1.3 Халықтық педагогикалық мәдениет туралы түсінік Қай халықты болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімімен
даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады. «Мәдениет» сөзінің этимологиялық негізі «өңдеу», «тазалау» деген мағынаны береді және әуел баста агротехникалық ұғым ретінде қолданылған. Ежелгі Римнің атақты философы және шешені Цицерон «мәдениет» терминін «жанның жетілуі» мағынасында қолданып, ғылыми айналымға енгізген. Т.Элиоттың пікірінше, «Мәдениет – белгілі бір халықтың өмір сүру мәдениеті, оның әлеуметтік жүйеде көрініс табуы». Олай болса, мәдениет – халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинақталады. «Мәдениет» ұғымына мәдени-философиялық сөздіктерде: «Мәдениет - заттық және рухани құндылықтардың жиынтығы», «Мәдениет - қоғамның әртүрлі әлеуметтік және рухани саласында тұлғаның өзін-өзі шығармашылықпен жетілдіру әдісі», - деген түсінік берілсе, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңында: «Мәдениет - адамзат жасайтын және адамдардың рухани қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы», - деп көрсетілген. Аталған анықтамаларды талдай отырып, мәдениет – халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинақталады деуге толық негіз бар.
Халықтың педагогикалық мәдениеті – балаларды тәрбиелеумен тығыз байланысты халықтың материалдық және рухани мәдениетінің бір саласы. Ол бесік жырлары мен әндерінде, бала ойындары мен ойыншықтарында, киімдері мен еңбек құралдарында, тағамдары мен фольклорда, балалардың дәстүрлі мейрамдары мен басқа да көптеген халық өмірінің элементтерінде көрініс табады. Педагогикалық мәдениет жалпы қызығушылық туғызып, халықтарды біріктіреді және ол халықтың жалпы мәдениетімен тығыз байланысты.
Білім беру-тәрбиелеу мекемелері пайда болғаннан және тәрбие туралы ғылым қалыптасқаннан бастап педагогикалық мәдениет білім берудің мемлекеттік жүйесін құрады. Оған педагог мамандар даярлаудан бастап қалың көпшілікті педагогикалық тұрғыдан сауаттандыруды жатқызуға болады. Педагогикалық мәдениетте халықтың ерте заманнан осы кезге дейінгі педагогикалық көзқарасының жетілуі көрініс табады. Ол біртекті емес, педагогиканың алдыңғы қатарлы жетістіктерімен қатар, онда тамыры сонау патриархалдық-рулық заманда жатқан наным-сенімдер, ағат пікірлер, қате түсініктер мен ырымшылдық сақталған. Мұндай әртектілік халықтардың тарихи өмір сүру шарттарымен, олардың мәдени дамуының әртүрлілігімен түсіндіріледі.
Бұрынғы заманның наным-сенімдері мен ырымдары қазіргі заманда да өзіндік ықпал етуде. Олар әдетте кейбір жеке адамдардың әрекеттерінде кездеседі. Патриархалдық қоғам туғызған интеллектуалдық және мәдени жұтаңдық кейбір жеке адамдар арасында сақталынып, оның әсері біраз уақытқа дейін орын алуы мүмкін, әсіресе, мұндай интеллектуалдық және мәдени жұтаңдық тәрбие саласы мен педагогикалық мәдениетте көрінеді. Ежелгі заманның педагогикалық мәдениетінде әйел-ананың монополиялық ролі басым болғаны белгілі. Алғашқы қауымдық құрылыс заманында баланы емізудің өзі жануарлардың өз баласын емізуінен әлдеқайда ұзақ болатын, баланың анамен физикалық жағынан тым жақындығы түп бейне ретінде рухани байланыстың, алғашқы педагогикалық әсердің бастамасы еді. Тек балаларды күтіп, тәрбиелеуге арналған құралдар ғана емес, жалпы тәрбиеге деген көзқарастың өзі де қоғамның материалдық және рухани прогресімен бірге әрқашан дамып, өзгеріп отырды. Алғашқы моралдық-педагогикалық сезімдердің бірі ретіндегі адамның баласына деген сүйіспеншілік сезімінің жетілуін кең тарихи-этнографиялық материал ретінде көруге болады және ол өз кезегінде адамзаттың рухани жетілуі туралы қызғылықты материал болар еді. Әр адамда өз балаларына деген есепсіз махаббат болады. Бұл өз кезегінде тәрбиеде апатты жағдай тудырады. Педагогикалық үдеріске саналылықтың енгізілуі өз балаларына деген парасатты, зерделі, бақылауға көнетін махаббаттың болуын, сөйтіп, жалпы айтқанда халықтың балаларға қамқорлығын қажет етеді. Ата-ананың балаларына деген махаббаты реттеліп отырылғанда және басқа балалардың мүддесі, жалпы еліміздің жас ұрпағының мүддесі ескерілген жағдайда ғана тәрбие үдерісін басқаруға болады. Балаларға деген махаббат әр адамның жеке басына тән сезім ретінде қаралмай, үлкен және кіші отбасыларға, руға, халық пен елге тән сезім ретінде танылуы керек. Жас ұрпақты тәрбиелеуде жалпы халықтың мүддесі ескерілгенде ғана халықтық педагогикалық мәдениет туралы түсінік ғылымилық сипат алады және жалпы халықтық тәрбие туралы айтуға болады.
Балаларға деген сүйіспеншілік адамзаттың және жеке адамның педагогикалық мәдениетінің құнды компоненті болып табылады. Жеке тұлғаның педагогикалық мәдениеті өркениетті әлемде тек өз балаларына деген махаббатпен өлшенбейді. Адам бойында өзімшілдік қасиет тудыратын ата-ананың баласына деген көзсіз өзімшіл махаббатын халықтық тәрбие әрқашан жат қасиет ретінде сынап отырған. Қоғамдық өмірдің дамуы адамдардың қоғамдық ой-өрісін кеңейтіп, педагогикалық мәдениеттің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Педагогикалық мәдениеттің жоғары деңгейі қоғамдық мүддемен тікелей байланысты. Сондықтан балаға деген саналы махаббат жоғары педагогикалық мәдениет жағдайында әрқашан әрекетшіл болып келеді. Бұдан шығатын қорытынды: жас ұрпақты тәрбиелеуге, қайта тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеуге әр адамның және барлық адамның қатысуы міндетті.
Халықтық педагогикалық мәдениет саласында білім, білік пен дағды арасында өзара сәйкестік жоқ. Халық педагогикасында адамдардың білімді айналып өтіп, біліктілікке қол жеткізгенін көрсететін мысалдар аз емес. Қарапайым педагогикалық іскерлік пен біліктілік халық педагогикасының алғашқы элементтері болып табылады. Халық даналығы өмір қажеттілігінен туып, өмірлік тәжірибеде нақты дәлелденген. Бұл халық педагогикасын теориялық зерттеудің көп кейін қолға алынғанымен түсіндіріледі. Сонымен қатар тәрбиенің ғылыми теориясы мен педагогикалық шығармашылық арасында сәйкессіздіктің орын алуы мүмкін. Педагогиканы ғылыми тұрғыда білгенімен, балаларға ықпал ете алмайтындар да кездеседі. Кей жағдайда парасатты сана, ішкі түйсік, импровизация ғылымнан да күшті әсер етуі мүмкін. «Мен өз балаларымды педагогика ғылымының соңғы жетістіктеріне сүйеніп тәрбиелеймін» деушілер өте сирек. Басқа сөзбен айтқанда, тәрбиелік ықпал кешенді түрде жүзеге асырылуы керек. Педагогикалық саналылық түйсіктік деңгейінде көрінеді. Бұл педагогикалық мәдениет педагогикалық білім жүйесінен тыс өмір сүреді деген сөз емес, керісінше, жас ұрпақты тәрбиелеу саласының қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Сондай-ақ педагогика ғылымының халықтық педагогикалық дәстүрден тыс тәрбие және білім беру проблемаларын шешетін тұстары да кездеседі. Мысалы, халықтан шыққан ең дарынды адамдардың өздерінің де тіл мүкістігі бар балалармен, немесе ақыл-есі және физикалық кемшілігі бар балалардың жағдайын жеңілдетуде мүмкіндігі төмен екен айтпай кетуге болмайды.
Адамзат артқа көз салып, аға ұрпақтың рухани құндылықтарын қайта бағаламай, ешқашан алға жылжи алмайды. Кез-келген ғылымның келешегін болжау оның өткені мен қазіргісін түсіну арқылы жүзеге асырылады. Ежелгі заманнан бері жинақталған халықтың рухани құндылықтарын Гегель араласқан сайын өз күшін жаңарта түсетін жер-анамен салыстырған.