Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



бет7/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:

  1. «Педагогикалық мәдениет» ұғымына анықтама беріңіз.

  2. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұғымдарына талдау жасаңыз.

  3. Өзіңізге жақсы таныс салт-дәстүр негізінде оның халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы және тәрбие құралы екенін көрсетіңіз.

  4. «Педагогикалық мәдениет халықтың жалпы мәдениетімен тығыз байланысты» деген пікірді түсіндіріңіз.

  5. «Педагогикалық мәдениетті жасаушы – халық» екенін дәлелдеңіз.



2. Халықтық педагогикадағы кемел адам үлгісі



    1. Кемел адам – халықтық тәрбиенің мақсаты

    2. Кемел адамның этникалық мінезі

    3. Кемел адам қасиеттерінің жалпы адамзаттық сипаттамасы

    4. Кемел адамды тәрбиелеу жолдары

Негізгі ұғымдар: кемел адам, халықтық идеал, кемел адамның этникалық бейнесі, ұлттық бедел.
2.1 Кемел адам – халықтық тәрбиенің мақсаты
Адам туралы ең алғашқы мәдени-антропологиялық ойдың бастауында ежелгі грек философы Сократ тұрды. Ол адамның ең маңызды белгілері ретінде моралдық бітімі, мінез-құлық ерекшеліктері мен адами қасиеттерін атаған. Сократтың шәкірті Платон адам туралы алғаш: «Адам – қауырсыны жоқ екі аяқты жануар сияқты» деп анықтама берген. Осы қасиет адамды басқа тірі жәндіктерден ажыратып тұратынын атап көрсетеді. Өз кезегінде Платонның шәкірті Аристотель: «Адам ғана сөйлеу қасиетіне ие. Сөз пайдалыны да, пайдасызды да, һәм әділеттілікті де, әділетсіздікті де жеткізе алады. Осы қасиет адамдарды барлық тірі жәндіктерден ажыратады», - дейді. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та өз еңбектерінде «адам» ұғымына сипаттама беріп, оның қалыптасу және даму сатыларына тоқталған. Ақын өзінің 11-қарасөзінде: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты «адам» болады», - дейді. Сонымен қатар адамдық сипаттар немесе қасиеттер қатарына өзі үшін емес, халық мүддесі үшін өмір сүрудің маңызын жатқызып: «Өзі үшін өмір сүрген адам өз бетінше оттаған хайуанмен тең, ал көпшілік үшін тіршілік ететін адам «нағыз адам», - деп көрсетеді.
Халықтың көптеген педагогикалық даналығының ішінде адамға үлгі болып табылатын тұлғалық кемелдену идеясы, оның арман-мұраты басты орын алады. Бұл идея ең қарапайым түрде өте ерте замандарда пайда болды. Кемел адам (арабтың «инсан-и камил» - «толық адам» деген сөзінен) – ақыл-ойы толысқан кісі. Діни ілімде кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып, тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адамның әрбір іс-әрекеті Алла тағалаға арналады. Ол – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Әр кезеңдегі ойшылдар адам атының сақталып қалуы үшін, толыққанды адам үшін сол адамға лайықты жол бар екеніне сенсе, енді бірі адам бойындағы қаншама сұмдықты көріп қорықты. Қоғамдық пәлсапалық һәм діни-танымдық тұрғыдан «адам» ұғымы аса терең.
Көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін сыртқы көрінісінен іздейді. Мысалы, ұлы ойшыл Конфуций: «Адам үш түрлі болады. Дана адам – асып-таспайды. Жақсы адам – күй талғамайды. Батыл адам – қорықпайды», - дейді. Дао ілімінің негізін қалаушы Чжан-Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды Аспан адамы деп атапты. Өзінің рухани бастауынан бөлінбеген адамды Қасиетті адам депті. Шындықтан бөлінбеген адамды Кемел адамға жатқызған. Шығыс ғұламаларының даналық өсиеттерінде былай делінген:
1. Ештеңе білмейтін, бірақ ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт.
