Кіріспе дешті-Қыпшақтың батыр ұлы Бейбарыс



бет6/33
Дата17.02.2022
өлшемі273,5 Kb.
#25775
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
Бейбарыс

Билікке барар жол

Бейбарыс өмірінің жаңа кезеңі – оның сұлтан қарамағына өтуімен басталады. Себебі ол бұрынғы құлдық кезеңнен құтылып, сұлтан қарамағындағы әскер сапына енген еді. Бұл жерден кеудесінде оты бар адамға жан-жақты өрлеуге жол ашық болатын.

Сұлтан қарамағына өткеннен кейін, оның өзге де жаңадан сатып алған құлдарымен бірге Бейбарыс та Ніл дариясының ортасындағы аралға жіберіледі, сол жерде жүріп әскери өнерге алабөтен қабілетімен көзге түседі. Арада жеті-сегіз жыл өткенде Бейбарыс Салих сұлтанның ең сенімді мәмлүктерінің біріне айналып, әскери мектепті бітіргеннен кейін біршама уақыт соғыс өнеріне шыңдалып алады да, 1254 жылы сұлтанды күзететін жасақтың басшысы болып тағайындалады.

Қасиетті жерлерді азат етуге бағытталған крест жорықтарының тарихта ҮІІ – болып саналатын жорығын Франция корлі Льюис бастайды. Ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін соғысты стратегиялық маңызы зор Мысыр жеріне шабуыл жасаудан бастайды. Ибн Уасил “Франция королі Льюйс Френсис Иерусалимді француздарға қайтармаққа сөз береді. Ол бұл мақсатының Мысырды жаулап алмай жүзеге аспайтынын түсінді” – деп дәл көрсетеді [5].

Мысыр сұлтаны Наджмуддин Аюп кресшілер Ніл атырауында орналасқан Думият қаласын басып алуға тырысатынын түсініп, қаланың қамалын күшейтіп, өзі қаланың оңтүстігіне әскерімен орналасады.

1249 жылдың 4 маусымында француз әскері теңізден жағалауға түсіп, мұсылман әскерімен шайқасқа кіреді. Кресшілер шабуылына төтеп бере алмаған қала гарнизоны сұлтан тұрған жерге қарай шегінеді. Осылайша Думият қаласы оп-оңай басылып алынады.

Енді француз әскері Каирды жаулап алмақ болады, 1249 жылы қарашада кресшілер Мансураға жақындап келген кезде Мысыр билеушісі Нажмуддин Аюп қайтыс болады. Орнына оның ұлы Тұраншах таққа отырады.

Мұсылман сұлтанының қайтыс болғанын пайдаланған француздар Мансураға жедел шабуылдайды. Ақшаға сатылған араб жолбасшыларының бастауымен француздар тікелей сұлтан әскерінің лагеріне шабуыл жасайды. Үрей билеген мұсылман әскері қарсылық көрсете алмай қаша бастайды. Әскердің бас қолбасшысы әмір Фахруддин өз әскерін тәртіпке келтіруге тырысқанымен, ол да француздар қолынан қаза табады. Осындай қиын жағдайда Бейбарыс бастаған қыпшақтар қалаға кірген француздардың түгелге жуығын, шамамен 1500 адамның көзін жойып, жеңісті фрнацуздар қолынан жұлып алып, шешуші сәтте найзағайдай жарқылдайды.

1250 жылы 11 ақпанда Ақтай бастаған мәмлүк әскері жаппай шабуылға шығады. Француздар амалсыз Думиятқа шегінеді. Осымен Мансура шайқасы аяқталады. Осылайша Бейбарыс Аюби әулетінің әскер қолбасшысы ретінде басты жеңісіне осы Мансура шайқасында қол жеткізеді.

