Жоғары мектепте оқытудың инновациялық әдістері мен түрлерін пайдаланудың тұжырымдамалық негіздері.Білім беру саласындағы инновация деп арнайы жоспарланған немесе «кездейсоқ ашылған» педагогикалық инициативалар ретінде жаңалықтарды айтамыз. Бұл ретте «жаңашылдық» мазмұнына ғалым В.М.Полонский ғылыми-теориялық білімнің нақты жаңалығын жатқызса, В.П.Беспалько және В.В.Сериков жаңа тиімді білім беру технологияларын жатқызады, ал Н.Л.Гузик тиімді инновациялық педагогикалық тәжірибенің технологиялық жобасын ұсынады.
Ғалым Я.С. Турбовскойдың пікірінше, жаңашылдық – озат педагогикалық тәжірибені пайдалану барысында оқу-тәрбие процесінің сапалы жаңа өзгерісі болып табылады.
Барлық педагогикалық жаңашылдықтарды атқаратын қызметіне қарай 3 түрге топтастыруға болады:
жаңашылдық – білім беру процесінің тиімділігін қамтамасыз ететін жағдай (білім берудің жаңа мазмұны, инновациялық білім беру ортасы, мәдени-әлеуметтік жағдай және т.б.);
жаңашылдық – жаңа өнімдер, жаңа туындылар, жаңа идеялар (педагогикалық құрал, білім берудің технологиялық жобалары және т.б.);
ұйымдастыру-басқарушылық жаңашылдық (білім беру жүйесі құрылымындағы сапалы жаңа шешімдер және олардың қызметін қамтамасыз ететін басқарушылық іс-әрекеттер).
Инновациялардың саралануы төмендегідей бағытта өтеді:
білім беру мазмұнына қарай;
оқыту технологиясына сай;
білім беру жүйесінің тәрбие саласында;
педагогикалық процеске қатысушылардың өзара іс-әрекеттестік құрылымына қарай;
педагогикалық құралдар жүйесіне қарай және т.б.
Білім беру саласындағы жаңашылдықты инновациялық өзгерістердің интенсивтігіне қарай немесе жаңашылдық деңгейіне қарай 8 түрін ажыратуға болады ( 98-сурет).
Жоғарыда көрсетілген инновациялардың тек соңғы 3 деңгейі ғана жүйелі жаңашылдығымен сипатталады және инновациялық білім беру жүйесі ретінде қарастыруға болады. Инновацияның деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым инновациялық процесті басқаруға қоятын талап жоғары болады.
Көптеген педагогикалық әдебиеттерде білім беру жүйесінде жаңалық ендіру дискретті деңгейде немесе жеке компоненттерін пайдалану ретінде ғана көрініс табады. Инновация педагогикалық практикаға жаңа идеялар есебінен өмірге келіп бір рет қолданысқа еніп келеді.
Дегенмен де ғалымдардың соңғы зерттеуіне сүйенсек (И.И. Лапин, А.И. Пригожин және т.б.) үздіксіз білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуда пайдаланылатын инновациялық процестердің тұжырымдамалары жасалынды. Бұл ғылыми тұжырымдаманың маңызы инновация жүйенің өзін-өзі дамыту тетігі арқылы жаңару процесімен сипатталады.