2. Ештеңе білмейтін, бірақ өзінің білмейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет.
3. Барлығын білетін, бірақ білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят.
4. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт.
Орта ғасыр ойшылы әл-Фараби «Адам кемелдігі неде? Бақытқа қалай
жетуге болады?» деген сұрақтарға білім мен іс-әрекет арқылы жетуге болатындығын айтқан: «Бақытқа жеткізетін барлық іс-әрекет пен қызмет әрқашан қайырымды. Әрекетшіл жанның мақсаты -әдейі көзделген ұмтылыс болуға тиіс. Оған іскерлік пен көрегендікті, яғни дүниені тану қабілетін бойына дарыту ұмтылысы ұйытқы болады. Адам қайырымдылық, сұлулық, игілік және ұлылықты басқа адамдардан емес, өзінің жаны мен тәні арасындағы барлықтан алса, ол шынымен де қайырымдылық пен бақытқа қол жеткізеді". Қайырымды жан — ақыл-парасаттың, адам бақыты мен бақ-дәулетінің күрескері. Қайырымдылық - табиғи бейімділіктің іс-әрекетпен ұштасуы, маңызды міндет-мұрат үшін жігер мен табандылық көрсету. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл», «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік беріп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», - дейді. Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән берсе, Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында Күнтуды елиг «Әділет, Айтолды уәзір (Қайрат), Өгдүлміш уәзір (Ақыл) үшеуі, яғни Әділет, Дәулет, Ақылды осы өмірге қызмет етуге ұмтылған кемел адам бейнесінде жырлайды. Кемел адам сипатына тән нәрсе – нұрлы ақыл, жарым адам сипатына – суық ақыл сай келеді. Нұрлы ақыл әділетсіз іске аяқ баса алмайды. Ал Қ.Иассауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ол: «Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май болсын», - дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, қайрат-жігерімен одан шығар жол іздейді. Орта ғасыр ойшылдарының философиялық тұжырымдары Абайдың «Он жетінші қарасөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан. Қайрат, Ақыл, Жүрек үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры Ғалымға келіп жүгінеді. Сонда Ғалым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, былай депті: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім. Бірақ билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: жақсылық айтқанына жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқанына ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісідей менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен Жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды», - деген қорытындыға келеді. Толық адамның ізгі қасиеттері ақынның «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңінде де анық көрсетілген: «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз». Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деп нақтылай түседі. Ыстық қайрат – үнемі ізденіс үстінде болу, алға ұмтылу, жасампаз болу. Нұрлы ақыл – елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал жылы жүрек – иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын түсіне білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жай ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды Адам. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды және дінмен жетіледі. Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеп, «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды», - деп кесіп айтқан. Ол өзіне дейінгі әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қ.Иассауидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасайды. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған толық Адам концепциясы. Абайдың «толық адам» туралы танымы Сократтан басталатын, Платон, Аристотельдегі «сүюді сүйеніш еткен адам», қытайлардың дао іліміндегі «әбден жетілген адам» (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «пенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам», әл-Фарабидегі «кемел адам», Ж.Баласағұн дастанында көрініс тапқан «жауанмәрттілік» ілімі мен Қ.Иассауи дүниетанымындағы «дертті адам», «топырақ адам», «ғарип адам» секілді ұғымдармен сабақтасып жатқаны анық.
Ал еуропалықтар адамның адами қасиетін тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени қатынастар арқылы бағалаған. Немістің атақты философ ғалымы А.Шопенгауэр адамның қасиеттерін: туа бекзада, қалталылар аристократиясы, таланттың тектілігі деп үшке бөлген. Сол сияқты орыс жазушысы Л.Толстой пенде баласы үшін даналыққа «адами (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар: «Біріншісі – ой арқылы жету, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол», - деген екен.
Олай болса, әр заманда өмір сүріп, ұрпақ тәрбиесінде елеулі із қалдырған шығыс пен батыс ойшылдарының пікірлерін саралай келе, халықтың арман-мұратындағы (идеалындағы) кемел адам ішкі жан-дүниесі ағарып, ақыл-ойы толысқан, қайырымды, рухани таза адам деп қорытамыз. Кемел адам түсінігін халықтық тәрбиенің мақсаты туралы синтетикалық, ортақ ұғым деп қарастыруға болады. Бұл жерде мақсат тәрбиенің шоғырландырылған, нақты көрінісі болып табылады. Ізгілікті қоғам, зайырлы мемлекет болу үшін кемелділік қажет. Кемелділіктің белгісі – білім-парасат, ақыл, қанағат, кісілік жолынан айнымау.
Арман-мұрат (идеал) – тұлғаны қалыптастыру үдерісінің жалпы заңдылықтарын көрсететін әмбебап, кең құбылыс. Кемел адамның халықтық үлгісі – халық тәрбиесінің жиынтық түсінігі. Адамгершілік арман-мұрат (идеал) адамға үлкен әлеуметтік қуат беріп, тазартушылық, үндеушілік, жұмылдырушылық, жігерлендірушілік роль атқарады. «Адам төрт аяқтап жүруді қойғаннан бастап табиғат оған асатаяқ түрінде арман-мұрат (идеал) берді», - деп жазды А.М.Горький. Бұдан шығатын қорытынды: адам қарапайым әрекеттен педагогикалық іс-әрекетке қадам жасап, қашан да алдына жоғары мақсаттар қойып отырған.
Тәрбие идеалы – бұл кемел адамның мүмкін болып табылатын асқақ, ақырғы образы, оның ұмтылысы мен әрекетінің жоғары мақсаттары туралы түсінік. Онда тұлға қалыптасуының болашағы, қоғамдағы және өмірдегі орны көрсетіледі. Идеалдың өмірде іске асуы нақты тарихи шарттармен анықталатын мүмкіндіктер мен өмірлік өзін-өзі танудағы тұлғаның жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асады. Тәрбие идеалында заман рухы, қоғамдық көңіл-күй және ұмтылыс, адамдардың ойлау қабілеті мен әрекеті, өмір сүру мәдениеті, отбасылық салты, діни сенім-нанымы байқалады. Кемел адамның халықтық идеалы негізінде әр этнос нақты өмірлік жағдайлар мен мүмкіндіктерге орай тәрбие мақсатын анықтаған.
Кемел адамды қалыптастыру – халықтық тәрбиенің өзегі. Адамның ең жетілген, жоғарғы жаратылыс иесі екенінің шынайы және айқын дәлелі оның тұрақты түрде, тоқтаусыз кемелденуге ұмтылуы болып табылады. Өзіндік кемелденуге қабілеттілік адам табиғатының ең жоғары құндылығы болып табылады. Кемелдену ұғымының өзі адамзаттың прогресі барысында тарихи дамып отырады. Адамзаттың ақыл-ойының пайда болуының алғашқы белгілері өзін-өзі сақтау түйсігімен тығыз байланысты, кейін бұл түйсік денсаулықты сақтау қажеттілігі мен физикалық күшті жетілдіру туралы зерделі қамқорлыққа ұласты. Адам еңбек барысында жетілді. Еңбек құралдарын жетілдіруге деген ұмтылыс өзін жетілдіруге деген ішкі ұмтылысты туғызды. Алғашқы еңбек құралдарының өзінен-ақ симметрияның элементтері көрінеді. Бұл алғашқы адамдардың қолайлылыққа ұмтылысын ғана емес, әдемілікке де құштарлығын көрсетеді. Өмір сүру үшін күресте адамдар бір-бірімен әрекеттесу қажеттілігін және бір-біріне көмектесу керектігін түсінді. Табиғатпен мәңгілік үйлесімділік және адамның онымен қарым-қатынасындағы белсенділігі адамның жеке тұлғалық қасиеттерін жетілдірді.
Тұлғаны үйлесімді жетілдіру идеясы адам табиғатына тән. Ең қарапайым еңбек құралдарының өзі рухани мәдениеттің алғашқы тасымалдаушысы болатын. Еңбек күрделенген сайын тәрбиенің мақсаты да күрделене түсетіні анық. Еңбекті жетілдіру – адамды жетілдіру. Жас ұрпақты тәрбиелеу арнайы білім беру мекемелерінде емес, жайлауда, ұстаханаларда, балалардың ата-аналары мен үлкендерге көмектесуі немесе өзіне-өзі қызмет көрсетуі барысында, яғни жанұя мен қоғамға бағытталған еңбек үдерісінде жүзеге асырылды. Халық эмпирикалық тәсілмен, қателесу және көру арқылы еңбек тәрбиесінің өзіндік жүйесін жасады және жетілдірді, мұнда негізгі роль еңбектің эстетикалық жағына берілді. Еңбек тәрбиесінің басты элементі еңбектің мақсаты болатын. Ол бірнеше түрде көрінді: жеке немесе ұжымдық құрылымда нақты еңбек тапсырмасы түрінде, тұлғаның білім, білік, дағдыны алуға деген құлшынысы түрінде, балаларды адамгершілік-эстетикалық дамыту түрінде және т.б., яғни моралдық қасиеттерді қалыптастыру, қоршаған ортаның әдемілігін көре білу және оны еңбек арқылы жасай білу, еңбекке шығармашылықпен қарау. Еңбек тәрбиесінің мақсаты ретінде бұл элементтердің барлығы бірлікте, өзара байланыста жүзеге асырылды. Халық тәрбиешілері өз тәрбиеленушілерін еңбектің қол жетімді түрлеріне үйретті, қоғамда кез келген еңбек – қоғамдық міндет қана емес, сонымен бірге адамның рухани-эстетикалық жағынан баюының құралы деп үйретті. Балалардың еңбекке эстетикалық көзқарасы бала еңбекке төселген сайын ынталандырылып, белсендіріленіп отырылды, бұл өз кезегінде баланың өзін қоғамға қажетті, іскер тұлға екеніне сенімділігін арттырды. Мұның барлығы балалардың өз бетімен орындаған еңбек әрекеттерінің сұлулығын сезініп, жанын қуанышқа бөлейді.
Адамдар еңбек адамгершілік және эстетикалық жағынан тәрбиелейді деп есептеді, бала үлкен адамның көмегімен идеалдық модельге және еңбек үдерісіне сәйкес өз әрекетін ұйымдастырады. Сондықтан халық жас адамға қандай да болмасын іс тапсырмас бұрын оны қалай жүзеге асыру керектігін көрсету қажет деп есептеді және оның ең жақсы үлгілерін өзі көрсетіп отырды. Еңбектің идалдық жағы адамның өз іс-әрекеті туралы моральдық-эстетикалық көзқарастарымен байланыстырылды. Халық «Еңбегіне қарай өнбегі», «Еңбексіз бақыт жоқ», «Еңбек түбі – зейнет» дейді. Балалар үлкендердің еңбекті қалай қастерлейтінін көріп өсті. Еңбек әрекеті, балаларды ерте жастан бірте-бірте еңбекке үйрету және еңбекке баулу халықтық тәрбиенің ең күшті құралы болып табылды.
Адамның кемелденуіне адамзаттың екі ұлы жетістігі – еңбек және мәдениет (рухани және материалдық) әсер етті. Өз кезегінде адамзат прогресі адамдардың кемелденуге ұмтылысынсыз жүзеге аспаған болар еді. Еңбек арқылы келген бұл кемелдену рухани және материалдық салада қатар жүзеге асырылды. Адам қарапайым іс-әрекеттен жоғары іс-әрекетке қадам жасайды, алдына өте жоғары мақсаттар қояды. Кемелденген адамның өзі де жетіліп, тұлғалық тұрғыдан ерекшелене түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет