Кез келген оқу бағдарламасы мен білім беру тәсілінің ең басты бір қателігі бар. Олар бізге болмысымызға жат нәрседе үздік болуымызға көмектескісі келеді. Мәселен тумысыңыздан есепке жүйрік болмасаңыз да сол салада қиналып жүріп магистр атануға тырысасыз. Егер онша ашық болмасаң және ұяң болсаң, сені “ашатын” курстарға жібереді. Сөйтіп біз өмір бойы артықшылығымыздан гөрі кемшілігімізге көп уақыт арнап өтеміз. Ақыр аяғында еш істе үздік болмаймыз. Қиналып үйренген ісімізде ортаңқол маман болып ғұмыр кешеміз. Біз өзінің қолынан келмейтін істе белгілі бір жетістікке жеткен адамдарды үлгі тұтамыз. Табандылық деген осындай болса керек дейміз. Соның кесірінен басқа саладағы керемет мәнсап пен маманнан айырыламыз. Бұндай оқиғалар қанша тартымды көрінсе де, өзінің табиғаты мен болмысына жат салада жұмыс істейтін адам өмірдегі ең күшті қарсылықты сезеді. Бәрі ауыр өтеді. Ештеңе жеңіл берілмейді. “Өмір солай шығар!”- деп шыдап жүре береді. Бірақ жетістік деген қиналу емес. Ол кедергі мен тосқауылдан қаймықпау және қайтпау.
Қазір қоғам “Сен кім боламын десең де бола аласың” -деген ұран айтады. Жастардың бәрі өмірім өз қолымда, кім болатынымды өзім шешемін дейді. Сөйтіп “трендте” тұрған салаға барып қиналып жүріп көтерілуге тырысады. Бірақ есептен ләззат ал-
Осал тұспен алысудың әлегі
майтын адам ешқашан ең мықты есепші болмайды. Ал әр адаммен сөйлескеннен кейін энергиясы сарқылатын адам, ең үздік психолог болмайды. Олар тек табандылығының арқасында белгілі бір дәрежеге жетеді. Десе де бір істің шын шебері болу үшін табиғи бейімділік керек. Оны талант дейміз. Адам талантына сай іспен айналысқанда ғана шын бақытты әрі нағыз мықты болады. Қалғанының бәрі бекер. Талантыңызға сай емес істі істеуге тырыссаңыз өзіңізді де, өзгені де қинайсыз. Сіз қалаған адамға айнала алмайсыз. Бірақ сіз қазіргіден қайда мықты адамға айнала аласыз.
Мықты тұсты әлпештеудің маңызы
Соңғы бірнеше он жыл бойы Gallup институты қоғам мен өмірдің бар сатысындағы талантты зерттеді. Олар әр қызметте өзінің мықты тұсын қолданатын адамдарды тапты. Бірақ өзінің мықты тұсын елемейтін адамдар одан да көп екенін байқады. Өзіне жат іске өмірін арнап, күн сайын күйзелетін адамның қарасы көп. Көбі өзінің мықты тұсына құлақ аспайды, оған сай жұмыс істеуге тырыспайды. Өзіңе ұнамайтын жұмыс істеу мен жұмыстың “қиын” болуы “қатал өмірдің” бір заңы деп біледі. Осылайша бақытсыз өмір сүреді. Әу баста бойына берілген әлеуетті толық аша алмайды.