Сурет -101. «Педагогикалық технология» ұғымының негізгі аспектілері Ресейлік ғалым Г.К.Селевко өзінің «Қазіргі кезеңдегі білім беру технологиялары» атты еңбегінде «педагогикалық технология» ұғымының мәнін ашып көрсетеді.
Педагогикалық әдебиеттерде «педагогикалық технология» ұғымы үш деңгейде қолданылады.
Жалпы педагогикалық (жалпы дидактикалық) деңгей. Педагогикалық технология берілген аймақтағы, оқу орнындағы білім беру процесін тұтас сипаттайды. Оған оқытудың мақсаты, мазмұны, құралдары мен әдістерінің жиынтығы,тіпті процестегі субъектілер мен объектілердің (олардың өздерін алмағанда) іс-әрекеттерінің алгоритмі кіреді.
Жеке пәндік-әдістемелік деңгей. Бұл жерде педагогикалық технология жеке пән әдістемесі ретінде қолданылады, яғни ол бір пән, бір сынып, бір мұғалім шеңберінде оқыту мен тәрбиелеудің белгілі бір мазмұнын жүзеге асыру үшін қолданылатын әдістер мен құралдардың жиынтығы (пәндерді оқытудың әдістемесі, орнын толтыра оқытудың әдістемесі, мұғалім-тәрбиеші жұмысының әдістемесі).
Элементтік (бөлімді)модульдік деңгей. Мұнда оқу-тәрбие процесінің жекеленген бөлігінің технологиясы қарастырылады: жеке іс-әрекет түрлерінің технологиясы, ұғымдарды қалыптастыру технологиясы, жеке тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеу технологиясы, сабақ технологиясы, жаңа білімді игеру технологиясы, өз бетімен (өздік) жұмыс технологиясы.
Шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектеріне, зерттеулеріне талдау жасай отыра, 102-суретте педагогикалық технологияның деңгейлерін, негізгі сапалық ерекшеліктері талдап көрсетілді.
Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге жасалған талдауымыз көрсеткендей, қазіргі педагогикалық теорияда «педагогикалық технология» ұғымына бірдей көзқарас жоқ, оны біреулер мектепті техникаландыру десе, енді біреулер оқытуды аудиовизуалды құралдармен қамтамасыз етіп, компьютерлендіру, ал келесі бір көзқарас бойынша дидактикалық жобалар мен педагогикалық жүйені, оны практикада қолданудың дәрежесін көтеру болып табылады.
Білім беру саласындағы инновация деп арнайы жоспарланған немесе «кездейсоқ ашылған» педагогикалық инициативалар ретінде жаңалықтарды айтамыз. Бұл ретте «жаңашылдық» мазмұнына ғалым В.М.Полонский ғылыми-теориялық білімнің нақты жаңалығын жатқызса, В.П.Беспалько және В.В.Сериков жаңа тиімді білім беру технологияларын жатқызады, ал Н.Л.Гузик тиімді инновациялық педагогикалық тәжірибенің технологиялық жобасын ұсынады.
Ғалым Я.С.Турбовскойдың пікірінше, жаңашылдық – озат педагогикалық тәжірибені пайдалану барысында оқу-тәрбие процесінің сапалы жаңа өзгерісі болып табылады.
Барлық педагогикалық жаңашылдықтарды атқаратын қызметіне қарай 3 түрге топтастыруға болады:
жаңашылдық – білім беру процесінің тиімділігін қамтамасыз ететін жағдай (білім берудің жаңа мазмұны, инновациялық білім беру ортасы, мәдени-әлеуметтік жағдай және т.б.);
жаңашылдық – жаңа өнімдер, жаңа туындылар, жаңа идеялар (педагогикалық құрал, білім берудің технологиялық жобалары және т.б.);
ұйымдастыру-басқарушылық жаңашылдық (білім беру жүйесі құрылымындағы сапалы жаңа шешімдер және олардың қызметін қамтамасыз ететін басқарушылық іс-әрекеттер).