Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


І БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА – ЭТНОПЕДАГОГИКАНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ



бет3/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

І БӨЛІМ. ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА – ЭТНОПЕДАГОГИКАНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ



  1. Педагогикалық мәдениет және халықтың рухани дамуы




    1. Халықтық педагогикалық көзқарас

    1. Халықтық педагогикадағы салт-дәстүр

    2. Халықтық педагогикалық мәдениет туралы түсінік

    3. Халық – педагогикалық мәдениетті жасаушы

Негізгі ұғымдар: халықтық педагогика, халықтық педагогикалық көзқарас, тәрбиенің мазмұны, педагогикалық мәдениет, этнопсихологиялық ерекшеліктер, ақыл-ойдың дамуы, физикалық даму, эстетикалық тәрбие, халық өнері.
1.1 Халықтық педагогикалық көзқарас.
Философия ғылымы «көзқарас» ұғымын «адамның объективтік дүниеге, қоршаған ортаға, өзіне деген пікірлер жүйесі, осы пікірлерге негізделген өмірлік позициясы, идеалы, құндылық бағдары және ондағы адамның орны» деп түсіндіреді. Ал А.Э.Измайлов «халықтық педагогикалық көзқарас» ұғымын «халық философиясының практикалық тұрғыда берілуі, ауыз әдебиетінің әртүрлі ескерткіштерінде жинақталған бұқара халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ғасырлар бойғы ұжымдық тәжірибесі» деп негіздейді.
Шынында да, әр халықтың рухани мұрасының айрықша элементі оның ғасырлар бойғы тәжірибесінде жинақталған педагогикалық көзқарасы болып табылады. Өткен замандардың алдыңғы қатарлы ойшылдары педагогикалық ізденістерінде өз кезеңінің озық педагогикалық идеяларын кейінгі ұрпаққа жеткізуде халықтық тәрбиедегі тәжірибеге сүйенген.
Кез келген халықтың шығармашылығы ерте замандардан бастау алады. Халық шығармашылықпен барлық кезеңдерде: табиғаттың асау күштерімен күрес барысында, жауларға қарсы шайқас кезінде, қуаныш пен реніш күндерінде, жеңіс пен жеңіліс кезінде айналысты. Сөйтіп, ғасырлар бойы жас ұрпақты тәрбиелеудің қарапайым нормалары мен ережелерін қалыптастырды. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілетін тәрбиенің халықтық жүйесі адамдардың этикалық өмір сүру негізін құрайтын құнды адамгершілік нормаларын туғызды. Өмірлік тәжірибеден туындаған халықтық тәрбиенің мазмұны, әдістері, құралдары эмпирикалық нұсқаулар түрінде болып, ғасырлар бойы ғылыми тұрғыдан талданбады. Соған қарамастан, бала тәрбиелеудегі халықтық тәжірибе халықтың мүддесіне қызмет етті. Одан шынайы адамгершілікті, озық ойды, демократиялық көзқарасты көруге болады. Әр заманның ерекшеліктеріне қарай халықтың педагогикалық көзқарасы практикалық жағынан қалыптасып, рухани өмірге енді. Рухани және мәдени өмірдің өнімі ретінде ол халықтың білімі мен тәжірибесін бірлікте бейнелеп, тәрбиелеу үдерісін түгел қамтыды. Тарих қойнауынан бізге жету барысында халықтың педагогикалық көзқарасы әртүрлі ішкі әсерлерге тап болғанымен, халықтың жетілуінде маңызды орын алды. Сөйтіп, халықтық педагогикалық көзқарас күнделікті тұрмыс пен ғылыми-логикалық деңгейде, иррационалдық, эмоционалдық-образдық және рационалдық, ұғымдық формаларда кездесуі мүмкін. Кез келген деңгейде педагогикалық көзқарастарға күрделі синтетикалық, интегралдық жүйе ретінде оптимистік, жасампаздық, үздіксіздік, динамика, сабақтастық тән. Этнопедагогикалық көзқарастың функционалдығы идеалдарды, құндылықтарды жариялай алуға қабілеттілігімен емес, нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігімен – әлемді жаңартуға қажетті қасиеттерді бойына жинаған жасампаз тұлға тәрбиелеу мүмкіндігімен анықталады.
Әр заманда өмір сүрген ағартушылар мен қоғам қайраткерлері, көрнекті педагогтар мен философтар халықтың педагогикалық көзкарастарын оқьп үйреніп, зерттеуге көп көңіл бөлді. Олар тәрбиенің халықтығы, табиғатпен үйлесімділігі идеясын дамытты. Педагогикалық көзқарас жайын талдағанда қашанда оны азықтандырған нәрлі орта жайлы, оның пайда болуы, дамуы және гүлденуіне қолайлы жағдай туғызған халық жайлы ерекше көзқарастарын білдірді. Кез келген мәдениет кайраткерінің жеке шығармашылығы оған дейін халық және адамзат жеңіп алған жетістіктер негізінде дамитыны белгілі. Ол өз халқының мәдениетін жетілдіруді бастаудан бұрын өзінің көп ғасырлық тарихында халық туғызғанды меңгеруі, сонымен қатар өзге халықтар мен адамзат жасаған игіліктерді игеруі қажет. Тек халық пен адамзаттың рухани қазынасының жиынтығы ғана ұлы қайраткерлердің шығармашылығына нақты тұғырнамалық негіз болмақ. Кез келген педагогтың данышпандығы мен ұлылығы халықтық педагогикалық мәдениетке, халықтың педагогикалық көзқарасына жақындығымен, оның рухани қазынасының тереңіне мейлінше бойлау қабілетімен өлшенеді, себебі адам, бір жағынан, белгілі бір қоғам мүшесі болса, екінші жағынан, белгілі бір этностың өкілі болып табылады. Әр адам белгілі бір ұлттың өкілі ретінде сол ұлттың мәдени болмысын өркениетті өмірмен байланыстыра отырып игермесе, оның білім дәрежесі қанша жоғары болғанымен, нағыз зиялы азамат бола алмайды, өз айналасына, халқына, ұлтына, Отанына белгілі дәрежеде пайдасын тигізудің орнына, зиянын тигізуі мүмкін. 
Жалпы, кез келген халықтың педагогикалық көзқарастарының қалыптасып, дамуына халықтық педагогиканың құралдары мен амалдары ерекше ықпал етеді. Халықтық педагогика халық шығармашылығы арқылы кәсіпке, іске тәрбиелейді. Адамзат қоғамының әрбір даму кезеңінде тәрбие ісі тәжірибеге негізделген жаңалықтармен толықтырылады. Уақыт ағымымен жекеленген тәжірибелік бөліктер халықтық тәрбиенің тұтас жүйесінің өзегіне айналмақ. Тәжірибелік тәрбие қызметі тәрбиенің халықтық қағидаларына сүйене отырып, ана тілі, халықтық материалдық және рухани мәдениет пен салт-дәстүр, әдеп-ғұрып негізінде жүзеге асырылады. Халықтық педагогика мен халықтық тәрбиедегі даналық, ондағы тәрбие әдістері халықтық педагогиканың әлеуметтік талапқа деген ерекше қатынасын тудырады. Ұлттық білім беру арқылы ұлттық тәрбие үдерісі қалыптасады, ол тәрбиеленуші бойында өз елінің тарихына, ұлтына деген мақтаныш сезімінің қалыптасуына ықпал етеді. Ұлттық рух пен ұлттық құндылықтардың ішкі элементтері ұлттың ерекшеліктерінен тұрады. Бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық ерекшеліктерді сақтау барысындағы негізгі талаптардың бірі болып табылады. Бұл талаптан шыға алмаған ондаған ұлттар күн сайын тарих сахнасынан жоғалып жатыр.
Ғалымдар халықтың педагогикалық көзқарасының қалыптасуына сол халық өмір сүретін орта мен табиғат, халықтың наным-сенімі, әлеуметтік жағдайы мен діннің ықпалы зор екенін атап көрсетіп, олардың халық өмірінде, ділінде, жүрегінде, санасында, іс-әрекетінде, шығармашылығында көрініс табатынын ескертеді (Г.Волков, С.Қалиұлы Пірәлиев С.Ж., Хайруллин Г.Т., т.б.). Соның ішінде этностың педагогикалық көзқарасының қалыптасуына, оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне ерекше әсер ететін фактор дін екенін атап өткен жөн.
Шынында да, дін – руханияттың өзекті саласы, себебі ол өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық саласын қамтыды. Үлкен өркениеттердің қалыптасуында ұлттық діндердің тар шеңберден шығып, рухани-мәдени тұтастықты құрауы, дүниетаным мен адами қасиеттердің жаңа мазмұнын қалыптастыруы ерекше маңызды. Алайда өркениет ағымына қосылған этностар мен этностық топтар өркениетке ортақ дінді, оның рәсім-рәміздерін қабылдағанымен, олардың наным-сенімдері мүлдем жоғалып кетпейді. Олар халықтың әдет-ғұрпында, дүниетанымында сақталады. Барлық халықтар рухани дамуында діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді. Мысалы, қазақтардың діни көзқарасында Алла мен Тәңірі ұғымдары синоним ретінде қолданылады. Қазақ мәдениетінде қалыптасқан архитиптік наным-сенімдерден исламдық діни жүйеге ауысу бірнеше ғасырларға созылды және бұл қарым-қатынас тұтастану бағытында өтті. Ислам діні мен араб мәдениетінің қазақ халқының руханиятына тигізген игі әсері зор. Алайда қазақтардың өзіндік халық, этнос ретінде қалыптасуына, руханиятының өзегін құрап, тұрақтануына Исламға дейінгі мәдениет, тәңірлік сенім мен шаманизмнің ықпалы күшті болғанын естен шығармау керек. Академик Ғарифолла Есім: «Тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол Адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті мойындағандық. Тәңір - табиғаттың өзінен туған түсінік. Оны табиғаттың синонимі деп те қарауға болады. Адамның табиғатқа табынуы, бір жағынан, натуралистік түсінік болса, екіншіден, өзінен тыс рухты іздеу, оны субъект ретінде қабылдау, дерексіз ойлаудың жемісі”, –дейді. Қазіргі қазақтардың ата-баба әруағын қастерлеп, ел мен жерді жаудан жан аямай қорғап, ерлігімен, әділеттілігімен көзге түскен, сол арқылы халық жадында сақталған батырларды, билерді қастерлеп, оларға арнап ас беруі ерекше рухты іздеп, оған табынудан туған болса керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, о дүниелік болған адамның аруағын риза етуді парыз санауының негізінде тірілердің аға ұрпаққа деген сый-құрметі жатыр.
Қорыта айтқанда, халықтық педагогикалық көзқарас бұл қалыптасқан, өз бетімен дамитын халықтың идеяларға, идеалдарға, құндылықтарға, көзқарастарға, тұғырнамаларға қатысты пікірлерінің жүйесі және соларға негізделген мақсатқа жетудің тәсілдері, тұлға тәрбиелеу мен дамытудың халықтық тәжірибесінің заңнамалары деп түйіндеуге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет