1.4 Халық – педагогикалық мәдениетті жасаушы Педагогикалық мәдениет туралы айтқанда, оның пайда болуы, дамуы және гүлденуіне қолайлы жағдай туғызған халық екенін есте ұстаған жөн. Кез-келген мәдениет қайраткерінің жеке шығармашылығы оған дейін халық және адамзат жеңіп алған жетістіктер негізінде дамиды. Ол өз халқының мәдениетін жетілдіруді бастаудан бұрын өзінің көп ғасырлық тарихында халық туғызғанды меңгеруі, сонымен қатар өзге халықтар мен адамзат жасаған игіліктерді игеруі қажет. Тек халық пен адамзаттың рухани қазынасының жиынтығы ғана мәдениет қызметкерінің шығармашылығына нақты тұғырнамалық негіз бола алады. Халық педагогикасына іспен тәрбиелеу тән, сондықтан ең жақсы тәрбиешілер, әдетте, шығармашылықтың нақты бір түріне қабілетті адамдар болып табылады, мысалы: әншілер, ертегішілер, қолөнершілер, т.б. Кез-келген педагогтың данышпандығы мен ұлылығы халықтық педагогикалық мәдениетке жақындығымен, оның рухани қазынасының тереңіне мейлінше бойлау қабілетімен өлшенеді.
Халық ежелден-ақ адамның тегіне, тәрбиесіне, ата-анасына, тәрбиешілеріне қарай баға беретін болған. «Жақсы адам – жақсы тәрбиешіден» – бұл халық үшін қалыпты заңдылық. Халық әрқашан тұлғаның ішкі мүмкіндіктеріне, оның өз ісіне жауапкершілігі мен өзіндік ерекшеліктеріне назар аударған. Халық адамгершілік түйсік иесі ретінде, әрқашан әртүрлі педагогикалық жаңашылдыққа сыни тұрғыдан қарап, өзінің идеалдарына сәйкес келмейтіндерін електен өткізіп отырған. Педагогикалық ойдың отандық тарихы тек халық қолдаған және халық қабылдаған педагогикалық идеялардың өміршең болатындығын көрсетеді. Сонымен қатар халықтың жоғары педагогикалық мәдениеті – жалпы халықтың жоғары мәдениетінің көрсеткіші. Мәдениетті дамыту барлық мәдени іс-әрекет жас ұрпақты тәрбиелеудің жоғары мәдениетіне сүйенген жағдайда ғана ғаламдық бола алады.
Халық – педагогикалық мәдениетті жасаушы ғана емес, ол - тәрбие жүйесін қалыптастастырушы да. Сонау ежелгі Грекияда кәмелетке толған адам деп зәйтүн ағашын егіп, оны баптап-күтіп, өсірген адамды айтқан. Әр кәмелетке толған адамның өз қолымен зәйтүн ағашын бағып, күтіп өсіруі нәтижесінде Грекияда үлкен зәйтүн ормандары пайда болды. Бұл халық тудырған еңбек тәрбиесінің бір мысалы. Тек халық мүддесінен туған тәрбие ғана шынайы. Бұл талапқа сай келмейтін тәрбие адамды тұлғалық жағынан аздырады.
Халық өзінің сан ғасырғы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, ұлттық өзіндік салт-сана мен әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін туғызды. Ол өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдениетіне, тарихына сай жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талаптарын бекітті. Жас адамның халыққа танымал моральдық-психологиялық өлшемі белгіленді, оның мәні «сегіз қырлы, бір сырлы» шынайы, отаншыл, азамат тәрбиелеу еді. Міне, осы қағида сан ғасырлық дала тұрғындарына қойылатын моральдық талаптарды айқындайды. Ол талаптар көшпелі шаруашылығын жете игеру, еңбексүйгіштік, қиыншылыққа төзе білу, ел намысын қорғау, жаудан беті қайтпау, ата-тегін жанында сақтау, сөз асылын қадірлеу, тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау, ата салтын бұзбау (жасы үлкенді, ата-ананы сыйлау, көрші ақысын жемеу, қайырымды, ізгі жүректі, бауырмал болу, т.б.). Осындай қоғамдық қатынастарды кішкентайынан көріп-біліп өскен адамдарда мүдделестік, өмірге көзқарастың сәйкестігі кісілік қарым-қатынас барысында айқындалып, жеке бастың бұра тартуына мүмкіндік бермеген, психологиялық жағынан «бірауызды қауымдасқан жандар» үнемі өзінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Қорыта айтқанда, мәдениеттің дәстүрлілігі - халықтың жоғары мәдениетінің белгісі. Бүгінгі жаһандану жағдайында қоғамдық дамудың ілгерілеуі адамның білімділігімен қатар мәдениеттілігіне тәуелді болып отыр.
Тарих – халықтық педагогиканың қуатты құралы. Қай қоғамда болмасын, халықтың үстем тап өкілдеріне және жалпы үстемдікке қарсы күресі – тек жеңіліс пен жеңіс күндері емес, сонымен бірге тарихты жасаушы халықтың моральдық және рухани даму кезеңі, сол халықтан шыққан жеке тұлғалардың өсу кезеңі болып табылады. Спартак, Мюнцер, Е.Пугачев, С.Разин, Бөгенбай, Қабанбай, Сырым, Аманкелді сияқты батырлар тек халық батырлары, көсемдері болып қана қойған жоқ, халық тәрбиешілері, мұғалімдері де бола білді. Халық олардың ерліктерін ән-жырға, аңыз-әңгімеге қосты. Бұл шығармалар еркіндік идеясына, Отанға деген сүйіспеншілікке толы болды. Өкінішке орай, қазіргі күні олардың образдарын көмескілендіруге тырысатындар бар. Бірақ мұны тарихты ұмытқысы келетін кейбіреулердің уақытша әрекеті деп түсіну керек.
Педагогикалық мәдениет ғасырлар бойы жасалып, жетіледі және ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Бұл педагогикалық мәдениеттің сабақтастығын көрсетеді. Бұл сабақтастық уақыт пен кеңістікте жүзеге асады. Сабақтастық – үздіксіз дамудың шарты. Дамудағы сабақтастық төменгі форманың жоғарыға қарай біртіндеп көтерілуін де, секіруді де, қайталауды да қажет етуі мүмкін. Ұрпақтар сабақтастығы тұлғаның әлеуметтік даму факторы мен халықтың рухани прогресінің факторы ретінде тәрбие арқылы қамтамасыз етіледі. Тәрбиедегі сабақтастық ұрпақтар сабақтастығының басты көрінісі ретінде тәрбиешілердің балаларға бірдей қарауын, үйдегі тәрбие мен қоғамдық тәрбиені байланыстыруды қажет етеді. Сабақтастық уақыт пен кеңістікте жүзеге асады. Физикалық сабақтастық табиғат, яғни тұқым қуалаушылық, генотип арқылы қамтамасыз етілсе, рухани сабақтастық тәрбие арқылы келеді. Кейде тіпті стихиялық тәрбие процесінің өзі сабақтастыққа әкелуі мүмкін, бұл көп жағдайда саналы түрде болады. Ата-ана, әдетте, балаларының материалдық тұрғыдан өздерінен де жақсы тұрғанын аңсайды, өзі ала алмаған білімді, өзінің қолы жетпеген игіліктерді балаларының қол жеткізуін саналы түрде аңсауы сабақтастықтың педагогикалық аспектісін көрсетеді. Грузиндер: «Отан үшін балалардың әкелерден жоғары болғаны дұрыс» («Для Родины нужно, чтобы дети были лучше отцов») дейді. Бұл аға ұрпақ берген тәрбиенің келесі ұрпақ өміріне әсер ететінін көрсетеді. Ата-ананың мимикасын, сөйлеудегі өзіндік сөз қолданыстарын, т.б. балалар еркінен тыс қабылдауы мүмкін, бұл өз кезегінде оның мінезінің, стилінің қалыптасуына әсер етері анық. Өнерге, білімге деген қызығушылық та қарапайым еліктеуден басталуы мүмкін. Сабақтастық әртүрлі жақтан көрінеді. Ол жанұялық дәстүрді бекіту және дамыту түрінде де, адамдар мен ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты байланыстыру түрінде де жүзеге асырылады. Сабақтастық тіпті халықтардың тағдырына да әсер етуі мүмкін. Ол жалпыхалықтық, жалпыұлттық, жалпыадамзаттық сипатта көрініс табады. Жалпыадамзаттық сипаттың артуы әлеуметтік прогресті жеделдетеді. Сабақтастық терең және кең болған сайын жеке тұлғаның да, қоғамның да прогрестік шарттары тиімді болмақ. Халқын өнер-біліммен сусындату жолында талмай ізденген Абайдың балаларына берген тәрбиесі де жанұялық дәстүрді бекіту мен дамыту түрінде көрініс тапқан. Әбіш, Мағауия, Ақылбай секілді тәрбиелі, сөзге жүйрік, ойлауға тез перзенттерге керемет әке бола білген Абайдың өмірі – тәрбиедегі ұрпақтар сабақтастығының тамаша мысалы. Ұлы ақынның бала болса да, олардан кеңес сұрап, ой бөлісіп отыруы, балаларына өзі алған білімнен де жоғары білім алуға ықпал етуі, Әбішті Петербургке оқуға жіберіп, талабын ұштауға жәрдемдесуі рухани сабақтастықтың жоғарғы формасы екені анық. Ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықта қарама-қайшылық та байқалады, себебі тәрбие әр заманда, әр түрлі тарихи жағдайда және нақты өмірлік жағдаяттарда жүргізілді: «И от доброго отца родится бешеная овца», «Бывает добрая овца и от беспутного отца», «От одной матки, да не одни ребятки», «Один брат сыт и крепок, другой брат жидок и редок», «Болар елдің баласы он бесінде «баспын» дер, болмас елдің баласы отыз бесте «жаспын» дер», «Баланың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге», «Әкем бар деп мақтанба, топқа түсері жоқ болса, Балам бар деп мақтанба, жаман туған боқ болса». Бала тәрбиесіндегі қателік ұрпақтың рухани баюына кері әсер ететіні де мақалдарда көрініс тапқан. Мысалы, чуваш халқының «Еркеден туған бала өскенде ұры болмақ («От избалованного родится ребенок, подрастет и вором станет») деген мақалында ата тәрбиесінің нәтижесінде немеренің теріс жолға түскені сыналады. Мақалдағы ащы шындықты түсінуге болады: чуваштарда басқа халықтардағы сияқты, ұрлық – адамның адамдық қасиетінен айрылуының шегі.
Ұрпақтар сабақтастығы туралы халықтық идея педагогикалық болып табылады. Әр халықта кездесетін «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» («Задние копыта идут по следу передних»), «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» («Что посеешь, то и пожнешь») сияқты мақалдар жас ұрпақтың қашан да аға ұрпақтың ізбасары болатынына деген сенімнен туған және аға ұрпақтың жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты екенін көрсетеді. Халық қашанда ертеңгі күнге оптимистікпен, үлкен сеніммен қараған. Сондықтан барлық халықта «Адам – өз бақытының қожайыны» («Человек - хозяин своего счастья») сияқты мақал бар. Бұл өз кезегінде қайта тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетеді. Орыстың «Он словно переродился», «Будто снова на свет появился», қазақтың «Анадан қайта туғандай» сияқты мақалдары осының айғағы.
Адамның рухани дамуы халықтың ертегі-аңыздарында, бата-тілектерінде жақсы көрініс тапқан. Кез-келген халық ертегілерінің басты кейіпкерлерінің батырлық, мейірімділік, ақылдылық, еңбексүйгіштік, адалдық сияқты тұлғалық қасиеттерді аға ұрпақ тәрбиесі арқылы бойына сіңіргені сабақтастықтың тамаша үлгісі болып табылады. Қазіргі үйлену тойларында жастарға бата беру, жас сәбиге жақсылық тілеу сияқты әдет-ғұрыптар – ұрпақтар сабақтастығының айнасы. Мұның барлығы ауыз әдебиетін жасаушы – халықтың шебер тәрбиеші екенінің дәлелі.
Халық «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді. Ұлттық өнер аса бір құнарлы да, қызықты саласы ретінде бүгінгі рухани сұранысқа қызмет етіп, мәдениеттің маңызды бір қырына айналып отыр, ол сонымен бірге халықтың белгілі бір тарихи кезеңдегі таным-түсінігінен, өмір салтынан, сұлулық туралы түйсік-талғамынан хабар береді. Демек, ұрпақтың ақыл-ойы, парасаты, ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Қандай-да бір өнер түрін алсаң да, алдымен тәрбиелік мән жатыр. Осы ретте Пушкин, Абай сияқты ұлылардың ұлылығының бастауында да ұлттық өнер тұрғанын атап өту керек. Абай шығармашылығымен таныса отырып, оның халықтың өнерін, ән-жырын жан-тәнімен сүйгенін көруге болады. Оның бойында тоғысқан ақындық, шешендік, сазгерлік өнер Ұлжан анасының бесік жырының әлдиімен, сүйікті әжесі Зеренің ғажайып ертегілерінің сиқырымен дарыған. Абай шығармашылығын нәрлендірген халықтық өнердің құдіреті басқа да талай таланттарымыздың танылуына ықпал еткені анық.
Қорыта айтқанда, елдің бүгінгісі кешегі тарихымен астасып жатпақ. Өткенінен хабары жоқ жандардың болашаққа да берері шамалы. Халықтың тарихи тағылымы ұрпақ тәрбиесі мен оған берген өнегесіне байланысты.