Билікке келген жас сұлтан Тұраншах Думиятқа шегінбек болған француз әскерінің шегінетін жолын кесу үшін бірнеше кемелерін бөлшектеп, оларды түйелермен тасып, француздардың шегіне жолын жабады. Азық-түлік салынған кемелерді қоса жойылған кресшілер арасында аштық басталып, оған жұқпалы аурулар қосылып, француз королі бейбіт бітімге келісіп, Думиятты қайтарып бермек болып, есесіне Иерусалимді сұрайды. Алайда мұсылмандар олардың талаптарын қабыл алмайды. Түн жамылып шегініп кетуге тырысқан француздарды өкшелей қуған мұсылман әскері олардың 30 мыңдай әскерін өлтіріп, мүліктерін олжалайды. Тарихшылар бір ауыздан қыпшақтардың, әсіресе олардың басшылары Ақтай мен Бейбарыстың шайқас нәтижесіне тікелей әсер еткен ерліктерін жоғары бағалайды. Тарихшы Айбек ад-Дауадар осы шайқасты өз көзімен көрген адамның аузынан: “Сол күні ислам діні қайта тірілгендей болды. Барлық түркі арыстандарының жүректері темірден де күшті. Бір сағат та болған жоқ, фаранджалар өз сазайларын тартты, түркі арыстандары француз шошқаларын жаншыды. Бұл түркі арыстандары француз иттерін жеңген бірінші шайқас еді” – деп жазады. Тарихшылар шайқасты Бейбарыс өзі басқарып мәмлүк әскері тамаша жеңіске жеткенін атап өтеді. Соғыста король мен нөкерлері тұтқынға алынып, корольге күніне бес жүз дүре соқтырады. Тұраншах корольдің басы үшін екі жүз мың динар сұрайды.

Сонымен, тарихқа ҮІІ-крес жорығы деген атпен кірген Иерусалимді азат етуге бағытталған христиан әскери кампаниясы қыпшақтардың арқасында мұсылмандардың пайдасына шешіледі.

Билік басына келген Тұраншах әкесінің мәмлүктеріне қысым көрсетіп, оларды мемлекеттік мансаптардан ығыстыра бастайды. Қыпшақ мәмлүктер оның ата жауына айналады. Тарихшылар Тұраншах шарапқа тойып алып, қыпшақтардың басты адамдарының атын айтып балауыз шамдарды қылышпен шабатынын жазады. Әр шамды шапқан сайын “мен қыпшақтарды өстіп құртамын” дейді екен. Қыпшақтар да оның ойын дер кезінде біліп отырған. Тұраншах қыпшақтардың түбіне жетпей тынбайтынын сезген мәмлүктер шешуші қимыл жасауға мәжбүр болады.

Сонымен һижраның 648 жылы мұхаррам айының 28- і күні, яғни 1250 жылы 2 мамырда сұлтан әдеттегідей әмірлерімен асқа отырғанда оның жанына қыпшақ мәмлүгі - әмір Бейбарыс жақындап келіп, сұлтанды қылышпен шабады. Қылыш қолын көтеріп қорғанған сұлтанның саусақтарын шауып түседі. Жаны мұрнының ұшына тақалған Тұраншах: “Маған патшалық керек емес, мұсылмандар, мені тірі қалдырыңдар” деп жанұшыра айқайлайды. Оған көмек көрсеткен ешкім болмайды. Сұлтанды өлтіріп жатқанда қалың әскердің селт етпей тұрғаны қыпшақтарды билікті қаншалықты өз қолдарына алғандықтарын көрсетеді.

Сонымен жетпіс бір күн сұлтандық құрған сұлтан Тұраншахтың өлімімен Мысырдағы аюбидтер әулетінің билігі біржолата тоқтайды.

Осы кезден бастап әмірлер Ақтай, Бейбарыс және Балапандар мемлекеттік істерге тікелей араласып, ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс болып тұрады. Алайда, мәмлүктер арасында тақ мұрагері төңірегінде бір ортақ шешімге келу қиынға соғады. Олар, ақыры, Тұраншахтың орнына монархтың жесірі Шажарадүрді отырғызып, атабек етіп әмір Айбек ат-Туркуманиді сайлауға пәтуаласады. Әмірлердің таңдауының Айбекке түсуі олардың Ақтайдың күннен-күнге күшейіп келе жатқан атақ-даңқынан сескенгендіктен болса керек. Қыпшақтардың шешімін Шажарадүр қуана қарсы алады. Шажарадүр Дели сұлтаны болған Разия Дин ханымды санамағанда, мұсылман тарихындағы алғашқы және мүмкін соңғы әйел-сұлтан болып табылады.

