Жазықова М.Қ. Этнопедагогика



бет9/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   97
Кемел тұлғаның этникалық сипаты дегенімізұлттық сананың деңгейін айқындайтын, қоғамдық жағдайлардың ықпалымен өзгеріп, өмір салты мен практикалық іс-әрекет негізінде дамитын ұлттық мінез ерекшеліктері. Кемел адам мәселесі ұлттық мінез ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Халық түсінігінде кемел адам белгілі бір тұлғалық қасиеттерді меңгерген. Осы ретте қазақ халқының жігітке қоятын талаптарына тоқталсақ, алдымен оның сыртқы бейнесі: ұзын бойлы, өткір көзді, кең иықты, мықты денелі, тік мұрынды, өткір тісті, қара қасты, қолдары темірдей, ұқыпты, жинақы, мұртты; сөйлеу сапасы: шыншыл, шешен; қасиеттері: епті, айбатты, күшті, өжет, төзімді, сүйекті, сақ, т.б.; іскерлік қасиеттері: жігіттің қыраны, сұңқары, сұлтаны, арыстаны және қасқыры, нары, т.б.; орны: басшы, ақылды, ержүрек, палуан, жомарт, шаруақор; абыройы: ықыластылық, шеберлік, күштілік, шыдамдылық, білімділік, ұтқырлық; мінездің жағымды белгілері: адалдық, әділдік, шыншыл; достары: тұлпар, ақылдылық пен тапқырлық, т.б.; жаман қасиеттері: жалқаулық, қорқақтық, мақтаншақтық, өсек, жала, азғыру сияқты болып жалғаса береді. Сонау ХУІІІ ғасырдан бері қазақ даласына жер аударылып келген, немесе ғылыми экспедиция құрамында қызметтік сапарлармен келген орыс, неміс, т.б. ұлт өкілдері өз жазбаларында қазақтардың, оның ішінде қазақ жігіттерінің жоғарыда аталған қасиеттерді бойына жинаған нағыз айбатты, адал, шаруақор екендігі атап көрсетілген. Алдымен зерттеушілер қазақтардың ата қанымен берілген өзіндік этникалық ерекшеліктері ретінде олардың өжет мінезін, тізе батыруға көнбейтін намысшылдығы мен туған жеріне деген перзенттік сезімінің басым болатынын атап көрсетеді. Сол жазбалардың кейбірінен үзінді келтірейік. Ресейдің Ташкенттегі елшісі қызметін атқарған Т. С.Бурнашев: «Қазақтар батыр халық... Қазақ орталарында оларды бір ойдың айналасына біріктіріп отыратын күш не десек: қауіп төнген кезде ортақ мүдде, құқықтарын қорғау үшін жағдайларына қарамастан, ауызбірлікте болады», - десе, әдебиетші В.С.Бурьянов: «Қазақтар деген ғаламат халық! Қауіп-қатерден, өлімнен қорқу дегенді білмейді; олардың кішкене қара көздерінде ержүректік оты жанып тұр; денелері күнделікті үйреншікті жаттығудан, өмірдің өзінен күшті; көздері 10 және одан да көп шақырым жердегі шағын нәрсені анық көріп ажырата біледі.… Күн батқаннан кейін олар бір-біріне жақын, дөңгелене отырып, ертегі айтуға кіріседі, күлісіп, дүбірлесіп қалады немесе үндемей отырып, қобыз, домбыра, сыбызғы тартқызып, өздері жақсы көретін әндерді тыңдайды», - деп, қазақ жігіттері бойындағы ауызбіршілік, ержүректік қасиеттермен қатар, музыкаға, өнерге деген сүйіспеншіліктерін ерекше қадірлеп, суреттейді. Венгр түркологы, лингвист, саяхатшы Вамбери Герман: «Олар қай жерде, Ембінің бойында не Арал теңізінің жағалауында немесе Балқаш өңірінде, не Алатаудың етегінде тұрмасын, сөйлейтін тілдерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Айтатын ертегілері де, салатын әндері де, бізге белгілі ұлттық тағамдары мен ұлттық ойын-сауықтары да әр жерде бірдей, ал ең қызығы – саяхат жасауға әуестік және әскери қауіп-қатер дабылы бір-бірінен қашық тайпаларды біріктіретін», - дейді. Ал: «Қазақтар өздерін «қайсақтар», яғни ержүректілер, батылдар деп атағанды ұнатады, олар өздерінің даладағы өмір салтына риза, бәрінен де бостандықты қалайды, біреуге бағыну дегенді мойындамай, қалаларда тұратындар мен егіншілікпен айналысатындарды менсінбейді…. Қазақтар ата-бабалары еркін өмір сүрген кең-байтақ далаларына жан-тәнімен берілген. Қоршаған табиғатқа қарап қырғыздардың жерді жақсы біліп, сезіне алатынын, қырағы көзді екенін айтуға болады», - деген швед саяхатшысы, географ, этнограф Гедин Свеннің сөздері кең далада еркін өмір сүрген халқымыздың асқақ рухын танытқандай. Қазақтардың қонақжайлығына, уәдеге беріктігіне, батырлығына, шабандоздығына таңданысын жасырмай, зерттеуші И.