Шешендік даудың тәрбиелік мәні.
Шешендік сөздер - біздің асыл мұрамыз, қазынамыз, байлығымыз. Шешендік сөздер аяқталған тұжырымды ой арқылы алуан адамгершілік қасиеттерге, ұлттық тәрбиеге баулиды. Шешендік сөздер ертегі - аңыздар мен халық поэзиясынан іріктеліп, сұрыпталып, бөліне отырып, халықтық бірыңғай әдеби тіліміздің қалыптасуына себепкер болған.
Қазақ шешендік сөздері мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш тарауға бөлінеді.
Шешендік сөздер - халық даналығынан туған мұра, халықтың асыл қазынасы. Мазмұны халықтың бастан кешірген өмірін, арманы мен қиялын көрсетеді. Өмірге, дүниеге көзқарасын, ой - өрісін белгілейді. Халық өзінің қиялдаған арманына қалайда жетемін деген сенімнен айрылмаған.
Өмірдің сан алуан құбылыстарын бір - бірімен теңеп, салыстырып, болашағын болжап, қиялдап сөйлеген сөздер табысқа, жеңіске жетуге құлшындырып, рухтандырып отырған, қуаныш үстінде дем берушілік, реніш тұсында жұбатушылық қызметін атқарған.
Белгілі халық шешендері мен есімдері белгісіз дана қарт, шешен әйел, тапқыр бала, жарлы жігіттер атынан айтылатын шешендік сөздерге тән бір қасиет - шешендік тапқырлығымен қатар әділдігі, ойының айқындығы және халықтың сипаты.
Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзбен басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің нендей мәселемен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқандығы баяндалады. Түсінік сөздің көркем болуы шарт емес, тек ықшам, әрі түсінікті болуы шарт.
Әдетте шешендік сөз түсініктен кейін немесе онымен аралас айтылады. Шешендік сөздің тілі көркем, мағынасы терең болумен бірге сөздері сұрыпталған, сөйлемдері қалыптасқан болып келеді, бірен -саран өзгерістер енгізу болмаса, түпнұсқаға түбегейлі өзгеріс жасау ақын, шешен адамдар болмаса, кез келген кісінің қолынан келе бермейді.
Сондықтан түсінік сөздей емес, шешендік сөз әлдеқайда тұрақты келеді. Шешендік сөздерді құрылысына қарай термелі сөз, пернелі сөз деп екіге бөлуге болады.
Құрылысы өлең - жырға ұқсас шешендік сөздерді термелі сөз дейміз. шешендік термелі сөздің өлең - жырдан негізгі айырмасы - шешендік терме үшін буын - булақ саны біркелкі болып келуі шарт емес. Шешендік сөздердің құндылығы тек шындығында емес, ойының тапқырлығында.
Достарыңызбен бөлісу: |