ЭтрустарКіші Азиядан келген, оған дәлел, қолдарынан шыққан өнер туындылары көшпелілердің өнеріне өте ұқсас екен. Олар Италия жеріне, шамамен, б.з.д. XII—IX ғасырларда қоныс аударған. Этрустар грек өнерін жоғары бағалады және олардың аңыз-әңгімелеріне жақындау болды. Бұл тайпалар өте еңбек-қорлығымен көзге түсті. Көне тарихи деректердің сипаттауы бойынша, олар егін егуде, жерді суландыруда ірі жетістіктерге жетті. Сонымен қатар сауда жолында және теңіз айдынында шебер теңізшілер болған. Олар өздерінің тұрғызған кемелерімен Мысыр, Финикия, Карфаген, Грекия және Испания елдеріне саяхаттап, қызу сауда жүргізген.
Б.з.д. VI ғасыр шамасында этрус өркениетіне эллин мәдениеті әсерін тигізді, соған байланысты олар қара, қызыл пішінді құмыралар жасаумен айналыса бастады.
Этрустардың көне ескерткіштері б.з.д. VI—V ғасырларда дамыды. Олардың ішінде, әсіресе табыт басына қойылатын мүсіндер жасау елеулі орын алды.
Этрустарда қола кұйма әдісі де дамыды. Олар аңдар мен таңғажайып хайуанаттар бейнесін кызыға жасады. Соның бірі — белгісіз шебер жасаған (б.з.д. 480 жылы) Химераныц мүсіні. Этрустардың әйгілі Капитолий өнері ескерткіштеріне қаншық қасқырдың мүсіні жатады. Аңыз бойынша (б.з.д. 754 жылдары), Римнің негізін қалаған егіз екі жігітті сәби кезінде қаншық қасқыр емізген-мыс. Осы окиғаны есте қалдыру мақсатында Римдегі жеті шоқының бірі Капитолийде б.з.д. VI ғасырдың соңында осы мүсін орнатылған, ал кейінгі кезеңде Римнің символы болып сақталып қалды.
Б.з.д. 474 жылы италиялықтар этрустарға соққы береді, сауда жолдарынан ығыстырып, қуатынан айырады. Сөйтіп, V ғасырдың басында этрус мәдениеті құлдырай бастады. Қақтығыстарға қарамай этрус суретшілері грек өнерінің мол мұраттарын өте шебер пайдалана білді және этрустардың өнері Римнің көркем өнерін жоғары деңгейде қалыптастыруға ерекше үлес қосып отырды.
Рим өнері
Б.з.д. IV—II ғасырлар аралығында Рим күшеюіне байланысты Жерорта теңізі маңайындағы, яғни жан-жағындағы мемлекеттерді жаулап ала бастады, содан б.з.д. I ғасырда ірі құл иеленуші күшті мемлекеттердің біріне айналды. Рим мәдениеті, өнері этрустармен гректердің әсерімен дамыды. Римдіктердің тарихына этрустардың бірнеше ғасыр бойы өсер еткендігінің белгілері әлі де сақталып келеді. Жан-жағындағы елдерді жаулап, өзінің билігін жүргізген римдіктер, оларға тәуелді, яғни тиесілі патшалықтардың ең құнды заттарын, әсем ескерткіштерін өз еліне әкетіп жатты. Сонымен Грекия Римді, бір жағынан, өз сәулетшілігімен жоғары көтерсе, екіншіден, қоғамдық ғимарат алаңдары неше түрлі мүсіндерге толды. Олардың ішінде Фидий, Мирон, Поликлет сияқты ұлы шеберлердің туындылары болды.
Римдіктер көп нәрсені грек өнерінен үйренді, олар грек сәулет өнерін жоғары бағалаумен қатар, өте жақсы игерді. Оны сол кезеңдегі құрылыстардан байқауға болады.
Рим шеберлері құрылыстарды қалыпты етіп тұрғызуда гректер мен этрустардың және шығыс елдерінің бай тәжірибесін пайдаланды. Рим сәулет өнерінде бастапқы орында тұрған Рим форумы ерекше аталады. Ең алғашқы форум Помпей атауымен белгілі.
Бейнелеу өнерінде римдіктер портретке көп көңіл бөлді. Олардың портреттік мүсінінде нақтылық пен айқындық бар, онда Рим өнерінің ерекше көркемдігі көріне бастады. Тарихи тұлғаларды мүсіндеу жолға қойылды және ақиқат, шындық бейнелер жасау мақсат етілді.