Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жалпы алғанда, тек Бейбарыс сұлтан ғана емес, мәмлүк дәуіріне қатысты өте бай архивтік мәліметтер бар екендігін айта кету керек. Сирек қолжазбалар Таяу Шығыс елдерінің Каир, Дамаск, Бағдат, Алеппо және т.б. қалаларында ғана емес, Еуропа елдерінің кітапханаларында да сақтаулы тұр. Мұсылман әлеміне белгілі атақты діни оқу орны - әл-Әзһар университеті кітапханаларының қойнауында, Мысырдың діни кітапханаларында мәмлүк дәуірінің құжаттары сол күйінде тұнып тұр.
С.Ақынжановтың “Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар” атты орны бөлек ғылыми монографиясы [1] 1995 жылы жарық көргенше қазақ, орыс тілдеріндегі ғылыми және көркем әдебиет беттерінен (мысалы, С.Н.Марков, М.Симашко, Ю.Плашевский, І.Есенберлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларында) сирек көрінетін мәмлүктерден қалған орасан зор мәдени мұраға қарап тұрып, қыпшақтардың “бөтен елде сұлтан болған” ерекше қасиеттеріне тәнті боласың. Мысыр мен Шаш жерін қамтыған орасан зор мемлекет құрып, 132 жыл билеп – төстеген қыпшақтар Бейбарыс пен Қалауынның және олардың ұрпақтарының мәдениет пен ғылым, экономика мен құрылыс салаларындағы жетістіктері мен қалдырған іздері ұлан-ғайыр. Шын мәнінде, қыпшақтар мәмлүк тарихының алтын беттерін жазған.
Ал, жалпы мәмлүк тарихы, атап айтқанда, Бейбарыстың сұлтандығы туралы Ибн Уасия (1207-1297), Ибн Шаддад (1217-1285), Ибн Абдузахир (1223-1292), ан-Нуайри (1331 жылы қайтыс болған), Байбарыс ад-Дауадар (1325 ж. қ.б), Ибн Аби Фадаил (1334 ж. еңбегін аяқтаған), Ибн Айбек (1336 ж. қ.б.), Әл-Юнини (1362 ж. қ.б.), Абу-л-Фида (1273-1331), Ибн Шакир (1362 ж. қ.б.), Ибн Тәңірберді (1311 ж. т.), Әл-Мақризи (1356-1441), Әл-Айни (1361-1451), Ибн Йиас (1448-1524) секілді мұсылман тарихшылар қалам тартқан.
Ислам историографиясындағы Бейбарыс туралы “сира” - өмірбаян жанрында жазылған бар болғаны үш шығарма бар. Оның өзінде де шығармалардың біреуі қара сөзге түсірілген поэтикалық шығарма болып табылады. Тарихшы Ибн Уасил өзінің ауқымды еңбегінің бір томын Бейбарыс сұлтандығын баяндауға арнаған.
Бейбарыс заманында өмір сүріп сұлтанның өмірбаянын жазған, мәмлүк мемлекеттік жүйесінде қызмет еткен Ибн Абузаһир, Ибн Шаддад және Ибн Уасилдерге ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Олар мәмлүктер, кресшілер мен моңғолдар арасындағы теке-тірес барынша қызған кез, ХІІІ ғасырдың ІІ-жартысында өмір сүрді.
Ибн Абдузаһир, Мухиуддин Абулфада Абдулла бин Рашидан Абдузахир бин Нашуан қади (1223-1292) Бейбарыстың замандасы. Сұлтандар Құтыз және Бейбарыс замандарында сұлтандықта хатшы болған. Оның қаламынан сұлтан Бейбарыстың моңғол мен кресшілерге қарсы іс-әрекеттерін суреттейтін “Айқын патша өмірбаянындағы гүлденген бақ”, “Жеңімпаз патша өміріндегі күндер мен ғасырларды баяндау” секілді еңбектер шыққан. 194 беттен тұратын қолжазба Стамбул қаласындағы Фатих сұлтан Мехметтің кітапханасында сақтаулы тұр. Бұл Бейбарыс туралы екі биографиялық шығарманың ішіндегі бізге бүтін жеткені болып табылады.
Ибн Шаддад, Иззуддин Абу Абдулла Мухаммад бин Али бин Ибраһим бин Шаддад әл-Ансари әл-Халаби (1217-1285) географ-тарихшы. Бейбарыстың замандасы, оның ерекше құрметіне ие болған. Артына алты еңбек қалдырған, оның ішінде біз үшін құнды шығармасы “Нағыз патша тарихы”. Қолжазба Түркияның Эдерне қаласындағы Салимия мешітінің кітапханасында сақтаулы тұрған нұсқасы “Бейбарыс тарихы” деп аталады.
Ибн Уасил, Джамалуддин Абу Абдулла Мухаммад бен Салим бин Насрулла ал Хамауи аш-Шафиғи (1207-1298). Ол соңына мол тарихи, әдеби мұра қалдырған. Оның біз үшін ең маңызды еңбегі - “Аюп әулеттері туралы шер тарқату”. Осы шығарманың соңғы бөліктері Сұлтан Бейбарыстың саяси сахнадағы өмірінің бастапқы кезеңі туралы мол мағлұматтар береді.
Осы заманғы араб тарихшылары да мәмлүк тарихын зерттеуде. С.Ашур, М.Сурур секілді мысырлық тарихшылар сұлтан Бейбарыс туралы өмірбаяндық жеке кітаптар жазған. Француз тілінде де сұлтанға арналған жеке кітап бар.
Сонымен қатар, бұл жерде мәмлүк дәуіріне қатысты терең зерттеулер жүргізіп отырған Француз Шығыстану институтының Каир қаласында орналасқан филиалын айтуға болады. Каир мен Дмаскідегі Неміс институты да ортағасырлық мұсылман тарихы, оның ішінде мәмлүк тарихы бойынша жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Осы мекемелердің қасында мәмлүк дәуіріне қатысты кітаптар, қолжазбалардың көшірмелері, микрофильмдері бар бай кітапханалар бар. Мәмлүк тарихын зерттеушілер мен қызығушылық танытқандарға оның есіктері ашық.
Қазақ оқырманына Бейбарысты тұңғыш таныстырған алаш ардагері Мұхамеджан Тынышбаев. Ол өзінің “Материалы к истории киргиз-казахского народа” атты еңбегінде әл-Айни деректеріне сүйене отырып, Бейбарыстың қыпшақ ішіндегі беріш тайпасынан шыққандығын дәлелдеген. Қазақ ғалымдары арасынан бұл тақырыпты тереңдете зерттеген екінші ғалым ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор С.Аманжолов. Ол араб жазушысы әл-Айнидың деректеріне сілтеме жасай отырып, Мысыр сұлтандары Бейбарыс пен Қалауынның беріш руынан шыққан қыпшақтар болғанын атап көрсетеді [2].
60-жылдардың соңында ол кезде 27 жасар жас жазушы, бүгінде аты мәшһүр қаламгер-қайраткер Әбіш Кекілбай араб жұртына арналған сапарнамасында қазақ оқырмандарын Бейбарыс өміріне қатысты деректермен қанық етті. Ол үстіміздегі жылы С.Абдрахмановтың аудармасымен жарық көрген арабтың ортағасырлық халықтық романы “Аз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасына” алғы сөз ретінде Бейбарыс және Мәмлүк Египеті жайында “Тұла бойы тұнған жұмбақ тұлға” атты көлемді зерттеу еңбегін жариялады. Белгілі арабтанушы - ғалым, профессор Ә.Дербісәлиев өзінің 1982 ж. жарық көрген “Араб әдебиеті” атты зерттеу еңбегінде романы туралы деректер келтіреді.
Кейінгі жылдары баспасөз беттерінде Бейбарыс туралы Т.Жұртбаев, А.Нысаналин, Е.Қыдыр, Ә.Мақсұтұлы, М.Есламғалиұлы және Қайрат Сәки сияқты авторлардың мақалалары жарық көрді. Мысалы, Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің “Бейбарыс Сұлтан” атты [3] көлемді мақаласы Бейбарыс туралы маңызды мәліметтер береді.
Бейбарыс сұлтан мен мәмлүк дәуіріне қатысты маңызды деректер жиып, оның араб, орыс тілдеріндегі нұсқаларын өз ұлтымыздың тіліне аударып, газет-журнал беттеріне атақты бабамыз туралы маңызды деректер беріп, одан қала берді сол деректерді жинап “Сұлтан Бейбарыс” атты қазақ тіліндегі бірден-бір еңбекті дүниеге келтірген, қазіргі таңда сол Египет мемлекетінде қызмет етіп жүрген қандас бауырымыз Қайрат Ұзақұлы Сәки туралы айтпай кету мүмкін емес. Кезінде Египетке барған сапарында халқымыздың қалаулы ұлы Олжас Сүлейменов ағамыз Қайраттың осы тақырыпқа қалам тартуына түрткі болған екен. Ол сонда Египеттегі Бейбарыс бабамыз туралы мол мұра жатқан елде жүріп, даңқты бабамыздың атын шығармау ұрпағымызға сын екенін баса айтқан болатын.
Иә, осындай қарқынды ізденістер мен қызу істердің нәтижесінде талай жыл өз еліне өгейсіп жатқан бабамыз туралы халқымыз мардымды мағлұматтар алғандай болды. Алайда, даңқты бабамыздың қилы да сырлы өмірінің құпия қатпарларын жазып, халқымызға паш ету әлі де болашақ ұрпақ үлесіне қалып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |