Халықтық білім түрлері: - ұлттық мерекелер (халықтық, отбасылық, діни);
- халықтық өнер (сәндік-қолданбалы, музыкалық, өнер, спорт, шешендік өнер);
- фольклор (балалық, әсемдік, ырым, той, жерлеу);
- иррационалды (мифологиялық, тотемистикалық, діни) түсініктер;
- рационалды (табиғат, тәрбие, медицина мен дәстүрлі-тұрмыстық шаруашылық сала): тәрбие туралы білім; рулық, туысқандық білім; тыйымдар мен табу; әдеп; дәстүрге және әдет-ғұрыпқа тәрбиелеу, бата беру).
Сөйтіп, халықтық білім қоғамдық және отбасылық рухани құндылықтарды байыта отырып, әрбір баланы тек қоғамдық білім қорын жинақтаушы ғана емес, бойында жоғары мәдениеттілігі мен мінез-құлқы, өзіндік идеясы мен қызығушылығы жоғары азамат етіп қалыптастыруға қызмет етеді.
Сондай халықтық білімнің бүгінгі күнге жетіп, қоғамдық және рухани құндылықтарды байытуда үлкен маңызға ие болып отырған түрі ұлттық мерекелер болып табылады. Ұлттық мерекелер қазақ халқының көшпенді өмір салтына байланысты туып, табиғаттың маусымдық төрт мезгіліне тура келді. Танымал этнограф-ғалымдар ұлттық мерекелерді халықтық, отбасылық, діни және кәсіби мерекелер деп төртке бөледі. Халықтық мерекелердің өзі төртке бөлінеді,олар: Наурыз мейрамы, Қымызмұрындық, Сабантой (мизам),Соғым басы. Наурыз мейрамы – ежелден келе жатқан жыл бастау мерекесі. 22 наурызда, күн мен түннің теңескен, табиғаттың жанданған, жаңа өмір басталған кезінде тойланады. Наурыз (ноу – жаңа, руз – күн) деген сөз бізге парсы тілінен енген. Орта Азия халықтары оны мыңдаған жылдар бойы Жаңа жыл басы ретінде тойлап келеді. Кейіннен ислам діні халықтардың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын сыйлап, Наурызды мейрам ретінде қабылдады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Нұх, Наурыз тарихы» мақаласында наурыз мейрамының қазақ өмірінде алатын орны мен тарихын талдап, «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болатын. Наурыз жайын ұқтыратын сол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап «Амин!» деп отырады. Содан соң олардың айтқаны айтқандай келіп, халық, жұрт ілгері басып, малы өсіп, басы да берекелі болады», - деп жазады. Ежелден келе жатқан наурыз мерекесінде айтылатын бата беру дәстүрі ислам діні практикасымен үйлесім тауып, әлі күні де қолданылып келе жатқанынан жарасымды сабақтастықты аңғаруға болады.
Қымызмұрындық– ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы. Қытымыр қыстан жүдеп-жадап шыққан көшпелі ел жаз жайлауға шығып, жадырап, сағынған сүйікті сусынын бүкіл халық болып ішіп, нағыз мейрамға айналдыратын. Қымызмұрындық қазақтың наурыздан кейінгі үлкен тойы. Қымызға арналған бата Қамбар атадан басталады. Мерекенің қымызын сол ауылға, елге, руға қадірлі әйел адам – бәйбіше әже ішіп бастайды. Қымызмұрындықта ақсақалдар, рубасылар үй-үйге кіріп, қымыз ішумен қатар, жастарға бата берген. Атақты адамдардың, билердің, батырлардың сабасынан қымыз ішу үлкен құрмет болып есептелген.
Мизам (Сабан той) мерекесі күзде күн мен түннің теңелген кезіне, яғни қыркүйектің 21-күніне тура келеді. Бұл уақыт мал семіріп, егін орылып, шөп шабылып, шаруаның бір ыңғайға келетін кезі. Мизам мейрамында халқына еңбегі сіңген тарихи тұлғаларға ас беретін болған. Мейрамға алыс-жақыннан алты алаштың ардақты азаматтары шақырылып, ақындар айтысы өткізілген, Аламан бәйге, Көкпар тарту, Қыз қуу, Балуандар күресі сияқты түрлі ойындар өткізілген.
«Соғымбасы» - мизам мейрамынан кейінгі желтоқсанның соңында келетін мейрам. Бұл 21 желтоқсанда түн ұзарып, күн қысқарып, малшылардың қысқы қыстауға жайғасатын мезгілі. Қазақтар осы кезде күз бойы арнайы семірткен малын соғымға сойған. Ауыл адамдары бірін-бірі қонаққа шақырып, ұзақ түнді қысқарту мақсатында ақындарды айтыстырып, күйшілерге домбыра тартқызып, жыршыларға терме, әншілерге ән айтқызып, думан құрған.
Діни мерекелер – әрбір дінді ұстанушылардың ерекше қастерлейтін мейрам күндері. Діни мерекелердің ішкі мазмұны мен аталып өтілуі жеке діннің тарихына байланысты. Исламдағы діни мейрамдарға Ораза айт, Құрбан айт, Қажылық және т.б. жатады. Ислам дінінің қағидасы бойынша, мұсылман дінін ұстаушылар отыз күн ораза ұстауы керек. Ораза ұстаушы араб күнтізбесі барша рамазан айында таң атпай ауыз бекітіп (сәресіні сағат 4-5-терде ішеді), күн әбден батқан соң ашады. Ол кезде темекі шегу мен насыбай атуға, ойын-сауыққа, нәпсіге тыйым салынады. Осы уақыттарда адамдар Алла-тағалаға арнап, Құран кәрімді, діни шариғат заңдарын оқып, рухани тазалыққа ұмтылатын болған. Ғұрып бойынша, отыз күн оразадан соң діни мейрам үш күн ораза айты болады. Ораза айтының алдында әрбір отбасы мүшелері кедейлер мен мүсәпірлерге пітір береді (пітір - жанға саулық тілеп садақа беру).
Ораза айтының алғашқы күнінде ата-бабалардың аруағын еске түсіріп, құран оқыту, “жұмалық” ас беру (жеті шелпек пісіру) мұсылмандарға парыз болып саналған. Үш күн айт мейрамында үлкендер де, бала-шаға да жақсы киініп, әр үйге кіріп ,“Айттарың қабыл болсын!” деп тілек білдіріп, айтқа дайындалған тамақтан ауыз тиіп, құран оқып шығады. Ораза айтының кезінде кедей-кепшік, жоқ-жітік адамдар ауыл-ауылды аралап, әр үйдің жанына келіп жарапазан айтатын болған.