Шажарадур алдымен кресшілерді Мысырдан кетіруге қатысты келіссөздерді аяғына жеткізуге ұмтылады. Келіссөздер нәтижесінде король Льюис 800 мың динар көлемінде қаржы төлеуге міндеттенеді. Кресшілер Думият қаласын 1250 жылдың 5-мамырында мәмлүктерге тапсырады.

Әл-Мақризи Шажарадүр ханым туралы: “Әйел-патша түркі нәсілді, сұлтан оны сатып алған. Сұлтанның қасынан бір елі қалмайтын. Түркі - мәмлүктерден шыққан бірінші патша” – деп көрсетеді. “Намысшыл, діні қатты, ұлты түркі еді”- дейді әл-Юнини. Әйел патшаны мойындай қоюлары неғайбыл мұсылман тұрғындарының көңілінен шығу үшін Шажарадүр алым-салықтарды азайтып, халыққа жайлы саясат жүргізуге тырысады. Шажарадүр мемлекеттік басқару ісінде шеберлік танытады. Мемлекет қызметкерлерінің жалақыларын көтеріп, әмірлерге мол жер иеліктерін ұсынады. Алайда әйел патшаға халық онша құрметпен қарамайды. Дін өкілдері мен шейхтар әйел адамның таққа отырғанын шариғатқа қарсы деп, халықты наразылыққа итермелейді. Ибн Уасил көрсеткендей мәмлүктер “әйел патшамен мемлекетті ұстап тұру мүмкін емес, сөз ұстайтын еркек сайлау керек” деп Шажарадүрге Айбекке күйеуге шығуды ұсынады [6].

Сонымен сексен күн сұлтандық құрған Шажарадүр атабек Айбекпен некеге тұрып, 1250 жылдың шілдесінде тақтан өз еркімен түсіп, мемлекеттік істерден кетуге мәжбүр болады.

Айбек әмірлердің ішінде жасы жағынан болсын, қызметі жағынан болсын ең үлкені, ықпалдысы емес еді. Мысырда болып жатқан өтпелі жағдайды пайдаланғысы келген. Аюбидтер әулетінің жойылып бара жатқанына іші ашитын Шам билеушісі, Салахуддин Аюбидің немересі Юсеф Салахуддин Мысырға бет алады. Айбек сұлтан да қарап отырмай келе жатқан аюбид сұлтанға қарсы соғысқа дайындалады. Екі қосын арасындағы шайқас Қурағ деген жерде болады. Тарихшы әл-Мақризи. Шам әскерінің молдығынан кімнің жеңетініне күмән жоқ еді деп жазады. Шам әскерінің тегеурініне шыдамаған Мысыр әскерінің беті қайта бастаған кезде қыпшақтар ересен ерлік көрсетіп, осымен қаншасыншы рет жеңілісті жеңіске айналдырады, Шам әскері қаша жөнеледі.

Осы жеңістен соң қыпшақтардың ықпалы бұрынғыдан да күшейіп, Айбек мемлекеттік істе үш қыпшаққа - әмірлер Ақтай, Бейбарыс пен Балапандарға арқа сүйеді.

Қыпшақтар Айбек билігінің күшеюінде үлкен еңбек атқарды. Ақтай бастаған қыпшақтардың кресшілерді жеңуі, Шам билеушісінің мәмлүк билігін мойындауы қыпшақтардың айбатын асыра түсті. Әсіресе әмір Ақтай тым еркін болды. Мәжілістерде сұлтан Айбекті кемсітіп, оны атымен атайтын болған. Ашықтан-ашық сұлтандыққа дәмесін білдіреді. Әл-Юнини: “Әмірлер Ақтай, Бейбарыс, Балапандар Айбекті өз ықпалында ұстау мақсатымен сұлтан сайлады” – деп көрсетеді.

Мәмлүктердің айтқанымыздан шықпайды деп сұлтан еткендері – Айбектің қыпшақ жерлеріне тиісуі, басқа да астыртын әрекет жасай бастауы қыпшақтардың қарсы шешім қабылдауына итермеледі. Ақтай мен Бейбарыс бастаған қыпшақтар Айбекпен билікке таласа алатын, оған бірден-бір қауіп төндірген топқа айналды.

Кезінде кез-келген уақытта тақтан ысыра салуға болады деп саналған Айбек уақытты босқа жібермей өзінің жеке мәмлүктер тобын құра біледі. Сол топтан Құтызды өзінің әскер басы – атабек етіп тағайындайды.

Әмір Ақтай өлтірілгеннен кейін қыпшақтардың басшысы Бейбарыс екендігі анық көрінеді. Шамға қашып кеткендер арасында әмір Балапан, Айдемір, Сұңқар ар-Руми, Байсары, Қалауын және басқалар болды. Қыпшақтар Ғаззаға жетіп, сол жерден Шам билеушісі Салахуддин Юсефке хат жолдайды. Салахуддин олардың өзіне адалдықтарын білдіріп, ант алдырады да, оларды өте жылы қарсы алып, әмірлерге мол сый-сияпат көрсетеді. Бейбарысқа Алеппо өңірінен жер бергізеді.

Мысыр билеушілерімен жұлдызы қарсы Салахуддин Юсеф мәмлүктер қарамағына көшкендіктен бұрыннан қыпшақ иелігінде болған Иерусалим және жағалау елдерін сұрайды. Айбек саналы түрде жағалау жерлерінен бас тартып, есесіне олардан қыпшақтарды қамқорлығына алмау жөнінде міндеттеме алғызады. Соның салдарынан Бейбарыс бастаған қыпшақтар Дамаскіден Карак бекінісіне кетулеріне тура келеді. Тарихшылар Карак билеушісімен Бейбарыс арасында болған қызық оқиғаны келтіреді. Бірде Бейбарыс пен патша екеуі жаңғақ тазалап, балға батырып жеп отырғанда патшаның көзі Бейбарыстың қолындағы меңге түседі де “Рукн қолыңдағы не?” – деп сұрайды. “Патшалықтың белгісі” – дейді Бейбарыс қарап отырмай. Патшаның түсі өзгеріп, Бейбарысты өлтірмек болады. Осы оқиғаның себебінен қыпшақтар Карактан Дамаскіге қайта кетуге мәжбүр болады. Кейін Бейбарыс оған істегендерін алдына келтіреді, алайда дәл осы ісі үшін емес.

Бейбарыс өзінің әмірін Шам билеушісіне жасырын елші жіберіп, өзінің жиырма нөкерімен қызметке сұранады. Наблус, Дженин жерлерін иелікке сұрайды. Сұлтан Бейбарыстың шарттарын орындап келісімін береді.

Сұлтан Айбек жеті жыл сұлтандық құрып, алпыс жасында әйелі Шажарадүрдің қолынан қаза табады.

Сұлтан Айбек қаза тапқан соң оның мәмлүктері сұлтанның он бес жасар ұлы Алиді таққа отырғызып, оған адалдық туралы ант береді. Бұл 1257 жыл болатын.

Осы жылдың күзінде Бейбарыс бастаған 1000 мәмлүк Құтыз бастаған мысырлық мәмлүктермен қан майданда кездеседі. Қыпшақтар жеңіліс тауып, әмірлер Қалауын, Балапан және тағы біраз әмірлер тұтқынға түседі. Оларды өз жағына тарту мақсатымен Құтыз оларға бас бостандықтарын бергенімен, олар жасырын Бейбарысқа қашып кетеді.

Алайда Бейбарыс бастаған қыпшақтар Мысырдағы Айбек мәмлүктерінің билігіне қарсы әрекеттерін тоқтатпайды. Олар Карак билеушісін Мысырға жорық жасауға көндіреді.

Сонымен, қыпшақтар 1258 жылдың көкек айында Құтызбен тағы да қылыш түйістіреді. Бұл жолы да Құтыздың әскері басым түседі. Осындай жағдайды пайдаланған Құтыз 1259 жылдың қазан айында бозбала сұлтан Алиді, оның інісін және шешесін Думияттағы мұнараға қамап, сұлтандық таққа өзі отырады.

Мәмлүк дәстүрін бұзып, ұстазының баласын тақтан түсірген Құтыз сұлтан тұсында шығыстан моңғолдар бері жылжып, қауіпті ұлғайта түседі. Моңғол әскері Евфраттан өтіп, Шам жеріне қол сұға бастағанда, сол жердің билеушісі Салахуддин Юсефтің атынан Мысырға көмек сұраған елшілер келеді. Бұл Құтыздың Әли кезінде атабек-әскербасы болып жүрген кезі болатын. Осы кезде Құтыз көзге түсуді ойлайды да, халық арасына жиһад үшін елден қаржы жинауға кіріседі, халықты отан қорғауға шақырады. Таққа отырғанын кейін осы жауға қарсы тұру үшін билікті өз қолыма алуым керек болды деп көрсетеді. Егер жаудың беті қайтатын болса, тақтан өз еркімен кетуге дайын екендігін білдіріп, бас әмірлердің келісімін алады. Сол кезде Хулагу хан Алеппо қаласын алып, тұрғындарын қырады, бекінісін жермен-жексен етіп, Дамаскіге қарай жылжиды. Шам билеушісі моңғолдарға қарсылық көрсете алмай қашады. Дамаск қаласы Кетбұқа ноянның алдында еш қарсылықсыз тізе бүгеді.

Ибн Тәңірберді моңғолдар туралы: “олардың жаулап алмаған жері, жеңбеген әскері жоқ. Мұсылман иліктерінен олардың қолдары жетпеген тек Мысыр, Хиджаз және Иемен жерлері ғана”.

Хулагу хан Бағдадты алған соң моңғол әскері алдында келесі кезекте Шам елдері тұрғандығы айқын еді. 1259 жылдың ішінде Хулагу көптеген қалалармен қоса Шамның солтүстік-батысын түгел басып алады да, Алеппо қаласын қоршайды. 1260 жылы қаңтар айында қамалды шабуылмен алады.

Хулагудың қамалдар мен бекіністерді адам айтқысыз жылдамдықпен тізе бүктіруі Шам билеушісінің жігерін құм етіп, оған қарсы жалғыз тұра алмайтынына көзін жеткізеді. Ол енді кешегі бітіспес жауы – Мысыр мәмлүктерінен көмек сұрауға барады. Дамаскіні тастап шыққан Салахуддин Юсеф өзінің мәмлүктерімен, оның ішінде Бейбарыс бастаған қыпшақтар бар, өздері көмек күткен Мысырға бет түзеп келіп, Ғазза маңында тұрады. Себебі, Мысыр билеушісі Құтыз күш біріктіруге келіскен болатын. Бірақ, Шам мен Мысыр арасында Мысырды бетке алып бара жатқан жерінде қасындағы аздаған нөкерлерімен қолға түседі. Ол Кетбұқа жауынгерлерінен жан сауға сұрап, қаза тапқанша Хулагудың қолында құрметті тұтқында болады. Ал моңғолдар 1260 жылы Дамаскі қаласын жермен-жексен етеді.

1259 жылы Әмір Бейбарыс бастаған қыпшақ әмірлері Шам билеушісі Салахуддин Юсефті төніп келе жатқан моңғол қатеріне қарсы жігерсіздік көрсетті деп, одан қол үзеді. Бейбарыс одан моңғолдарды Евфрат өзенінің маңында күтіп алуға төрт мың қол сұраған еді.

Салахуддин Юсефтен кеткен Бейбарыс пен оның қасына ерген қыпшақтарды Ғазза маңында орналасқан, моңғол екпінінен ығып келген күрд тайпасы – шаһрузурия әмірі Нуриддин Бадлан құшақ жая қарсы алады. Бейбарыс осы тайпаның әмірінің қызына үйленеді.

Тарихшылар түркі мәмлүктерінің ортақ жау алдында өздерінің арасындағы тартыстарды қойып, біріге алатын қасиеттерін өте дәл байқаған. Бұл жолы да солай болады. Кезінде Құтыздың қылышынан қашқан қыпшақ мәмлүктер жан-жақтан Мысырға ағылып келе бастайды. Құтыз да ескі кектерін ұмытқандай болады, қыпшақ әмірлерінің бірі Тайбарысты сұлтан Құтызға жолдап, өзінің қасындағы бахри және шаһрузия әмірлерінің сұлтан қол астына қызметке кіруге рұқсат етуін сұрап, оларға сенім білдіруді сұрап, өтініш жасайды. Сұлтан Құтыздың келісімін алған соң Бейбарыс әмірлерімен 1260 жылы Каирге келіп кіреді.

Сұлтан Құтыз кешегі “Қанжығада көрісетін жаулары” - қыпшақтардың алдынан шығып, Бейбарысты аса қадірлі меймандар тоқтайтын уәзірлер үйіне түсіріп, үлкен құрмет көрсетеді. Сұлтан аса мырзалықпен Бейбарысқа Қалиюб жерін толық иелікке береді. Тарихшы ан-Нуайри “Байбарыс татарларға қарсы шайқасқа шығу керектігін айтып, сұлтанның шешімін күшейтті”- деп жазады. Әрине, бүкіл саналы өмірінің мақсаты – моңғолдардан ата кегін алу мүмкіншілігі туып, Мысырдағы сұлтандық тақты иеленіп, бар күшті жауға қарсы шығуға салып жатқан шақта Құтыз Бейбарыс секілді ержүрек, айлалы қолбасшыға өте зәру еді.

Құтыз Хулагуге қарсы шайқасқа шығуға шешім қабылдап, жиһад жариялайды. Татар елшілерін, жалпы саны он бес адамды, бір баланы ғана аяп алып қалып, қалғандарын белдерінен қылышпен екіге бөліп өлтіреді. Олардың бастарын қадаға қадап, қала көшелерімен алып жүреді де, Каир қақпасының қақпаларына іліп қояды.

Сонымен, 1260 жылдың тамызының соңында Құтыз мәмлүк әскері мен оған қосылған еріктілерден тұратын үлкен әскердің басында Мысырдан шығады. Мұсылман әскерінің барлаушы тобын бастап жаужүрек әмір Байбарыс Ғаззада моңғол әскерінің аванпостымен кездесіп, шешуші шайқас болмаса да, тарихта бірінші рет моңғолдарды тас-талқан етіп жеңеді. Әрине Бейбарыстай жаужүрек әмірдің бұл ерлігі мұсылман жасағын рухтандырып, моңғол әскері алдындағы қорқыныштарын біраз сейілткені сөзсіз.

1260 жылы 3 қыркүйекте Айн Джалут-Палестинадағы Назарет қаласынының маңындағы елді мекенде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі.

Тарихшылар шайқас моңғолдардың ұранымен басталды деп жазады. Әл-Мақризи: “Мұсылмандардың жүрегінде татарлардан үлкен қорқыныш бар еді” – дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып шайқасқа кіруге белгі береді. Сол-ақ екен Кетбұқа садақшыларының екі тобы жылдам алға шығып, қарсы жаққа оқ жаудырады. Мәмлүк әскері сұлтан Құтыздың бастауымен алға лап қояды. Екі жақ та жанқиярлықпен шайқасады. Кетбұқа қосының берген соққысынан мәмлүк әскерінің оң қанаты артқа шегіне бастайды. Бейбарыс бастаған сол қанат тіресіп тұрып алады. Жау шегінді деп ойлаған моңғолдар Бейбарыс бастаған қанатты қоршауға ала бастайды. Екі жақтан да көп шығын болады. Нәтижесінде моңғол әскері екіге бөлінеді. Сол кезде сұлтан Құтыз, тарихшылардың айтуы бойынша дулығасын лақтырып тастап, “уассалама” деген ұранмен мәмлүктерді қарсы шабуылға бастап, моңғол әскерін жан-жақтан қоршауға алады. Сол күні моңғол әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген наймандар Палестина жерінде жусап қалады.

Тарихшылар әмір Бейбарыстың Құтыздан бұрын Дамаскіге кіріп, Кетбұқа жасағының қалдықтарын Алеппоға дейін өкшелеп қуып, тұтқынға түскен көптеген мұсылмандарды құтқарып алғанын айтады. Кетбұқа ноянның басы шыбылып, Каир қақпаларының біріне ілінеді.

Тарихшы Ибн Тәңірберді “Кетбұқа ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Ол ержүрек, жерлерді басып алуда нағыз соғыс шебері еді. Хулагу хан оған толық сенетін” – деп жазады. Ол Парсы, Ирак, Шамды жаулап алған, Хулагудың атасы Шыңғыс ханды көрген адам дейді.

Иран елхандары қанша тырысқанымен мәмлүктер оларға беріспейді. Мәмлүктерге қарсы шайқастарда моңғолдар бір де бір рет жеңіске жете алмайды.

Айн Джалут шайқасы ислам тарихындағы өте маңызды шайқастар қатарына жатады. Моңғолдар тарихында бірінші рет күйрей жеңіліп, Кетбұқа нояннан әскерімен қоса айрылады. Мәмлүктер моңғолдар жеңілмейді деген мифтің күлін көкке ұшырады. Мәмлүктер тек Мысырда билікті ұстап қалу шеңберінен шығып, Евфратқа дейінгі Шам жерлерін өз егемендіктерінің қол астына алады. Аюбидтер тұқымының қолында шығып кеткен иеліктерді біріктіріп, араб ұлтшылдарының әлі күнге дейін арманы болып табылатын Мысыр мен Шам елін бір орталыққа бағындырады.

Сонымен қатар осы шайқас екі ғасыр бойы Таяу Шығыстағы бірден-бір саяси күшке айналған мәмлүктерді саяси сахнаға шығарды. Мәмлүктер осы шайқас арқылы өздерінің билік басында қалуларына саяси кепілдік алды десе болады. Осы шайқас оларға билікті қолдарында сақтап қалуға мүмкіндік беретін бір абыройлы іс болды десе болғандай.

Ибн Абдузахир “Сұлтан Құтыз, қасында Бейбарыс бар, Мысырға бет алғанда, ниеті өзгеріп, кеудесіне нан пісті. Бейбарыс оны түсінді. Бейбарыс одан Алла мен халық ырза болатын жиһад жолында іс істеуге сұранды. Бірақ, Құтыз Бейбарыстың аты шығып кете ме деп қорқып оған тосқауыл болды” – деп жазады. Екеуінің арасындағы бақталастық сезімі өршіп, Құтызға қиын-қыстау кезде тірек болған Бейбарыс енді қатер сейілген соң оған кедергі бола бастайды.

“Өзінің жаугершілік ерліктері үшін Бейбарыс одан Алеппо қаласының уәлилігін беруді сұрайды. Сұлтан оған уәде беріп, кейін сөзінде тұрмай кетеді де, оны әмір Лулуға береді. Екеуінің арасындағы салқындық осыдан басталды” – деп көрсетеді біраз тарихшылар. “Сириядан қайтар жолда Бейбарыс Құтыздан қолға түскен татар қызын қалыңдыққа беруді сұрайды. Құтыз оған келісімін береді. Бейбарыс разылық белгісі ретінде Құтыздың қолын сүйеді. Бұнысы жанындағы серіктеріне алдын-ала айтып қойған нышан болатын. Жолдастары сол сәтте-ақ Құтызды қоршап алады, Бейбарыс семсерін сұлтанның кеудесіне сағақтатып салып жібереді” – деп көрсетеді [7] Ибн Шаддад. Бейбарыс Ибн Абдузаһирдің сөзімен айтқанда ағасы Ақтайдың өлімі үшін Құтыздан кек қайтарды.

Сонымен, Құтыз билік басында он бір ай, он үш күн сұлтандық құрып, бұл дүниеден, ан-Нуайри айтқандай, “қапыда қаза тауып” өтеді.

Әмір Бейбарыс һижраның 658 жылы зи ад-хаджа айының он тоғызы, дүйсенбі күні, яғни 1260 жылдың 23-қазаны күні кешке қамалға келіп кіреді де, Бейбарыс әл-Мәлік аз-Заһир Рукнад-дин Бейбарыс әл-Бундукдари ас-Салих деген атпен Египет сұлтаны тағына отырады. Бұл кезде сұлтан Бейбарыс отыз бес жаста болатын [8].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет