ІІ – ТАРАУ
СҰЛТАН БЕЙБАРЫС – ТАРИХИ ТҰЛҒА
2.1. Бейбарыс сұлтандығы және оның мемлекеттік жасақ жүйесі
Сонымен Бейбарыс сұлтан тағына отырып салтанат құрады. Хилес, Хама, Сихиун, Мусил, Алеппо және барлық мұсылман иеліктеріндегі қалалар мен қамалдардың әмірлеріне Бейбарыстың сұлтандық тағына отырғандығы жөнінде хабар жолданады.
Бейбарыс сұлтандық тағына отырысымен өзінен бұрынғы сұлтанның жиһад жолында әр адам басына бір динардан салған салығын жояды. Сұлтандық тұрғындары жаңа сұлтанның өзгерістерін қуанышпен қарсы алады. Бас бостандығынан айырылып, абақтысында жатқан Айбек сұлтанның балалары сұлтан Али, оның інісі Қақан мен олардың шешелеріне бостандық беріп, Византия императорлығының астанасы Константинопольге жолдарын ашады. Өзінің үзеңгілес достарына мол сый-сияпат көрсетеді. Оларды мемлекеттік маңызды мансаптарға тағайындайды. Олардың арасында Бейбарыстың таққа отыруына септігін тигізген адамдар болды. Олар: әмір Фарисуддин Ақтай-атабек, әмір Лашын ад-Дарфил – бас дауадар, әмір Балапан ар-Рашиди – екінші дауадар, әмір Бахауддин Яқуб аш-Шаһрузури – ахур бас әмірі, әмір Айбек әл-Афрам-әмір жандар болып тағайындалады. Әмір Бадруддин Байсары, әмір Бектұт Жукандар, әмір Байтуған, әмір Унус ал-исфаһанилерге мыңбасылық дәрежелер беріледі. Бейбарыс билігі орнығып қуаты артқан кезде әмір Білікті өзінің найбы етіп тағайындайды. Бейбарыстың оған сенгені соншалық, Білік сұлтанмен ақылдаспай-ақ, өз бетімен шешім қабылдай беретін болады. Жер иеліктерін тарату, мансаптарға тағайындау және басқа да мемлекеттік істерде оның қолына ешкім байлау болмайды.
Бейбарыс өзінің сұлтандық құрған бастапқы кезеңінде бірнеше ішкі толқуларды бастан кешіреді. 1260 жылдың күзінде Бейбарыс сұлтан болып жариялана салысымен Каир мен Дамаскіде екі бүлік бұрқ ете түсті. Қараша айында Дамаск билеушісі сұлтан Құтыздың найбы әмір Илмуддин Санжар әл-Халабидың Бейбарысқа қарсы шығуы ұстазының өліміне наразылығы мен антқа адалдығы деп бағаласа болады. Алайда, бұл әмір жаңа сұлтанды мойындамақ түгілі, өзін сұлтан деп жариялап, өз атына ақша соқтырады. Мысырдың біржолата бөлініп, өз алдына сұлтандық құрмақ болады. Дамаск қаласының ішіндегі қамалды күшейтеді. Өзінің сепаратистік пиғылына тартпақ мақсатта маңайындағы қалалардың билеушілеріне Алеппо, Хама, Химс және т.б. әмірлеріне өз билігін мойындауға шақырады. Алайда, Бейбарыстан сескенген әмірлер бұл күмәнді қадамнан бас тартады. Тек әмір Лашын: “Кім Мысырды иеленсе, соған барамын” – деп жауап береді.
Бейбарыс болса, қан төгуге бармау үшін бүлікшіл әмірмен бейбіт жолмен келіскісі келеді. Келіссөздер нәтиже бермегендіктен бүлікті басуға өзінің ұстазы әмір Айтегін басқарған әскерді Дамаскіге жолдайды. Айналасындағы әмірлердің қолдауынан айрылған бүлікшіл әмір бір айдан соң қолы байланып Каирге жеткізіледі де, қамал ішіндегі зынданнан орын алады. Әмір Айтегін сұлтан Бейбарыстың Шамдағы найбы болып сайланады. Алайда, Бейбарыс бұл жолы мәмлүктерге тән кешірімділікпен жауына бостандық береді. Кеше өзіне қарсы шыққан әмір Санжарға Шамдағы ірі иеліктердің бірі, кезінде өзіне Құтыз қимаған Алеппо өңіріне әмір етіп жібереді.
Сол кезеңде болған екінші бүлікті Каир қаласында тақуалық өмір кешкен Курани деген шиит басқарады. Курани қасында топтасқандарды мәмлүк сүннит билігін шиит билігімен күштеп алмастыруға үгіттеп, билік басына келген жағдайда оларға жер иеліктерін молынан кесіп беруге уәде береді. Сонымен, Курани бастаған бүлікшілер 1260 жылдың аяғында Каир қаласының көшелеріне шығып, “иә, Әли” деген ұранмен қару-жарақ дүкендерін тонап, әскери атқораларға шабуыл жасайды.
Ол кезде темірдей қатаң тәртіпке бағынған жүйелі мәмлүк атты әскеріне қарсы тұра алатын күш жоқ болатын. Бейбарыстың жауабы тез болды. Атқа қонған мәмлүк әскері көтерілісшілерді қоршауға алып, көзін жояды. Бүкіл басшыларын, Кураниді Каир қаласының Баб Зауила атты қақпасына ағашқа керіп шегелеп қояды.
Бейбарыс пен отырықшы өмір кешкен арабтар арасындағы байланыстарға келетін болсақ, Мысырдағы арабтар жаулап алған соң көптеген араб көшпенді тайпалары Ніл бойындағы құнарлы жерлерге қоныстанып, отырықшыларға айналған болатын. Осы тайпалардың әмірлері Аюб әулеті билігі кезінде әскери жорықтарға қатысып, белгілі бір әлеуметтік орынға ие болған еді. Сондықтан олар өздерін жергілікті шаруалардан жоғары қойып, өздерін, мәмлүктерден гөрі билікке құқымыз бар деп мәмлүктер билігіне қарсы шығып отырды.
Сондай қозғалыстың бірін араб тайпасының көсемі Хусниддин бен Сағлаб басқарды. Мұхаммед пайғамбардың тұқымы болып саналатын шарифтерден шыққан ол осы әрекетін әмір Бейбарыс таққа отырғанда да “билікке мәмлүктерден гөрі біздің құқымыз көп” – деген ұранмен одан әрі жалғастырды.
Шариф Хусниддин сепаратистік пиғылмен Шам билеушісі Юсеф Салахуддинмен байланысып, оған мәмлүктерге қарсы күресте қолдау іздейді. Алайда, Айбекпен бейбіт келіссіөздер жүргізіп жатқан Юсеф арабтардың бұл ұсынысын көңіл бұрарлық деп та санамайды.
Сұлтан Бейбарыс мәмлүктер арасынан шыққан бүліктерді келіссөздер жолымен шешіп отырса, Ибн Сағлабты және оның қолдаушыларын Искандерия қаласында дарға асып өлтіреді де, арабтарды біржолата тыныштандырады.
Шын мәнінде, мәмлүк-қыпшақ мемлекетінің негізін салушы сұлтан Бейбарыс әкімшілік жүйені дамытып қана қоймай бұл жерлерге бұрын белгісіз басқа ережелер кіргізді. Тарихшы Ибн Тәңірберді ол туралы: “Бейбарыс мемлекет бсқару ісінде Шыңғыс ханның “Иасысын” және түркінің “Турасын” басшылыққа алатын болған, “тура” – түрікше жол, бағыт дегенді білдіреді.
Бейбарыс өмірінің жартысы ат үстінде өтті десек, асыра айтқандық емес. Мәмлүктер моңғолдар мен кресшілерге қарсы үздіксіз әскери әрекеттер жүргізіп отырғандығы әскер басында әрдайым сұлтанның болуын талап етті. Сұлтанның мемлекет астанасы Каирден тыс жерлерде жүруі оның ішкі істер бойынша орынбасары болу қажеттілігін тудырды. Мемлекет басқаруда әмірлерге арқа сүйеген Бейбарыс “сұлтандық найбы”, яғни орынбасары мансабын қайта жандандырды. Тарихшы ас-Саютидің сөзімен айтқанда “иеліктердің қамқоршысы, екінші сұлтан” ең жоғары мансапқа тек аса сенімді адам тағайындалатын болған. Ол сұлтанның орынбасары, оның құзырларының бәрін атқарады. Бұл жерде мәмлүк мемлекетінің құрамына кіретін аймақтардың - Шам, Дамаск, Алеппо, Сафад, Триполи, Хама, Карак, Александрияның әрқайсысының найбтары болған. Олардың ең ірісі Шам найбы болып саналатын. Бейбарыс найб мансабына өзі тәрбиелеп өсірген мәмлүгі әмір Білікті қояды, ол сұлтан Бейбарыс қайтыс болғанша иесіне адал қызмет етеді.
Сұлтан. Мәмлүк династиялары басқарған түркі мемелекетінің басында сұлтан тұратын болған Оны өзара тең саналатын әмірлер сайлайтын. Қыпшақ мәмлүктер сұлтандықты әкеден балаға мұра етіп қалдыруға тырысса, кейінгі мәмлүктер кім күшті, билік соныкі деген принцип ұстанғаны тарихтан белгілі. Оны мұсылман тарихшылары “түркі заңы” деп атаған.
Сұлтан абсолюттік билік иесі, алайда сұлтан Бейбарыс ақсақалдар кеңесін құрған қыпшақ сұлтаны саналады. Ол әртүрлі мемлекеттік сұрақтар бойынша тәжірибелі мәмлүк ақсақалдарымен ақылдасып отырған.
Сұлтан аптасына екі мәрте иеліктерінің тұрғындарының арыздарын қарайтын. Сұлтан үлкен сарайдың төрінде орнатылған, жібекпен қапталған ағаш тақтың үстінде отырады, қасында төрт мазһаб қазылары мен қария мәмлүктер алдында оқылып, қасындағылармен ақылдаса отырып, әділ шешімін беретін. Ал, әмірлер, мәмлүктер және оларға бөлінетін жер иеліктері мәселесін қарағанда сұлтан әмірлерімен ғана қалатын.
Хатшы мәмлүктердің аты-жөндерін, оларға бөлінетін жер иеліктері туралы жарлықты оқып, сұлтан қажет деп тапқандарына қол қоятын. Барлық іс қағаз қыпшақ тілінде жүргізіліп отырған. Жиналыс соңында ас тартылып, сый-сияпат көрген барлық мәмлүктер сұлтанға адалдықтарын білдіріп ант береді. Сұлтанмен бірге бір дастарханнан ас ішетін болған.
Сұлтан Бейбарыстың шеру тартуы ерекше әсер қалдыратын шара саналған. Сұлтан ерекше бір жағдайларға байланысты не діни мейрамдарға және аңға шығу кезінде нөкерлері мен мәмлүктері ерекше салтанатты киініп, қала көшелерімен жүріп өтетін. Осы заманғы әскери парадтар секілді мәлүктер қару-жарақтарын асынып шыққан.
Әл-Қалқамандидың айтуынша мәмлүк мемлекетінің қызметкерлері қылыш иелері және қалам иелері болып бөлінген. Мәмлүк әмірлері мен мәмлүктер қылыш иелері болған. Қылыш иелерінің өзі әмірлер мен жауынгерлер болып бөлінсе, әмірлер өз кезегінде төрт сыныпқа бөлінген.
Достарыңызбен бөлісу: |