Завалишин өз естелігінде былай дейді: «Қазақ өте қонақжай, қонақты ерекше құрметтейді, қадір тұтады, шын көңілмен уәде берсе, басынан айырылса да оны орындайды! Қазақтар өте батыр халық. Олар қалмақтармен, жоңғарлармен талай рет соғысып жеңіске жеткен. Олардың барлығы бала кезден бастап ат мініп жүргенге үйреніп кеткен, шабандоз». Мұнан әрі зерттеуші қазақ жігіттерінің еркіндікті ерекше қастерлейтін қасиетін атай отырып, олардың өздерін орыстардың алдында тең дәрежеде ұстайтындарын, тіпті ханның, байдың алдында да жасқыншақтанбайтын өр мінезіне сүйіспеншілік білдіреді: «...сөйлеген кезінде жағымпаздықтың белгісі де жоқ, құлға ұқсап төрт аяқтап жорғаламайды, өкінішке орай, мұндай қылықтар орыс мұжықтарында әлі де кездеседі. Егер сізден бір нәрсені өтінетін болса, айтатын сөзін батыл, тура айтады, жасқанбайды. Орыстардың ортасында болғанда бірден өзін олармен тең дәрежеде ұстайды. Қарапайым халық байларға табынбайды: киіз үйлердің ішінде олардың қастарына сұрамай отыра береді, бірге тамақ ішеді, ойларына келгенін айтып, өздеріне пайдалы болатын тапсырмаларды ғана орындайды. Ханға аса бағынбайды, бірақ қасиетті тұлға дегендей өте құрметтейді». Бұл жерде ханға бағынбау бүлікшілдікті емес, демократиялық еркіндікті, шындықты бүкпей айтар өткір мінезді көрсетеді, ал хан көтерген адамды қасиетті жан ретінде қастерлеуі өз алдына бір өнеге.
Ал қазақтардың қызға қойылатын талаптар қасиетін санамаласақ, олардың негізгілерін былай көрсетуге болады: кішіпейілділік, нәзіктік, қамқорлық, мейірімділік, қиындыққа төзімділік, шыдамдылық, ұқыптылық, жинақылық, т.б.; сыртқы түрі: сұңғақ бойлы, сымбатты, қыр мұрынды, оймақ ауыз, кең маңдай, аққу мойын, қалың бұрымды, ұзын кірпікті, қара қасты, тегіс ерінді, күлім көзді, қыпша бел, икемді, ұзын саусақты, жіңішке т.б.
Қазақ сұлу қыздың сын-сипатын аққудың көгілдіріне теңеп, оның сырғасын, шашбауын, шолпысын ән-жырға арқау еткен. Қазақ қызының бойындағы сұлулық пен әдептілік, өрлік пен еркіндік сияқты қасиеттерге тәнті болған өзге ұлт өкілдері өз естеліктерінде бұл туралы таңдана жазады. Сондай жазбалардың бірі неміс зерттеушісі Брем Адольф Эдмундттың естелігі болып табылады. Өз естелігінде ол: «Қазақ әйелдері мен қыздарының арасында сұлу адамдарды көптеп көруге болады, олар гауһар тастан жасалған әшекей бұйымдарын, басқа жылтырақ зергерлік бұйымдарды жақсы көреді. Ал киімдері жібектен, мақта және жүн маталардан тігілген шапан түрінде болады. Шығыс елдерімен, мысалы, түрік әйелдерімен салыстырғанда, онша қысылмайды. Мұсылман еместермен қарым-қатынастары да анағұрлым еркін», - деген пікір білдірген. Тағы бір неміс этнографы Георги Иоганн Готлиб өз жазбаларында: «Қазақтардың әйелдері үй шаруасына ұқыптылығымен, жинақылығымен, адал ниеттілігімен ерекшеленеді; тұтқындарға жандары ашып, өздеріне қауіп төндіретіндеріне қарамастан, қашып құтылуға көмектеседі… Өздерін тым еркін ұстайды, ешқайсысы біреудің құлы не малайы болуды қаламайды, - дей отыра, қазақ қыздарының бойындағы еркіндік, жинақылық, еңбексүйгіштік қасиеттерге тәнті болған. Азия халықтары қыздарының ішінде бетін бүркемеген, ерлермен бірге ел қорғауға қатысқан қазақ аруларынан Әлия мен Мәншүктің шығуы да заңды құбылыс. Қызына айшықты әшекей кигізіп, оны ай-жұлдызға теңеп масаттануы, басына үкілі бөрік кигізіп, бетін бүркелетпеуі ертеңгі келін болып сәукеле, кейін кимешек кигенге дейінгі қыз ғұмырын бағалаған ата-баба мәдениетінің биіктігін көрсетеді.
Көріп отырғанымыздай, қазақ халқының ортасында әр кезеңде болған саяхатшылар қазақ болмысы туралы таңқалыспен айта отырып, олардың өзіндік дүниетанымының басқа мұсылман халықтарынан өзгешелігін тілге тиек етеді. Қорыта айтсақ, тұлғаның ұлттық болмысы, этникалық сипаты, ұлттық тағылымнан нәр алған жан дүниесі, ұлттық мәдениетпен өрілген қабілет-қасиеттері мен табиғи мүмкіндіктері ескерілген жағдайда ғана ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етуге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет