаған баланың тұсауын үш түрлі тілекпен кеседі. Бірінші, баланың тұқымы өсіп-өніп, шөптей болсын деп, аяғын шөппен тұсап кеседі. Екінші, малды, майлы болсын деп, аяғын тоқ ішекпен тұсап кеседі. Үшінші, адал болсын деп, баланың аяғын ала жіппен тұсап кеседі”. Дәстүрдің бұл түрі күні бүгінге дейін сақталып, символдық қасиетке ие болған. Әсіресе, ер балаға Отанды, елді жерді қорғаушы ретінде үлкен сенім артқан. Ер жігіттің бойынан алты асыл қасиеттің: зерделі, өнерлі, тапқыр, батыр, жігерлі-күшті, қайратты-қарулы, білімді болуы талап етілген. Сол сияқты үш асыл мінезді: туған еліне, дос жарандарына адал болуды; қара қылды қақ жарған әділетті болуды; қаймықпастан турасын айтар, шыншыл болуды дарытуға тырысқан. Ер-азаматтың өмірінде мынадай үш серігі: астына мінген тұлпары; шыңдалған ақыл-айласы; айнымас адал жұбайы болу керектігін ескерткен.
Қорыта айтқанда, қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың
мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы, бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық сияқты қасиеттер барлық халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әр халықта әр қырынан көрініс береді. Ұлттардың салт-дәстүрлеріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтырады. Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасады.